Югославия ыдыраған соң, талай адамның қазасына себепкер болған қанды соғыстан кейін Дейтон келісімі жасалды. Содан бері 20 жыл өтсе де, жауласушы жақ бір-бірін әлі жек көреді.
Марко және Ката Пранжичтер Босния мен Герцеговинадағы ауылдарына 20 жылдан соң оралғанда Батыс елдері бітімгерлігімен жасалған бейбіт келісім елді екіге бөлген шиеленісті тоқтатқан болар деп үміттенген еді.
Бірақ АҚШ-тың Огайо штатындағы Дейтон қаласында бітім жасалғалы 20 жыл өтсе де, Макленовац (Makljenovac) маңында соғыстың салқыны әлі сезіліп тұр.
Боснияны екіге бөлетін сызық егде жастағы ерлі-зайыптылардың ауылы арқылы өтеді, тіпті этникалық шекара олардың үйлерін де «қаққа бөлген». «Біз Макленовацқа оралғанда, алдыңғы есігіміз Босния-Хорватия федерациясына, ал үйдің қалған бөлігі Серб Республикасына қарайтынын білдік» дейді еріксіз жымиған Марко Пранжич.
Көптеген босниялық тұрғындар басында осындай ерсі жағдай бар. Марко Пранжич пен оның әйелі этникалық араздықтың әлі күнге босниялықтардың өміріне әсер етіп отырғанын айтады.
Югославия бөлінген соң Балқан халықтары этникалық қақтығысқа түсті. 100 мың адам опат болған шиеленістен соң, 1995 жылы қарашаның 21-і күні Дейтон келісімі жасалды, Батыс елдері оны үлкен дипломатиялық жеңіс деп бағалады.
Бірақ көптеген босниялықтар – мұсылман босниялықтар, православ (христиан) сербтер және католик хорваттар бұл келісімді этникалық шиеленісті одан әрі өршіткен, мемлекет жүйесін бөлшектеген, мағынасыз шара деп айыптайды.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: Дейтон бітімі:
Отбасындағы жағдайдың қаншалықты ерсі екенін көрсеткісі келген Пранжич екі тарапты бөліп тұрған сызықтан өтіп, қонақ бөлмеге барып, телефон нөмірін терді. «Шекарадан өткен» ол енді достарымен сөйлесу үшін қалааралық байланысқа шығуы керек.
Ката Пранжич жұмысшылардың электр желісін орнатуға келген күнін ашу-ызамен еске алады. «Мен қақпаның алдында тұрдым, олар менің жұбайыма «Сен қазір Серб Республикасында тұрсың, ал әйелің федерация аумағында отыр» деді. Мен оларға «Мен Босниялықпын!» деп айғайладым» дейді ол.
Бірақ Босния басқа мемлекеттерге ұқсамайды. Екі бөлінген елдің әрқайсының жеке президенті, үкіметі, полиция қызметі мен парламенті бар. Үшінші аймақ – Брчко. Бұл округ - біріккен серб, хорват және Босния әкімшілігі жерінде орналасқан бейтарап, өзін-өзі басқаратын әкімшілік бірлік. Орталық үкімет бұл ұйымды бақылайды, бірақ оның мұндағы билігі шектеулі.
Дейтон келісімін сынаушылар күрделі үкіметтік құрылым босниялықтардың күнделікті мәселесін көбейтіп қана қоймай, 1992-95 жылдары ушыққан этникалық шиеленістен кейін сепаратизм мен ұлтшылдықты күшейтті деп айыптайды.
Енді біреулер «келісімнің басты мақсаты соғысты тоқтату болды, сол бейбіт келісім негізінде босниялықтар өздері қалаған мемлекеттерін құрды» деген уәж айтады.
2002-2006 жылдары халықаралық ұйымның Босниядағы өкілі қызметін атқарған ағылшын саясаткері Пэдди Эшдоун (Paddy Ashdown) «Осы бір әлсіз мемлекетті демеп тұрған тіректің бірі – Дейтон келісімі. Бірақ тек бір Дейтон келісімімен қызмет атқаратын мемлекет құру мүмкін емес екені де түсінікті» дейді.
Дейтон келісімінде көрсетілген Босния конститутциясына өзгеріс енгізу туралы келісім жүзеге аспады.
Ұзаққа созылған этникалық кикілжің кесірін «бір шатыр астындағы екі мектеп» жобасынан анық байқайсыз. Ол бойынша бір мектепте оқитын ұлты басқа балалар бөлек бағдарламамен сабақ оқиды.
Ресми тілде Босния және Герцеговина федерациясы деп аталатын Босния-Хорватия аймағында осындай 50-ден астам мектеп бар.
Олардың бірі - ел астанасы Сараеводан батысқа қарай 20 километр жердегі Брестовско қаласындағы мектеп. Мұндағы оқушылар бір есіктен кіреді, мектеп қоңырауы да - ортақ. Ал қалғаны – мектеп бөлмелері, мұғалімдер, оқу бағдарламасы, тіпті үзілісте ойнайтын ойындары бөлек.
«Босниялық досың бар ма?» деген сауалға көптеген этникалық хорваттар бас шайқайды. Бір ұл бала «Олардың діні басқа» деп түсіндірді. Әңгімеге араласқан басқа бала «Мұсылмандар мен хорваттардың міндеті бөлек» дейді. Ойын алаңының «босниялық» бөлігінде жүргендер де шамамен осындай көзқарас айтады.
Тарих пәнінің мұғалімі Далибор Рузичканың айтуынша, мұндағы оқу бағдарламаларының екеуі де этникалық ерекшелікті баса көрсетеді. «Хорватиялық бағдарламада хорваттармен байланыс туралы айтсақ, босниялық бағдарламада бізді хорваттардан бөлген мәселелерге тереңірек тоқталамыз» дейді ол.
Бірақ мектеп директоры Антун Милош мектептің екіге бөлінуі Боснияның қазіргі көрінісі екеніне қынжылмайды. «Дұрыс шешім қабылдадық деп ойлаймын. Ата-аналар мен оқушылардың діни сенімін құрметтейміз, заңға қайшы әрекет жасап жатқан жоқпыз» дейді ол.
Этникалық жікшілдіктің күшейіп келе жатқанының басқа да белгілері бар. Сараево кантоны осы жылдың басында Серб аумағына өтетін таксишілерге қатысты заң шығарды. Ереже бұзғандар қомақты айыппұл төлейді.
Серб Республикасында орналасқан Шығыс Сараево басшылығы оған тез жауап қатып, Босниядан Сараевоға баратын жолаушыларды тасуға тыйым салды.
«Бұның бәрі ақылға сыймайды. Бір қалада тұрамыз, бір тілде сөйлейміз. Мағынасыз әрекет» дейді таксиші Салих Катич.
Шығыс Сараево тұрғыны Милад Васкович 20 жылдан бері такси болып келеді. Ол «айыппұлға қарамастан көптеген жүргізушілердің жаңа тәртіпке бағынбайтынын» айтады.
«Шығыс Сараевоның такси жүргізушілері Сараевоға күніне екі-үш рет барады, әркез шекара тұсында тоқтап, такси белгісін алып тастауға мәжбүрміз. Ондай жүргізушілер өте көп» дейді ол.
Жүруге болмайтын аймақ такси жолаушыларына ғана қиындық тудырмайды, қатты сырқаттанған немесе жарақаттанып қалған жандар үшін бұл өте қиын жағдай, дәрігерлер оған ерекше алаңдайды. Қазіргі келісім бойынша науқастар өздеріне тиесілі аумақта ғана емделе алады. Үйінің іргесінде, бірақ шекараның ар жағында тұрған емханаға кіруге құқығы жоқ.
Сол үшін сырқат жандар ойлы-қырлы жолмен ондаған, тіпті жүздеген километр жүріп өтуге мәжбүр болады. Ауыр жарақат алған, жүрек талмасы ұстаған, инсульт алған сырқаттар ауруханаға жете алмай жолда жан тапсырып та жатады. Сараево хирургы Эмир Солакович бұл жағдайға қатты қынжылады.
«Бұл - қайғылы, сорақы жағдай. Адамдар медициналық сақтандыру үшін қаржы төлейді, бірақ қалаған жерінен дәрігерлік көмек ала алмайды» дейді ол. Босниялық мұсылман Солакович 2011 жылы қатаң заңды сақтаудан бас тартып, жүрек талмасы ұстаған Серб Республикасы тұрғынына шұғыл ота жасады.
Солайша Бранислав Благоевич аман қалды, ал Солаковичтің емханасы ұзаққа созылған әкімшілік процестен соң Серб Республикасынан өтемақы алды. Благоевич содан бері өзін өлім аузынан құтқарған дәрігерге жиі келіп тұрады. Бірақ екіге бөлінген Боснияда мұндай қуанышты оқиғалар 20 жыл ішінде сирек болған.
«Қазіргі жүйенің кесірінен көптеген адамдар өмірден озып жатыр. Жүйенің ендігі құрбандары – сырқат жандар» дейді Солакович.
Азаттық тілшілерінің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.