Осыдан бірнеше күн бұрын Қытайдан Қазақстанға оралған этникалық қазақ Дүйсенбек Жақыпбекұлы екі жыл, екі ай елге қайта алмай Шыңжаңда жүріп қалғанын айтады. Жас шамасы 50-дегі Дүйсенбек 2017 жылғы наурыз айында жеке жұмыспен Қытайға Шығыс Қазақстан облысындағы Бақты ауылының тұсындағы шекара өткізу бекеті арқылы өткен. Оның айтуынша, Шыңжаңдағы туған ауылына барған сәтінде құжаттарын жергілікті полиция тартып алған.
Қытай билігінің шыңжаңдық ұйғырлармен бірге қос азаматтығы бар немесе Қытай азаматы болса да, ықтияр хатпен Қазақстанда тұрып келген этникалық қазақтарды да жаппай ұстап, саяси оқыту орталықтарына қамай бастағаны туралы алғашқы ақпарат та осы 2017 жылғы көктемнен бастап тарай бастаған. Мұның соңы Нұр-Сұлтан мен Пекиннің арасындағы келіссөзге ұласып, соңғы екі жыл ішінде бірнеше мың қос азаматтығы бар этникалық қазақ Қазақстанға қайтып оралған. Бірақ қазақстандық белсенділер Шыңжаңдағы қамау орындарында әлі де мыңдаған этникалық қазақ жапа шегіп жатқанын жергілікті және халықаралық қауымдастыққа үзбей хабарлап отыр.
Бұл мәселені алғаш көтерген тәуелсіз БАҚ-тың бірі ретінде Азаттық жаппай қамаудан жапа шеккендердің көрген-білгендерін егжей-тегжейлі баяндаған. Қытай билігінің Шыңжаңдағы әрекетін БҰҰ "адам құқықтарын өрескел бұзу" деп сөккен. Пекин бұл айыпты жоққа шығарып, Шыңжаңдағы қамау орындарын "кәсіптік білім беру мекемелері" деп сипаттаған.
ДҮЙСЕНБЕКТІҢ ХИКАЯСЫ
Осындай аласапыран шақта Шыңжаңға барып қалған Дүйсенбектің әйелі мен үш баласы – Қазақстан азаматтары. Бұрын саудамен айналысқан ол екі елдің арасында еркін қатынау үшін ықтияр хатпен жүріп, Қазақстан азаматтығын қабылдамаған.
- Мен [Шыңжаңға] барған кезде Қытайдың өзгеше бір саясаты басталып кетті. [Полиция] "құжаттарыңды әне береміз, міне береміз" деп созбақтап жүргенде екі жыл өте шықты. Сол жақта достарым мен ескі таныстарымның үйін паналап жүрдім, - дейді ол.
"Қытайдың ішкі құпиясы" деректі фильмі:
Your browser doesn’t support HTML5
Қытайдың Тарбағатай аймағы Дөрбілжін ауданында туып өскен Дүйсенбек жергілікті су шаруашылығы бөлімінде жұмыс істеген. 2006 жылы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданына қоныс аударған.
- Артта қалған үш балам мен әйелімді сағындым. Басқасынан емес, Қазақстанға, бала-шағама жете алмай өліп кетемін бе деп қорықтым. Ізденіп бармаған жерім жоқ. Ақыры 2019 жылы мамырдың 19-ы күні Қазақстанға кетуге рұқсат алдым. Сол күні автобусқа отырып кетіп қалдым. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің көмегі көп болды, - дейді Дүйсенбек.
Оның сөзінше, Қытайдан Қазақстанға өзімен бірге Бақты тұсындағы шекара бекеті арқылы 15 адам өткен. Бесеуі – отбасы Қазақстанда қалып, өздері түрлі себеппен Қытайға барып, құжаттарын алдырып алғандар. Қалғандары – Қазақстанға туысшылап келе жатқан этникалық қазақтар. Дүйсенбектің айтуынша, соңғы уақытта Шыңжаңдағы ауылында этникалық қазақтарды қыспаққа алу саясаты босаңсыған.
- [Дөрбілжін ауданындағы] мен тұрған ауыл Қарабұлақ деп аталады. Бұл ауылдан саяси үйрену орталығына он шақты азамат түскен болатын. Негізінен көпшілігі босап келді. Бұрынғыдай емес, қысым азайды. Қазір Қазақстанға кеткісі келетіндер өте көп. Мен Үрімжіге бірнеше рет бардым. Сонда Қазақстанның виза бөлімінің алдына күніне 300-ге жуық адам келеді және түгелі Қазақстанға виза алып кетіп жатыр, - деді ол.
Бұған дейін Шыңжаңдағы қамау орындарында болған, Қазақстанға келген соң Азаттыққа сұхбат бергендер "ауыл ішінде бақылаудың күшейгенін", "көрші ауылға барып қайту үшінде жергілікті полицияға есеп беру керектігін" айтқан болатын. Дүйсенбек қазір мұндай мәселелердің "бірі де жоқ" екенін, бірақ адамдардың әлі де "артық сөз айтудан сескенетінін" айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Саяси үйрену орталығында тек қытайша сөйлеуің керек""ТОҢ ЖІБІДІ"
Қытайдағы қазақтардың саяси қысымға ұшырағаны туралы жиі мәселе көтеріп жүрген қоғамдық ұйымдардың бірі "Жебеудің" жетекшісі Омарәлі Әділбек те Дүйсенбек Жақыпбекұлының сөзін растады.
- 2019 жылға дейін Қытайдағы аз ұлттардың (этникалық азшылықтардың – ред.) жағдайы өте қиын болды, шынымен. Бірақ соңғы уақыттары тоң жібіді. Саяси үйрену лагерінде отырған қазақтардың 80 пайызы шықты, - дейді ол.
Омарәлі Әділбектің айтуынша, 2019 жылдан бері Алматы мен Астанада Қытайдан арнайы келген жұмыс тобы мәселені шешуге әрекет қылып жатыр.
- Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы келіссөздерден нәтиже шықты. Қазір екіге бөлінген отбасылардың талайы табысты. Қытайдан келген жұмыс тобы консулдықта бес айдан бері арыз-шағым қабылдап жатыр, - деді ол.
Ал Қытайдың Алматыдағы консулдығы арыз-шағым қараушы жұмыс тобына қатысты ресми сауал жіберу керектігін айтты. Бірақ бұған дейін консулдық Қытай қазақтарының мәселесіне байланысты Азаттық жіберген сауалдарды жауапсыз қалдырып келген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Өз еркімен келген" тәрбиеленушілер және лагерьдегі "өмір""КӨШЕДЕН АДАМ ТАППАДЫМ"
Шыңжаңдағы саяси қысымның азайғаны туралы мәлімдемелерге сақсына әрі сеніңкіремей қарайтындар әлі де көп. Солардың бірі – жақында Қытайдың Қазақстандағы консулдығының ұйымдастыруымен саяси қамау орындарын көріп қайтқан журналист Жарас Кемелжан. Ол "көп нәрсе көңілге күдік ұялататынын" айтады.
Журналистің сөзінше, Қытайдың үлкен қалаларының бірі болып есептелетін Үрімжінің өзі босап қалғандай болып көрінген.
- Ақсу қаласында да [ахуал] сондай. Көшеде жүрген бейсауат адам көрмейсіз. Жым-жырт. Бала күнімізде Ақсу жақтың ауылдарын теледидардан көрсететін. Сол кезде көшенің ортасында ұйғырдың шалдары әңгіме айтып отыратын еді. Қазір ондай ауылдар да жоқ. Әңгімелесейін деп көшеден адам іздеп таппадым, - дейді Жарас.
Жарас Кемелжан 17 жыл бұрын Қытайдан Қазақстанға ата-анасымен бірге қоныс аударған. Ұйғыр тілінде аздап сөйлейтін журналист Қытай консулдығының шақыруымен Шыңжаңдағы ұйғырлар тұратын аудандарды шарлап шыққан.
- Үрімжіде де үш күн болдық, бірақ қазақтармен жолыға алмадым. Екі саяси лагерьде болдық. Біреуін Ақсу қаласынан 60 шақырым қашықта, айдалаға салып тастапты. Төрт қабатты, сырты қоршалған, оқу орны мен жатақханасы бөлек ғимарат, - деп сипаттады ол көргенін.
Жарас Кемелжанның айтуынша, қамау орындарында тек қытай тілінде білім береді және өздері көрген мекемедегі ұйғырлар "ұйғырша білмейміз" деп сөйлеуден бас тартқан.
Оның сөзінше, Хотан қаласындағы қамау орнының өкілдері осында отырғандарға бала күтуші, үй күтушісі, аспаз, шаштараз сияқты түрлі мамандық үйретіп жатқандарын айтқан.
- Ақсудағы лагерьге барғанымызда бір қыз: "Он күннен бері шаштараз курсын үйреніп жатырмын" деді. Бірақ отырғанына екі жыл болыпты, - деді журналист.
Жарас Кемелжан Қазақстанға кері қайтарда әуежайда Қытай полициясының қатаң тексеруінен өткенін айтты.
- Құжаттарымды алып, "[Қытайдағы] тіркеуді өшірдің бе?" деп сұрады. Осыдан 17 жыл бұрын көшіп кеткенімді айтып едім, қолында планшеті бар кісі келді. Планшетінде 200-дей адамның суреті бар екен. Менің суретімді солармен салыстырып, біресе суретке сақал жапсырып, біресе мұрт қойып тексерді. Жарты сағаттан артық ұстады. Менімен бірге тағы бір жас ерлі-зайыпты келді. Олар да бірнеше жыл Қазақстанға қайта алмай жүріпті, - деді ол.
"КӘСІПТІК ОҚЫТУ ОРТАЛЫҚТАРЫ"
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттыққа берген есеп бойынша 2019 жылдың басынан мамырдың 15-іне дейін Қазақстандағы туыстарына бару үшін 6506 этникалық қазақ виза алған. 2018 жылы 14 324 қытайлық қазақ Қазақстан азаматтығын қабылдаса, 2019 жылдың алғашқы төрт айында екі мыңға жуық қытайлық қазақ Қазақстан азаматы атанған.
Жазбаша жауапта: "2019 жылғы қаңтар-сәуір аралығында Қазақстан сыртқы істер министрлігіне Қытай азаматтарының Қытайдан Қазақстанға шығу мәселесін шешу бойынша Қазақстан азаматтарының 343 өтініші келіп түсті" деп жазылған.
Your browser doesn’t support HTML5
Сыртқы істер министрлігі Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың Қазақстанға бара алмай қалуына "Қытайдың көші-қон заңнамасын бұзу фактілері басты кедергі" екенін және Қазақстанның Қытайдың ішкі саяси мәселелеріне араласа алмайтынын ескерткен.
Бейресми есеп бойынша Қытайда екі миллионға жуық этникалық қазақ тұрады. 2017 жылы Қытайда этникалық азшылықтарға қысым көрсетіліп, ел ішінде "саяси лагерь" аталып кеткен жаппай қамау орындары пайда болған. Түрлі себептермен Қытайға жолаушылап барған этникалық қазақтар кері қайта алмай, отбасылары екіге бөлініп қалған болатын. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттыққа жолдаған жазбаша жауабында Шыңжаңдағы қамау орындарын "кәсіптік оқыту орталықтары" деп сипаттап, мұндай мекемелерде нақты қанша қазақ бар екені белгісіз екенін хабарлады.