Жаңа коронавирус адамнан адамға қалай жұғады?
Жаңа коронавирус респираторлық вирус түріне жатады және көбіне ауру адаммен жақын байланыста болғанда жұғады. Вирус мына жолдармен жұғады:
• сілекей арқылы – ауру кісі түшкіргенде я жөтелгенде;
• вирус жұқтырған адамның жанында болғанда;
• вирус жұқтырған адамға қол тигізген соң, вирус шөккен жерлерді ұстаған соң қолды жумай тұрып, ауызды, мұрынды я көзді ұстағанда;
Өте сирек жағдайда инфекция дәрет арқылы жұғуы мүмкін.
Науқас кісі түшкіргенде я жөтелгенде майлықпен не жеңімен аузы-мұрнын жабуы керек.
Инфекция жұқтырған кісімен байланыс деген не?
Еуропаның Аурудың алдын алу және бақылау орталығы (ECDC) науқас адаммен жақын байланыста болу дегенді былай түсіндіреді:
• инфекция жұқтырған адамға 2 метрден жақын жерде 15 минуттан артық бетпе-бет қарап тұру я отыру;
• тар бөлмеде инфекция жұқтырған адамға 2 метрден жақын жерде 15 минуттан артық отыру;
• инфекция жұқтырған адаммен бір үйде тұру;
• инфекция жұқтырған адаммен тікелей физикалық қатынас (мәселен, қол алысу);
• ауырған кісіден бөлінген заттарды ұстау (мәселен, түшкіріп тастаған майлықты жалаң қолмен алу).
Жаңа коронавирус заттың бетінде қанша уақыт сақталады?
Толық нақтыланбаған ақпарат бойынша, вирус бірнеше сағатқа дейін тұрады.
Қарапайым дезинфекциялау құралдары вирусты өлтіріп, оның ағзаға түсуін жояды. Мәселен, 75% спирт (этанол) немесе 0,5% хлорин негізіндегі тазалағышты пайдалануға болады.
Қолдану нұсқаулығында тыйым салынбаса, жиі пайдаланатын заттарды (мәселен, ұялы телефоныңызды) спирті немесе тазалағышы бар дымқыл матамен я қағаз сүлгімен үнемі дезинфекциялап жүруді ұмытпаңыз.
Ешқандай симптомы жоқ инфекция жұқтырған адам вирусты тарата ма?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, вирус көбіне симптомы бар адамдармен жақын қарым-қатынас кезінде жұғады. Дегенмен кей жағдайларда енді ғана ауырған, симптомы мүлде жоқ не аздап қана байқалатын адам да вирус таратуы ықтимал.
Инфекция жұқтырған адам қай кезде аурудан айыққан болып саналады?
Бойында инфекциясы бар кісі коронавирусты тексеруге арналған тесті тапсырып, сынама екі рет қатарынан таза болып шықса, аурудан айыққан болып саналады. Екінші сынама біріншісінен 24 сағат өткенде алынуы керек.
Жаңа коронавирус тағам арқылы жұға ма?
Әдетте респираторлық вирус тағам арқылы жұқпайды. Дегенмен тағам гигиена талаптарына сай тазалануы керек. Вирустың таралу жолдарына қатысты зерттеулер әлі де жүріп жатыр.
Көшені дезинфекциялаудың қажеті бар ма?
Вирус көшеде жұғады дегенге нақты дәлел жоқ. Бірақ көше мен жолды дезинфекциялап тұруға болады. Қазір әлем елдерінің көбі вирусты жою үшін жолдарды, көшелерді жаппай дезинфекциялап жатыр.
Covid-19 жайлы бар ақпарат
Коронавирус жайлы барлық ақпаратты арнайы парақшамыздан оқи аласыз. Бұдан бөлек, мына мақала, видеоларымызға көз сала отырыңыз:
Видео: Қолды қалай жуу керек?
Инфографика: Коронавирус симптомдары
Видео: Коронавирус деген не? Балаларға түсіндіреміз?
Вирусологпен сұхбат: Пандемия деген не және коронавирус қаншалықты қауіпті?
Тест: Вирустар жайлы қаншалықты білесіз?
Мақала: Вирус кімдерге қауіпті? Сізді мазалаған сауалдарға жауап
Инфографика: Үйде отыру не үшін маңызды?
Мақала: Коронавирус балаларға қаншалықты қауіпті? Педиатр жауап береді