Сарапшылар: Covid-тен өлімнің көбеюіне дельта штамм және вакциналаудың баяулығы әсер етті

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалы директорының орынбасары Манар Смағұлдың айтуынша, елде өлім-жітімнің артуына коронавирустың дельта вариантының көп таралуы себеп. Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Азаттық сауалына жауап берген сарапшы:

– Коронавирустың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "алаңдаушылық тудырады" деп атаған түрлері адамнан адамға тез жұғатынымен ғана емес, науқастың оны ауыр өткеруімен де байланысты... Былтырғы және биылғы статистиканы салыстырсаңыз, тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жаңа мутациямен байланысты өлім-жітімнің көбейгенін байқайсыз, – деді сарапшы.

Коронавируспен ауырғандарды емдеуге арналған клиникалық хаттаманы әзірлейтін арнайы топ құрамына кіретін Манар Смағұлдың айтуынша, елдегі Covid-тен емдеу шаралары "халықаралық деңгейге сәйкес келеді". Яғни, емдеу шаралары өлімнің артуына себеп болып отырған жоқ.

Вирусолог Алмаз Шарман Қазақстанда коронавирустан көз жұматындардың артуына басты себеп – вакцина салу қарқынының баяулығы дейді.

– Бірінші себеп – Қазақстан халқының 80 пайызы вакцина алған жоқ, бұл – вирустың көбейіп, дамуына, мутациялануына жағдай жасайтын ыңғайлы, тіпті идеалды орта. Мұндай ортаға дельта сияқты өте агрессивті, жұқпалы дельта вариант келсе, жағдай анағұрлым нашарлайды. Дельта варианты Қазақстанға келгенде, вакциналау деңгейі төмен болғандықтан, "жұғудың жаңа кезеңі басталады, індет шарықтау шегіне жеткеннен бір-екі апта өткен соң өлім көрсеткіші де шарықтау шегіне жетеді" деп болжанған, – дейді Шарман.

– Ауру жұқтырған адам көбейіп, оларды ауруханаға жатқызу керек болғанда, әрине, бұл денсаулық сақтау саласына үлкен салмақ түсіреді. Науқас ағылып келіп жатқанда дәрігерлерге жұмыс істеу өте қиын. Жүктеменің артуы да өлімнің көбеюіне алып келеді, – деді Азаттық сауалына жауап берген вирусолог.

Баспасөз жиынына қатысқан дәрігерлер мен сарапшылар вирустан қорғанудың жалғыз жолы – екпе дейді. Олар тұрғындарға коронавирусқа қарсы екпе салдыруда белсенді болуды сұрады. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда екпенің екі дозасын 4 млн адам, ал бір дозасын 5,5 млн адам салдырған.

2 тамызда Қазақстанда 149 адам коронавирустан қайтыс болды. Індет басталғалы бері бір күнде осынша көп адам өлімі тіркелмеген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 125 адам – коронавирустан, 24 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Цой: Қазақстан коронавирус бойынша оптимистік сценариймен келе жатырМіндетті вакциналауға кім және не үшін қарсы?Қазақстан өңірлері түгел "қызыл аймаққа" өтті