Түркияның «Бал» деп аталатын фильмі Берлин кинофестивалінің «Алтын аю» жүлдесін жеңіп алды. Румынияның “Егер мен ысқырғым келсе, ысқырамын” деген түрмедегі жағдайды баяндайтын фильмі екінші орынды иеленді. Ал АҚШ-тың сұрауымен ұсталып, Швейцарияда үйқамақта отырған Роман Полански “Әруақ жазушы” деген саяси фильмі үшін ең мықты режиссер атағын алды.
ҮЙҚАМАҚТА ОТЫРҒАН РЕЖИССЕРГЕ БЕРІЛГЕН ЖҮЛДЕ
Осымен 60-шы рет өткізіліп отырған Берлин кинофестивалінің ең жоғарғы «Алтын аю» жүлдесін Түркияның «Бал» деп аталатын фильмінің жеңіп алуы көпшілік үшін күтпеген жайт болды. Сонымен қатар Роман Полански өзінің «Әруақ жазушы» атты саяси триллері үшін ең мықты режиссер атанып отыр. Берлин фестивалінің сыйлықтары сенбі күні кешкісін тапсырылды.
Қазірде үйқамақта отырған режиссер Роман Поланскидің жүлдесін оның продюсері Алан Сарде барып алды. Ол Полански бұл сыйлықты иеленгеніне қуанышты болады деді.
«Роман бақытты болатынына сенімдімін. Алайда мен оның қазір бізбен бірге осы арада бола алмағанына өкініштімін. Ол маған, мен тіпті оған бара алмайтын едім, өйткені соңғы рет мен фестивалге сыйлық алуға барғанда, түрмеден бір-ақ шықтым деп айтты», - деді Алан Сарде.
Сарде бұл жерде қыркүйек айында Цюрихтегі фестивалден жүлдесін алуға бармақ болған режиссер Роман Поланскиді Швейцария билігі қамауға алып, оны АҚШ-қа экстрадициялау мәселесін қарап жатқанын айтып отыр.
Берлин фестиваліне барған Азаттықтың Фарда радиосының тілшісі Амир Никфаржам Роман Поланскиге берілген бұл сыйлық оны қолдау белгісі сияқты болды деп суреттеді.
«Поланскиге сыйлық беру арқылы Берлин фестивалі мен оның германиялық режиссер Вернер Херцог бастаған қазылар алқасы Швейцария мен АҚШ-тың сот ресмилеріне белгі бергендей болды. Көптеген киногерлер Поланскидің сот ісіне қарсылық танытып, оны босатуға шақырды», - дейді Фарда радиосының тілшісі.
Швейцария билігі 76 жастағы режиссердің апелляциялық шағымы бойынша АҚШ соты бір шешім шығармайынша, Роман Полански Америкаға экстрадицияланбайды деді.
Құрама Штаттарда 1977 жылы кәмелеттік жасқа толмаған қызбен жыныстық қатынас жасады деген айып тағылған Роман Полански халықаралық іздеуде болған. Ол сот үкімі шықпай тұрып АҚШ-тан Францияға кетіп қалған.
Киносыншылар Роман Поланскидің «Әруақ жазушысы» фильмін режиссердің «Розмари сәбиі» мен «Қытай кварталы» сияқты классикалық шығармаларына оралуы деп бағалады.
БЕРЛИН ФЕСТИВАЛІНІҢ БИЫЛҒЫ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ
Ал түркиялық режиссер Семих Капланоглудың «Бал» фильмі жалғыз қалған 6 жасар баланың орманда жоғалған омарташы әкесін қалай іздегенін суреттейді. Режиссер Капланоглу Берлин фестивалінің қазылар алқасына берген жүлдесі үшін алғысын білдіріп, «мен бұл сыйлық біздің қоршаған ортаны бұрынғыдай қорғай беруге жетекші бола береді деп білемін» деді.
Берлин фестивалінде екінші орынды иеленген Румынияның режиссері Флорин Сербанның «Егер мен ысқырғым келсе, ысқырамын» деген туындысы кәмелеттік жасқа толмаған балалардың түрмедегі оқиғасын көрсетеді.
Сонымен қатар Ресейдің киногерлері «Мен осы жазды қалай аяқтадым» деген картинасы бойынша Берлин фестивалінің екі жүлдесін алды. Оның бірі «Күміс аю» жүлдесі бойынша ең мықты актер атағын басты рөлдерде ойнаған Григорий Добрыгин мен Сергей Пускепалис бөліссе, мықты операторлық жұмысы үшін Павел Костомаров та жүлделі болды.
Жапонияның актрисасы Шинобу Теражима «Жұлдызқұрт» фильміндегі рөлі үшін ең мықты актриса атағын иеленді.
Қытайдың тайвандық ардагердің 50 жылдан кейін өз сүйгеніне қалай қосылғанын баяндайтын драмасы «ең мықты сценарий» деген баға алды.