Болат Атабаев. Қоғамды үрейден арылтқысы келген режиссер

Театр режиссері, оппозиция қайраткері. Кельн, Германия. 2013 жыл.

Бүгін, 29 шілдеде белгілі режиссер, қоғам қайраткері Болат Атабаев 69 жасында қайтыс болды. Ол театр мен өмірді ұштастырған, Қазақстанның саяси өміріне белсене араласқан сирек режиссер ретінде есте қалды. Ол Батыста жүріп, Қазақстандағы авторитар билікке қарсы кез келген күшті қолдады. Баспасөзге айтқан сөзінде "Қазақстандағы саяси жүйенің ауысуы үшін шайтанмен де ауыз жаласуға бармын" деген еді.

"БІРТҮРЛІ АДАМ"

Болат Атабаев 1952 жылы дүниеге келген. 1974 жылы Алматы шет тілдері педагогикалық институтын, 1983 жылы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын бітірген. 1990 жылы Мюнхен (Германия) ұлттық театрында тәжірибеден өтті. Араға жиырма жылдан астам уақыт салып, осы қалаға қайта келді. Бұл жолы тәжірибеден өткен жоқ, жұмыс істеді.

Оның бүгінгі қазақ театры мен мәдениетіндегі кейбір стереотиптер жөніндегі оқшау ойлары мен жаңа ізденістерге негізделген қойылымдары кәсіби театр мамандарын да, көрерменді де екіұдай ойға қалдырды. Болат Атабаев өзін:

– Сан түрлі адаммын, тек көркем өнерді түсінбейтіндерге ғана – "біртүрлімін", – деп сипаттады.

Ол жеке тұлға мәдениетін "отбасы-ошақ қасы мәдениет және азаматтық мәдениет деп екіге бөліп, оған "қарсылық мәдениетін" қосты. "Қарсылық мәдениеті – менің мәдениетім" деп есептеді, оны қоғамдық істерінде де көрсетуге тырысты.

Режиссер, қоғам қайраткері Болат Атабаев "Жаңаөзен 2011 – құқық пен бостандық туралы ақиқат" атты фотокөрмеде сөйлеп тұр. Варшава, Польша, 7 желтоқсан 21013 жыл. Facebook әлеуметтік желісінен алынған сурет.

2011 жылдың 16 желтоқсанындағы Жаңаөзен оқиғасына байланысты айып тағылғаннан кейін ол өзі басқаратын "Ақсарай" театрында "Көшкін" спектаклін қойды. "Көшкінде" биік таудың бөктерінде тұратын ауыл халқының үрейге толы өмірі суреттеледі. Алапат қар көшкіні болып кетпеуі үшін жұрт сыбырлап сөйлесуге, тыныштық сақтауға мәжбүр. Әйтпесе қатты дауыс шыға қалса, бүкіл ауылды жайпап өтетін қар көшкіні жүруі мүмкін.

Тіпті ауыл ақсақалдары жаңа үйленген жастардың балалы болатын уақыттарын есептеп, ауыл әйелдерінің босанатын мезгілін де қадағалайды. Нәресте дүниеге келгенде қатты дауыс шығарып, жылайтыны белгілі. Бала дүниеге шыр етіп келген бетте қар көшкіні жүріп кетуі мүмкін. Сондықтан ауыл адамдары әйелдер босанатын уақытын да реттейді.

Алайда, бір жас келіншектің толғағы мерзімінен бұрын келіп қалады. Ауыл ақсақалдары сәбиді дүниеге келтірмей, жас келіншекті тірідей табытқа салып, көміп тастауға үкім етеді. Жары мен жарық дүниеге келмеген баласын қимаған жігіт үкімді өзгертуді сұрап, ақсақалдарға жалбарынады. Бірақ "бір әйел үшін барлық ауыл тұрғындарын құрбан етуге болмайды" деген ақсақалдар райынан қайтпайды.

Амалы таусылған жігіт ашу үстінде қолына мылтық алып, аспанға атып жібереді. Бұл – спектакльдің шарықтау шегі еді.

Мылтық атылған сәтте бүкіл ауылды көшкін жайпап өтеді деген тұрғындар қатты шошиды. Бірақ жұрт күткен көшкін жоқ! Сәлден кейін қауіптің мүлде жоқ екеніне елдің көзі жетеді. Ауыл тұрғындары қаншама жыл бойы жалған үреймен азапты өмір сүріп келгенін түсінеді.

Режиссер "билік адамдарды осылайша үрейде ұстағысы келеді" деп санады.

– Бұл туындының трагедиясы неде? Адамдар "айқайлағысы" келеді. Өз ойын жеткізгісі келеді. Бірақ мұндағы үрей, қорқыныш халықтың санасын билеуші күш болып тұр. Олар содан өлердей қорқады. Бірақ шындап келгенде "көшкін" жоқ. Көрдіңіздер ғой, мылтық атылды – ал көшкін болған жоқ. Жалпы бұл біздің бүгінгі шынайы жағдайымыз: біз өз ойымызды ашық жеткізуден қорқамыз, – деді.

Қазақстан режиссерлері Атабаевтың "Көшкініне" сын көзбен қарады. Кейбірі "қиялға көбірек бой ұрады. Өмірдегі оқиғаның бәрін сахнаға шығара беруге болмайды" десе, кейбірі "Болат Атабаев өз ұстанымдарын көбірек қызықтап кетеді. Ол тіпті театр жөніндегі өз көзқарасына өзі ғашық сияқты көрінеді – содан шыға алмай қалады, кейінгі қойылымдарына саяси реңк берді, тәуелсіз болуы керек еді" деп санады.

Болат Атабаев. Алматы, 13 қаңтар 2012 жыл.

"САЯСИ КҮРЕС"

Болат Атабаев 2000 жылдардан бастап Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Қазақстандағы адам құқығы, саяси еркіндік жайлы пікірлері жұртшылықты елеңдетті. Сөз бостандығын қорғауға арналған митингілерде:

– Адамның ақпарат алуға құқығы – үкімет емес, табиғат сыйлаған еркіндік. Үкімет ол еркіндікке ешкімнің қол сұқпауын, қорғалуын қамтамасыз етуі тиіс. Менің арманым – Қазақстанда осындай митингтер өткізу қажеті тумайтын күн орнаса деймін, – деп сөйледі.

Болат Атабаев саяси ұстанымын 2011 жылы желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасы қарсаңында айрықша көрсетті. Еңбек құқығының қорғалуын талап етіп ереуілге шыққан мұнайшыларды қолдады. Ереушілерге оқ атылған Жаңаөзен оқиғасынан кейін Болат Атабаевқа "әлеуметтік араздық қоздырды" деген айып тағылып, қамауға алынды.

Жаңаөзен оқиғасы бойынша тергеуге өз еркімен барудан бас тартып, сотты фарсқа айналдыратынын мәлімдеді. Оны тергеуге мәжбүрлеп апарып, қамауға алды.

– Тергеу кезінде маған сурет салғызды. Үйдің, ағаштың, белгісіз бір аңның суретін салуымды өтінді. Белгісіз бір аңның суретін салып беріп едім: "Бұл не?" деп сұрады. "КНБзавр" дедім, – деп еске алды кейін (КНБ - Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орысша қысқаша атауы).

Тұтқындағы Болат Атабаевты Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы "пікір айту құқығын пайдаланып, сөз сөйлеген ар-ождан тұтқыны" деп мәлімдеді.

Режиссер Атабаевтың қамауға алынғаны қоғамда резонанс туғызды. Мәдениет саласы қайраткерлерінің кейбірі "саяси көзқарасы үшін қамауға болмайды" десе, кейбірі "Болаттың асырып айтып, артық кететін тұстары бар" деумен шектелді.

Алайда Қазақстан билігі Атабаев ісін жабуға тырысты. Белгілі режиссер Ермек Тұрсыновтың ара түсуімен қамаудан босап шықты.

Болат Атабаев (сол жақта) кинорежиссер Ермек Тұрсыновпен бірге. Алматы, 4 шілде 2012 жыл.

Көп ұзамай Болат Атабаев Қазақстандағы саяси жағдайды айту үшін Германияға барып, ол елдің парламенті - Бундестаг депутаттарымен кездесті. Қазақстанға оралса, қайта қамалу мүмкіндігінен қауіптеніп, сонда тұрақтады. Кельндегі неміс театрында жұмыс істеп, унвиерситетте лекция оқыды. Германияда жүріп те саяси белсенділігін тоқтатпай, Қазақстандағы саяси жағдайларға байланысы сыни ой-пікірін әлеуметтік желі арқылы жеткізді.

– Мақсатым – Қазақстандағы азаматтық қоғамға қарсы шығып, жер байлығын сатып жүрген адамдарға қарсы пікір туғызу. Олардың Батыстағы қаржы көздерін әшкерелеу, зерттеу. Осы бағытта жұмыс істеушілерге көмектесу. Қазақстанда да Батыстағыдай азаматтық қоғамның пайда болуына ықпал ету, – деді.

Ол Батыста жүріп, Қазақстандағы авторитар билікке қарсы кез келген күшті қолдады. Германияға кетпей тұрып, баспасөзге айтқан сөзінде "Қазақстандағы саяси жүйенің ауысуы үшін шайтанмен де ауыз жаласуға бармын" деген еді.

2013 жылы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің "Азат Қазақстан үкіметін" құру туралы бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдап, ұйымдастыру комитетінің жұмысына кірісетінін мәлімдеді. Рахат Әлиевтің бұл бастамасы әлеуметтік желіде Әлиевті қолдаушылар мен қарсылардың дауына ұласты.

Франциядан саяси баспана алған қуғындағы банкир әрі оппозицияшыл тұлға Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдады.

Your browser doesn’t support HTML5

"Режиссер ретінде орнымды таптым, бірақ азамат болып қалыптаса алмадым…».

Режиссер Қазақстандағы азаматтық қоғамды дамытуға шетелде жүріп үлес қосу үшін қор құрғанын мәлімдеді. Ол басқаратын "Ақсарай" театрының Кельндегі гастролі аншлагпен аяқталды. Шетелдік әріптестері режиссер Болат Атабаевтың қоғамдық қызметін зор батылдық деп білетіндерін, "Ақсарай" театрын әлеуметтік театр деп атады.

Атабаев Азаттыққа берген сұқбатында Германиядағы саяси театр рөліне баға беріп, Қазақстанда да саяси театрдың дамуы үшін барлық алғышарттар бар деп есептеген еді.

– Режиссерлерде үрей бар. "Театрда әрі қарай жұмыс істегім келеді" деп ойлайды. Қорқады. Ішкі цензурасынан қорқады. Өз-өзін тексеріп отырады: "Былай десем, былай болып кетуі мүмкін" деген үрейден туған нәрсе барлығы, – деді ол.

"ҚАЙТУ"

2021 жылы көктемде Болат Атабаев Қазақстанға қайта оралды, бірақ баспасөзбен сұқбаттасуға ықыласты болмады. Бірнеше айдан кейін белгілі журналист Қанат Тілеуханмен сұқбаты жұрт назарын айрықша аударды. Саяси белсенділігі басым көріне бастаған режиссерді суреткер ретінде ұмыта бастаған тыңдаушылар өтінішімен Қанат Тілеухан тағы да бір рет сұқбат алды.

– Алғашқы сұқбатқа тартыныңқырап бардым. Адуын мінезді адам ғой. Көп әңгімелестік. Қоштасып отырғандай көрінді. Ол кісіден билікке ыңғайсыз болған, бірақ бір сөзімен-ақ биліктің өзіне ықпал ете алатын Асқар Тоқпанов, Нұрғиса Тілендиев, Бауыржан Момышұлылармен ішкі ұқсастық көрдім. Бірақ олардай бола алмады, қоғам да өзгеріп кетті, –дейді журналист Қанат Тілеухан.

Атабаевтың Германияда жүрген кезі. 2012 жылдың тамызы.

Қанат Тілеуханмен сұқбатынан кейін Болат Атабаевты іздеуші көбейді. Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры Атабаевтың жеке өзіне арнап спектакль қойды.

– Соңында пьесаны егжей-тегжейлі талдады. Актерлар мен режиссерлерге "енді қайраткерлікке ұмтылуларың керек" деді. Шәкірттері тізерлеп тыңдағанын көрдім. Екінші сұқбатқа өзі сұранды. Өте қунақ болды. Халықтың іздегені қанаттандырғандай көрінді. Жүзінен өмірге құштарлық, сенім байқалды. Протезімді киіп жүрмін, бұйырса далаға шығамын деп еді (Болат Атабаев Германияда болған кезінде операцияға түсіп, бір аяғын кестірген – Ред.). Қазір ойласам бой жазу екен ғой, – дейді Қанат Тілеухан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Болат Атабаевтың онлайн-конференциясыБолат Атабаевтың «қарсылық мәдениеті»Сотқа Атабаевтың өзі келмеді, бірақ жауабы оқылдыБолат Атабаевтың «Көшкін» спектаклі қойылдыАтабаевтың белсенділігі Германияда арта түсті