Санкциядан пайда көріп жатқан жаңа дүкен

«СНГ Маркет» дүкенінің директоры Дмитрий Пучкин (сол жақта) туысымен бірге супермаркеттің ашылуында тұр. Мәскеу, 12 қыркүйек 2014 жыл.

Мәскеудегі «СНГ» азық-түлік дүкені Ресей мен бұрынғы совет елдерінің тауарларын сатады. Ресейге салынған санкция мен елде патриоттық сезім күшейген шақта дүкен өз ұпайын түгендеп алды.

САНКЦИЯ МЕН ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМ

Батыстан импортталған жеңсік тағам түрлерімен сөрелерін толтырған Мәскеудегі ондаған жоғары санатты супермаркеттер Кремль өткен айда азық-түлікті импорттауға тыйым салғанда абдырап қалды.

Бірақ осы тыйымнан мәскеулік дүкендердің бәрі бірдей жапа шекті деуге келмейді. Ресей астанасындағы жаңадан ашылған бір супермаркет оны амалдаудың әдісін тапқан тәрізді.

Ресей мен бұрынғы советтік елдерден жеміс-жидек, ет, кондитерлік және сүт өнімдерін әкеп сататын «СНГ» (ТМД) супермаркеті осы айдың басында Мәскеудің сәулетті ауданында ашылған. Дүкен иелері санкциядан соң елді кернеген патриоттық сезім мен советтік кезеңді аңсаудың жемісін жеуден үмітті.

«СНГ маркет» дүкені маңдайшасындағы жазу. Мәскеу, 11 қыркүйек 2014 жыл.

Дүкен Ресей жетекшілік ететін Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) елдерінде (бұрынғы советтік республикалардың көбін қамтитын саяси одақ) өндірілген тауарлардың өзіне ұнағанын таңдап сатады.

АҚШ, Австралия, Канада мен Еуропа Одағының 28 елінен импортталатын тауарды сатуға тыйым салған санкцияның бұл дүкенге еш қатысы жоқ. Дүкен директорының айтуынша, «СНГ» тұтынушылары Ресей мен бұрынғы советтік елдерден келген тауарларды алу арқылы патриоттық сезімге бөленеді. «Санкцияның бізге тиімді екені айдан анық» дейді ашылғанына бір апта болған дүкен қожайыны 20 жастағы Дмитрий Пучкин.

Оның отбасы дүкен ашуды бір жыл бұрын, Украина дағдарысы басталып, Мәскеу мен батыстың қарым-қатынасы нашарлағанға дейін жоспарлаған еді. «Дүкенді ашуымыз санкциямен дөп келді. Бірақ жұртқа дүкеніміз ұнайды. Олар оны Ресей саясатымен байланыстырады, алушыларымыз риза, өздерін бақытты сезінеді» дейді Пучкин.

«ТАЯУ ШЕТЕЛГЕ ҮМІТ АРТПАУ КЕРЕК»

Дүкеннің үлкен залындағы ақ қабырғаның жоғарғы тұсына қою қызғылт түспен Ресей, Белоруссия, Армения сияқты елдердің атаулары жазылған. Қырғызстан сияқты бұрынғы совет елдерінен келген мигранттар жұмыс істейтін дүкенде өзбектің тәтті тағам түрлерін, белорустардың сүт өнімдері мен шошқа еті, дағыстандық қой еті, Ресейдің қаратопырақты аймағы – Воронежден келген сиыр еті сияқты өнімдер бар.

«СНГ Маркет» дүкеніндегі өзбекстандық өнімдер. Мәскеу, 12 қыркүйек 2014 жыл.

Пучкин дүкеннің қазіргі беталысына риза. «Жарнама жасауды әлі бастаған да жоқпыз, бірақ дүкен жақсы жұмыс істей бастады. Көптеген адамдар бұл дүкен туралы әлі білмейді. Сөрелерді әлі толтырып жатырмыз» дейді ол.

Бұрынғы мемлекеттік қызметкер Валентин белорус шұжығы мен бір қорап темекі сатып алу үшін осында келді. Ол «СНГ» дүкені үйге қайтар жолдың бойында тұрғаны өзіне қолайлы екенін айтады. Мәскеуде тұратын 67 жастағы Тверь тумасы дүкенді «патриоттық еңбегі» үшін мақтап, «азық-түліктердің сапасы жақсы, әсіресе белоруссиялық өнімдер тамаша» дейді.

Бұрын экономист болған зейнеткер Ирина да азық-түліктердің сапасын жоғары бағалайды. Бірақ ол дүкен «таяу шетелден» (ресейліктер бұрынғы советтік көршілерін жалпақ тілде солай атайды) емес, «таза отандық өнімді сатса тіпті жақсы болар еді» деген пікір айтты. «Алдын ала бәрін жоспарлап отыруға тиіспіз, басқа біреуден ештеңе күтпеу керек» дейді ол.

ПУЧКИННІҢ ЖОСПАРЫ

«СНГ» сауда үйі Ресей мен батыс арасындағы «қырғи-қабақтықты» мәскеулік тұтынушылардың қалай қабылдағанын көрсетеді. Дүкеннен сәл қашықта Мәскеуде 1990 жылдары қайта құру кезінде ашылған McDonalds тұр, өткен айда билік оны жапқызып тастаған. Жедел ас әзірлеу орталығы 21-тамыз күні «санитарлық тәртіпті бұзды» деген желеумен жабылған.

Пушкин алаңындағы «Макдональдс» мейрамханасы. Мәскеу, маусым, 1993 жыл.

Бірақ басқалар оның саяси астары бар деп санайды. Жабылған McDonalds қасында Александр Конасовтың киім-кешек сататын дүкені бар. Онда Ресей президенті Владимир Путиннің суреті салынған, «Қырым біздікі» сияқты жазулары бар киімдер сатылады.

«СНГ» дүкеніне Ресейдегі «сауда соғысы» мүлдем әсер етпейді деуге келмейді. Дүкен бұрын украиналық «Рошен» шоколадтарын сатқан еді. Украина президенті Петр Порошенкоға тиесілі «Рошен» тәттілеріне биыл жыл басында Ресей тыйым салды. Пучкин бұл тыйымның украиналық сүт өнімдеріне де салынғанын айтты. Бірақ ол алған бетінен қайтар емес. «Батыл жоспарымыз бар. Енді дүкен желілерін ашамыз, сондай мақсат қойдық» дейді ол.

Томас Балмфордтың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.