Қытай қазақтарының сайтына шолу

Қытай қазақтарының "Ақорда" сайтының скрин-шоты.

Осы аптада қытай қазақтарының «ahorda.com», «bozbala.com» және «azamattar.com» сайттарына шолу жасаған едік.


КЕЛЕСІ ЕЛБАСЫ

Қытайдың yaou.cn сайтына сілтеме жасаған azamattar.com сайтының оқырманы «Қазақстанның болашақ елбасына таласу қаупі барын және бұл қазақ еліне үлкен қауіп әкеледі» деген пікір төңірегінде ой өрбітеді.

– Қазіргі елбасы қартайды. Қазақстанның орташа өмір сүру жасы - 69. Нұрсұлтан болса 72-ге келді. Оның үстіне Қазақстанның жағрафиялық жағдайы өте күрделі. Ұлттың саны 130. Келешекте елбасы құқығына таласу өте ауыр. Бұл Орта Азия мен бүткіл ортаға кесірін тигізуі мүмкін, - деп жазады сайт оқырманы.


"ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛТАСЫНА ҚАРАЙ МА ЕКЕН?"

bozbala.com сайты биылғы ақпан айының соңы мен наурыз айының бас кезінде Үрімжіде наурыз мерекесіне орай «Астанадан ақ сәлем» атты ақындар айтысы болатынын хабарлапты. «Айтысқа Қазақстанннан Аманжол Әлтаев, Сара Тоқтамысова және марқұм Оразалы Досбосыновтың шәкірті Болатбек Оразбаевтың» келетіні айтылған.

Ал осы хабарландыруға орай «Алтын жұлдыз компьютер» қызмет өтеу орталығынан» деген атпен жазған қолданушы тосын пікір білдіріпті.

– Сол кісілерді қол қусырып қарсы алып қонақ қылсақ деген ниеттеміз. Әйтседе қанжығасына байлар қоржынымыз қалай болмақ. Ол кісілердің бұйымтайлары қаншалық екен. Халықтың қалтасына қарай ма, мерекесіне балай ма, білсек екен, - деп жазыпты оқырман.


ПАСПОРТ АЛУДЫҢ МАШАҚАТЫ

ahorda.com сайтының пікір алаңына кеп түскен жазбалардың бірінде сайт оқырманы Қазақстанға барып ел көріп, жер көріп келуге ниеті барып айтып, паспорт жасатуға байланысты кеңес сұрапты.

«Паспорт графикасын берген жер ауылдық діни істер бөлімінен қағаз немесе графиканы толтырып, таңба бастырып кел деген. Таңба бастырайын деп ауылдық әкімдікке барсам алдын ала ауылдық діни істер бөліміне кепілдік сомасы ретінде 5 мың юань төле дейді. Мұндай заң бар ма, әлде өздері қолдан жасап алған заң ба? Ақылдарыңызды айтыңыздаршы!» деп жазыпты оқырман.

Осы жазбаға қатысты пікірлердің барлығы «бере көрмеңіз, ондай заң жоқ немесе бұл жергілікті жемқорлардың өзі шығарған заңы» деген мазмұнда жауап берген.

– Біз жақта пенсиядағылар мен әкімдік қызметте істемейтіндер ауылдық діни істер мекемесіне барып, паспорт граффасын алады да, өзіне қарасты қыстақтың таңбасын бастырады. Әрі өкімет кадрі мен бір адамды өзіне кепіл қылады да, сол адамның қызмет орнының таңбасын кепіл қылушы деген орынға бастырады, – деп тәптіштеп баяндаған.

Сонымен бірге ол сауал қоюшыға «діни істер мекемесінің граффасын толтырудың да, ақша төлеудің де қажетілігі жоқ екенін» айтып, «мүмкін, ары қарай қажыға бармауыма кепіл болатын бір адам табайын деп айтып көріңіз» деген ақыл қосыпты.