КІМ? НЕ? ҚАШАН?
3 маусым күні қырғыз президентінің кеңсесі алдына ондаған адам жиналып, Орхан Инандыны тауып беруді талап етті. Осыған ұқсас жиындар 1-2 маусым күндері Түркия елшілігінің алдында да өткен. Акция қатысушылары "Сапат" президентінің жоғалуының артында Түркияның қауіпсіздік қызметтері тұруы мүмкін дейді.
Қырғызстанда 1995 жылдан бері тұратын Орхан Инанды 31 мамыр күні кешке таман хабар-ошарсыз кеткен. Оның көлігі келесі күні таңертең табылған. Көліктің есіктері ашық болған, ішінен бағалы заттар ұрланбаған.
Қырғыз президенті Садыр Жапаров сол күні Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетке (ҰҚМК) іздеу жұмыстарын күшейтуді тапсырған. Ал "Сапат" лицейлер желісі Инанды туралы ақпаратқа сыйақы тағайындағанын мәлімдеді.
Инандының ұлы Юсуф Косе әкесінің соңғы рет байланысқа 31 мамыр күні кешкі 6-да шыққанын айтады. Содан бері оның қайда екені белгісіз. Қырғыз полициясы "Адам ұрлау" бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Адвокат Зоотбек Құдайбергенов Инандыны Бішкекте күштеп ұстап отырғаны туралы тексерілмеген ақпарат алғанын айтады.
"Расталмаған ақпарат бойынша, оны күштеп ұстап отыр. Көлігін Октябрь ауданындағы кафелердің бірінен тапқан. Құнды заттары орнында. Яғни тонау көзделмеген" деді ол.
Осы арада ҰҚМК арнайы мәлімдеме жасап, 2019 жылы қылмыстық топтардың Инандыны құн төлету мақсатында ұрлау ниеті бар екені туралы ақпарат алғанын, бұл туралы Инандының өзіне хабарланғанын, күзет қызметіне сүйену ұсынылғанын айтты. Туыстарының айтуынша, Инанды осыдан кейін расымен де күзетшілер жалдаған, бірақ сол күні жалғыз болған.
1 маусым күні "Сапат" президентінің әйелі Рейхан Инанды әлеуметтік желі арқылы қырғыз билігіне үндеу жолдады.
"Күйеуімді аман-есен қайтарғанын ғана қалаймын. Қырғыз билігінен іздеу жұмыстарына қолғабыс етуді сұраймын. Түрік баспасөзінен білетін боларсыздар, егер оны депортацияласа, оның өміріне қауіп төнеді. Оның қауіпсіздігіне алаңдаймын. Мен қырғыз халқының әділеттігіне және ықыласына сенемін. Күйеуімді депортацияламайды деп үміттенемін" деді Рейхан Инанды.
Азаттықтың Қырғыз қызметі Орхан Инандының 2012 жылы қырғыз азаматтығын алғанын, бірақ Түркия азаматтығынан шыққан-шықпағаны белгісіз екенін айтады. "Сапат" ұйымын ол 2001 жылдан бері басқарып келеді.
БҰЛ ОҚИҒАДА ТҮРКИЯ БИЛІГІ НЕ ҮШІН АТАЛЫП ОТЫР?
"Сапат" лицейлер желісінің директоры Нұрлан Құдайбердиев Орхан Инандының жоғалуын Түркиядағы саяси жағдаймен байланыстырып, бұл істің артында "түрік билігі тұруы мүмкін" екенін айтады.
"Бұл адамның жауы жоқ еді. Түркия саяси оқиғаға байланысты өзге елде жүрген өз азаматтарын ұрлап жатыр. Біздің пайымдауымызша, Орхан Инанды ешкіммен жанжалдаспаған" деді Құдайбердиев.
2019 жылы ресми Анкара қырғыз билігінен "Сапат" мектебінің екі қызметкері Синан Йылмаз бен Санжар Абдулхакимді қайтаруды талап еткен. Қырғыз бас прокуратурасы бұл екеуін депортациялау туралы қаулы да шығарып қойған. Іс қоғамдық дау тудырып, Бішкектегі Бірінші май аудандық соты прокуратура қаулысын заңсыз деп тауып, сұралған адамдар Түркияға берілмеді.
"Сапат" Қырғызстанда 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Бастапқыда ұйымның аты "Себат" болатын. Оған қазір 16 лицей, "Ала-Тоо" халықаралық университеті, UWIS халықаралық мектебі және 4 бастауыш мектеп кіреді. Онда 10 мыңнан астам оқушы мен студент білім алады. Мұғалімдердің 995-і Қырғызстаннан, 131-і Түркиядан, 52-сі басқа елдерден.
Ресми Анкара "Сапат" мектебін қазір АҚШ-та тұратын түрік имамы Фетхуллах Гюленмен байланыстырады. Гюлен Орталық Азиядағы түрік лицейлер желісінің негізін қалаушылардың бірі саналады. Бірақ лицейлердің өзі жұмысына имамның қатысы барын жоққа шығарады. Бірақ осы түрік лицейлері жұмыс істей бастаған 1990-жылдардың басында Гюлен мен Түркияның қазіргі президенті Режеп Тайып Ердоған үзеңгілес болған. 1990-жылдардың соңына қарай екеуінің арасында араздық туып, имам шетелге кетті, Ердоғанның басты қарсыласына айналды.
ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ МЕКТЕПТЕРДІ ҚОРҒАП ҚАЛУЫ
2016 жылы Түркияда әскери төңкеріс жасау талпынысы болып, ресми Анкара оны ұйымдастырған Гюлен деп, ол құрған "Хизмет" қозғалысын террористік деп жариялады. Имам бұл айыпты жоққа шығарды. Әскери төңкеріс талпынысы кезінде 250 адам қайтыс болып, артынан Ердоған билігі Гюленге қатысы бар деген адамдарды жаппай ұстай бастады. Олардың көбі Түркия мен өзге елдердегі білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін мұғалімдер болатын.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ «Түркияға берілмейтін» мұғалімдер кетуге мәжбүрОсы оқиғадан кейін Түркия Қырғызстаннан түрік лицейлерін жабуды талап етті. Бірақ Қырғызстанның сол кездегі президенті Алмазбек Атамбаев бұл талапты орындаудан бас тартып, лицейлер ешқандай қауіп төндірмейді деді. Мұны арты екі ел арасындағы дипломатиялық жанжалға ұласты. Дегенмен 2017 жылы "Себат" тіркеуден қайта өтіп, "Сапат" болып өзгерді, құрылтайшыларының қатарына Қырғыз білім министрлігі кірді.
2018 жылы Ердоған Қырғызстанға сапарында "Сапат" мәселесін қайта қозғап, оның орнына балама мектептер ашуды ұсынды, онымен Түркияның "Маариф" қоры айналысатынын айтты. 2021 жылғы мамырда қырғыз білім министрлігі жаңа оқу жылында Бішкекте "Маариф" қорының алғашқы мектебі ашылады, онда 61 сынып болады деді.
Kaktus.Media қырғыз сайтының жазуынша, Түркия басылымдары Инандыны Гюленге тиесілі деген "Хизмет" қозғалысының мүддесін қорғайды деп айыптайды. Қырғызстан бұл айыпқа байланысты Инандыға қарсы ешқандай шара қолданбаған. Ал Инандының өзі Қырғызстанда тек білім берумен айналысатынын айтқан.
Биыл наурызда Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен кездескенде "FETO ұйымы Қырғызстанға да қауіп төндіреді" деген. Анкара "Хизметті" FETO немесе "Фетхуллахшылардың террористік ұйымы" деп атайды.
Қырғыз саясаттанушысы Әділ Тұрдықұлов Анкараның Қырғызстан билігінің есіне Гюленді жиі салатынын айтады.
"Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Фетхуллах Гюлен негізін қалаған білім жүйесін террористік деп санайды. Сол себепті осы жүйеге қатысы бар деп тапқан адамдарға Түркияда ғана емес, өзге елдерде де қысым көрсетіп жатыр. Түркия Гюленге қатысы бар деген адамдар еркін өмір сүретін елдердің басшыларына да қысым көрсетеді. Біз мұндай қысымның ашықтан-ашық болмаса да Садыр Жапаровқа да көрсетілгенін білеміз. Егер Түркия Орхан Инанды елден алып шықса және оған қырғыз арнайы қызметтерінің қатысы болса, бұл – үлкен мәселе. Бұл ұлттық қауіпсіздікке кір келтіреді, мұны сатқындық деп атауға болады" деді.
Ал қырғыздың тағы бір саясаттанушысы Эсен Омурканов Инандыны Түркия қызметтері алып кетті деген пікірде.
"Түркия билігі рейтингін жоғалтып жатыр, ал Режеп Тайып Ердоғанның партиясы үшке бөлінді, оппозициялық партиялар күш жинап жатыр. Қолдау деңгейі бар болғаны 30 пайыз болып тұрғанда ол өзіне назар аудартып, осындай шоу жасауға тырысып отыр. Кениядан 30 жастағы мұғалімді ұрлап әкетті және мұны Түркияда шоуға айналдырды. Оларға Орхан Инандыны ұрлап әкету осы үшін керек болды" дейді ол.
Ал Қырғызстанның Түркиядағы бұрынғы елшісі Мамбетжүніс Абылов Инандының жоғалуында саяси астар жоқ дейді.
"Мұнда ақша айналымы жоғары. Сол себепті бұл істі ақпаратқа қанық адамдар ұйымдастырды деген ой келеді. Бәлкім олар не ақшаға не оның орнына қызығып отыр. Қырғызстан экономикасы әлсіз, ал ұйымдасқан қылмыстық топтары ешқайда кеткен жоқ. Бәлкім құн талап етер. Бұл жағдай Қырғызстан мен Түркияның қарым-қатынасын бұзады деп ойламаймын" деді экс-елші.
1992 жылы түрік лицейлерінің желісі Қазақстанда да ашылды. Гюлен АҚШ-қа қашып, Түркия билігіне қарсылас атанғалы Анкара түрік лицейлерін жабуды Қазақстаннан да сұрап келеді. 2016 жылғы әскери оқиғадан кейін қысым күшейе түсіп, Қазақ-түрік лицейлерінің атауы "Білім-инновация" болып өзгерді, бірақ мектептердің өзі жабылған жоқ. Ал 2017 жылы бір топ түрік мұғалімі Қазақстан билігінің визасын ұзартпауынан Түркияға қайтуға мәжбүр екенін, еліне оралған бойда сотталуы мүмкін екенін айтқан.
Сайтындағы ақпаратқа қарағанда, "Білім-Инновация" халықаралық қорына 27 мемлекеттік "Білім-Инновация" лицейі, 3 жекеменшік лицей, екі халықаралық мектеп және екі колледж кіреді. Бастапқыда түрік мұғалімдерінің үлесін 90 пайыз болса, қазір шетелдік оқытушылар үлесі 14 пайыз, қалғаны – Қазақстан азаматы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан Түркиямен бірлескен оқу орнын «құтқаруға» кірісті