Қазақстан мен Қырғызстанда екі ресейлік әншінің концерті өтпей қалды. Олардың бірі Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қарсы болса, екіншісі – Кремль агрессиясын қолдайтын әнші. Көпшілік наразылығынан кейін 8 шілдеде Ресей билігін жақтайтын Григорий Лепстің, одан бұрын "қоғамға кері әсер етуі мүмкін"деген қауіппен соғысты сынаушы рэпер Алишер Моргенштерннің концертіне тыйым салынған.
Ресейлік әншілер Мәскеудің Украинаға қарсы соғысының салдарын сезіне бастады. Мәскеумен дос мемлекеттердің өзінде ресейлік музыканттардың концерттеріне тыйым салынып жатыр.
Жақында Қазақстан мен Қырғызстанда ресейлік рэпер Алишер Моргенштерн мен әнші Григорий Лепстің концерті Украинаға қатысты қарама-қайшы көзқарас үшін өтпей қалды.
60 жастағы Лепс пен 25 жастағы Моргенштерннің соғыс туралы пікірі екі түрлі. Лепс Кремль саясатын қолдағаны үшін Еуропаның санкциялық тізіміне ілінген, Моргенштерн соғысты сынағаны үшін Ресейде "шетел агенті"атанған.
Моргенштерн басқа әншілермен бірге 23 маусымда Бішкекте өткен Alga Fest фестивалінде өнер көрсетуі керек еді.
Бірақ Қырғызстанның мәдениет министрлігі рэпердің фестивальге қатысуына қарсылық білдіріп, ресми хат жариялады. Мәдениет министрінің орынбасары Чынгыз Эсенгулуулы қол қойған хатта министрлік қырғыз мәдениеті мен моральдық құндылықтарына сай келмейтін шараларға қарсы екені айтылады.
Осыған дейін депутат Әлішер Козуев Моргенштерн жастарға кері әсер етуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірген.
"Ол қоғамды аздырады"деген Козуев шенеуніктерді шара қолдануға шақырды.
Мәдениет министрі Алтынбек Мақсұтов бірден келісті.
– Шешуге тырысып жатырмыз. Бұл мәселеге қатысты пікіріміз ортақ. Ресейде Моргенштернге қарсы қылмыстық іс қозғалған, –деді министр.
Ресей билігі рэперді есірткі сатады деп айыптап отыр. Моргенштерннің адвокаты айыпты теріске шығарып отыр.
Ресей Украинаға басып кіргенде музыкант "халықты қырғынға жұмсаған үлкен ағаларды"айыптайтын мәтін жазған. Көбі "үлкен аға"деген жолды Путинге қарата айтылған сөз деп түсінді.
2022 жылы мамырда Әлішер Валеев "шетел агенті"деп танылды.
Башқұрт Республикасында туып-өскен музыкант қазір Бірікке Араб Әмірліктерінде тұрады.
Маусымда Бішкекте ресейлік "Порнофильмы"рок тобының концертіне тыйым салынды. Билік бұған қатысты еш түсініктеме бермеді. Музыканттар жасырын концерт өткізбек болды. Бірақ оларды күш құрылымдары тоқтатты.
Топ гитарисі Александр Русаков концерттің өтпей қалуына Кремльдің қысымы әсер еткен болуы мүмкін деп топшылайды. "Порнофильмы"ұзақ уақыт бойы Путинге қарсы болып келді, Украинаны соғысты ашық сынады. 2008 жылы құрылған танымал топ өкілдері қазір Грузияда тұрады.
СЫБАЙЛАСТАР
Қазақстанда белсенділер мен қоғам қарсылығынан соң 8 шілдеде Қонаев қаласында өтеді деп жоспарланған Григорий Лепстің концерті өтпейтін болды.
Әлеуметтік желі қолданушылары, журналистер мен белсенділер Украинадағы соғысты қолдайтын әншіні құшақ жая қарсы алуға дайын ұйымдастырушыларды сынады.
– Ұялмайсыңдар ма?! Украиндарды өлтіруге сендер де атсалысып жатырсыңдар! Бүгін үндемесек, ертең бізге қарсы ататын оғына ақша жинайды, – деп жазды журналист Динара Егеубаева.
Әлеуметтік желі қолданушысы Наталья Василенко "қанішер"әншілерге бойкот жариялауды ұсынды.
– Олар концерттен тапқан ашқасын соғысты қолдауға жұмсап отыр. Қазақстан террорист фашистерге демеуші болмайды, – деді ол.
19 маусымда Алматыда мәслихат депутаты, режиссер Еркін Рақышев көпшіліктің сұрауымен Григорий Лепстің концертіне тыйым салынғанын хабарлады.
Лепс немесе Лепсверидзе – Мәскеу "арнайы әскери операция"деп атайтын Украинаға қарсы соғысты қолдаушы музыкант. Ол бірнеше рет Ресей оккупациялаған қалаларға барып, Ресей әскеріне концерт қойған.
Маусымның басында Лепс пен оның әріптесі, Кремль саясатын жақтайтын тағы бір әнші Николай Басков Украинада батыста жасалған танкілердің көзін жойған адамға 1 миллион рубль төлеуге уәде берді.
Наурызда Қазақстанда "Жара"фестивалі өтпей қалды. Оған соғысты қолдайтын әншілер, оның ішінде Лепс келуі керек еді. Билік "фестиваль әлемдегі тұрақсыз жағдайға байланысты өтпейтін болды"деп түсіндірді.
Көрші Өзбекстан да Қазақстанның ізімен 20-21 мамырда Ташкентте жоспарланған "Жара"фестивалін өткізуге рұқсат бермеді.
Ташкент полициясы өкілінің дерегінше, фестивальді өткізбеу туралы бұйрық ішкі істер министрлігінен түскен.
МӘСКЕУДІҢ ЫҚПАЛЫ
Жергілікті сарапшының сөзінше, Қырғызстан Ресейдің айтқанынан шыға алмайды.
Саяси мәселелер бойынша сарапшы Аида Алымбаева Қазақстан мен Өзбекстанға қарағанда, Қырғызстан мен Тәжікстан Мәскеудің өтініштеріне қарсылық білдіре алмайды дейді.
Ресейде 1 миллионға жуық қырғыз мигранты жұмыс істейді. Қырғызстандағы көп отбасы шетелдегі туыстары салған ақшаға күнелтіп отыр.
Алымбаеваның пікірінше, Ресей мұны Қырғызстанның ішкі саясатына ықпал ету тетігі ретінде пайдаланады. Қырғызстан қорғаныс, мұнай өнімдері, ақпараттық технологиялар мен қауіпсіздік сияқты көп салада Ресейге тәуелді.
– Осы себептен Қырғызстан Ресей билігінің өтінішін кері қайтара алмайды. Қырғызстандағы ресейлік арналарды да бұғаттай алмай отырмыз. Жыл сайын арнайы жасақтың 20 өкілін Ресейдің федералды қауіпсіздік академиясына оқуға жібереміз, – дейді Алымбаева.
Мақаланың дайындалуына Азаттықтың Қырғыз қызметі үлес қосты.