Екі ұлын соғыста жоғалтқан әке біреуін ғана жоқтайды

Тәжікстанның оңтүстігіндегі Турдиев ауылында тұратын Салом Юнусов.

Салом Юнусовтың бір ұлы Тәжікстан армиясы қатарында бүлікшілермен шайқаста мерт болған, екіншісі Сирияда жихадшыларға қосылып, соғыста ажал құшты. Қария Сирияда қалған немерелерін уайымдайды.

АҒАЙЫНДЫ ЕКЕУДІҢ ҚАЗАСЫ

Салом Юнусовтың екі ұлы да қарулы шайқаста қаза болған. Біріншісі 2001 жылы Тәжікстан әскері қатарында бүлікшілермен соғыста оққа ұшқан. Екінші ұл елінен мыңдаған километр алыста, Сириядағы азамат соғысында опат болған.

- Үлкен ұлымның қазасы қабырғамызды қайыстырса, екінші баламның өлімі жерге қаратты, - дейді 76 жастағы қария.

Бұрын Тәжікстанның оңтүстігіндегі Турдиев ауылында шаруашылық ұжымды басқарған Салом Юнусов совет кезінде Жоғары Кеңес мүшесі де болған. Былтыр кенже ұлы Саидбектің Сирияға кеткенін естігелі бері үйінен аттап шыққан емес.

- Ауылдастарымның бетіне қарай алмаймын. Ұяттан күйіп жүрмін. Ол атыма кір келтірді, - дейді Салом.

Ауылдастарымның бетіне қарай алмаймын. Ұяттан күйіп жүрмін. Ол атыма кір келтірді.

Юнусовтың үлкен ұлы Исомиддин 2001 жылы Тәжікстан ұлттық армиясы қатарында әскери қызметін бастаған. Елде 1992-1997 жылдар аралығында болған азамат соғысынан кейін бейбіт келісімді қабылдаудан бас тартқан қарулы топтарға қарсы соғысқан. Ол атышулы дала командирі Рахмон Сангинов басқарған топқа қарсы шайқаста қаза тапқан.

Ұлының қазасына үй-іші қатты қайғырды. Бірақ, әкесінің айтуынша, «балам жауынгерлік борышын орындап Отан қорғау жолында мерт болған» деген ұғымды отбасындағылар қайғы басқан көңілге сүйеніш еткен.

Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасында орналасқан Турдиев ауылының үсітмен көрші елден солтүстікке қарай апиын мен героин таситын контрабандашылар жолы өтеді.

- Ұлдарым ауылда жұмыссыз жүрсе есірткі тасымалдаушыларға қосылып кете ме деп қорықтым, - дейді 13 баланың әкесі Салом Юнусов.

"Ислам мемлекеті" экстремистік тобындағы өзін "Абдулла Тәжік" деп атайтын қарулы ер адам. (Әлеуметтік желідегі сурет.)

Балалары мектеп бітірген соң соң әкесі оларға маусымдық жұмыс істеп, табыс табу үшін Ресейге баруға кеңес берген.

Орталық Азияның ең кедей мемлекеті Тәжікстанда жұмыс табу өте қиын. Жүздеген мың тәжік азаматы күнкөріс қамы үшін еңбек мигранты ретінде Ресейге барып, сол елде құрылыста, зауыттар мен ауылшаруашылығы саласында әртүрлі жұмыстарға жалданады.

Әйелі және үш баласын алып Ресейге кеткен Саидбек сол жақта кемінде жеті ай маусымдық жұмыстар істеп жүрген. 2015 жылдың көктемінде Салом Юнусов ұлының отбасымен бірге Сирияға кеткенін естіген.

ӘКЕ ӨКІНІШІ

Бірнеше айдан соң Юнусовқа көршісі 32 жастағы Саидбектің «Ислам мемлекеті» экстремистік тобында соғысып, ажал құшқанын хабарлаған. Келіні мен немерелерінің тағдыры әлі күнге белгісіз.

- Немерелерім мен келініме не болғанын білмеймін, Ол ауылда өскен қарапайым қыз еді. Үйге қайтудың амалын таба ала ма? – деп егіледі Салом Юнусов.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобындағылар жесір қалған әйелді басқа біреуге үйленуге мәжбүрлейді дегенді естіген Юнусов «келінім де сондай күйге түсті ме» деп қауіптенеді.

Сирияға Тәжікстаннан барған содырдың суреті деп интернетке жарияланған фотография. (Көрнекі сурет.)

Ауылда дәрігер болып істейтін күйеу баласының 2015 жылы әйелі мен төрт баласын алып Сирияға кетуі де Юнусовтар отбасына кезекті ауыр соққы боп тиді. Юнусов сол кеткеннен қызынан еш хабар жоғын айтады.

2014 жылы, отбасының қалыпты өмірі тас-талқан болардан бір жыл бұрын, Салом Юнусовтың әйелі қайтыс болған. Осының барлығы қатты күйзелткен Юнусовтың денсаулығы да сыр берген. Биылғы жылдың басында сырқаттанып қалған қарияны қараған дәрігерлер «жүрек дерті» деген диагноз қойған.

Немерелерім мен келініме не болғанын білмеймін, Ол ауылда өскен қарапайым қыз еді. Үйге қайтудың амалын таба ала ма?

Салом Юнусов баласы кімдердің үгітіне еріп, Сирияға қалай барғаны және ол жақта қалай өлгені туралы ешқашан біле алмай өтермін деп ойлайды. Ол ұлына Ресейге қоныс аудару жөнінде кеңес бергеніне өкінеді. Салом Юнусовтың пікірінше, Саидбектің бөтен елде ажалға кезігіп, бала-шағасының Сирияда тентіреп қалуына сол да себеп болған.

Тәжікстан билігінің мәліметі бойынша, Сирия мен Иракқа «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қосылу үшін 1100-ден аса тәжік азаматы кеткен. Олардың кемінде 300-і сол жақта қаза тапқан. 60 адам өз еркімен Отанына оралып, үкімет рақымшылық аясында оларға кешірім жасаған.

Тәжікстан билігі «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қосылуға тәжік азаматтарының көбін Ресейде жұмыс істеп жүргенде көндірген дейді.

(Махмуджон Рахматзода мен Фарангиз Наджибулланың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.)