Коронавирус пандемиясы хроникасынан бастап Беларустегі наразылыққа дейін. Азат Еуропа – Азаттық радиосының тілшілері 2020 жылы түсірген таңдаулы фотосуреттерді назарыңызға ұсынамыз.
Православтардың шоқыну мейрамы кезінде Тбилисидегі Үш әулие шіркеуінде өткен мерекелік діни рәсімге қатысып отырған қыз. 19 қаңтар (Мзия Саганелидзе).
"Украина халықаралық әуе желісі" компаниясының қызметкерлері PS752 жолаушы рейсі ұшағы құлағанда қаза тапқандармен қоштасу рәсімінде қара жамылған жандарды жұбатып тұр. Киев, 19 қаңтар. 8 қаңтарда Тегеран әуежайынан аспанға көтерілген Украина ұшағын Иран күштері атып түсірді. Иран әскерилері ұшақты "қателесіп" атқанын мәлімдеді. Апат салдарынан 197 жолаушы мен экипаждың тоғыз мүшесі опат болды (Сергей Нужненко).
Хайра Катич Сребреницада 1995 жылы болған геноцид қырғынында қаза тапқан жұбайы мен ұлының құжаттарын ұстап тұр. Босния мен Герцеговина, 20 қаңтар (Мидхат Потурович).
Ауғанстанның Ғазни уәлаяты аумағына құлаған америкалық Е-11А бомбалаушы ұшағының бөлшегі. Апат салдарынан екі әскери ұшқыш мерт болды (Хабиб Тасир).
Ukrainian Fashion Week сән үлгісі байқауына қатысушы қыздар. Киев, 3 ақпан (Ирина Громоцкая).
26 ақпанда Киевтегі Украина президенті әкімшілігі маңында бір ер адам наразылық ретінде өз-өзін өртеген жерді қоршап тұрған полиция қызметкерлері. (Ирина Громоцкая).
Халықаралық әйелдер күні Бішкектің орталығына шеруге шыққан бойжеткенді полиция ұстап, әкетіп барады. Бұл күні полиция кемінде 70 адамды ұстады, арасында журналистер, белсенділер мен құқық қорғаушылар бар. 8 наурыз, Қырғызстан (Гүлжан Турдубаева).
Коронавирус карантині кезіндегі Киевтегі көппәтерлі үйлер. 25 наурыз, Украина (Сергей Нужненко).
Грузин әскерилері карантин кезінде Тбилисиге кіріп жатқан азаматтар мен көліктерді тексеріп тұр. 31 наурыз (Мзия Саганелидзе).
Украинаның Житомир облысындағы Магдин ауылының тұрғындары малымен бірге көрші ауылға көшіп барады. Олардың үйі Чернобыль аймағында басталып, маңындағы елдімекендерге тараған өрт салдарынан жанып кеткен. 18 сәуір (Макс Левин).
Баку көшесінде коронавирус инвекциясына қарсы дәрі сеуіп жүрген жұмысшылар. Әзербайжан, 18 сәуір.
Сараеводағы мешітте жайнамаз төсеп жатқан ер адам. Босния мен Герцеговина, 6 мамыр (Ясмин Брутус).
Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске 75 жыл толу құрметіне өткізілген әскери парад. Минск, Беларусь, 9 мамыр (Влад Гридин).
1944 жылы совет үкіметі Қырым татарларын атамекенінен Орталық Азия мен Сібірге күштеп жер аударған. Сталиндік саясат құрбандарын еске алу күні Қырым татарларының туын ұстап тұрған балалар. Киев, Украина, 18 мамыр (Сергей Нужненко).
Нұр-Сұлтанда полиция көшеде ұстаған азаматты көлікке салуға апара жатыр. Бұл күні елде демократиялық реформалар жүргізуді талап етіп, наразылық акциясына шыққан жүздеген адамды полиция көшеден күштеп әкетті. Қазақстан, 6 маусым (Петр Троценко).
Биліктің пандемия кезіндегі іс-шарасына наразылар мен полиция. Белград, Сербия, 8 шілде (Весна Андич).
Президент сайлауында тағы да Александр Лукашенконың жеңіске жеткені туралы ресми мәліметке келіспей, наразылық акциясына шыққандар полиция күш қолданғанда зардап шеккен адамды көтеріп келе жатыр. Минск, Беларусь, 9 тамыз (Влад Гридин).
Рак ауруына шалдыққан балаларды қолдауға арналған "Алтын қыркүйек" акциясы кезінде шырақ жағылған Босниядағы әйгілі Мостар көпірі. 1 қыркүйек (Мирсад Бехрам).
Парламент сайлауының ресми қорытындысына келіспеген оппозицияның наразылық шеруіне қатысушылар. Бішкек, Қырғызстан, 5 қазан (Ұлан Асаналиев).
Ауғанстанда аштық зардабын шеккендерге жәрдем көрсететін медицина орталығының алдында кезекте тұрған адамдар. Урузган уәлаяты, 8 қазан (Мохаммад Шариф Шарафат).
Хабаровскідегі наразылар мен полицияның арнайы жасағы арасындағы қақтығыс. Ресей, 10 қазан. Аймақтың бұрынғы губернаторы Сергей Фургалды "тапсырыспен кісі өлтіруге қатысы бар" деген айыппен тұтқындауға наразы қала тұрғындарының қарсылық акциялары бірнеше айға жалғасты (Ольга Цыкарева).
Әзербайжанның Гянджа қаласын Армения күштері атқылағанда зымыран түскен тұрғын үй. 11 қазан. Биыл қыркүйекте Әзербайжан мен Армения арасында сепаратистер бақылауындағы Таулы Қарабақ аймағы үшін қарулы шайқас басталды. Екі жақтан да әскерилер және бейбіт тұрғындар мерт болды (Азаттықтың Әзербайжан қызметі – Азадлыг тілшісі түсірген фото).
Ресейдің қолдауына сүйенетін сепаратистер бақылауында ұстап отырған Донбасс жерінде жүрген украин сарбазы. 12 қазан (Мариан Кушнир).
Қыркүйектің соңына қарай Таулы Қарабақ аймағы үшін басталған қарулы шайқаста қаза тапқан армян әскерилерінің есімі жазылған қара мата. Ереван маңайы (Эймос Чаппл).
Черногориядағы серб православ шіркеуінің басшысы, коронавирус инфекциясынан қайтыс болған митрополит Амфилохиомен қоштасу рәсіміне жиналған жұрт. Подгорица, 1 қараша (Саво Прелевич).
Таулы Қарабақ аймағындағы Ағдам қаласының жұрты. Әзербайжан әскерилері бұған дейін армян сепаратистері бақылауда ұстаған Ағдам мен тағы бірнеше ауданды өзіне қаратты. 24 қараша (Азадлыг).
Алматы облысында өткен "Сонар-2020" турнирі кезінде тұғырға қонақтаған, томаға кигізілген бүркіттің жанында отырған құсбегі. Қазақстан, 5 желтоқсан (Петр Троценко).