Биыл Ұлыбританияға маусымдық жұмысқа Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстаннан мыңдаған адам барған. Оған сол елдің ауыл шаруашылығындағы жұмысшы тапшылығы түрткі болған. Брекзиттен кейін пайда болған бұл тапшылықты ел үкіметі осылай шешуді көздеген.
Фермерлер шетелден жұмыс күшін тартпаса, жеміс-жидектер мен көкөністер шіріп кететінін айтқан соң, үкімет шетелден келетін 40 мың жұмысшыға алты айға виза беретінін мәлімдеген еді.
Орталық Азиядан Ұлыбританияға барған мигранттар онда жүргеніне бақытты екенін, бірақ табысын арттыру үшін бұдан да көбірек жұмыс істегісі келетінін айтады. Олар маусымдық жұмысқа британиялық фирмалар арқылы орналасқан.
"Шотландиядағы ферма басшылығы бізге алты күндік аптаға отыз сағат жұмыс берді. Ұлыбританияға келмес бұрын аптасына 48 сағат жұмыс істейтінімізді айтқан еді" дейді Тәжікстаннан келген жеміс терушілердің бірі.
"Тұрғын үй, коммуналды қызмет, сақтандыру мен азық-түлік шығындарын есептегенде, фермадан алатын табысымнан ештеңе қалған жоқ. Бұл жаққа жұмыс істеп, үйге ақшамен қайтамын деп келген едім. Бірақ олай болмады" дейді ол.
Орталық Азиядан келіп, Ұлыбританияның әртүрлі фермаларында жұмыс істеп жүрген басқа мигранттар да солай дейді.
"Бақытыма орай, қазір жұмысымыз көп. Бірақ алғашқы бірнеше аптада жұмыс аз болды" дейді Өзбекстанның 27 жастағы азаматы. Ол Англияның Милтон қаласындағы фермада жұмыс істейді.
"Көбірек жұмыс істегіміз келеді. Үстеме жұмыс керек. Осы жердегі алты айда отанымыздағы отбасымызға жететіндей, сонымен қатар Британияға келу үшін алған қарызымызды жабатындай қаражат табуымыз керек" деді ол.
Азаттық радиосы тілдескен жұмысшылар қиындыққа тап болғысы келмейтінін айтып, аты-жөндерін атамауды сұрады.
Азаттық Милтонда жұмыс істейтін мигранттың жалақы туралы құжатын көрді. Онда тамызда сақтандыру алған соң оның 380 доллар тапқаны жазылған. Ферма кішігірім бөлме берген, сол үшін аптасына жалақысынан 72 доллар ұстап қалады.
Орталық Азиядан келген бірнеше жұмысшы Азаттыққа Ұлыбританияға келмес бұрын оларға аптасына кемінде 48 сағат жұмыс істеп, сағатына 10,10 фунт (шамамен 12,20 доллар) табатынымызды айтқан дейді.
Бірақ кей фермалар діттеген жерге жеткен мигранттарға жаңа келісімшарт ұсынған. Ондағы жұмыс сағаты мен жалақы келісілгендей болмай шыққан. Мамырда жұмыс визасын алған мигранттарының бірі сағатына 9,50 фунт (шамамен 11,40 доллар) аламын дейді. Бұл – Британиядағы ең төменгі жалақы.
Ұлыбритания жуырда маусымдық жұмысшылардың жалақысын ең төменгі межеден көтеріп, білікті жұмысшылардың жалақысына теңестірген. Үкіметтің ресми құжатына сәйкес, 6 сәуірден кейін виза алғандар сағатына кемінде 10,10 фунт (12,20 доллар) алуы керек.
Ұлыбритания фермаларына шетелден жұмысшылар шақырумен айналысатын Fruitful Jobs компаниясы Орталық Азиядағы азаматтарға аптасына 48 сағат жұмысқа кепілдік бергендерін жоққа шығарып отыр.
Тура сондай қызмет көрсететін AGRI-HR компаниясы да ондай әңгіме болған жоқ дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Британияда құлпынай тересің". Шетелден жұмыс тауып беруге уәде еткен алаяқтар қалай алдайды?"РЕСЕЙДЕГІГЕ ҚАРАҒАНДЫ ЖАҚСЫ"
Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанның миллиондаған мигранты Ресейде құрылыс саласында, фермалар мен фабрикаларда жұмыс істейді. Бұл елдер шетелден аударылатын ақшаға сүйенеді.
Ұлыбритания фермаларындағы маусымдық жұмыс олар үшін жақсы мүмкіндік болған соң, Орталық Азияның мыңдаған тұрғыны оны асыға күткен.
Милтондағы өзбек жұмысшы ағылшын тілін білмейтініне қарамастан, Ұлыбританияда көбірек ақша табатынын және өзін жақсы сезінетінін айтады. Ресейде құрылыс фирмаларында бес жыл жұмыс істеген 25 жастағы азамат Ұлыбританияға мамыр айында барған.
"Ресейде орташа есеппен айына 500 доллар табатынмын. Ұлыбританияда өткен айда 1500 доллар алдым" дейді ол Азаттыққа.
"Ресейде жұмыс беруші жалақыны төлейтініне ешқашан кепілдік жоқ" дейді ол. "Онда заңсыздық өршіп тұр, ал Британияда заң мені қорғайтынын білемін".
Тәжікстаннан шыққан жұмысшы Ресейде жекеменшік үйлерде тапқан табысы Ұлыбританияда көкөніс теріп алған ақшаға шамалас дейді. Бірақ ол – Ресейде өзін ешқашан қауіпсіз сезінбегенін, дискриминацияға ұшырағанын, жұмыс берушілер де, құқық қорғау органдары да қудалағанын айтады.
"Ресейде көшеде полиция сақалым мен терімнің түсіне бола тоқтататын" дейді ол.
Бірақ Орталық Азия мигранттарының бәрі бірдей Ұлыбританиядағы өмірі мен жұмысына риза деуге келмейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейден қуылған тәжік мигранттары аты-жөнін өзгертіп, нәпақа үшін қайта барадыИНСПЕКТОРЛАРМЕН ТЕКЕТІРЕС
Тәжікстан астанасы Душабеден келген 35 жастағы жұмысшы Шотландиядағы Барнсмуер фермасындағы жұмысынан шығып кеткен. Ол "адам төзгісіз жағдайға" тап болғанын, Шығыс Еуропадан келген инспекторлардың қатыгездік танытқанын айтады.
Ол Орталық Азиядан шыққан жиырма шақты адаммен Ұлыбританияның Хитроу әуежайына 21 маусымда келген. AGRI-HR фирмасы арқылы келген ол проблемам сол кезде басталды дейді.
"AGRI-HR бізді әуежайда жұмыс беруші ферма өкілдері күтіп алады деді, бірақ онда ешкім болмады" дейді ол Азаттыққа.
Олар AGRI-HR компаниясына хабарласқан. Агенттік өкілдері жұмыс орнының талабы өзгергенін айтып, оның орнына Барнсмуер фермасынан жұмыс ұсынып, "фермаға өздерің жетіңдер" деген.
Ағылшын тілін білмейтін, ақшасы жоқ мигранттар жаңа келісімшартқа қол қойған. Ферма басшылары оларға ең төменгі жалақы тағайындап, аптасына кемінде 30 сағат жұмыс істейтінін айтқан.
"Жұмыста Болгариядан келген супервайзер тарапынан қысымға ұшырадық. Олар дөрекі [болды] және [бізді] балағаттайтын" дейді тәжік мигрант.
Ол – супервайзердің Орталық Азиядан келген жұмысшы әйелдің қарсыласқанына қарамастан, оған сексуалды қысым көрсеткенін айтады.
Жұмысшы болған жағдайды айтып, шағымданған. Басшылық оны жұмыстан шығарамыз деп сес көрсетіп, жұмыс сағатын азайтып тастаған. Ол тоғыз күнде 13 сағат қана жұмыс істеп, тұрғы үй мен коммуналды шығынын жабуға жететіндей ғана табыс тапқанын айтады.
Британия азаматы Хивел Филипп фермадағы жағдай туралы таныстарынан естіп, Британия парламентінің мүшесі Венди Чемберленге хат жазған.
Азаттық хаттың көшірмесін алды. Онда Барнсмуер фермасындағы проблемалар, оның ішінде жұмыстан шығару, жеке қорғаныс құралдарының болмауы және өмір сүру жағдайының өте нашар екені жазылған.
Англиядағы тағы екі фермада жұмыс істеген қырғыз бен өзбек азаматы да осындай проблемалар болып, жұмыстан шығып кеткенін айтқан.
Fruitful Jobs содан бері хаттағы проблемалардың көбін шешкенін айтады.
Компанияның басқарушы директоры Джастин Эмери Азаттыққа берген жауабында маусым айындағы шағымдардан соң Барнсмуер фермасына барғанын айтады.
Эмири "тіл білмеу Шығыс Еуропадан келген тәжірибелі супервайзерлер мен жаңа жұмысшылар арасындағы түсініспеушілікке, тіпті, шиеленіске әкелуі мүмкін" деп, Ұлыбритания маусымдық жұмысшыларды Еуропадан ғана емес, алыс жақтардан да алып жатқанын айтты.
Ол Барнсмуер мен басқа фермаларындағы жетекші қызметтегілер қайта дайындықтан өтуге жіберілді дейді.
Эмири тәуелсіз аудиторлар шетелден келген жұмысшылар тұратын жерлерді, оның ішінде автофургондарды тексеретінін, оның үкімет бекіткен принциптерге сай болуын қадағалайтынын айтты. Ол жұмысшылар қалаған жағдайда жақын аудандардан тұрғын үй жалдай алады дейді.
Маусымдық жұмысшылардың көбі алты адамға арналған фургондарда тұрады. Соған аптасына 72 доллар төлейді. Онда кішігірім ас бөлмесі, жуынатын бөлме бар. Бірақ басқа фермалар спорт және көңіл көтеру объектілері бар орындар береді.
Сексуалды қысым көрсету туралы мәселеге Эмери "Ондай шағым алған жоқпыз. Бұл мәселеге өте қатты қараймыз және ондай шағым болса, полицияға жүгінеміз" деді.
Тәжік мигранты Лондон маңындағы құрылыс алаңынан жұмыс тапқан. Маусымдық жұмысшылар виза берген фермадан тыс жерде жұмыс істей алмайды. Бірақ мигрант "қайтар билетке және қыс айларына жететіндей бірнеше жүз доллар табу керек" дейді.
"Визам бітпей тұрып кетемін" деді ол Азаттыққа 16 тамызда.
МЫҢДАҒАН АДАМ ҰЛЫБРИТАНИЯҒА КЕТКІСІ КЕЛЕДІ
Ұлыбритания маусымдық жұмысшылар туралы бағдарламаны 2019 жылы қабылдап, 2024 жылға дейін созған. Брекзитке дейін онда көбіне Еуроодақтың Болгария, Румыния секілді кедей елдерінен келген азаматтар жұмыс істеген. Ал қазір олар Индонезия, Моңғолия, Непал сияқты елдерден жұмысшылар тартып жатыр.
Ұлыбритания парламентінің 2021 жылғы есебі бойынша, 2019-2021 жылдары маусымдық жұмысшылар арасында украиндар көп болған.
Былтыр маусымдық жұмыс визалары Украинаның жиырма мыңға жуық азаматына берілген. Одан кейінгі орында ресейліктер, болгарлар, беларустар мен тәжіктер тұр.
Украинадағы соғыс басталған соң, Украина мен Ресейден келетін жұмысшылар азайып, Орталық Азиядан келетін мигранттар саны артқан.
Орталық Азиядағы әлеуметтік желілерден мыңдаған адамның Ұлыбританиядағы маусымдық жұмыс туралы ақпарат іздеп жатқанын байқауға болады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жақсы өмір үшін жанталас. АҚШ-қа Мексика арқылы өткісі келетін қырғыздар мен өзбектер көбейген