БАТЫС ПРАГМАТИЗМІ ЖӘНЕ АЙМАҚ МҮДДЕСІ
− Биыл сыртқы ойыншылар Орталық Азияға көп көңіл бөлді. Қытай, АҚШ және Германия басшылары Орталық Азия елдерінің президенттерімен саммиттер өткізді. Сарапшылар Ресей Украинадағы соғыспен жүргенде Қытай мен Батыс елдері аймақта белсенділігін күшейтуге талпынып жатыр дейді. Сіздің ойыңызша, сыртқы ойыншылар неліктен Орталық Азияға көп көңіл бөле бастады? Олардың мүддесі не?
− Ресей Украинаға басып кірген соң халықаралық қауымдастық Орталық Азияға көп назар аудара бастады. Сыртқы державалардың Орталық Азияға қызығушылығы артуына сыртқы факторлар себеп. Бұрын ол Ауғанстандағы ахуал болса, қазір ол Украинадағы соғыс, соғыс аймаққа қалай әсер етіп, аймақтың әлемдегі рөлін қалай өзгертіп жатыр деген мәселе. Ресей Украинадағы соғыстан босамай жатыр, ал бұл [Орталық Азия үшін] серіктестік орнатуға көбірек мүмкіндік ашылды деген сөз. Еуропа елдері Ресейдің мұнай мен газына балама тауып, тасымалды әртараптандыруға тырысып жатыр. Бұл Орталық Азия, Кавказ бен Түркия арқылы өтетін Орта дәлізді Еуропаға мұнай мен газ жеткізетін балама бағыт етті.
Сонымен қатар табиғи қазба байлықтары мен уранға қызығушылық артты, [Франция президенті] Эммануэль Макронның жақында Қазақстан мен Өзбекстанға келіп кетуінің себебі де сол, мемлекеттер ядролық энергетиканы балама ретінде қарастыра бастады. Сондай-ақ көміртегі қалдықтарын азайту, қазба отыннан бас тарту жақында Бірікен Араб Әмірліктерінде [БҰҰ-ның жыл сайынғы климат мәселесі бойынша 28-кездесуінде] талқыланды. Ядролық энергияға қайтадан мән беріліп жатыр, Қазақстан − әлемдегі ең ірі уран өндіруші ел. Ал бұл атом энергиясын дамытқысы келетін компаниялар үшін маңызды. Осы факторлардың барлығы халықаралық қауымдастықтың Орталық Азияға көбірек назар аударуына түрткі болды.
− Демек, бұл негізінен прагматистік көзқарас па?
− Меніңше, солай. АҚШ президенті Байденнің Орталық Азия басшыларымен C5+1 форматтағы алғашқы кездесуінен кейінгі хаттамада пайдалы қазба, аймақ тұрақтылығы, әрбір елдің егемендігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге көп мән берілген, соңғысы аймақтағы Ресей ықпалы мен белгілі бір дәрежеде Қытайдың ықпалына қаратылған емеурін. Ал адам құқықтары, демократия мен басқаруға айтарлықтай көңіл бөлмеді немесе мүлде айтылмады. Сондықтан бастамалардың көпшілігі прагматизмге негізделген.
− Енді Орталық Азияның мүддесі жайлы сөз қозғасақ. Сарапшылар соғыс басталғалы Ресейден қауіптену күшейді, осы қорқыныш аймақты басқа ойыншыларға иек артуға, басқа қорғаушыларды табуға итермелеп жатыр деп есептейді. Басқа ойыншылармен қарым-қатынасты сол себепті әртараптандырып жатыр ма?
− Бұл қарым-қатынасты (сыртқы ойыншылармен) аймақтағы билік те қалыптастырып жатқаны сөзсіз. Украинаға қатысы жоқ, соғысқа дейін болған кейінгі жылдардағы өзгеріс – 2016 жылы Өзбекстанда билік басына Шавкат Мирзияевтің келуі. Содан кейін аймақтағы қарым-қатынас дами бастады, мемлекетттердің басшылары жыл сайын кездесе бастады, соңғы кездесу қыркүйек айында Душанбеде өтті.
Орталық Азия елдері көпвекторлы саясатты сақтап қалғысы келеді, олар Ресей, Қытай немесе Батыс тәрізді қандай да бір сыртқы күшке тәуелді болғысы келмейді. Меніңше, олар Ресей, Батыс, Қытай тәрізді әр елмен дұрыс қарым-қатынас ұстануға тырысып жатыр.
Орталық Азия президенттерімен [жоғары деңгейдегі] кездесулер Германия, АҚШ, Парсы шығанағы елдері, Қытай мен Ресейде өтті, биыл аймақ жан-жақты қарым-қатынасты сақтап қалуға тырысты. Алайда аймақ Украина мәселесінде қандай да бір тараптың арасынан таңдау жасап, жақ болуды сұрайтын жағдайға тап болғысы келмейді. Олар осы күнге дейін Украина мәселесінде Ресейді сынаған жоқ. Кейде Ресейді астарлап сынаған болды, бірақ түптің түбінде Ресейге қарсы шықпады. Сондықтан аймақ өзіне көп талап қойылмайтын әлемде өмір сүргенді қалайды.
− Ал Ресейден төнетін қауіп туралы пікірдің жаны бар ма?
− Ресеймен шектесетін Қазақстанда Мәскеу Украинада жеңіске жетсе, Қазақстан нысанаға алынатын келесі ел болуы мүмкін деген қауіп бар. Әсіресе Ресей ұлтшылдарының қиялындағы "Солтүстік Қазақстан Сібірдің, Ресейдің байырғы жері" деген мәлімдемесін ескерсек. Украинадағы соғыстың немен аяқталатыны белгісіз екенін есепке алсақ, бұл жақын болашақта іске аспайтын дүние.
Мұндай қауіп-қатер Қазақстандағы және аймақтағы ішкі саяси оқиғаларға әсер етіп жатыр, деколонизацияны қолдау, тарихты қайта сүзгіден өткізу, ана тілді ілгерілету – соның көрінісі.
"АЙМАҚ ПРЕЗИДЕНТТЕРІН КЕРЕК ЕТЕТІН" ПУТИН ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ЫҚПАЛ ЕТУ ТЕТІКТЕРІ
− Батыс басылымдары Ресей Украинада нәтижеге жете алмағандықтан, оның экономикасы мен әскери беделіне нұқсан келді, оның аймақтағы ықпалы азайды дейді. Дей тұрғанмен Орталық Азия басшылары 9 мамыр − Жеңіс күнін Владимир Путинмен атап өту үшін Мәскеуге барғанын көрдік. Ресей Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға газ тасымалдай бастады. Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалы расымен төмендеп жатыр ма?
− Бұл күрделі мәселе әрі Ресейдің ықпалы төмендеп жатыр дегенде нені меңзеп тұрмыз, қай кезең жайлы сөз қозғап жатырмыз, соған байланысты. Егер 1991 жылы Совет одағы ыдырағаннан осы күнге дейінгі кезеңді алсақ, онда Ресейдің аймақтағы ықпалы әлсіреді. Меніңше, оның ықпалы біртіндеп әлсіреп жатқан, Украинадағы жағдай мұны тездетті. Сондай-ақ қай ел және қай саладағы Ресей ықпалы жайлы сөз қозғап жатқанымыз маңызды. Мысалы, Түркіменстанның [Ресеймен] қарым-қатынасы кейінгі жылдары, әсіресе 2022 жылдың басында билік басына Сердар [Бердімұхамедов] келгелі бері жақсарды.
Ресейдің экономикалық ықпалы әлі де күшті, сол экономикалық ықпал күшейе түсті. Себебі Еуразия экономика одағы, Қазақстан және Қырғызстан санкцияларды айналып өтіп, Ресейге тауар реэкспорттайтын кеден одағының аумағы ретінде қолданылды. 2022 жылы Орталық Азия мен Ресей арасындағы тауар айналымы өсті. Соғысқа қарамастан Орталық Азиядан Ресейге миграция артты. Тәжікстан мен Қырғызстан экономикасының айтарлықтай бөлігін [еңбек мигранттарының] ақша аударымдары құрайды. Ресей саяси жағынан ықпал етуді жалғастырып жатқанын көрдік. Орталық Азиядағы елдердің бірде-бірі БҰҰ-да Ресейге қарсы дауыс бермеді: олар қалыс қалды немесе кей жағдайда дауыс беруге қатыспады. Орталық Азия елдерінің басшылары 9 мамыр – Жеңіс күнін атап өтуге Мәскеуге барды, олардың кейбірі Кремль қысым көрсетпейінше, соңғы сәтке дейін Мәскеуге баруды жоспарламаған еді.
Түптің түбінде Ресейдің ықпалы ұзақ мерзімде төмендей бермек. Алайда ол кейбіреулер топшылағандай тез іске аспайды. Украинадағы соғыс Ресейдің аймақпен қарым-қатынасын айқындады деуге болады. Ресейдің көрші елге басып кіргенін ескерсек,бұл оның қауіпсіздік кепілгері ретіндегі легитимдігіне нұқсан келтірді. Сонымен қатар Ресейдің әскери базасы орналасқан Қырғызстан мен Тәжікстанда әскери ықпалы төмендеді. Меніңше, [Мәскеудің аймақтағы орны] Ресей ықпалы қатты әлсіреп жатыр және ол шешуші рөл атқара береді дегеннің бел ортасындағы дүние. Ресейдің ықпалы біртіндеп төмендеп жатыр.
− Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Батыс Мәскеудің "көршілері, одақтастары мен достарын" өз жағына тартуға тырысып жатыр деп мәлімдеді. Ресей сыртқы ойыншылардың Орталық Азияға көп көңіл бөліп жатқанына қалай қарайды?
− Меніңше, бұл Батысты аймақты тұрақсыздандырғысы келетін ойыншы ретінде көрсету әрекеті. Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдары да Батысты солай бейнелеуге тырысады.
Сондай-ақ сахна сыртында жүріп жатқан жайттар бар. Мысалы, Мирзияев Мәскеуге Жеңіс күнін тойлауға баруды жоспарлаған жоқ. 8 мамыр күні іс-шара болып жатты, ол содан кейін ұшаққа отырды да, Мәскеуге ұшып кетті. Ресей аймақтағы әр елдің басшысына ықпал етуді жалғастырып жатыр. Сөйте тұра Ресей Орталық Азия президенттерін қажет етеді, олардың (аймақтың) қолында қазір бұрын-соңды болмаған ықпал ету тетіктері бар. Себебі Орталық Азия – Путин мен Ресей маңызын сақтай алатын аймақ. Гаагадағы халықаралық қылмыстық соттың Путинді тұтқындау ордеріне қарамастан, ол бара алатын аймақ осы. Сондықтан соғыс басталғалы Орталық Азияның оған ықпалы өсті.
− Батыс сарапшылары Орталық Азия басшылары өте қиын жағдайға тап болды, бір жағынан басқа ойыншылармен қарым-қатынасты әртараптандыру қажет болса, екінші жағынан Путинге адал екенін көрсетуі керек дейді.
− Меніңше, бұл қиынға соғып жатқан баланстау әрекеті. Өйткені Ресей Қазақстанның көршісі, сауда, қауіпсіздік пен аймақпен саяси қарым-қатынас бойынша маңызды серіктес болып қала береді. Онымен байланысты біржолата үзу мүмкін емес. Әрине, президенттер мен үкіметтерге баланс ұстану қиын: олар бір жағынан Ресеймен достық қарым-қатынас ұстануға мәжбүр болса, екінші жағынан Батысқа санкцияларды сақтап жатқанын көрсету керек, үшінші жағынан Қытаймен, Түркиямен, басқа да державалармен қарым-қатынасты күшейту керек. Меніңше, олар өз мүддесінен шығатын баланс ұстанып отыр.
− Батыс елдерінің Орталық Азияға қызығушылығы қанша уақытқа созылуы мүмкін? Тез өшіп қалуы мүмкін бе?
− Бұл қызығушылықты сыртқы факторлар қалыптастырып жатыр. Бұрын ол Ауғанстандағы жағдай болса, қазір Ресей мен Украина арасындағы соғыс бірнеше жылға созылуы мүмкін. Бұл Орталық Азияға қызығушылық сақталады деген сөз. Орталық Азияның табиғи байлығы мен шикізаты әлем экономикасы үшін барған сайын құнды болып келеді, ал бұл аймаққа қызығушылық болашақта да бола береді дегенді білдіреді.
МӘСКЕУДІ "ЫҒЫСТЫРА БАСТАҒАН" ПЕКИН ЖӘНЕ БАТЫСТЫҢ САНКЦИЯ САЛУ ЫҚТИМАЛДЫҒЫ
− Орталық Азия елдері Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесіп жатыр дедіңіз. Батыс Орталық Азияға санкция салуы мүмкін бе? Әлде аймақ Ресейге жақындай түседі деп қорыққандықтан немесе басқа себепті оған бармай ма?
− Ресейге әскери өнімді экспорттағаны үшін Қырғызстандағы компанияға жанама санкциялар салынды. [Батыс елдері] қажет болса санкция салуға дайын. Алайда ауқымды АҚШ ірі санкциялар кері әсер етеді, Қазақстан немесе Қырғызстанды Ресей мен Қытайға жақындата түседі деп есептейді. Бірақ Батыс елдері мемлекетке емес, компанияларға санкция салуға дайын.
− Қытай аймақ елдерінің басшыларымен C5+1 форматта саммит өткізді. Кейбір сарапшылар Қытай мен Ресей аймақта қатар жұмыс істейді дейді. 2022 жылдың ақпанында Пекин мен Мәскеу "шексіз серіктестік" жайлы мәлімдеме жасап, Орталық Азияның істеріне сыртқы күштердің араласуы мен түрлі-түсті төңкерісті болдырмау үшін бірге жұмыс істейтінін жария етті. Сіздің ойыңызша, аймақта Қытай мен Ресей арасында бәсеке бар ма?
− Олардың мүддесі мына нәрседе тоғысады: олар аймақтағы билікті қолдайды, олардың билікте қалғанын қалайды және Батыс ықпалына қарсы тұруды көздейді.
Бірақ сөйте тұра, менің ойымша, Қытай мен Ресейдің арасында бәсеке өсіп келеді, себебі Қытай аймақтағы рөлін күшейтіп жатыр. Қытай 1990-жылдардан бастап Орталық Азиямен алғашқы дипломатиялық қарым-қатынас орнатқалы бері аймақтағы қауіпсіздік, экономика мен саясатқа араласты. Мысалы, Орталық Азиямен қарым-қатынас негізінен шекара қауіпсіздігіне бағытталды. Алайда уақыт өте келе Қытай қауіпсіздік саласындағы рөлін күшейтті. Тәжікстанда нысандар ашты, қару-жарақтың нарықтағы экспорты осыдан он жыл бұрын 1,5 пайыз болса, қазір 15 пайызға жетті. Қытай ірі әскери жаттығулар ұйымдастырғанын көрдік. Осылайша тарихи тұрғыда Ресей атқарып келген міндетті өзіне ала бастады. Уақыт өте келе Қытай Ресейдің аймақтағы кей рөлі мен позициясын басып, оны ығыстыра бастады. Бұл конфликтіге әкелмейді, бірақ бәсекені күшейтеді.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯ НЕЛІКТЕН РЕСМИ ҰЙЫМ ҚҰРМАЙДЫ?
− Биыл Орталық Азия елдерінің басшылары сыртқы күштердің қатысуынсыз бейресми консультативті кездесуде бас қосты. Олар сыртқы ойыншылардың Орталық Азияға назары ауған уақытта аймақтағы ұжымдық ойыншы ретінде әрекет ете алды ма?
− Меніңше, бұл жағы жетіспеді. Мұндай консультативті кездесулер 2018 жылдан бері өтіп жатыр. 1990-жылдары немесе 2000-жылдары аймақта мұндай жиындар болған жоқ. Сондықтан Орталық Азия жетекшілері үшін сыртқы күштердің қатысуынсыз бас қосу маңызды. Бірақ ортақ позиция қалыптастыруға кедергі келтіретін қайшылық әлі де көп, мысалы, Тәжікстан мен Қырғызстан арасында шекарадағы конфликт, Өзбекстан мен Қазақстан арасында аймақта жетекші күш кім деген жасырын бәсеке бар. Түркіменстан бейтарап, дипломатиялық бастамаларға қатысқысы келмейді.
Орталық Азия елдері әртүрлі державалармен кездесулерде жеке дара, өз бетінше әрекет етеді, бұл бір жағы дұрыс. Себебі әр ел өзгеше. Дегенмен олар әрекетін үйлестіре алса, бұл олардың келіссөздегі позициясын күшейте алар еді.
− Жоғарыда Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекара қақтығысын, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бәсекені айтып қалдыңыз. Аймақтағы ынтымақтастықтың дамуына кедергі келтіретін өзге жайттар бар ма? Аймақ Мәскеу бұған қалай қарайды деп алаңдай ма?
− Меніңше, әрине, [ондай алаңдаушылық] бар. Сол себепті бейресми органды [Орталық Азия елдері басшыларының консультативті саммиті] таңдады. Бұл аймақ елдерінің астаналарында алма-кезек өтіп тұратын кездесулер. Олар 1990-жылдардың аяғы 2000-жылдардың басындағыдай Орталық Азия одағын құруды ұсынбады, өйткені Ресей осы одаққа кіремін деп табандап тұрып алды, кейін одақ тарап кетті. Орталық Азия бұдан сабақ алды. Сол себепті Ресей Орталық Азияның ресми халықаралық ұйым құруына қандай реакция танытуы мүмкін деген алаңдаушылық бар.
− Аймақ алда ынтымақтастықты күшейтуі мүмкін бе?
− Меніңше, ол алыс болашақтың еншісіндегі нәрсе. Аймақтағы қарым-қатынастың ілгерілегенін көреміз, бірақ Орталық Азиядағы бес ел ресми ұйымға қазір бірікпейді.
2022 жыл мен 2023 жылды салыстырсақ, биыл Орталық Азияға халықаралық назар көп ауды. Бірақ елдің ішінде [билікті] шоғырландыру жүрді. 2022 жыл аймақ үшін тұрақсыз болды. Қазақстанда Қанды Қаңтар оқиғасы, Тәжікстанда мамыр айында [Таулы Бадахшандағы] наразылықты аяусыз басып-жаншу, шілдеде Қарақалпақстанда наразылық, ал күзде Өзбекстанмен шекара келісіміне байланысты Қырғызстанда жаппай наразылық болды. Бірақ 2023 жылы билікті қолға шоғырландыру жүрді – Өзбекстанда конституциялық референдум өтті. Қазақстанда парламент сайлауы өтті. Қырғызстанда Жапаров оппозиция мен ақпарат құралдарын басып-жаншып, өз билігін күшейтіп жатыр. Аймақтағы билік өз позициясын нығайтып, тұрақсыздыққа жол бермеуге тырысты.