Жарқынай Таалайбекова Бішкек ауруханасында түнгі ауысымда невролог болып істеген. Ауысымдардың бірінде жедел жәрдем көлігі жас әйелді жеткізген. Науқастың жанында төрт туысы болған.
Таалайбекова студент қыздың тыныс жолдарына инфекция түсіп, қабынғанын айтады. Дәрігер науқасты қарап, туыстарына инфекциялық бөлімшеге баруға кеңес берген.
Бұл ауыр жұмыс күндерінің бірі еді: неврологиялық бөлімде науқас көп, кейбірі инсульт алған, бәріне дәрігердің көмегі керек. Таалайбекова — палатадағы жалғыз кезекші дәрігер, жан сақтау бөліміндегі 10 науқасқа да өзі қарайды.
Бірақ жедел жәрдеммен келген студент қыздың туыстары дәрігерден науқасты неврологиялық бөлімде емдеуді талап еткен. Таалайбекова бас тартқан соң, науқастың туыстары оған тап берген.
Ұлттық ауруханадағы бейнебақылау камераларынан алынған жазбалардан үш әйел дәрігердің шашын тартып жатқаны көрінеді. Ауруханадағы басқа адамдар араша түсуге тырысады.
— Науқастың әпкесі мені ұрып-соғып, аяғымен тепті. Ақ халатымда аяқ киімінің ізі қалды. Шабуыл жасағандар полиция шақырған кезде қашып кетті, — дейді 2023 жылдың желтоқсанында болған оқиғаны еске алған Таалайбекова.
Өкінішке қарай, бұл — Қырғызстанда дәрігерге жасалған алғашқы шабуыл емес.
Шенеуніктердің дерегінше, кейінгі айларда елде дәрігерлер мен медбикелерге күш көрсету фактілері жиілеген. Зорлық көрген кей медицина қызметкерлері ауыр жарақат алған.
Қырғызстанда медицина қызметкерлеріне жасалған шабуыл туралы ресми статистика жоқ. Бірақ осындай оқиғалардың жиілеуінен ұлттық аурухананың 14 дәрігері ақпанда жұмыстан шығу туралы арыз жазған. Қырғызстан денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіподағы дәрігерлер осы арқылы биліктің ақылға сыймайтын реакциясына наразылық білдіріп жатыр дейді.
Кәсіподақ басшысы Бермет Барыктабасова депутаттарға қылмыстық кодекске медицина қызметкеріне шабуыл жасау деген жаңа бап қосуды ұсынады. Ол заң бұзған кісілер дәрігерге күш қолданғаны үшін ғана емес, медицина қызметіне кедергі келтіргені үшін де жазалануы тиіс деп есептейді.
8 ақпанда депутат Жанар Ақаев Қырғызстан парламентіне көрші Қазақстанның үлгісімен медицина қызметкерлеріне шабуыл жасаған адамды түрме жазасына кесуді сұрады.
ЖАЛАҚЫСЫ ТӨМЕН МАМАН, НАРАЗЫ НАУҚАС
Қыркүйекте Бішкектің Бірінші май ауданында науқастың күйеуі жедел көмек көрсету бөлімінде жатқан жұбайын емдеген дәрігерлерге күш қолданған. Салдарынан бір дәрігер бас ми жарақатын алды.
— Үш медицина қызметкері жарақат алды: біреуінің миы шайқалды, екеуі амбулаторлық ем қабылдап шықты, — деп хабарлады аурухана басшылығы.
Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет дерегінше, соңғы тіркелген оқиғалардың бірінде ұлттық аурухананың травматологиялық бөлімшесіне келген кісі 24 жастағы жүкті медбикені ұрып-соққан.
Аты-жөнін жасырын қалдыруды сұраған медбике өзіне бас салған адамның “Науқастың жарақатын таңып болғанша, палатадан шыға тұрыңыз” деген өтінішке ашуланғанын айтады.
— Басымды бірнеше рет қабырғаға соғып, жерге құлатты. Мен өз жұмысымды істедім ғой, — дейді медбике.
Жәбірленуші ауруханаға жатқызылған, күш көрсеткен кісі “бұзақылық” бабы бойынша ұсталды.
4 ақпанда Ош қаласында облыстық психиатрия және наркология ауруханасының дәрігерлерін ұрып-соқты деген күдікке ілінген ер адамды полиция ұстаған. Күдікті бір күн бұрын ауруханаға түскен ағасын емдеген дәрігерлерге күш көрсеткен.
Зорлыққа не себеп болғаны белгісіз.
Барыктабасова зорлық-зомбылықтың артуы мемлекеттік медицина мекемелерінде жұмыс істейтін, жалақысы аз, жұмысы көп қызметкерлерге жүктемені күшейтеді дейді.
Жеке медициналық қызмет алуды қалтасы көтермейтін қырғыз азаматтарының көбі ұзын-сонар кезекте тұрып, мемлекеттік ауруханада сапасы төмен қызметке жүгінуге мәжбүр. Мемлекеттік мекемелерде кадр мен заманауи жабдықтар тапшылығы сезіледі. Қырғызстанда денсаулық сақтау саласында парақорлық кең таралған.
ЖАҢА НОРМА
Ұлттық аурухана басшысы Бақыт Толоғанов қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолға алынып жатқанын айтты.
Оның сөзінше, аурухана полициямен келісімге қол қойып, қауіпсіздік қызметкерлерін жұмысқа алу туралы шешімге келген. Аурухана бөлімдеріне көмекке шақыру батырмалары қойылған. Қауіп төнген жағдайда, дәрігер осы батырманы басып, араша сұрай алады.
Дәрігерлер мұндай батырмалар мәселе шешпейді дейді.
— Батырма таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін ғана істейді. Маған түнгі ауысым кезінде шабуыл жасалды, — дейді Таалайбекова.
Таалайбековаға шабуыл жасаған азаматтар әлі күнге жауапқа тартылмаған. Полиция басында шабуыл жасау фактісі бойынша тергеу бастаған. Кейін күдікті Ресейге қашып кеткенін айтып, істі жауып тастаған.