Пекин авторитар жүйесін шетелге экспорттап жатыр ма деген пікірталас жалғасып келе жатқанына ондаған жылдың жүзі болды. Бұрын зерттелмеген үкімет құжаттарына сүйеніп жасалған жаңа есеп Қытайдың басқа елдерге саяси моделін тарату үшін қандай қарекет жасап отырғанын көрсетті.
Вашингтонда орналасқан Atlantic Council талдау орталығы 13 маусымда жариялаған жаңа есеп Қытай сауда министрлігінің 2021-2022 жылдары желіге жүктелген 1691 құжатына негізделген. Деректер арасында шетелдік өкілетті тұлғаларға арналған тренингтер мен тәжірибе алмасудан тұратын 795 үкімет бағдарламасы бар. Бұл бағдарламалар Шығыс Еуропа, Латын Америкасы, Африка мен Азия (Ғаламдық Оңтүстік) елдері арасында Қытайдың экономикалық және саяси моделі идеяларын таратуды көздейді.
"Бұл сарапшылр арасында айтылып жүрген пікірлерге дәлел бола алады. Енді Қытайдың ішкі жоспарлы құжаттарына сүйеніп, оның мақсатын көрсете аламыз", – дейді есеп авторы, Global China Hub Atlantic Council ғылыми қызметкері Нива Яу.
Қытайдың өкілетті тұлғалары "Пекин авторитар жүйесін басқа елдерге таратып отырған жоқ" деп бірнеше рет мәлімдеген. Бірақ жақында жарияланған үкімет құжаттары Қытайдың Ғаламдық Оңтүстік елдеріне өз моделінің артықшылықтарын түсіндіріп, оларды жедел енгізу үшін жаңа бастамаларды қолға алып жатқанын дәлелдейді.
ҚЫТАЙ МОДЕЛІ
Қытай коммунистік партиясы елді 70 жылдан бері басқарып келеді. Кейінгі он жылда Қытайда бірпартиялы авторитар жүйе мен мемлекеттік капиталистік экономикалық жүйенің арқасында қарқынды экономикалық өсім болды.
Сарапшылар осы жүйені насихаттауды авторитар саяси блок құру мақсатымен байланыстырады. Пекин осы арқылы әлемдік институттар мен Батыстың экономикалық санкциялар салып, адам құқықтарының жайы мен коммерциялық тәжірибесін сынап, Қытайды қалған әлем елдерінен оқшаулау талпынысына қарсы тұрғысы келеді.
Көп құжатта сауда, басқару принциптері, блокчейн және жаңа технологиялар саласында АҚШ-тың навигациялық жүйесі GPS-ке жауап ретінде құрылған BeiDou жүйесін енгізу сияқты оқыту бағдарламалары қамтылған.
Бірақ сауда министрлігінің құзыретіне кірмейтін салалар да бар. Олар Қытайдың көпмиллиардты инфрақұрылымдық жобасы – "Бір жол, бір белдеу" бастамасын жүзеге асыруға көмектесіп, Пекиннің ұлттық топтармен жұмыс, ақпарат құралдарын басқару саясатын насихаттап, шет елдердегі президент кеңесшілерін қытайлық басқару жүйесіне үйретеді.
Бұл бағдарламалар екіжақты келісімдер негізінде немесе тілі ұқсас мемлекеттер тобы мен белгілі бір географиялық өңірді зерттейтін, Қытай басқаратын көпжақты өңірлік ұйымдардың қатысуымен дайындалады.
Көп құжатта жергілікті билік органдарының басшыларына, ректорлар мен "орыстілді мемлекеттердегі" саяси кеңесшілерге арналған оқыту курсы жайлы айтылады. Одан бөлек, Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіретін мемлекеттердің (Қытай, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан) өкілетті тұлғаларына арналған бағдарламалар да бар.
Яу Қытай осындай бағдарламалардың көмегімен Ғаламдық Оңтүстік елдеріне өзінің кейінгі 30 жылдағы жедел экономикалық өсімі – авторитар басқару жүйесінің жемісі деп көрсеткісі келеді.
"Аталған құжаттар Қытайдың экономикадағы ноу-хау шешімдерді ғана емес, елдің дамуы Коммунистік партияның басқару әдістерімен байланысты деген идеяны да таратып отырғанын көрсетеді", – дейді ол.
Бүкіл әлем елдері арасында өкілетті тұлғаларды оқыту және тәжірибе алмасу бағдарламалары бар. Бірақ Қытай өз бағдарламаларында ақпарат құралдары қызметін реттеу, құқықтық мәселелер мен интернетті бақылауға келгенде демократияға қайшы әдістер ұсынады.
Мемлекеттік қызметкерлерге арналған бағдарламалар барлау деректерін жинаумен айналысады. Мәселен, бағдарлама қатысушылары шетелдегі тағылымдамасын толық сипаттап, есеп өткізуі керек. Яу Пекин осылай шет елдердің өкілетті тұлғалары туралы ақпарат жинап, олардың Қытай саясатына көзқарасын бағалайды дейді.
"[Қытай тарабы] осыған қарап, бағдарлама қатысушысының өз елі мен Қытайдың әріптестігіне қаншалық үлес қоса алатынын тексереді", – дейді ол.
Қытайдың шет елдермен байланыс және оқыту бағдарламалары ондаған жылдан бері бар. Бұған Қытай коммунистік партиясы орталық комитетінің халықаралық байланыстар департаменті жауап береді.
Департамент бұрын бірпартиялы басқару жүйесі бар немесе коммунистік құрылымы ұқсас елдермен байланыс орнатумен айналысқан. Кейінгі жылдары бұл мекеменің қызметі кеңейіп, саяси партияның сипатына қарамастан, барлық елмен тәжірибе алмасу бағдарламаларын ұйымдастыратын болған. Жақында Қытай Қазақстан және Сербияның өкілетті тұлғаларымен осындай кездесулер өткізді.
Есепте Қытай үкіметінің басқа ведомстволары да осыған ұқсас тәжірибе алмасу бағдарламаларын бастағаны айтылады. Яу зерттеуіне сәйкес, кейінгі үш жылда сауда министрлігінен бөлек, кемі 10 министрлік пен ведомство басқа мемлекеттердің шенеуніктерін оқытуды қолға алған.
Яу қолда бар зерттеу деректеріне сүйеніп, Пекин шетелге саяси моделін экспорттағысы келеді деп түйген.
"Ресми құжаттардан Пекиннің көздеген мақсатын айқын көруге болады. Әзірге салдары байқала қоймас, бірақ 2010 жылдан бері мұндай бағдарламалар күрт көбейді. Ғаламдық Оңтүстік елдерінен мыңдаған шенеунік Қытайдың оқыту бағдарламаларынан өтті", – дейді Яу.