Ресейге қатысы бар фирма Трамп адвокатын неге жалдаған?

Ресейлік миллиардер Виктор Вексельберг.

АҚШ Президент Дональд Трамптың адвокатын жалдаған Нью-Йорктегі инвестициялық фирма жақында АҚШ санкцияларына іліккен Ресей миллиардері Виктор Вексельбергке қолғабыс жасамағанын айтады.

Нью-Йоркте орналасқан Columbus Nova инвестициялық фирмасы саяси мақсаттарға ақша салғаны, АҚШ санкцияларына іліккен ресейлік миллиардермен байланыста болғаны және видео ойындар нарығына кіргені үшін ақпарат құралдары мен қоғамның ерекше назарына ілінген.

БАҚ ақпаратына сенсек, бұл фирмаға Ресейдің Америкадағы саясатқа ықтимал араласуын және президент Дональд Трамптың серіктері мен Ресей арасындағы ықтимал байланысын тергеп жатқан АҚШ арнайы прокуроры Роберт Мюллер де назар аударған. CNN телеарнасы мен New York Times газеті Мюллердің сәуірде АҚШ санкциясына іліккен ресейлік миллиардер Виктор Вексельбергті және оның туысы, Columbus Nova компаниясының атқарушы директоры Эндрю Интрейтерден жауап алғанын хабарлаған.

Columbus Nova компаниясы өткен айда АҚШ Федералдық тергеу бюросы (FBI) кеңселеріне тінту жүргізген Трамптың адвокаты Майкл Коэнді бұрынырақта жұмысқа алғандарын мойындады. Трамптың өзі бұл тінтуді сынға алып, Мюллердің Ресейге қатысты тергеуін "тырнақ астынан кір іздеу" деп атаған.

Компания президент Трампты сотқа берген порноактрисаның адвокаты мамырдың 8-і күні Columbus Nova фирмасының былтыр Коэннің бақылауындағы саналатын бір мекемеге 500 мың долларға жуық ақша жібергені туралы құжаттар жариялағаннан кейін мәлімдеме таратқан.

Columbus Nova фирмасы, оның Ресеймен және Вексельбергпен байланысы туралы не білеміз?

БИЗНЕС-КОНСУЛЬТАНТ

Columbus Nova мәлімдемесінде Коэнді "ықтимал капитал көздерін іздеу және жылжымайтын мүлік пен басқа салаларда инвестиция тарту бойынша бизнес-консультант ретінде жұмысқа алғандарын" айтқан. Бірақ, оған қанша ақша төлегені туралы мәлімет бермеген. Фирма сәуірде АҚШ санкцияларына іліккен Виктор Вексельбергтің Columbus Nova компаниясын "Майкл Коэнге ақша төлейтін канал ретінде пайдаланды" деген айыптауды жоққа шығарған. Компания мәлімдемесінде ешқашан шетелдік мекемеге не азаматқа тиесілі болмағанын және "құрылғалы бергі 20 жылға жуық уақыт ішінде 100 пайыз АҚШ азаматтарының иелігінде келе жатқанын" айтқан.

АҚШ президенті Дональд Трамптың адвокаты Майкл Коэн.

"Виктор Вексельберг те, Columbus Nova компаниясынан тыс басқа ешбір адам да Коэнді жұмысқа алу туралы шешім қабылдауға қатысқан жоқ, оның келуін қаржыландырған да жоқ", – делінген мәлімдемеде. Бұған қоса "Columbus Nova бұрын да ешқашан шетелдік мекемеге не адамға (соның ішінде Вексельбергке, оған қарасты Renova Group-қа – ред.) тиесілі болмаған, қазір де тиесілі емес", - дейді фирма өкілдері.

ВЕКСЕЛЬБЕРГТІҢ ӘРІПТЕСІ

Веб-сайтындағы мәліметтер мен АҚШ нормативтік құжаттары бойынша, бас кеңсесі Нью-Йоркте орналасқан Columbus Nova – 2000 жылы құрылған жекеменшік фирма. 2016 жылғы желтоқсанда бұл фирма құны 15 миллиард доллардан асатын активтерді басқарып отырғанын мәлімдеген.

Сонымен бірге бұл фирманың сәуірде АҚШ санкциясына іліккен Renova Group компаниялар тобымен тығыз байланысы бар. Columbus Nova "алғашында Renova U.S. Management деген атпен құрылған бұл мекеме біздің ең ірі клиентіміз болған" дейді. Renova Group сайтын ашпақ болсаңыз "сайт қайта жасалып жатқаны" туралы жазу шығады. Алайда, бұған дейін осы сайтта Columbus Nova фирмасы Renova корпоративтік құрылымына кіретіні көрсетілген болатын.

АҚШ-тың Құнды қағаздар және биржалар жөніндегі коммиссиясының (SEC) 2007 жылғы құжаттарында Columbus Nova фирмасы "Ресейдің металлургия, мұнай, машина жасау, тау-кен, химия, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық және қаржы салаларына инвестиция салумен айналысатын стратегиялық мекемесі – Renova компаниялар тобының АҚШ-тағы серіктесі" деп сипатталған.

ВЕКСЕЛЬБЕРГТІҢ "ТУЫСЫ"

Дәл осы SEC құжаттарында АҚШ азаматы Эндрю Интрейтерді Вексельбергтің "немере бауыры" деп атайды.

9 мамырда Columbus Nova сайтында Интрейтерді "Renova Group-тың бұрынғы директоры және қазіргі атқару кеңесінің мүшесі" деп таныстырады. Сол күні түс ауа әлгі сайтта Интрейтердің өмірбаянына қатысты деректер ашылмай қалды. Дегенмен, архивтегі нұсқасы әлі де ашылып тұр.

Эндрю Интрейтер, сондай-ақ, 2014 жылға дейін Мәскеуде орналасқан, Renova-ға тиесілі Akado Group телекоммуникация компаниясының бақылаушылар кеңесінде қызмет атқарған. Columbus Nova фирмасының Коэнмен бизнестегі серіктестігіне қатысты сұхбат беруін сұрап электронды поштамен жазған хатымызға Интрейтердің өзі әлі жауап берген жоқ.

ТРАМП ИНАУГУРАЦИЯСЫНА КӨМЕК АҚША

АҚШ Федералдық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, Эндрю Интрейтер президент Дональд Трамптың инаугурация комитетіне 250 мың доллар көмек қаржы берген. Осы дереккөздің мәліметінше, сайлау науқаны кезінде ол Трамптың ақша жинау комитетіне 35 мың доллар қосқан. 2013 жылғы SEC құжаттарында Эндрю Интрейтер "Renova US Management LLC қызметкері" және/әрі "Columbus Nova Technology Partners-тің бизнес серіктесі" деп сипатталады.

Сонымен бірге, саяси кампанияларға бөлінген ақшаның шыққан көзін анықтаумен айналысатын "Жауапты саясат орталығы" ақпаратында Интрейтердің 2017 жылғы маусымда АҚШ Республикалық партиясы ұлттық комитетіне 29600 доллар көмек бергені айтылған.

New York Times басылымы мен CNN телеарнасы Мюллердің тергеу тобы Вексельбергтен де, Интрейтерден де жауап алды деген ақпарат таратты. Бірақ олар қайсыбір заңды бұзған деген күдікке ілінгені туралы дерек жоқ. АҚШ заңы тек өз азаматтарының және елде заңды түрде тұрақты тұрып жатқан адамдардың президенттің инаугурациялық комитетіне ақша бөлуіне рұқсат береді.

GAWKER БОЙЫНША МӘМІЛЕ

2016 жылғы қаңтарда Columbus Nova Америкадағы Gawker жаңалықтар интернет-таблоиды акцияларының біраз үлесін сатып алды деген ақпарат шыққан болатын. Ол кезде кәсіпқой балуан Халк Хоган таблоидты сотқа беріп, одан 100 миллион доллар талап етіп жатқан.

Мәміленің жай-жапсары жарияланған жоқ, бірақ Columbus Nova атқарушы директоры Джейсон Эпштейн Gawker басылымын "ерекше актив" деп атап, оның миноритарлық акцияларын сатып алу "құрметіне ие болғанын" мақтанышпен айтқан. Ақыр соңында Gawker сотта жеңіліп, оны испантілді Univision телеарнасы сатып алды. Содан бері Gawker вебсайты жабық тұр.

ВИДЕООЙЫН ӘЛЕМІ

Columbus Nova фирмасының Виктор Вексельбергпен және Renova-мен байланысы видеоойын әлемін де біраз шулатты. Сол кезде жарияланған баспасөз хабарламасына сәйкес, инвестициялық фирма 2015 жылы видеоойын жасайтын Sony Online Entertainment компаниясын сатып алып, оған DayBreak Games деген жаңа атау беріп, ребрендинг жасаған. Джейсон Эпштейн мұны Columbus Nova фирмасының "технология, медиа және ойын-сауық саласындағы портфеліне қосылған "тамаша үлес" деп атаған.

Алайда, өткен айда АҚШ Қаржы министрлігі Виктор Вексельберг пен Ресейдің өзге де кәсіпкерлеріне, ресми шенеуніктері мен заңды тұлғаларына қарсы санкция енгізгеннен бері DayBreak Games Columbus Nova фирмасынан іргесін аулақ сала бастады.

Ars Technica технология жаңалықтары сайты Daybreak Games-тің аты-жөнін атамаған бір өкіліне сілтеме жасап, бұл мекемені Columbus Nova емес, толығымен Эпштейннің иелігіндегі бір фирманың сатып алғанын хабарлады.

Жаңалықтарға қарағанда, былтыр Columbus Nova мен Эпштейннің жолы екіге айырылған. DayBreak Games вебсайтында, 2015 жылдың ақпанынан бастап "ең әуелі Эпштейнге қарайтыны" туралы мәлімдеген.

Ars Technica сайтының хабарлауынша, "Daybreakpr" деген атпен тіркелген қолданушы Wikipedia-дағы Daybreak Games туралы мәліметті редакциялап, бұл фирманың "Columbus Nova компаниясымен байланысы жоқ" деп жазбақ болған. Дәл сол мәтін редакцияланған күні – сәуірдің 6-сында АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкцияларын жариялады.

Сонымен бірге, Ars Technica сайты Daybreak сайтының жеке құпия ережелері бетінде Columbus Nova туралы айтылатынын байқап қалған. Ал Daybreak-тың бұрынғы президенті 2015 жылы берген сұхбатында видеоойын шығаратын компанияның "Columbus Nova сынды инвестор тауып, бағы жанғанын" айтқан.

(Карл Шректің мақаласы ағылшыннан аударылды.)