Ересек ұлдардың әкесімен қол ұстасқан портретін түсірген фотографтың жобасы көптің жүрегінен орын алып, халықаралық деңгейге шықты.
Валерий Поштаров түсірген портреттердің астындағы комментарийлерді оқысаңыз, қолданушылардың тебіренісін байқайсыз.
"Жылап отырмын" деп жазды Instagram қолданушыларының бірі.
"72 жастамын, әкемнің қолынан тағы бір рет ұстау үшін бәрін берер едім" дейді тағы бір кісі.
Поштаровтың 10 және 12 жастағы екі ұлы бар. Фотограф "Әке мен бала" деп аталатын жобасын бастауға ұлдарымен серуендеп жүргенде "балаларыммен қол ұстасып жүретін кез де аяқталады ғой" деген ой түрткі болғанын айтады.
– Әкемізден қол үзіп, өз бетімізше өмір сүруді бастағаннан оның қолын қайта ұстауға батылдық жинағанша ондаған жыл өтеді, – дейді ол.
Поштаровтың жобасы Болгарияда саяхаттап жүргенде кездейсоқ және арнайы түсірілген әке мен баланың қол ұстасқан портреттерінен тұрады. Фотограф өзіне ұнаған кейіпкерлермен Facebook арқылы байланысып, фотосессияға шақырады.
Фотограф кейіпкерлерімен кездесіп, әкелі-балалыға қол ұстасып, суретке түсу керегін айтқанда, көбі ыңғайсызданып қалады. Ересек ұлдар бір кездері әкесінің қолынан ұстап жүрген бала болғанын ұмытып кеткендей қысылады.
Поштаров "әкенің қолынан ұстау қиын, өйткені ерлер өзінше есейген, дара тұлға екенін көрсеткісі келеді" дейді.
"Бұл – есеюдің бір бөлігі. Әлемге шығып, жеке тұлға болып қалыптасқың келеді. Кейін есейгенде қайтып келіп, қайдан шыққанымызды, кім екенімізді еске түсіреміз. Өзіңе және өз қоғамыңа адал болу деген екі түрлі аспектіні біріктіруіміз керек" дейді фотограф.
Бұл портретте Болгарияның шығысындағы Болярово қаласында тұратын күзетші мен ұлы жаңа ғана коммерциялық келісімшарт жасасқан бизнес-серіктестерге ұқсайды.
Сәуірде Поштаровтың жобасы Lensculture Portrait Awards 2023 фотобайқауында жеңіске жетті. Фотограф жобасын халықаралық деңгейде жалғастыруды жоспарлап отыр. Жақында осы мақсатта Грузияға барады.
Поштаров әкелі-балалылар портреттерінің сериясын Кавказдан бастамақ. "Ол жақта тілді де, жерді де білмеймін. Сондықтан Болгариядағыдай артықшылық болмайды. Қазір Грузияның фрилансерлерімен жұмыс істеп жатырмын. Солардың көмегімен, грузин мәдениетіне жаңаша қарай бастадым" дейді ол.
Фотограф жұмыстарын Fujifilm GFX100S камерасымен түсіреді және үнемі 45 мм, 2.8 объективін қолданады. Жапон камерасының датчигі үлкен, бұл барынша анық суреттер шығаруға көмектеседі.
– Жоба қай деңгейге дейін дамитынын көргім келеді. Өзім үшін әке деген – отбасы шеңберінен де үлкен тұлға. Ол – адам болмысының символы, бәріміз өз болмысымызды табуға ұмтыламыз. Құндылығымызды бөліскенде, болмысымыз да бірігеді. Әке мен баланың қол ұстасуының мәні де осында, – дейді Поштаров.