Қырғызстанның Чуй облысы Соқулуқ ауданының Манас ауылында есектерді жаппай сою оқиғасы тіркелген. Құқық органдарының ақпанның 24-і күнгі дерегі бойынша, қасапханаға түскен есектердің саны 30 басқа жетеді. АКИpress агенттігінің жазуынша, бұл оқиға осыдан екі апта бұрын тіркелген. Оқиға орнына барғандар сойылған 30 малдан бөлек, 20 жануарды тірідей байлап отырғандарын анықтаған.
«ҚЫРҒЫЗСТАНДА САТЫЛҒАН ЖОҚ»
Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау орталығының басшысы Мұхамедхалил Мурзашев Қырғызстанда есек етінің асқа қолданылмайтынын мәлімдеді. АКИpress агенттігінің жазуынша, елдің бас санитары есек етінің саудаға түскенін растамайды.
«Бізде жылқы, қой, тауық және шошқа етіне қатысты нормалар бар, бірақ есектің еті онда кірмейді. Сондықтан адамдар оны жемеуге тиіс, ал оны алдап сатқандар тиісті жазасын алады. Есектің етін немесе одан жасалған самсаны ешкім сатып алмайды ғой» дейді Мурзашев.
Ол қырғыздардың ежелден есек етін татып алмайтынын айтады.
«Советтік кезеңде есектің етін хайуанаттар бағындағы жыртқыштарға беретін. Бірақ адамдарға оны сатқан емес» дейді бас санитар.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің жазуынша, Қырғызстандағы мемлекеттік ветеринарлық департамент пен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет бірлесіп, есектерді жаппай сою ісіне қатысты комиссия құрған. Олар қоғамдық тамақтану орындары мен ет сататын базарларды тексеруге кірісті.
Елдегі басты ветеринарлық инспектор Ашырбай Жусупов бұған дейін есектің етін тамаққа қолданды деген деректің болмағанын айтады.
«Зертхана, аудан жетекшілерін, Чуй облысындағы тиісті мамандарды қосып үлкен жиын өткіздік. Енді тамақ қауіпсіздігін сақтау талаптары бойынша бір апта тексеріс жүргіземіз. Бұл шараға сай, тұшпара, шұжық цехтарын, ет, самса сатып жатқан жерлерді сынақтан өткіземіз. Күмән тудырған өнімді тәркілейміз» деді Жусупов.
Есек етін сатуға тікелей жауапты «Қайтал» компаниясының басшысы Алмаз Тақыршбаев «еттің бір килограмы да Қырғызстанда сатылған емес» дейді. Оның айтуынша, «есек еті түріктің Solar trading LTD компаниясымен жасалған шартқа сай, Гонгконгке жіберілмек болған».
«2014 жылы желтоқсанның 17-сі күні келісімге отырдым. Қаңтардың 20-сынан бері сойып келеміз. Келісім бойынша мен сойып, даярлап беремін. Есектерді елдің оңтүстігінен алдырамыз. Әр есектің бағасы екі мың сом. Хайуанаттар бағындағы жыртқыштарға береді. Оның еті арзан болғандықтан, осы іске кірістік» дейді Тақыршбаев.
«Қайтал» компаниясы 2006 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында жұмыстар істеген. Есек етін тек биылдан бастап экспортқа шығарған, бір айға жуық мерзімде 600 астам есек сойған.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛА МА?
Ветеринарлық инспектор Ашырбай Жусупов бұл істен өздерінің хабардар болуға тиіс екендерін ескертті.
«Ресми түрде рұқсат алу керек еді. Кәдімгі санитарлық нормалар сақталып, есектерді тиесілі мекемелер тексеруі керек болатын» дейді ол.
Қырғызстанның милиция қызметкерлері бұл істі тексеріп, аудандық прокуратураға жіберетіндерін мәлімдеді.
«Ары қарай істі экономикалық қылмыспен күрес жөніндегі мемлекеттік қызметке өткіземіз» деді милиция өкілі журналистерге.
Ал Чуй облыстық милициясының экономикалық қылмыстырға қарсы мекемесінің хатшысы Шәкір Мусаров Азаттықтың Қырғыз қызметіне әзірге қылмыстық іс қозғалмағанын айтты.
«Соқулуқ ауданының ішкі істер бөлімі материалға қатысты істі бізге кеше тапсырды. Енді онымен танысамыз, әзірге қылмыстық іс қозғалған жоқ» деді ол.
Азаттық тілшілері санитарлық-эпидемиологиялық департаменттің тамақтану бөлімінің жетекшісі Тоқтоғұл Базарбаевқа «есектің етін қалай ажыратуға болады?» деген сауал жолдады. Оның айтуынша, «күші адал, еті арам» малдың еті қаракүрең болады екен. «Қарапайым халықтың ажырата алмай қалуы да мүмкін. Басқа еттің арасында қосып сатулары ғажап емес» дейді ол.
Қырғызстан заңында есек етін жеуге болмайды деп көрсетілмеген. Бірақ қырғыздар да есек етін арам санайды. Бұл дерек әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. Тіпті «еттен бас тартып, жеміс-жидек, көкөніс жеп, вегетариан болайық» деп жазғандар да кездесті.
Ал Манас ауылындағы азаматтық белсенділер қоғамдық комиссия құрған. Аудан әкімшілігінің хабарлауынша, оның құрамында 15 адам бар. Олар мемлекеттік комиссиямен бірге жұмыс істемек. Азаттықтың Қырғыз қызметінің мәлімдеуінше, акция мүшелері есектің етін көпшіліктің көз алдында өртеуді талап еткен.