– Қазір көбі COVID-19 вирусы басқа вирустарға мүлде ұқсамайды дейді. Рас па?
– Күтпеген көрініске куә болдық дей алмаймын, жаңа вирус жануардан адамға жұғатын кәдімгі зоонозды инфекцияға ұқсайды. Әр вирус өзін әртүрлі ұстайды, жаңа коронавирус енді ғана пайда болғандықтан, ол туралы ғылыми мәлімет аз. Әзірге жаңа вирустың адам популяциясына қалай әсер ететінін бақылап отырмыз.
Вирустың таралуын ғылыми тұрғыдан зерттесек, тапқан мәліметіміздің адам популяциясына түскен кез келген коронавирустан күтілетін әсерден еш айырмашылығы жоғын көреміз. Бірақ әлі де тосынсыйлар болуы мүмкін. COVID-19 вирусын жұқтырғандар бір миллионнан асқанымен, жер бетіндегі 7 миллиард адамға шаққанда көп емес. Кейбір ірі мемлекеттерге әлі вирус қаупі төнген жоқ.
Қазір «карантин шараларынан пайда бар ма?» деген тақырыпта талас көп. Карантиннің көмегімен вирустың таралуын тежеген Германияда кейбір эпидемиолог дәрігер адамның өмір салтын бұзатын қатаң шаралардың қажеті жоқ шығар деген пікір айтып жүр. Мен неміс дәрігерлерінің осындай сұхбатын көргенде Үндістан туралы ойланамын. Ол жақта Еуропа мемлекеттеріндегідей эпидемия тіркелсе, жағдай мүлде басқаша болады. Үндістан – халық өте тығыз қоныстанған, денсаулық сақтау жүйесін былай қойғанда, қарапайым сауаты төмен мемлекет. Ол жақта эпидемия басқаша сипат алып, вирустың адамдарға әсері мүлде бөлек болуы мүмкін.
– Бірақ Үндістанда вирус бар ғой.
– Иә, әзірге Үндістан вирустың кең таралуына жол бермей отыр. Мүмкін біз білмейтін әдістері бар шығар. Бірақ эпидемия үнемі бір сценарий бойынша дамиды: әуелі вирус жұқтырғандар геометриялық прогрессиямен өседі (10, 20, 40…). Науқас көбейген сайын, күнде тіркелетін ауру фактісі де арта береді. Вирустың таралу тізбегін бұзбаса, халық саны көп, санитарлық жағдай сақталмаған жерлерде жағдай күрт ушығуы мүмкін. Әлемдегі жағдайды оған жеткізбеспіз деп үміттенемін.
– Бастапқыда бәрі неге вирус тек қарт адамдарға қауіпті деп ойлады? Қазір статистика орта жастағы және одан жас адамдар да коронавирус инфекциясымен ауыратынын, кейбірінің халі нашарлап, өлуі мүмкін екенін көрсетіп отыр.
– Биологиядағы барлық ереженің бір ерекшелігі болады. Шын мәнінде, осы уақытқа дейін жаңа коронавирус жұқтырған екі сәби көз жұмды. Бірақ екі сәбидің өлімін әлемдегі 50 мың адамның өліміне шаққанда, мұның үлкен көрсеткіш емес екенін түсінуге болады. Науқастың тағы қандай ауруы болғанын қарау керек. Ақпарат құралдары бізге науқастың ауру тарихын көрсетпейді ғой. Қайтыс болғандардың көбі созылмалы аурулармен ауырғаны, денсаулығы нашар болғаны белгілі. Өзім осындай бірнеше жағдайды байқадым. Мәселен, Испаниядағы жасөспірімдер футбол командасының 21 жастағы жаттықтырушысы қайтыс болғанда, бәрі қорықты. Бірақ ақпарат көздерін қарасақ, оның лейкемиямен ауырғанын көреміз. Иә, сырқат ремиссия кезеңіне өткен, науқастың жағдайы жақсы болған. Бірақ иммундық жүйе бұзылған, сондықтан жас жаттықтырушы аурудан қайтыс болуы мүмкін деген адамдар тобына кірген.
– Ғалымдар, бір жағынан, COVID-19 вирусын жұқтырғандардың төрттен бірінде ауру белгілері болмайтынын, екінші жағынан, науқас сырқатынан айыққаннан кейін де екі апта бойы айналасындағы адамдарға қауіп төндіруі мүмкін екенін айтады. Сонда бұл вирустан сақтану қиын болғаны ғой?
– Иә, вирус таратқан көп адамның аты-жөні сол күйі анықталмағанын білеміз. Қытайдың өзінде науқастар ресми мәліметтен әлдеқайда көп. Ауру белгісі байқалмаған адамды ешкім тексермейді, олар өздері де дәрігерге қаралмайды. Ал науқас сырқатынан айыққаннан кейін де екі апта бойы айналасындағы адамдарға қауіп төндіруі мүмкін дегенге соншалық сенімді болмас едім: бұл туралы әңгіме көп, бірақ дәлел жоқ. Бұл тұжырымның рас-өтірігін анықтау үшін, вирус аурудан айыққан адамның ағзасында екі аптадан көп уақыт сақталатынын дәлелдеу керек. Мүмкін, бұл вирусты анықтауда жіберілген қателік шығар? Әзірге бүкіл әлемнің жаңа коронавирусты анықтау әдістерінде кемшілік бар. Тест жүйесін дайындайтын мемлекеттердің ешбірі әзірге мінсіз әдістеме жасап шығарған жоқ.
Негізінен вирустың ағзада болуына қарағанда, оның сол жерде көбеюі әлдеқайда маңызды. Вирус көбейген кезде қауіпті. Өйткені вирус бөлшектері көбейгенде, ағзадан бөлініп, басқаларға тарайды. Иә, ауруынан жазылған адамның ағзасында да инфекция іздері қалып, вирус бөлшектерінің қалдықтары бөлінуі мүмкін. Бірақ мұндай мөлшердегі вирус қауіпті емес. Бұл тақырыпты жақсылап зерттеу керек, сонда нақты ақпарат алуға болады. Бірақ әзірге оған уақыт та, мүмкіндік те жоқ.
– Неге адамдар ауруды әртүрлі өткереді? Бұған науқастың басқа ауруларынан бөлек, генетикалық ерекшелігі де әсер етеді деген жорамал бар.
– Адамдар тұмауды да әртүрлі өткереді. Біреу тез жазылады, енді біреудің ыстығы көтеріліп, ұзақ емделеді. Әркімнің иммунитеті ауруға әртүрлі реакция білдіреді. Біреудің иммунитеті әлсіз, енді біреудікі тым сезімтал. Сезімтал иммунитет кейбір қоздырғышқа әдеттегіден күшті реакция білдіріп, біз иммундық жүйеміздің ауруға «жауабын» ауыр өткереміз. Осы тұста аллергиялық реакцияны мысалға келтіруге болады. Иммунитеттің аллергияға реакциясы, аллергия қоздырғыштарының ағзаға әсерінен де қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан иммундық жүйеде тепе-теңдік сақталуы керек: иммунитеттің ауруға тым әлсіз «жауап» беруі де, тым қатты реакция білдіруі де жаман.
Адамдардың генотиптері әртүрлі екенін білеміз. Демек ағзаның физиологиялық механизмдері де бір-біріне ұқсамайды. Бір адамның генотипі екінші адаммен салыстырғанда ауру қоздырғышына қарсы жақсырақ күресуі мүмкін. Бұл құбылыс бұрын да байқалған. Мәселен, оба эпидемиясынан елдегі халықтың 70% пайызы опат болғанда, қалған 30% адам аурудан айығып немесе мүлде вирус жұқтырмай тірі қалды. Өйткені олардың генотиптерінде ауруға табиғи қарсы тұру қабілеті болды. Бұл модель ауру қоздырғыштарының барлық түріне қатысты қолданылады. COVID-19 вирусы да адамдарға генотипіне байланысты әртүрлі әсер етеді. Мәселен, Италияда Кореямен салыстырғанда вирусқа әлдеқайда сезімтал генотип басым болуы мүмкін. Бірақ әзірге мұны ешкім салыстырып көрген жоқ, бұл – үлкен зерттеуді қажет ететін жұмыс. Оның үстіне әлем елдерінде вирустың әртүрлі штамдары шығып жатыр. Әуелі эпидемия өршіп, вирустан қайтыс болғандар күрт көбейген Қытайдан жабайы штамм табылды. Кейін басқа мемлекеттерде қайталанған эпидемияның өзіндік ерекшелігі болды. Италияға Қытайдағы штамм, ал Германияға одан әлдеқайда жеңіл басқа штамм түскен болуы мүмкін. Бірақ бұл тақырыпта дәлелді сөйлеу үшін, зерттеулер жүргізіліп, бәрі есепке алынғанын күту керек.
Your browser doesn’t support HTML5
– 2002 жылы SARS коронавирусынан туған пневмониямен ауырған Азия елдері қазіргі вирусты жеңіл өткеріп жатыр деген пікірлер айтылып жүр. Сіз бұған не дейсіз?
– Жоқ, бұл алып-қашпа әңгіме деп ойлаймын. SARS вирусы қазіргі коронавируспен бір топқа жатқанымен, оның салдары әлдеқайда ауыр болды. Науқастардың 10%-ы өліп, ауру белгісі байқалмайтын жағдайлар мүлде тіркелген жоқ. Қатаң карантин шараларының арқасында ғана вирустың таралуы тоқтады. Ол кезде әлем қауіпті вирусқа бірден назар аударып, жаңа ауру пайда болғанын дер кезінде түсініп, атипті пневмония белгісі байқалған адамдардың бәрін оқшаулап, емдей бастады. Олармен байланыста болғандарды да оқшаулаған болуы керек. Атипті пневмония кезінде ауру белгісі байқалмайтын жағдайлар кездеспегендіктен, науқастардың бәрін оқшаулауға мүмкіндік туды. Қазір ол вирус кездеспейді, ол қайта өршіген жоқ. Ол кезде жаппай вирус жұғу оқиғасы болмағандықтан, атипті пневмония вирусы қазіргі COVID-19 вирусын жеңіл өткеруге әсер етті деуге болмайды.
– Яғни жұрттың бәрінде иммунитет пайда болған жоқ қой?
– Жоқ, пайда болған жоқ.
– Науқастардың үштен бірінде иіс сезу және дәм сезу қабілеті жоғалатыны белгілі. Осыған байланысты вирус жүйке жүйесіне әсер етеді екен деген гипотеза пайда болды. Бұл туралы не ойлайсыз?
– Бұл – жақсы сұрақ, бірақ мен жауабын білмеймін. Шын мәнінде, иіс сезу мен дәм сезу қабілетінің жоғалуын ауру белгілерінің ресми тізіміне қосты. Бірақ бұл қасиеттердің жоғалуына не әсер ететінін тексеру керек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Covid-19 ас ішкенде жұға ма? Жұртты мазалаған 10 сауалға жауап– Тағы бір жайтты анықтап алсақ, қазір вирустың біреудің зертханасында пайда болғаны туралы конспирологиялық теория бұрынғыдан аз айтыла бастағанымен, бұл ойды жақтаушылар әлі де бар. Оларға не айтасыз?
– Жоқ, вирус зертханада пайда болмаған. Бірақ мұны бәрібір тексеру керек еді. 2002 жылы SARS коронавирусының, 2012 жылы Сауд Арабиясында тіркелген MERS Таяу шығыс респираторлық синдромының эпидемиясы болған кезде бұл вирустарды «соғыс» мақсатында қолдануға қызығушылық тууы мүмкін екені белгілі болды.
Бірақ сенімді журналдардағы деректерге сенсек, COVID-19 – техногенді, жасанды вирус емес. Біріншіден, COVID-19 вирусының геномы мен РНК-молекулаларының реттілігін басқа коронавирустармен салыстырсақ, бір топқа жататын вирустар арасында көп ұқсастық жоғын көреміз. Ең бастысы, COVID-19 геномында өзімен бір топқа жататын коронавирустардан немесе кез келген басқа вирустан алынған бөлшектер тізбегі жоқ. Бұл оның басқа вирустардың бөлшегінен құрастырылмағанын дәлелдейді. Зертхана жағдайында вирустың геномды РНК-молекулаларын тірі ағзаға түскенде күшіне еніп, көбейіп, адамнан адамға тарайтындай етіп синтездеу мүмкін емес. Мұндай ерекше нұсқаларды тек табиғат ғана шығара алады, өйткені онда не уақыт, не ресурстық шектеулер жоқ. Адам жасанды интеллектің көмегімен миллиард комбинация құрастырып шыға алмайды. Екіншіден, SARS-CoV-2 вирусында болған мутация оның тірі ағзаға жұғу қабілетін арттырған. Яғни, вирус тыныс алу жолдарының жасушаларындағы ақуыздармен байланысқа түсу қасиетіне ие болған. Мутация – үлкен ақуыз молекуласындағы жекелеген амин қышқылдарының ауысуына әкелетін РНК-дағы өзгеріс. Вирусқа адам ағзасындағы ақуыз рецепторларымен жақсы әрекеттесу қасиетін сыйлайтын өзгерістерді қолдан жасау мүмкін емес. Ең күшті компьютердің өзі ұсынған бірнеше нұсқаны тек тәжірибе жүзінде ғана тексеріп көруге болады. Бұл мәселенің шешімін табуға әлемдегі барлық зертхана жұмылса да, бұған өте көп уақыт кетер еді. Яғни, бұл да – тек табиғаттың ғана қолынан келетін дүние.
– COVID-19 тұмау вирусы сияқты тез өзгермейді ғой?
– COVID-19 ешқашан тұмау вирусы сияқты тез өзгеретін қасиетке ие бола алмайды. Олардың геномдары әртүрлі, коронавирус олай өзгермейді.
– Сондықтан бұл вирусты екінші рет жұқтыру қаупі жоқ қой?
– Әзірге бұл туралы мәлімет жоқ. Бірақ шын мәнінде, әрине, бұл вирустар да өзгереді, бірақ бұл процесс әлдеқайда баяу жүреді. Қазірдің өзінде оның италиялық, қытайлық, корейлік деген штамдары көп. Италиялық штамдардың өзі бірнеше топқа бөлінеді: геном тізбегі анықталған барлық вирустың бір-бірінен айырмашылығы болады. Бұл – құрамында РНК-сы бар вирустар үшін қалыпты өзгеру құбылысы. Бірақ бұл процесс кезінде вирус толықтай өзгермейді.
Яғни, біздің ағзамыз бір рет вируспен бетпе-бет келіп, оған қарсы антидене түзілсе, келесі жолы иммундық жүйе осы вирусқа ұқсас басқа қоздырғыштарға кездескенде, оларға қарсы қиындықсыз күресіп үйренеді. Бұл ОРВИ туғызатын вирустардың мысалына ұқсайды. Иммундық жүйеміз сәл өзгеріп тұратын бір тізбектің вирустарын ажырата алады. Яғни, біз тағы да вирус жұқтыруымыз мүмкін, бірақ бұл бұрынғыдай қауіпті болмайды.
– Карантин қашан аяқталатынын шамалап болсын айтуға бола ма?
– Бұл мүмкін емес. Карантин қашан аяқталарын білсек, бәрімізге жеңіл болар еді. Бір жарым ай үйде отырып, көшеге шығар едік. Бірақ ешкім бұл вирус бір жарым айдан кейін немесе жарты жылдан соң жойылады деп дөп басып айта алмайды. Вирус жойылып кетеді деуге еш негіз жоқ. Бірақ уақыт өте келе вирустың салдары азаюы мүмкін. Вирус адаммен неғұрлым ұзақ уақыт әрекетке түскен сайын, ауру белгілері де жеңілдей түседі. Бүкіл әлемде карантин жарияланғанына қарамастан, миллиондаған адам ауыратыны анық. Бірақ ерте ме, кеш пе, екпе дайын болады. Аурудан жазылған адамдардың табиғи иммунитеті мен екпе салынған адамдардың жасанды иммунитеті вирусқа қарсы күресте күш біріктіреді. Салдары ауыр болғанымен, вирустың уайымынан құтыламыз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Смартфонды қалай тазалауға болады?– Онда кейбір адамның карантинге қолын бір сілтеп, «бұл экономикаға ауыр соққы болады, адамдар вирустан емес, кедейліктен өледі» дегені дұрыс шығар?
– Жоқ, менің бұған қатысты пікірім айқын. Экономикаға ауыр соққы боларына талас жоқ. Бірақ әмиян мен өмірдің арасында таңдау тұрса, адамдар әрқашан өмірді таңдайды. Тек содан кейін ғана қалтасын ойлап, көңілі жабырқай бастайды. «Карантин не үшін керек?» дегенге өз жауабым бар. Вирус жұқтырғанымен, ауру белгісі байқалмаған қанша адам барын есептемегеннің өзінде, науқастардың 2% инфекциядан қайтыс болады деп алайық. Демек, үш мың адам ауырса, оның 60-ы қайтыс болады. 300 мың адам ауырса, алты мың адам көз жұмады. 60 пен алты мыңның арасында үлкен айырмашылық бар. Карантинсіз опат болатын мыңдаған адамның өмірі үшін күресіп, үйде отыруға болатын шығар?! Ал қалтаның қамы бүкіл әлемнің мәселесіне айналады, қазір барлық мемлекет бірдей жағдайда отыр.
– Яғни, карантин вирустың күші жойылу үшін қажет уақыт ұтуға керек қой?
– Иә, вирус біз үшін жеңіл формаға өтеді. Ал әзірге ол жаңа, сондықтан адамдарға қатты тиіп жатыр. Қуанышқа орай, өлім пайызы жоғары емес. 20-ғасырдың басында қызылша ауруынан миллиондаған адам өлді. Бұл ауру адамзат тарихын өзгертті, бірақ біз ол туралы ұмытып кеттік. Бір жақсысы, қазір жағдай мүлде басқа. Тағы да қайталаймын: көп адамның бір мезетте ауырмағаны өте маңызды. Өйткені ауыр жағдайда көмек көрсететін ауруханаларда бос орын болмай, көп адамға көмектесе алмауымыз мүмкін.
– Кейбір сарапшы карантин аяқталған соң, вирустың екінші толқыны басталады деген болжам айтып жүр.
– Теориялық тұрғыдан алғанда, бұл дұрыс. «Аурудың екінші толқыны бола ма?», «Ол қаншалықты ауқымды болады?» деген сұрақтардың жауабын өзім де білгім келеді. Ерте ме, кеш пе, карантин бітеді. Үш айдан кейін, бәрі қалыпқа келе бастаса, адамдар үйде отырудан шаршайды. Халық карантинде алты апта отырса, осы уақыт ішінде шетелден келгендерді, олар әкелген вирустың барлық нұсқасын, әсіресе ауыр салдарға әкеп соққан қауіпті түрлерін емдеп шығуға болады. Сонда көбіне ауруды жеңіл өткеретін немесе ауру белгісі мүлде байқалмайтын вирус жұқтырған науқастар ғана қалады. Осылай вирустың мейлінше қаупі аз түрлері жасанды сұрыптаудан өтеді. Бұл туралы эпидемиологтардан сұраған дұрыс. Ал сәуірдің соңына дейін және ары қарай мамырдағы мерекелер кезінде – салдары ауыр вирус түрлерімен жұмыс істеуге уақыт бар.
Your browser doesn’t support HTML5
– Вирусты анықтайтын тестерге қосымша антиденелерді табатын тест шығады деп жатыр. Бұл тестің көмегімен ауру белгісі байқалмай, жазылып шыққан немесе жеңіл формада ауырған науқастарды анықтап, оларды жұмысқа жіберуге болар еді.
– Иә, бұл көмектесер еді. Бірақ мұндай тестер кең қолданысқа түсе ме, жоқ па, ол жағын білмеймін. Олар әрине аурухана мен емханаларға беріледі. Бірақ бұған уақыт керек. Антиденелерді анықтайтын тест нақты нәтиже көрсетіп, қате қорытынды шығармауы керек. Әзірге ондай тестер жоқ.
– Ал жаңа коронавирусқа қарсы екпе шынымен жасала ма? Өйткені бұған күмәнмен қарайтын адамдар да аз емес. СПИД-ке қарсы екпе әлі табылған жоқ қой.
– Адамның иммунотапшылық вирусы басқа, ол тез өзгеріске ұшырайды, иммундық жүйені шатастырып, бұзады. Оның негізгі нысаны – лимфоциттер. Осындай стратегиясының арқасында оған екпе әсер ете алмайды. Коронавирустерде мұндай қасиет жоқ, олар тез өзгере де алмайды. Олар әр жолы жаңа кейіпте шығып, иммундық жүйені «мынау не қылған вирус?» деп таңғалдырмайды. Сондықтан екпе дайын боларына күмәндануға еш негіз жоқ.
– Карантин – жақсы шара, бірақ жалғыз не отбасымен бірге серуендеуге тыйым салу тым асыра сілтеу емес пе? Үйде отыру да иммунитетке зиян емес пе?
– Иә, көшеде біреудің жанынан өту арқылы вирус жұқтырмайсыз. Бірақ ойын алаңына барған баланы ұстап отыру қиын, ал ата-ана серуен кезінде дүкенге кіріп-шығуы мүмкін. Орман мен саябақтарда серуендеуге тыйым салу – халық бәрін жеңіл қабылдап, «табиғатта топтасып серуендеуге болады екен» деп ойламауы үшін жасалған алдын-алу шарасы деп ойлаймын. Ал топ адамның ішінде, әсіресе, таза ауада вирус жұқтыру өте оңай. Қазір сақтанған дұрыс, әйтпесе бәріміздің вирусқа қарсы күресіміздің құны көк тиын болады.
–21-ғасырда адамзат баласы қатерлі ісік, диабет, ВИЧ сияқты ауруларды жеңгенімен, бұрын белгісіз болып келген жаңа, қауіпті инфекцияларға кез келеді. Мұндай болжамдарға сенуге бола ма?
– Бұл бұрыннан бар дүние. 21-ғасырдың алдыңғы ғасырлардан еш айырмашылығы жоқ. Табиғат үнемі тосынсыйлар жіберіп отырады. Мұндай эпидемиялар тек адамдарда ғана емес, жабайы аңдар арасында да болып тұрады. Мәселен, жиырма жыл бұрын Балтық теңізін мекендейтін сұр түсті итбалықтарда В тұмауының эпидемиясы жүріп, көп жануар мерт болды. Бұл вирус итбалықтарға басқа жануардан өткен. Ауру қоздырғыштары үнемі өзгеріп отырады, кейде олар басқа ағзаға ауысады. 21-ғасырда адамдар арасында бірнеше эпидемия болды: 2002 жылы атипті пневмония, шошқа тұмауы, бұрын ауылдарда болып, кейін қалаға жеткен Эбола безгегі. Бұл –вирустар иесін ауыстырғанда немесе бактериялар адам үшін патогенді бола бастағанда қайталанып тұратын құбылыс. Табиғаттың заңы – солай, сондықтан мұндай қауіптер әлі де болады.
Your browser doesn’t support HTML5
– Сондықтан дайын болу керек қой?
– Иә. Ауруды алдын-ала болжап, оның емін табу мүмкін емес. Бізде көптен бері пандемия болған жоқ. Енді қазіргі пандемия кезінде көп мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесі мен эпидемиологиялық қызметіндегі кемшіліктер көріне бастады. Қазір анықталған мәселелерге көңіл бөлу керек. Бұл – бізге берілген белгі.
– Мүмкін, қазіргі пандемия бұдан да қауіпті жағдайға дайын болуы үшін керек шығар.
– Бұдан қауіпті ештеңе бола қоймас деп үміттенеміз, бірақ бұл ондай қауіп мүлде жоқ дегенді білдірмейді. Енді адамдар жер шарының бірнеше нүктесінде бір мезетте эпидемия тараса, не істеу керегін біледі.