"Талибан" қозғалысы мен тәжік содырларынан тұратын "Ансарулла жамағаты" тобы Тәжікстанның Дарваз ауданына жақын маңдағы шекарада жаңадан бақылау бекетін салып жатыр. Тәжікстан билігі ондағы "М. Арсалон" деген жазуды "әдейі жасалған арандату амалы" деп бағалап отыр.
М.Арсалон – Тәжікстанның шығысындағы Нұрабад ауданында туған 27 жастағы Мұхаммед Шарифовтың "Махди Арсалон" деген лақап атын білдіреді. Тәліптер Дарваз ауданындағы шекараны күзетуді соған тапсырған. Ал Тәжікстан терроризм айыбын таққан Мұхаммед Шарифов сегіз жылдан бері іздеуде жүр.
Билік Арсалон мен тағы екі жүзден астам тәжік азаматының "Талибан" қозғалысы құрамына кіріп, "Ансарулла жамағаты" тобын құрғанын айтып келеді. Бұл топты "тәжік тәліптер" деп те атайды.
4 шілдеде Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасында орналасқан Таулы Бадахшан автономиялы облысының шекара қызметінде істейтін шенеунік бекеттегі жазу арқылы тәліптер Тәжікстанға сес көрсетіп отыр деді.
"Махди Арсалонның есімі үлкен әріптермен жазылған. Тәжікстан жерінде отырып-ақ оңай көрінеді. Мұнымен олар бізді ашуландырып, арандатуды көздейді" деді ол аты-жөнін атамауды сұрап.
Ол Тәжікстанда іздеу салынған содырлар екі елді бөліп тұрған Пяндж өзенінің бойында емін-еркін жүргенін айтады.
"Олар көлікпен жаңа бақылау бекетіне күнде келеді. Дауыс зорайтқыш құралмен тәжік билігін балағаттайды" деді шенеунік.
Оның сөзінше, Арсалон алдымен Ауғанстанның Дарваз ауданындағы шекараға жауапты болып, кейін содырларымен бірге Таулы Бадахшан облысының Хвахан ауданына ауысқан.
Хвахан ауданы Тәжікстанның Шамсиддин Шахин ауданына жақын орналасқан. Бұл тәжік-ауған шекарасындағы ең проблемалы аудан саналады.
Тәжікстан билігі "Талибан" қозғалысының тәжік содырларына ресми міндет жүктеуі тәліптерге деген күмәнді күшейтеді дейді.
"Талибан" қозғалысы Ауғанстанда тәжік содырлары барын растаған болмаса теріске шығарған емес. Бірақ ешбір топқа Ауғанстан жерінен Тәжікстанға қауіп төндіруге жол бермейтінін айтты.
4 шілдеде тәліптердің баспасөз хатшысы Забиулла Мужахид Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосына берген сұхбатында Душанбеге жаңа бекеттегі жазуға бола алаңдап, қауіпсіздікке байланысты күмәндануға негіз жоғын айтты.
"[Әлдебір топтарға] Ауғанстаннан көрші елдерге қауіп төндіруге жол бермейміз" деді Мужахид. "Егер Тәжікстанда қандай да бір сұрақ немесе проблема туындаса, олар бізбен ресми келіссөз жасаса, Алла бұйырса, жауап береміз және қауіпті сейілтеміз. Екіншіден, [Арсаланның] есімі жазылып тұрған шекара бекетінде... билігін асыра пайдаланып отырған немесе проблема туғызып отырған біреу бар. Бұл тұрғыдан алғанда, екі ел арасында сенім болуы үшін Тәжікстан билігінің біздің билікпен ресми диалогқа келгенін қалаймыз".
Бірақ Тәжікстан Орталық Азиядағы басқа елдер сияқты тәліптердің билігін мойындамайды. Душанбе былтыр тамызда батысшыл үкіметті құлатып, билікке келген "Талибан" қозғалысымен әріптестік туралы мәлімдеме жасаған жоқ.
Тәжік шенеуніктері былтыр Тәжікстанға ұшып барып жатқан ауған әскери ұшақтарын қайтарудан бас тартып, тәліптердің ашуына тиген. Бұған қоса тәліптер билігіне қарсы шыққан ауған оппозициясының бірқатар жетекшісі қазір Тәжікстан аумағында тұрып жатыр. Олардың арасында Ауғанстан ұлттық қарсылық майданын басқаратын Ахмад Масуд та бар.
Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосының материалынан аударылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Тәліптер Тәжікстанмен шекараны жауып, жүк көліктерін өткізбей жатырОрталық Азия елдері шекара түбінде тәліп әскерінің күшейгеніне алаңдайдыТәжікстан өз аумағында Қытай базасын салуды мақұлдады. Оның шарты қандай?Тәліптерден қашып, Тәжікстанды паналаған ауған ұшқыштарының хәлі неге мүшкіл? "Талибанға" Тәжікстан ғана ашық қарсы шықты. Рахмонға бұл не үшін қажет?