"Су бар, бірақ бәріне бірдей жетпейді". Сырдария жағалауындағы тәжік диқандарының өмірі

Соғды облысындағы өрік теру науқаны. Тәжікстан, 15 маусым, 2024 жыл.

Тәжікстанның солтүстігіндегі Соғды облысы – ауыл шаруашылығы жоғары деңгейде дамыған аймақ, мұның бір себебі бұл өңірден Сырдария өтеді. Дарияның Тәжікстандағы ұзындығы 144 шақырымға тең, соның өзі жеткіліксіз, өйткені өзен бойында тұратын халық күріш пен мақта өсіреді, мал бағады. Әрі Сырдарияның Тәжікстан жақтағы бөлігінде Қайраққұм және Фархад су электр станциялары жұмыс істеп тұр. Сырдария жағалауындағы тәжік шаруаларының тұрмысы қандай, шағын ғана облыста неге екі су электр станциясы бар? Себебін арнайы репортажда таратамыз.

Сырдария – Орталық Азиядағы ірі өзен, ол Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қазақстан аумағынан өтіп, соңында Арал теңізіне құяды. Азаттық журналисі әрі фотограф Пётр Троценко Сырдария бойы мен оның салаларына сапарлап, өзен жағалап тірлік кешіп жатқан қарапайым балықшылар, саудагерлер мен фермерлердің әңгімесін тыңдап, өзеннің қазіргі жай-күйін біліп қайтты. Сонымен бірге, Сырдария мәселесін зерттеп, оны шешу жолдарын іздеп жүрген сарапшылармен сөйлесті.

Сырдария өзені. Тәжікстанның Соғды облысы. 17 маусым, 2024 жыл.

"БИЫЛ СУДЫҢ БАҒАСЫ 150 ПАЙЫЗ ӨСТІ"

Сағат таңғы төрт жарым, көкжиектен күн әлі көтеріле қоймаса да, күн ысымай жергілікті фермерлермен кездесіп үлгеру үшін Соғды облысының әкімшілік орталығы Хожанттан шығып кеттік. Бұл жақта бүкіл тірлікті күн тас төбеге көтерілгенге дейін бітіріп үлгеру керек: Соғды облысында болған бір апта уақытта ауа температурасы күн сайын дерлік Цельсий бойынша 50 градусты көрсетіп тұрды.

Күннің ыстығына қарамай, диқандар таңның атысынан кештің батысына дейін егіс алқабында жұмыс істейді, тек мақта алқабын аптап алқымнан алған сәтте ғана сәл үзіліс жасайды.

Сырдария бойындағы күріш алқабы. Тәжікстанның Соғды облысы. 15 маусым, 2024 жыл.

Соғды облысындағы Сырдарияның жайылмасы көкорай шалғын мен егіс алқабы болып жалғасады. Ел аумағының 93 пайызы таулы болғандықтан, Тәжікстан халқы құнарлы жердің бағасын біледі және ауыл шаруашылығына жарайтын ұлтарақтай жердің өзін пайдаға асыруға тырысады. Біз Өзбекстанмен шекарадағы Спитамен ауданына қарай бет алдық, онда шаруалардың көпшілігі мақта өсірумен айналысады.

Мақта алқабында жұмыс істеп жүрген адамдар. Тәжікстанның Соғды облысы, 15 маусым, 2024 жыл.

"Фариза" шаруа қожалығының басшысы Фаррух Забитовтың жолы болыпты. Оның егістік жері ойпат жерде, дәл Сырдарияның жағалауында орналасқан. Осыған орай Фаррух судан қиындық жоғын айтады. Ал жоғарыдағы таулы аудан тұрғындары көп қиналады, себебі су сорғы көмегімен жететіндіктен, бағасы да біршама өседі. Әйтсе де, шаруалардың бас қатырар мәселесі жетіп-артылады, бірінші кезекте олар су мен тыңайтқыш бағасына тәуелді.

– Биыл судың бағасы 150 пайыз өсті. Бұрын бір сағат суғарғанымыз үшін гектарына 20 сомони (шамамен 1,8 АҚШ доллары) төлеп жүрсек, биыл 50 сомониден (4,7 АҚШ доллары) төледік. Ал мақтаның бағасы қатты түсіп кетті, мақта өсіруден ешқандай пайда көрмейтін болдым. Үш жыл бұрын бір келі мақтаны 15 сомониге (1,4 АҚШ доллары) сатсақ, былтыр бір келі мақтаның бағасы 5-6 сомониден (56 цент) аспады. Биыл жоқ дегенде келісін 10 сомониден сата алсақ, жақсы болар еді, – деді Фаррух Забитов.

Фаррух Забитов өзі еңбек етіп жүрген мақта алқабын көрсетіп тұр. Тәжікстанның Соғды облысы, 15 маусым, 2024 жыл.

Мақта өндірісі – Тәжікстан экономикасындағы маңызды саланың бірі. Сарапшылардың бірқатары мақта бағасының түсуін Ресейдің Украинаға шабуылдауымен және санкция енгізілуімен байланыстырады. Мақта сатып алушы негізгі елдердің қатарында болған Ресей дайын тауарды басқа елдерге экспорттаудың қиындығына орай шикізатты аз алуға көшкен.

"Тыңайтқыш жылдан-жылға қымбаттап барады, су қымбат, жер қымбат, өте қиын болып кетті. Дегенмен, таулы аудандардағы диқандардың жағдайы тіптен қиын, су бар болғанымен, бәріне бірдей жетпейді. Әсіресе қуаңшылық болған жылдары қиын", – деген Фаррух әңгімесін осымен тәмамдап, әрі қарай жұмысына кетті – жазда шаруаның әр минуты есептеулі.

Тәжікстанға барған сапарымда диқандардан мақта өсіру тиімсіз болып кетті дегенді көп естідім: жер салығы өсіп жатыр, су мен тыңайтқыш қымбат, ал мақтаны болмашы ақшаға сатуға тура келеді.

Фархад су электр станциясына жақын маңдағы егістік алқабында жүрген адамдар. Тәжікстанның Соғды облысы, 15 маусым, 2024 жыл.

Диқандардың көпшілігі – бұрынғы колхозшылар, Совет Одағы кезіндегі ауыл шаруашылық ұжымдары. Колхоз тарай бастағанда мемлекет жерді шаруалар арасында өзара бөліп, әрқайсына ұзақ мерзімге жалға берген.

Фермер Абдулло Ниязов – жер телімін алғандардың бірі, 30 жылдан астам уақыттан бері ауыл шаруашылығымен айналысады. Абдуллоның екі жері бар, біріне мақта ексе, екіншісінде өрік ағашын өсіреді. Абдулло мемлекет мүмкіндік берсе, екеуіне де өрік отырғызар еді: ол әлдеқайда пайдалырақ, өрік ағашы мақта сияқты көп күтімді қажет етпейді, оны суғарудың керегі жоқ, ал жас өрік пен кептірілген өрік ешқашан құнын жоғалтпайды.

Фермер Абдулло Ниязов өзі баптап-күтетін өрік ағашынан жинаған жемісті көрсетіп тұр. Тәжікстанның Соғды облысы, 15 маусым, 2024 жыл.

Абдуллоның 25 өрік ағашы бар, суды арықтан алады, арыққа су Сырдариядан келеді. Өрік жинауға отбасы мүшелері түгел араласады: таңнан кешке дейін өрік жинайды, тазалайды, сұрыптайды, зиянкестер жоламасын деп өңдейді, өрік кептіреді. Өзі өсіретін өріктің нендей сұрып екенін білмесе де, жұмысы өте ауыр екенін айтады: уақытында жинап алып, дұрыс кептірмесе, тез арада шіріп кетеді екен. Есесіне кептірілгеннен кейінгі дәмі ерекше.

– Арық бар, сорғы қойды, суға есептеуіш орнатылған. Жер телімі өзеннен қашықта жатыр, соған орай судың ақысы да қымбаттау. Қияр, қызанақ өсіру тиімсіз, ең дұрысы өрік өсіру, – дейді Абдулло шаруашылықтың жай-жапсарын түсіндіріп. – Сонда да шығын көп. Сорғыны үнемі жөндеп тұру керек, қосалқы бөлшектері қымбат, бұған қоса судың ақысы бар. Өрік ағашына су аса қажет болмағанмен, мақта суды жақсы көреді. Табысымыз қалай боларын күзде көреміз.

Өрік жинау науқаны. Тәжікстанның Соғды облысы, 15 маусым, 2024 жыл.

Абдуллоның айтуынша, мақтаны қыркүйек айында жинайды. Былтыр мақтаның келісін 8 сомониден (шамамен 76 цент) сатыпты, биыл баға қанша болары белгісіз. "Мақта Ресей мен Қазақстанға жылдам өтіп кетсе, сұраныс та жоғары болады, соған орай бағасы да өседі" деді диқан.

"СЫРДАРИЯНЫҢ СУЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНЫП ЖАТҚАН ЖОҚ"

Экология тақырыбын жазатын журналист әрі ауыл шаруашылығы мен су ресурстары бойынша сарапшы Неғматулло Мирсаидовпен Хожантта, Сырдария жағалауындағы жанға жайлы шәйханалардың бірінде кездестік. Өзеннен ескен салқын самалдың арқасында аптап аса сезілмейді.

Сарапшы Сырдарияның суы барған сайын тартылып жатқанын айтты. Оған қуаңшылық, климаттың өзгеруіне орай мұздықтардың еруі, сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласында, нақтырақ айтқанда мақта алқабында суды тиімсіз пайдалану себеп болып отыр деді ол.

Журналист Неғматулло Мирсаидов. Хожант, Тәжікстан, 17 маусым, 2024 жыл.

– Сырдарияның суын үнемді пайдаланып отырған жоқ. Соның ішінде Тәжікстанмен салыстырғанда айтарлықтай көбірек мақта өсіретін Түркіменстан мен Өзбекстанда тиімсіз пайдаланады, – деді Неғматулло Мирсаидов. – Су мәселесін шешудің бір жолы – мақта өндірісін азайтып, бау-бақша шаруашылығына көшу деп есептеймін. Тәжікстанда жер жеке шаруаларға берілгеніне қарамастан, мемлекет әлі күнге дейін мақта өсіріңдер дейді. Ең дұрысы, мақтаны ел ішінде өңдеуге жеткілікті мөлшерде ғана өсіру керек. Алайда, шаруалардан шикізатты тиын-тебенге сатып алып, сыртқы нарыққа сату біреулерге тиімді сияқты.

Сырдария өзені. Тәжікстанның Соғды облысы, 16 маусым, 2024 жыл.

Мирсаидовтың айтуынша, Тәжікстанда, Өзбекстанда және Түркіменстанда мақта өсіру біртіндеп азайып келе жатыр, дегенмен, әлі де мақта негізгі ауыл шаруашылық өнімі болып қалып отыр. Сондай-ақ, маман тамшылап суғару немесе жаңбыр суын пайдалану секілді қазіргі заманғы технологияларды енгізу арқылы суғару мәселесін де шешуге болар еді деп санайды.

"Әрине, бұл арзан емес, бірақ ерте ме, кеш пе, соған келеміз. Мұны мемлекет деңгейінде түсіну маңызды болып отыр", – деді маман.

– Ең бастысы – ақша. Ауыл шаруашылығына инвестиция қажет, ал мемлекетте оған ақша жоқ. Ауыл шаруашылығын дамытумен бірге су ресурстарын үнемдеу үшін не қандай да бір кластерлер құру керек, не шетелден қаржы тарту керек. Алайда, шетелдік капитал Тәжікстанға аса қызықпайды, себебі бізде жер жеке меншікке берілмейді. Шетелдік инвесторлардың ақша салған жерінен күні ертең айырылып қалмайтынына кепілдік жоқ.

Мақта алқабында жұмыс істеп жүрген адамдар. Тәжікстанның Соғды облысы, 15 маусым, 2024 жыл.

Ауыл шаруашылығына инвестиция мен субсидия болмағандықтан, салық өсіп жатыр. Бұл бірінші кезекте шаруаларға ауыр тиіп отыр.

– Иә, салық жоғары, – деді Неғматулло, – әрі кейде салық инспекторлары кәсіпкерлерден әлі сатпаған тауарына салық төлеуді талап етеді. Бұл ауыл шаруашылығының ғана емес, жалпы елдегі бизнестің дамуын тежейді. Әйтсе де, кейбір салық түрлері аса жоғары емес, мысалы, су салығы. Диқандардың көпшілігі суға көп төлейтінін айтып шағымданады. Бірақ біздегі бағаны әлемдік тарифпен салыстырсақ, аса көп те емес. Біздің халық суды тегін пайдаланып үйренген, содан да қымбатсынады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тиімсіз ГЭС, бейберекет суғару, жемқорлық. Сырдарияны не құртады?

ТӘЖІК ТЕҢІЗІ МЕН ФАРХАД СЭС-і

Соғды облысында, Сырдария бойында бірден екі су электр станциясы орналасқан – Фархад және Қайраққұм.

Фархад су электр станциясы Тәжікстан аумағында тұрғанымен, Өзбекстанға тиесілі. Бұл станция 1947 жылы, одақтас республикалардың іргесі бөлінбеген кезде салынған. Іске қосылғаннан бастап Фархад СЭС-інде өзбек мамандары жұмыс істеген. Совет Одағы құлағаннан кейін Тәжікстан мен Өзбекстан арасында нысан төңірегінде талас-тартыс туды.

Азамат соғысы жылдарында Тәжікстан Фархад СЭС-ін өз бақылауына алды. Оған жауап ретінде өзбек жағы Спитамен ауданының шекаралас Плотина және Горный ауылдарына электр энергиясын, табиғи газ бен су бермей қойды. Әйтеуір ол жолы кикілжің қантөгіссіз шешілді: тәжік әскері станцияны бақылауды Өзбекстанға тапсырды.

Фархад су электр станциясы маңындағы жоғары кернеулі электр желісі. Тәжікстанның Соғды облысы, 15 маусым, 2024 жыл.

Екі ел арасындағы тартысты мәселе жақында, 2018 жылы ғана шешілді. Тәжікстан мен Өзбекстан келісімшартқа қол қойды, ол бойынша, алдағы 49 жылда СЭС-тегі қауіпсіздікті тәжік жағы қамтамасыз етеді, ал пайдалану өзбектерде болады.

Фархад су қоймасы маңызды сумен қамту көзіне жатады. Фархад су торабы Сырдария суын өзеннің сол жағалауындағы шөлді аймақ – Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстанның Түркістан облысы аумағынан өтетін Бетпақдалаға жібереді.

Сырдария бойындағы Фархад су электр станциясы маңы. Тәжікстанның Соғды облысы, 15 маусым, 2024 жыл.

Қазір тәжік-өзбек шекарасында тұратын адамдардың дені өзбек ұлтының өкілдері. Олар тәжік тілін жақсы біледі (жергілікті тәжіктер де өзбекше еркін түсініседі), мұндағы басқа да тұрғындар секілді ауыл шаруашылығымен айналысады және Тәжікстанды отаным деп санайды.

57 жастағы Азаттың ұлты – өзбек. Айтуынша, осы Спитамен ауданында туып-өскен. Бір кездері мектепте еңбек пәнінің мұғалімі болып жұмыс істепті. Бірақ алатын айлығы отбасын асырамақ түгілі, қара басына да жетпеген соң ол жұмыстан кетуге мәжбүр болыпты. Біраз жылдан бері Азаттың жұмысы сумен байланысты: Сырдария суын Спитамен ауданының таулы ауылдарына жеткізетін сорғының жұмысын қадағалайды.

– Қазір мектепте ер мұғалімдер қалған жоқ, тек қана әйелдер қалды, – деді Азат ұстаздық жолының қалай аяқталғанын баяндап. – Себебі, айлық аз: мен орта есеппен 700 сомони (шамамен 65 АҚШ доллары) алатынмын, мұндай ақшаға отбасыңды асырау мүмкін емес. Мектептен сол себепті кеттім. Мына жерде бір күн жұмыс істеп, үш күн демаламын. Үйде де шаруашылығым бар, бақша саламын, мал ұстаймын.

Ұлты өзбек Азат (оң жақта) тәжік досы Давлатпен бірге. Тәжікстанның Соғды облысы, 15 маусым, 2024 жыл.

Азат станциядағы алты сорғының дұрыс жұмыс істеуін және тиісті мөлшерде су беруін қадағалайды: "Қоңырау шалып, су жібер десе, сорғыны қосамын, су жүреді". Азат бүкіл Спитамен ауданына су беретін ең қуатты сорғының құлағын ұстап отырғанын мақтанышпен айтады.

– Биыл Сырдарияда су жеткілікті, былтыр жазда мүлдем аз болған еді. Бізде барлығы қар жаууына байланысты: тауға қар қалың түссе, су да көп болады. Өзенге су Қырғызстандағы Әндіжан, Ош мұздықтарынан келеді. Су көп болса, Қырғызстан артық суды береді, ал су аз кезде бергісі келмейді. Олардың да өз жері бар, халқы бар дегендей. Бұрын бәрі ортақ болатын, су деңгейі де бірдей еді. Қазір әркім өзі біледі, бергісі келсе – береді, бергісі келмесе, бермей қояды.

– Фархад станциясына жергілікті тұрғындар жұмысқа орналаса ала ма? – деп сұрадым Азаттан.

– Жоқ, ол жерде тек Өзбекстан азаматтары жұмыс істейді. Олар суды станцияға жіберіп, су көлемі біркелкі болуын қамтамасыз ету үшін шлюзді ашып-жауып отырады. Ол жерді әскер күзетеді, суретке түсіруге, жақындап баруға болмайды. Қанша дегенмен, шекараның түбі әрі СЭС – стратегиялық нысан. Суға шомылуға, балық аулауға да болмайды.

Ұясына батып бара жатқан күнге қарап су жағасында тұрған адам. Қайраққұм су қоймасы, Тәжікстанның Соғды облысы, 15 маусым, 2024 жыл.

Қайраққұм СЭС-і 1957 жылдан жұмыс істей бастаған, оның қуаты аймақтың ішкі қажетін өтеуге ғана жетеді. Әйтсе де, Неғматулло Мирсаидов 2006 - 2009 жылдардағы энергетика дағдарысы кезінде бүкіл Соғды облысы Қайраққұм су электр станциясына қарап қалғанын айтады.

Қайраққұм су қоймасын Тәжік теңізі деп те атайды, бұл су көзінің аймақ үшін маңызы аса зор, себебі қуаңшылық жылдары Соғды облысын ғана емес, көрші елдерді де сумен қамтамасыз етеді. 2021 жылы Тәжікстан Қазақстанға Қайраққұм су қоймасынан қосымша 315 миллион текшеметр су бөлген. 2021 жылдың жазында қуаңшылық болып, Сырдарияда су азайып кетті, су тапшы болғандықтан, Қазақстанның оңтүстігіндегі шаруалар күріш алқабы көлемін кемітуге мәжбүр болды.

Суға шомылып жүрген балалар. Қайраққұм су қоймасы, Тәжікстанның Соғды облысы, 17 маусым, 2024 жыл.

Тәжік теңізі Тәжікстанның солтүстігіндегі ең маңызды жердің бірі. Оның жағалауында көптеген демалыс аймағы, жағажай және балық аулауға арналған орындар бар. "Теңіздің" айналасы түгел егіс алқабы, мұнда шаруалар мақта, күріш, қияр, қызанақ және басқа да ауыл шаруашылығы өнімін өсіреді.

54 жастағы Абдуллахобтың күріш өсіретін жері су қоймасына тиіп тұр. Жері 30 сотық қана болса да, мол өнім жинайды: аз дегенде 1,5 тонна күріш жинаса, жақсы шыққан жылдары 2 тоннаға дейін өнім алады. Күріштің көп бөлігін жергілікті базарда жақсы бағаға сатады. Диқан Тәжік теңізінің арқасында тұрақты табыс тауып, отбасын асырап отырғанын алға тартып, жолы болғанын айтады.

Абдуллахоб диқан өзі баптап жүрген күріш алқабында тұр. Тәжікстанның Соғды облысы, 15 маусым, 2024 жыл.

– Мен өсіретін сұрып кенжа деп аталады, майда болғандықтан, палауға жақсы. Көршім краснодарлық ұзын күріш өсіреді, ол да жақсы шығады. Мұнда барлығы жақсы өседі. Дұрыс күтім жасап, уақытымен тыңайтқыш сепсе, өнім де жақсы болады. Әрине, күрішке көп су кетеді, бірақ ол су қайтадан теңізге құяды. Күріш пен су – егіз, су жеткілікті болмаса, күріш өсіру мүмкін емес.

Абдуллахоб осы жерде кемінде зейнетке шыққанға дейін жұмыс істеп, содан кейін балаларына не немерелеріне өткізіп бергісі келеді.

– Ең бастысы, жұмыс істейтіндей денсаулығым болса және су болып тұрса, – деді бетіне қонған шіркейді сілкіп тастап, әрі қарай жұмысына бара жатқан, биыл өнім мол болады деген үміті зор Абдуллахоб.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Көшпелі омарташылар Қырғызстан тауларынан балды қалай жинап жүр?