Қауіпсіздік қызметінен кеткендер басқа жұмыс іздейді

"Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметі" деген жазуы бар жеңі жоқ жейде киген ер адам. (Көрнекі сурет)

Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметінің атауын (ӨҰҚҚ) Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі деп өзгерткен соң жұмыстан кеткен өзбек арнайы қызметінің офицерлері милиция мен армияға орналасып жатыр.

Өзбекстанда ондаған офицер өз қалауы бойынша жұмыстан кетуге өтініш жазы. ӨҰҚҚ-нің қанша офицері Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігіне қызметке ауысқаны әзірше белгісіз. Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик) тілшісімен сөйлескен, аты-жөнін айтуды қаламаған Ішкі істер министрлігінің қызметкері осы кезге дейін ҰҚҚ құзырында болған қызметтердің біразы ІІМ-ге өткенін айтты.

- Президенттің бұйрығымен сәуірдің 1-інен бастап құпия ұйымдарда бақылау құралдарын орнату мен оларға күнделікті қызмет көрсетумен ІІМ айналысады. Осы кезге дейін бұл жұмысты ӨҰҚҚ атқарып келді. Нысандарды күзету жүйесін жобалаумен айналысқан конструкторлық бюро да ІІМ құзырына беріледі. Енді бұл құрылымдардың қызметкерлері ішкі істер министрлігінде істейтін болады. Олардың жұмыс өтілі тоқтамайды, бұрынғы жалақыларын ала береді. Шендері мен қазір қолданып жүрген жеңілдіктері де қалады, - деді ІІМ қызметкері.

Президент Шавкат Мирзияевтың "Мемлекеттік қауіпсіздік жүйесін жетілдіру шаралары туралы" бұйрығында сәуірдің 1-інен бастап ӨҰҚҚ басқармаларының бірі Қорғаныс министрлігіне берілетіні жазылған. Алайда құжатта оның қай басқарма екені айтылмаған.

Президент бұйрығында көрсетілгендей, "режимдік қорғаныс нысандарын сәуірдің 1-інен бастап жобалау, салу, пайдалану және жөндеуге лицензия алушыларға рұқсат беру туралы анықтаманы беру қызметі" деп тұр.

БҰРЫНҒЫ ЧЕКИСТЕР ЖАҢА ЖҰМЫС ІЗДЕЙДІ

Озодлик редакциясына түскен ақпаратқа қарағанда, Ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік қызметі (бұрынғы ӨҰҚҚ) кейбір офицерлері жұмыстан өз еріктерімен кетіп жатыр. Озодлик тілшісі Әндіжандағы өзбек арнайы қызметінің бір офицерімен сөйлесті. Оның сөзінше, ӨҰҚҚ-да 11 жыл қызмет атқарған офицер өз қалауымен кететіні туралы өтініш беріп, биыл қаңтардан бастап қызметінен босаған. Қазір Ресейде тұратын бұл адамның айтуынша, өзбек арнайы қызметіндегі орыс тілді офицерлердің көбі Ресейге жұмыс істеуге кетуді ұйғарған.

Мықты криминалист маман саналатын ӨҰҚҚ-дағы төрт орыс офицері жұмыстан шығып, Ресейге көшті, сонда жақсы қызмет тапты. Біреуі қылмыстық іздеу бөліміне жұмысқа тұрды

- Қазір Ресейдің жеке күзет мекемелерінің бірінде істеп жүрмін. Жалақысы жақсы, күйзеліс жоқ. Жақында отбасымды осында алып келемін. Мықты криминалист маман саналатын ӨҰҚҚ-дағы төрт орыс офицері жұмыстан шығып, Ресейге көшті, сонда жақсы қызмет тапты. Біреуі қылмыстық іздеу бөліміне жұмысқа тұрды. Шынымды айтсам, ӨҰҚҚ атауын өзгертіп, арнайы қызметтің ғимаратын тартып алып, төрағасын ауыстырғанға қуанбадым, - дейді өзбек арнайы қызметінің бұрынғы қызметкері.

Оның айтуынша, қазіргі кезде Өзбекстанның түрлі мекемелерінде куратор болып істеген ӨҰҚҚ жүздеген офицері жұмыссыз қалған.

- Олар бәрібір өздеріне жұмыс тауып алады, бірақ мемлекет өзі жапа шегеді. Кураторлар мемлекеттің көзі мен құлағы болатын, шенеуніктерді бақылайтын. Бақылаусыз қалған шенеуніктердің мемлекетке қаншалықты зиян келтіретінін әлі ешкім түсінген жоқ, - деді бұрынғы өзбек арнайы қызметінің офицері.

МҚК ОФИЦЕРЛЕРІНЕ ЖАҢА ЖЕҢІЛДІК БЕРІЛЕДІ

Науаи облысының Хатирчин ауданында наурыздың 2-сі күні белсенділермен кездескен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев "ӨҰҚҚ облыстық басқармасы қызметкерлерінің көбі – шағын жалақыны қанағат тұтып жүргендер" екенін айтты.

Мемлекет басшысының сөзінше, "ӨҰҚҚ Науаи басқармасының көптеген офицерлері жалақыдан жалақыға дейін әзір күнелтіп келді, көбінің баспанасы мен жеке көлігі де жоқ". Сол жерде сөз алған Шавкат Мирзияев бұдан былай арнайы қызмет өкілдерін мемлекет қамқорлығына алады деп уәде берді.

"ӨҰҚҚ қызметкерлерінің жағдайын жақсартамыз. Бұдан былай олар қызметтік пәтерлерде тұрмайды, өз баспанасы болады. Оларға жеңілдікпен несие береміз", - деді президент.

Бұған дейін Сурхардария облысы Кизир ауданында және Бұхар облысының Пешкун ауданында атқамінерлермен кездескен Өзбекстан басшысы ӨҰҚҚ қызметкерлерінің іс-әрекетін аяусыз сынаған болатын.

Қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшы Рафаэль Саттаров президент арнайы қызметке "мақтау және даттау" саясатын қолданып отыр деп санайды.

Бұрынғы ӨҰҚҚ қызметкерлері жаппай жұмыссыз қалады деп ойламаймын. Себебі бұл люстрация емес. Бұрынғы ӨҰҚҚ қызметкерлерін жаппай жұмыстан шығару қазіргі саяси жағдайға кері әсер етеді

- Әлбетте, қауіпсіздік жүйесі керек. Ол барлық мемлекетке қажет. Мемлекет басшысы ретінде Мирзияев оны жақсы түсінеді. Саны аз, бірақ тиімділігі жоғары әрі сапалы қауіпсіздік жүйесін құру туралы декларацияны көрдік. Енді "Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі туралы" заңды күтіп отырмыз, ол осы жылдың қазанында парламентке ұсынылады. Бұрынғы ӨҰҚҚ қызметкерлері жаппай жұмыссыз қалады деп ойламаймын. Себебі бұл люстрация емес. Бұрынғы ӨҰҚҚ қызметкерлерін жаппай жұмыстан шығару қазіргі саяси жағдайға кері әсер етеді, - дейді сарапшы.

ТАРИХИ БҰЙРЫҚ ПА?

Биыл наурыздың 14-інде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев мемлекеттік қауіпсіздік жүйесін жетілдіру туралы бұйрыққа қол қойды. Құжат бойынша, Ұлттық қауіпсіздік қызметі Мемлекеттің қауіпсіздік қызметі болып өзгертілді. Жаңа құрылымға мемлекеттік қауіпсіздіктің арнайы өкілетті органы ретінде қызметтің құқықтық мәртебесін, өкілеттігі мен қызмет бағытын нақты көрсететін заңнама жасау тапсырылды.

Қызметтің басты міндеттері мен іс-әрекет бағыты ретінде мыналар анықталды: мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және республика мүддесін сыртқы және ішкі қатерлерден қорғау, барлау және қарсы барлау жұмыстарын атқару, мемлекеттік шекараны күзету және қорғау, терроризм, ұйымдасқан қылмыс және жемқорлыққа қарсы күрес.

(Шухрат Бабаджановтың мақаласы орыс тілінен аударылды)