Ресейлік сарбаздардың мүрделері, қираған техника. Азат етілген Благодатное ауылында

Благодатное ауылына америкалық MaxxPro беренді транспортерімен жеттік. 68-дербес егерь бригадасына XVII ғасырдың орта шенінде өмір сүрген, Карпаттағы украин ұлт-азаттық қозғалысының (опришки) көшбасшысы болған Олекса Довбуштың есімі берілген.

Журналисті "Йети" деген лақап атпен белгілі жауынгер қарсы алды. Благодатное – Украина қарулы күштері (ЗСУ) шабуылдың алғашқы күндері басқыншылардан азат еткен, Великая Новоселка кентінің оңтүстігінде жатқан жеті елдімекеннің бірі. Дүйсенбі күні Украина армиясы Запорожье бағытының батысында Орехово маңындағы Пятихатка ауылын да азат еткені белгілі болды.

Азаттық тілшісі Украина жауынгерлерімен бірге азат етілген ауылды аралап көрді.

"Сау қалған бірде-бір үй я инфрақұрылым жоқ. Тіпті жануарларға дейін жапа шеккен. Біз оларды жинап жүрміз, атыс кезінде бізді паналап келеді. Кектенген дұшпан күнде барлық қарудан оқ жаудырады. Ұшақтар мен тікұшақтардан соққы береді, әртүрлі артиллериялық қарудан, минометтерден атқылайды" деді "Йети".

Соғыс салдарынан бұл ауылда сау үй қалмаған.

Украина күштері ауылға шабуылдағанда жойған ресейлік әскери техниканың қаңқасы.

Украина жауынгерлерінің сөзінше, Благодатное азат етілген сәтте ауылда небары екі-ақ тұрғын қалыпты. Соғысқа дейін мұнда 700-ге тарта адам тұрған. Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқаннан кейін көп ұзамай, 2022 жылғы наурызда Благодатное ауылын басып алған.

Мына суреттегі жергілікті мәдениет үйі ғимаратын украин әскері шабуылмен алған.

"Бұл өте күрделі операция болды, себебі дұшпан мықтап бекініп алып, инфрақұрылымды қорғанысқа жақсылап дайындаған екен. Есесіне біз бұл жерден көп қару-жарақты қолға түсірдік, нағыз қазына деуге болады. Ол қару үшін ресейліктерге рахмет айтамыз, ал жерімізге қайғы-қасірет әкелгені үшін сазайын береміз", — дейді "Йети".

"Сақал" деген лақап атқа ие украин жауынгері өліп жатқан ресейлік сарбазға қарап тұр. Айтпақшы, қазір Украина армиясында сарбаздарға сақал қоюға шектеу жоқ. Ал Ресей қарулы күштері бас штабының бастығы Валерий Герасимов 2023 жылғы қаңтарда сақал қоюға тыйым салынатыны туралы бұйрық шығарған.

"Бұл ғимаратты бригада командирінің орынбасары жауынгерлерімен бірге шабуыл жасап алды. Біз бұған соның және сарбаздарының арқасында ие болдық. Өкінішке қарай, қаза тапқандар да бар, бірақ, біз ғана емес, ресейліктер де адамдарынан айырылды. Ресей әскері берілгісі келмей, жанұшыра қарсыласып бақты", – дейді "Лермонтов" деген лақап аты бар украиналық жауынгер.

"Сақал" мәдениет үйі ғимаратына тігілген Украина туын терезеден қолын созып, жазып жатыр. Бұл ту елді мекен басқыншылардан азат етілгенін паш етіп желбіреп тұр.

Соғыстан қираған ауыл клубындағы кітапхана, Тарас Шевченконың портерті, украин сарбазы мен жайрап жатқан ресейлік жауынгер.

Украина күштері шабуыл бастағаннан кейін Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу 2022 жылдың күзінен бері алғаш рет Ресей армиясындағы адам шығынын хабарлады. Оның сөзінше, маусымның 3-і мен 6-сы аралығында 71 ресейлік сарбаз қаза тауып, 210-ы жараланған. Украина жағы болса, Ресейдің шығыны бұдан бірнеше есе көп дейді.

"Басқыншылар соңғы адамы қалғанша қарсыласып бақты. Біздің жауынгерлер тапқырлық танытты: клубтың қабырғасын гранатометпен атып тесіп кіріп, жаудан тазартуды бастады. Жаудың бірнеше сарбазын қоршауға алып, берілуді ұсынды, бірақ олар бас тартты. Клубпен бір мезетте мектеп ғимараты да біздің қолға өтті", – деді Благодатное ауылы қалай азат етілгенін Украина телеарнасынан хабарлаған Таврия бағытындағы қорғаныс күштерінің спикері Валерий Шершень.

Басқыншылардан азат етілген ауыл кітапханасында шашылып жатқан кітаптар.

"Лермонтов" деген лақап атқа ие украин жауынгері Благодатное ауылындағы кітапханананың бүлінген бөлмесінде тұр.

Ауыл клубының кітапханасындағы украин ақыны Тарас Шевченконың портреті.

Украина жауынгерлері шабуыл барысында қаза тапқан ресейлік сарбаздың қасында тұр.

Украина жауынгері Азаттық тілшісіне шабуыл кезінде оққа ұшқан тағы бір ресейлік сарбазды көрсетіп тұр.

Таврия бағытындағы қорғаныс күштерінің спикері Валерий Шершень операция барысында Украина жауынгерлері алты адамды қолға түсіргенін айтты. Олардың арасында өздерін "Донецк халық республикасының ішкі істер министрлігі" деп атайтын заңсыз сепаратистік құрылымның өкілдері мен Ресейдің екі кәсіби әскери қызметкері бар.

Благодатное ауылының төңірегінде ресейлік "Шторм-Z" тобының жекелеген сарбаздары әлі бар. Бұл топтың құрамындағылардың көбін Ресей қорғаныс министрлігі сотталғандар арасынан жалдап, соғысқа тартқан.

"Екі күн бойғы кескілескен ұрыстан кейін тазарту шарасы жүріп жатқанына бір аптадай болды. Өз басым алғаш рет осыншама үлкен аумақты тазартумен айналысып жатырмын. Мұнда ресейлік басқыншылардан қалған миналар мен жарлығыш заттардан аяқ алып жүре алмайсың ", – дейді"Йети".

"Сақал" азат етілген ғимараттан тауып алған "Георгий лентасы" деп аталатын сары жолақты таспаны журналиске көрсетіп тұр. Басқыншылар өз сарбаздарын басқалардан ажырату үшін осы лентаны пайдаланады.

Украина қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, екі апта шабуылдың нәтижесінде сегіз елді мекен басқыншылардан азат етілген, арасында Благодатное ауылы да бар. Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр 113 шаршы километр аумақ азат етілді деп хабарлады.

Америкалық Соғысты зерттеу институты (Institute for the Study of War, ISW) Украина осы бастаған шабуыл барысында тактикасын өзгерту үшін сәл үзіліс жасауына болады дейді. ISW өз деректеріне сүйеніп, Украина қарымта шабуылға дайындаған күшінің көп бөлігін әлі соғысқа қосқан жоқ деп топшылайды. Ірі шабуыл операцияларын дамыту кезінде үзіліс жариялау – кең тараған құбылыс дейді ISW талдаушылары.
 

Азаттықтың Украин қызметінің тілшісі Сергей Нужненко Украинаның Донецк облысындағы Благодатное ауылында болды. Украина әскері шабуылының алғашқы күндері осы елді мекенді азат еткен.