Лукашенко Украина дағдарысын қалай пайдаланбақ?

Беларусь президенті Александр Лукашенко Ресей ықпалы аясында қалсам, бірақ тәуелсіз ел екенімді де танытып қойсам дейді.

Беларусь президенті біресе елін «Ресейдің солтүстік-батыс провинциясы» дегендерге ашуланады, біресе «тағдырымыз Ресеймен бірге» деп жуасиды. Украина дағдарысы Мәскеу-Минск қатынастарына қалай әсер етті?

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 70 жыл толуын Мәскеу дүркіретіп атап өтпек. Украинадағы дағдарыс кесірінен әлемнің көптеген мемлекетімен қарым-қатынасын нашарлатып алған Владимир Путин сайлаушылардың өзіне үлкен сенім артып отырғанын көрсетіп, Совет халқының қаһармандығын әйгілемек.

ЛУКАШЕНКО БАРМАЙДЫ

Бірақ мамырдың 9-ы Мәскеуде өтетін парад кезінде Путиннің қасында Еуропаның шығысындағы автократ әріптесі Александр Лукашенко болмайды. Ресей саясаткерлерінің көбі Беларусьті «Орыс әлемінің» бір бөлігі санайды, сондықтан олар Лукашенконың бұл әрекетіне наразы.

Украина дағдарысынан соң, Мәскеу Батыспен араздасқаннан кейін Лукашенко Кремльге қырын қарай бастады. Оның үстіне Мәскеу бұрынғыдай Беларуське ақшаны үйіп-төгіп, қаржыландыруын азайтты. Демек, қарашада қайтадан президент сайлауына түсетін Лукашенко жаңа уәж, жаңа тәсіл табуы керек. Ол бұрынғыдай Ресей ықпалы аясында қалсам, бірақ тәуелсіз ел екенімді де танытып қойсам дейді.

«​ҰЗЫН АРҚАН, КЕҢ ТҰСАУ»​

Беларусь оппозиционері Анатолий Лебедько «Лукашенко мен Путиннің қарым-қатынасын «ұзын арқан, кең тұсау» деп сипаттауға болады. Лукашенко Кремльдің тұсауынан шыға алмайды. Әрине, ол арқанды ұзартқысы келеді, ал Путин қысқартқысы келеді» дейді.

Сәуірдің 29-ы күні халқына жолдау жасаған Беларусь басшысы: «Біз әркез Ресеймен бірге болдық, бола береміз» деді. Сосын Ресейге үндеу жасап: «Біз - сенің бауырыңбыз. Сенен бөлініп кетпейміз. Бірақ әлемге қатысты өз көзқарасымыз болуға тиіс, соны білдіріп отыруға мүмкіндік бер» деді.

Лукашенко соңғы уақытты сол көзқарасын білдіріп те жүр. Жақында ол Грузияда болып, елдің аумақтық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеді. Мәскеу Грузиядағы сепаратистік аймақтар - Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсізігін таныған еді. Лукашенко белорус тілі мен мәдениетіне қолдау жасай бастады. Ресейдің Қырымды қосып алуын мойындаған жоқ.

Оған қоса, Беларусь айтарлықтай белсенділік танытпаса да, Еуропа Одағының (ЕО) «Шығыстағы серіктестік» бағдарламасының мүшесі болып отыр.

«Бұдан былай мен Еуропаның соңғы диктаторы емеспін. Менен де өткен диктаторлар шықты, солай емес пе? Оның қасында мені жауыз деуге келмейді».

Осы айдың басында Bloomberg News агенттігіне берген сұхбатында Лукашенко «әлі күнге дейін импералистік пиғылдан арыла алмай отырған, Беларусьті Ресейдің солтүстік-батыс провинциясы санайтын» Ресей саясаткерлерін сынады.

2005 жылы АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Лукашенконы «Еуропаның соңғы диктаторы» деп атаған еді. Соған сілтеме жасаған Беларусь басшысы «Бұдан былай мен Еуропаның соңғы диктаторы емеспін. Менен де өткен диктаторлар шықты, солай емес пе? Оның қасында мені жауыз деуге келмейді» деп, Путинді түйреп өтті.

Оның бұл сұхбатына Ресейден жауап бергендер де болды. Gazeta.ru сайтына пікір жазған журналист Эдуард Биров «Лукашенко тәуелсіз елдің басшысымын деген амбициясын тастап, «Орыс әлеміндегі» орнын табуға тиіс» деді.

Лукашенконы ондай «орынның» қанағаттандырмайтыны анық. Украина дағдарысы кезінде ол Ресей мен Батыс арасына дәнекер болуға тырысты. Украина шиеленісін реттеудегі әрекеті үшін оған ЕО өкілдері алғыс айтты. Украинаның сепаратистік аймақтары басшылары келе алатын жалғыз қала Минск болғандықтан, Мәскеу де оған қарыздар.

«ХАЛЫҚ ОДАН ШАРШАДЫ»

Мәскеудегі Экономика жоғары мектебі сарапшысы Андрей Суздальцевтің айтуынша, «Президент сайлауы алдында осы лауазымға бесінші рет сайланғалы отырған Лукашенко Украина оқиғасын пайдаланып қалуға тырысады. Бұған дейін Ресей түрлі режимдерді заңды деп тани беретін. Бірақ қазір Мәскеу әлсіреді, Ресейдің Беларусьті қаржыландыруы да азайды. Лукашенко бұл жолы билігін Ресейдің заңды деп танығанын қанағат тұтпайды». Сарапшы сөзіне қарағанда, «Беларусь қазір Батысты мойындатқысы келеді». Бірақ Беларусь-Батыс қатынастары әзірге көңіл толарлықтай емес.

2010 жылы қайтадан сайланған Лукашенко азаматтық қоғамға қысым жасап, санкцияға ұшыраған еді. Сол кезде ол өзіне қарсы шыққан оппозиционерлердің көбін түрмеге қамады.

Лукашенко Беларуське Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) берген үш миллиард 500 миллион доллар несиені құрылымдық реформа жүргізгеннің орнына елдегі орташа жалақы мөлшерін 500 долларға дейін көтеруге жұмсады. Енді ХВҚ-ның оған қолдау жасауы екіталай. Дегенмен ол келер айда Ригада өтетін «Шығыстағы серіктестік» саммитіне барып, Батыс елдері тарапынан қолдау табуға тырысуы мүмкін.

Беларусь Біріккен азаматтық партиясының төрағасы, оппозиционер Александр Федута «мұның бәрі Лукашенко Путинмен байланысын үзді дегенді білдірмейтінін» айтады. Саясаткердің сөзіне қарағанда, Лукашенко «Кремльдің келісімімен жүреді, Мәскеуге қарсы шықпайды».

Оппозиционер Лебедько да оның бұл пікіріне қосылып, «Путин аймақтағы тұрақтылықты сақтай тұру әрі ЕО-мен байланысты ұстай тұру үшін Лукашенконы әдейі жіберуі мүмкін» дейді.

Федутаның пікірінше, «ЕО-мен қарым-қатынасты шынымен жақсарту үшін Беларусьтегі қоғамдық өмірге демократия керек, бірақ бұл Лукашенко режимін «өлтіргенмен» бірдей». Оның сөзіне қарағанда, «халық қазіргі басшыдан қатты шаршаған». Ол «Өзі жек көрсе де, сатып кетсе де, қорықса да, оның жалғыз одақтасы – Кремль» дейді. Саясаткер пікірінше, «Лукашенко суға батып бара жатқан адамның құтқарушыға жабысатыны тәрізді, оларға жабысып алған».

Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.