АТТАН ТҮССЕ ДЕ ҮЗЕҢГІДЕН ТҮСПЕЙ КЕЛЕДІ
Наурызда президент қызметінен кеткен Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов өзінің бақылауындағы сайлау арқылы билікті ұлы Сердарға табыстады.
2006 жылдан бері елде қатаң билік жүргізіп келген бұрынғы президент отставкаға кетсе де, мемлекетті басқару аппаратына ықпалы әлі жүріп тұр.
Бердімұхамедов президент болмаса да, мемлекет басшыларын қабылдап, үкімет отырысына қатысып, өңірлерді аралап шығып тұрады.
65 жастағы Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов 2021 жылы өзі құрған парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы болып қалған. Экс-президенттің "Арқадағ" ("қорғаушы") деген мәртебесі де бар.
Түркіменстанда бұрынғы президенттен басқа бір де бір адам осынша ықпалға ие болып көрген емес.
Жақында Бердімұхамедов үшжақты саммит қарсаңында Каспий жағалауындағы Аваза курорт қаласында Әзербайжан мен Түркия президенттерін қабылдады.
14 желтоқсанда мемлекеттік ақпарат құралдары президент Сердар Бердімұхамедовтың Әзербайжан мен Түркиядан келген әріптестерімен бөлек кездесу өткізгенін жазды.
Бұрынғы президент саммитке қатысқан жоқ. Бірақ Бердімұхамедовтың әйелі Огулгерек Бердімұхамедова Әзербайжан мен Түркияның бірінші ханымдарын қабылдап, көпті таңғалдырды.
Түркіменстанның бұрынғы бірінші ханымы күйеуі билікте болған кезде халық алдына көп шықпайтын.
Ресми суреттерден Бердімұхамедованың Мехрибан Әлиева және Эмине Ердоғанмен бірге шай алдында көркемсурет көрмесін аралап жүргені көрінеді.
Ал Огулгерек Бердімұхамедованың келіні, Түркіменстанның қазіргі бірінші ханымы саммит кезінде көрінбеді.
САПАРДАН ҚОЛЫ БОСАМАЙДЫ
Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов 3 қарашада Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Экс-президенттің ұлы, Түркіменстанның қазіргі президенті Сердар Бердімұхамедов Кремльге маусым айында барған.
11 қарашада бұрынғы президент Өзбекстанға жол жүріп, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия президенттерімен бірге Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты. Түркіменстан бұл ұйымда бақылаушы мәртебесіне ие.
Үлкен Бердімұхамедов Түркіменстанның бес облысын да аралады. Өңір басшылары бұрынғы президентті сән-салтанатпен күтіп алу үшін мыңдаған адамды жұмысқа салып, көше тазалатып, ғимараттардың сыртын боятқан.
Экс-президент қараша айында Батыс Балқан өңіріне іссапармен барды. Жергілікті билік оны күтіп алу үшін 2500 адамды негізгі жұмысынан босатып, дайындыққа жұмылдырған. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады.
Тұрғындар соңғы сәтке дейін қалаға бұрынғы не қазіргі президенттің қайсысы келе жатқанын білмеген.
Ғұрбанғұлы Бердімұхамедовтың қарашада Мары облысына жасаған сапары қарсаңында жергілікті билікке жақын ақпарат көзі "Қашан және кім келетінін білмейміз. Бар білетініміз, зауыттың алғашқы кірпішін қалауға Бердімұхамедов келе жатыр" деген.
– Адамдар елді қай Бердімұхамедов басқаратынын білмейді. Бірақ кім басқарса да, міндетін дұрыс атқарып отырған жоқ, – дейді түркімен журналистикасының ардагері.
Мемлекеттік ақпарат құралдары бұрынғы президенті "біздің қаһарман арқадағ" деп атайды, оның сапарлары мен кездесулері туралы жиі жазады.
Түркіменстанда өңір басшылары жоғары шенділер келерде қатты дайындалып, кедейлікті жасыру үшін қаланы бай-қуатты етіп көрсетуге тырысады.
– Әкесі мен ұлына сән-салтанат ұйымдастыруға жағдайымыз жоқ. Олар бүкіл елді отбасы бизнесіне айналдырып жіберді. Бердімұхамедовтер отбасы өз әлемінде өмір сүреді. Адамдардың ішерге асы жоғын да білмейді, білсе де, көрмеген болып жүре береді, – дейді журналист.
Табиғи газ қоры бойынша әлемде төртінші орындағы Түркіменстанда халықтың көбі кедей тұрады. Кейінгі жылдары жұрттың көбі азық-түлік тапшылығы мен қымбатшылықтан зардап шегіп отыр. Кедейлік, жемқорлық пен жұмыссыздық салдарынан миллиондаған түркімен азаматы нәпақа іздеп шетелге кеткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Өзбекстан мен Қазақстанның "сәтсіз" тәжірибесінен соң династия транзитін жеделдеткен "арқадағ" Түркіменстан әйелдер құқығын шектейтін жаңа ережелер енгіздіТүркіменстан полициясы қол ұстасқан ер мен әйел көрсе шүйлігеді"Қуыршақ кандидаттарға" құмар Орталық Азия автократтарыТүрікменстан президенті болғысы келетін Сердар Бердімұхамедов кім?