18 мамырда Украинада Қырым татарларына қарсы жасалған геноцид құрбандарын еске алу күні өтті. 80 жыл бұрын, 1944 жылы мамырда небәрі үш күн ішінде 200 мыңнан астам Қырым татарын туған жерінен мыңдаған километр жырақтағы Орталық Азия мен Сібірге депортациялаған. Сталиннің бұйрығымен тұтас бір халыққа "нацистерге көмектесті" деген айып тағылды. Депортация жылдары Қырым татарларының 46 пайызы қуғында жүріп, адам төзгісіз жағдайдан көз жұмды. Депортацияланған халықтың ұрпағы постсоветтік кеңістіктегі бірнеше елде тұрып жатыр. Олар өз ұлтын күштеп көшіру трагедиясын ұмытпай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.
Жыл сайын Қазақстанда тұратын Қырым татарлары Алматы маңындағы ауылға жиналып, Хыдырлез күнін атап өтеді. Бұрын бұл егін салу науқаны аяқталуына орай тойланатын мереке болған. Бүкіл халық көшеге шығып, әндетіп, билеп, көңіл көтеретін. Хыдырлез мерекесін оккупацияланған Қырымда әлі күнге солай атап өтеді.
Бірақ Қазақстанда тұратын Қырым татарлары үшін Хыдырлездің мәні бөлек. Бұл – бірінші кезекте, тұтас бір халықтың басына келген қасірет пен оның құрбандарын еске алатын күн. Халықтың көбі, әсіресе, егде жастағы адамдар бұл күні марқұм туыстарының басына барады.
Мемет Қадыров – 85 жаста, ол – құрбандарды еске алу рәсіміне жиналған жұрттың ішіндегі депортацияға куә болған жалғыз адам. Меметтің айтуынша, көп адам жер аударылған территориясына жете алмай, жолда өлген.
Адамдардың жанына қарауыл бекітіп, бәрін зат таситын вагондарға тиеген. Меметтің өзін өліп қалды деп ойлап, вагоннан лақтырып жібере жаздаған. Екі аптаға созылған азапты жолдан әзер аман қалған Қадыровтар отбасы Пермь облысына жеткен. Қарияның сөзінше, жер аударылғандарды мәдениет үйіне жайғастырған.
12 жылдан кейін Хрущевтің тұсында Қырым татарларын Алматы облысындағы Құсайын Бижанов атындағы ауылға көшірген. Кейінгі 80 жылда Қазақстан – Қадыровтар отбасының үйіне айналды.
Мемет қария жылда 5 мамырда балалары мен немерелерін, туыстары мен көршілерін ертіп, мұсылмандар мен христиандар, Қырым татарлары мен немістер, ұйғырлар мен гректер, жер аударылғандар мен Қазақстанға өз еркімен көшкендер жерленген зиратқа келеді.
Қария Қырымдағы неміс оккупациясы мен одан кейінгі НКВД қырғынын еске алғысы келмейді. Ғасырға жуық уақыт өтсе де, ол күндер қарияның жүрегіне қатты батады.
1944 жылы Қырымнан депортацияланған татарлардың көбі Өзбекстанға жіберілді. Соғыстан кейін Алматы облысында жаппай темекі өсіре бастады. Қырым татарлары бұл шаруаны бірнеше ғасырдан бері дөңгелетіп келе жатқан. Сондықтан оларды Құсайын Бижанов атындағы темекі совхозына көшірді. Қырым татарлары ауылды бірнеше жылда "миллионер совхозға" айналдырды. СССР-де қазынаға көп табыс әкелген шаруашылықтарды солай атайтын.
Темекі өсіруден миллиондаған пайда әкелген шаруалардың бәрі грек, болгар, неміс, шешен, армян, Қырым татарлары сияқты қудаланған, жер аударылған ұлттардан еді.
1980-жылдардың аяғында СССР басшысы Михаил Горбачев Қырым татарларының депортациясын "геноцид" деп атап, оларға тарихи отанына оралуға рұқсат бергенде, Қазақстанда темекі өндірісі күрт қысқарды.
Бірақ Қырым татарларының бәрі бірдей көшіп кеткен жоқ. Мемет Қадыров сияқты кісілер ата-бабасының сүйегі жатқан жерді тастап кете алмай, осында қалып қойды.
5 мамырда әлі күнге аузы үйреніп кеткен жұрт "Табаксовхоз" деп атайтын ауыл зиратында адам қарасы көбейеді. Бұл жерге бүкіл Алматы облысынан депортацияланған Қырым татарларының ұрпақтары жиналады.
Бұл күні халық ойын-сауықтың орнына туыстарының басына барады. Халық үшін Қырымның орны бөлек, сондықтан мола басындағы көктастарға марқұмның туған-өлген жылы ғана емес, туған жері де жазылған.
Ислам шарты бойынша, ерлер мен әйелдер бөлек отырады, бірақ Құран бірге оқылады. Ерлер үстелінің басында 20 жыл бұрын Қытайдан көшіп келген татар имам отыр. Жергілікті халық ауылда жалақы аз болған соң молда тұрмайтынын, тұрғындар ортадан ақша жинап, амалдап жүргенін айтып шағынды.
АЗАПТЫ КҮНДЕР ЕСТЕЛІГІ
Шевкие Юсупова – Қырым татарлары диаспорасындағы жасы үлкен кісілердің бірі. Оның айтуынша, ата-анасы депортацияны еске алғанды ұнатпайтын: анасы тауар таситын вагондағы күндерін айтып, өкіріп жылайтын.
Шевкие өз әулетінің Қырымдағы тұрмысы жақсы болғанын айтады. Атасы дәрігер, аңшы, музыкант болған. Әжесімен бірге тоғыз бала өсірген. Депортация басталғанда Шевкиенің ата-анасы 11-12 жаста ғана еді. Олар біраз уақыт Оралда тұрып, кейін Алматы облысына көшкен.
– Жаңа көшіп келгенде, бұл жер жазық дала еді. Мына ауылды алғашқы кірпішінен бастап солар қалады деуге болады. Анам демалыс күндері ағаш егуге жылап баратынбыз деп айтып отыратын. Сонда совхоз директоры "Қыздар, сәл шыдаңдаршы, балаларымыз бен немелеріміз жап-жасыл, әдемі ауылда тұрады" дейді екен. Солай болды ғой.
Шевкие диаспора өкілдерімен жиі кездесіп, Қырымдағы туыстарымен хабарласып тұрады. Бірақ олар да уақыт өте келе айналадағы халықпен етене араласып, ассимиляцияланып бара жатыр: әжейдің келіні – ұйғыр, бір күйеубаласы – түрік, екіншісі – орыс, үшіншісі – қазақ-орыс аралас.
Қырым татары Ленара Юсупованың ата-анасы да депортацияны ұмытпаған: әкесі Энвер – Балаклавада, анасы Симферопольде дүниеге келген. Әкесі де, анасы да – алты ағайынды. Олардың бәрін Өзбекстанға жер аударған. Энвердің анасы қайтыс болған соң, оны әпкесімен бірге балалар үйіне жіберген. Кәмелетке толғанша Ленараның әкесі 7 түрлі жетімдер үйінде өскен.
– Әкем Екінші дүниежүзілік соғысты көрген, ауылының үстіне бомба түскен кездерді біледі. Бірақ соғыс туралы көп айтқысы келмейді, бірден көзіне жас алып, қиналып қалады. Сол үшін көп сұрамаймыз. Шешемнің әкесін чекистер (мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің өкілдері) атып тастаған. Қырым татарларын күштеп көшіруге келгенде, атамды фашистерге қызмет етті деп айыптап, бәрінің көзінше атып өлтірген, – дейді Ленара.
Урие Курташирова көптен бері Алматыда тұрады. Бірақ туған ауылына жиі келеді. Хыдырлез күні ата-анасының басына құран бағыштау үшін 120 километр жол жүріп жеткен.
– Бұрын Қырым татарларының отбасы үлкен еді. Әр үйде кемі 4-5 баладан болатын. Депортация кезінде жиналуға 15-ақ минут уақыт берген. Әжем балалары мен Құран кітабын ғана алып үлгерген. Құжаттары үйде қалып қойыпты. Алты баласының екеуі жолда көз жұмған. Әкем де алты ағайынды болған, екі бауыры депортация кезінде қазаға ұшыраған.
Әкем жыл сайын 18 мамырда депортацияны еске алып, ішіп алып, жылайтын. Оның депортация алдында отбасымен түскен суреті бар. Соған қарап, "мына суретте Отанын сатқан адамдарды қайдан көріп тұрсыңдар? Мен не істедім? Бауырларым не істеді? Мұндайды қалай ұмытасың?" деп езілетін.
Депортация Қырым татарларының бәрін, тіпті, Совет Одағының батырларын да аямады. Бұл туралы украиндердің "Хайтарма" деген фильмі бар. Онда әскери ұшқыш, Совет Одағының екі дүркін батыры Амет-Хан Сұлтанды тауар тиейтін вагонмен Орталық Азияға жібергені баяндалады. Ол 16 мамырда Қырымды азат еткеннен кейін туған ауылы Алупкаға оралған. Екі күннен кейін депортация басталды.
Амет-Хан Совет Одағы үшін жанқиярлықпен соғысты, ал мемлекет оның халқын жер аударып жіберді. Ол отбасын құтқарып қалуға тырысқан, бірақ оған "ешкімді бөліп-жармаймыз. Сен – Совет Одағының батырысың, ол – бөлек, бірақ Қырым татарлары – сатқын және халық жауы" деген. Осылайша, Берлинге жеткен батырларымыздың өзі соғыстан кейін Сібірге, Өзбекстанға барып, туыстарын іздеуге мәжбүр болды, – дейді Урие.
1967 жылы СССР Жоғарғы кеңесі Қырым татарлары негізсіз айыпталғанын мойындады. Бірақ жазықсыз жер аударылған басқа халықтар сияқты оларға туған жері – Қырымға оралуға рұқсат бермеді. Депортация 1989 жылы ғана қылмыс деп танылды.
2015 жылғы 12 қарашада Украина Жоғарғы Радасы Қырым татарларының депортациясын "геноцид" деп атап, 18 мамырды Қырым татарларына жасалған геноцид құрбандарын еске алу күні деп белгіледі.
"БІЗ ЕШҚАШАН БАНДИТТЕРДІ ҚОЛДАҒАН ЕМЕСПІЗ"
Ресей оккупациялаған Қырымда татарлар тағы да қудалауға ұшырап жатыр. Украинадағы "Грати" басылымының бас редакторы Антон Наумлюк "Қырым татарлары Ресей билігін қолдамады, сол үшін тұрақты және ауқымды репрессияға ұшырады" дейді.
Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағалы Қырым татарларына қысым тіпті күшейген. "Хизб ут-Тахрир" ұйымының мүшелеріне қарсы қылмыстық істер қозғалып жатыр. Ресей бұл ұйымның қызметіне тыйым салған, Украина бұл шешіммен келіспейді.
"Поддержка политзаключённых. Мемориал" құқық қорғау жобасы Ресей Жоғарғы сотының 2003 жылғы "Хизб ут-Тахрир" тобын террористік ұйым деп тану туралы шешімін заңсыз әрі негізсіз үкім санайды. "Сот үкімінде "Хизб ут-Тахрир" ұйымының террористік қызметіне бірде-бір дәлел келтірілмеген, кейінгі жылдары осы ұйымға қатысы бар деген күдікпен жүздеген мұсылман сотталды, жыл өткен сайын жаза мерзімі қатаңдап барады" дейді құқық қорғаушылар.
Аннексияланған Қырымда "Хизб ут-Тахрир" мүшелерін қудалау жергілікті тұрғындардың, әсіресе, Қырым татарларының азаматтық белсенділігін басып-жаншу әдісіне айналған.
2014 жылы "Хизб ут-Тахрир" ұйымы Қырым аннексиясына қарсы шыққан, содан бері қудалауға ұшырап келеді. Украинада бұл ұйым заңды қызмет атқарады.
Құқық қорғаушылар дерегінше, 2024 жылы кемі 320 адам саяси астармен "экстремизм" бабы бойынша жауапқа тартылған.
Самарқанда депортацияда жүрген Қырым татарлары отбасында туған Рустем Умеров – қазір Украинаның қорғаныс министрі. 2014 жылдан бері Украина Қарулы күштері қатарында Иса Ақаев бастаған "Қырым" батальоны соғысып жатыр. Советтік диссидент, құқық қорғаушы, Қырым татарларының жетекшісі Мустафа Жемилевті жақында Украина президенті Владимир Зеленскийден "Украина қаһарманы" орденімен марапаттады.
"Сибирь.Реалий" басылымы Қырым татарларының қазіргі ахуалы жайлы 1995-1998 жылдары Қырым Автономды Республикасы Жоғарғы кеңесінің төрағасы, 1998-2007, 2015-2019 жылдары Украинаның халық депутаты, 2009 жылдан бері Бүкіләлемдік Қырым татарлары конгресінің президенті және Қырым татарлары мәжілісінің төрағасы болған Рефат Чубаровпен сөйлесті.
Ол кейінгі 30 жылда Қырым татарларының құқығын қорғап жүр. 2021 жылы 1 маусымда Рефат Чубаровты Қырымда "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен 6 жылға сырттай бас еркіндігінен айырып, айыппұл салған.
Рефат Чубаров 1957 жылы Самарқанда туған. Ата-анасы бала кезінде депортацияланған: әкесі – 13, анасы 11 жаста болған. Екеуі де татарларды Қырымнан күштеп көшіргеннен кейін атауы Междуречье деп өзгерген Ай-Серез ауылынан шыққан.
– Ата-анам "арнайы қоныс" жағдайында өмір сүрген. Ол кезде бір ауылдан екіншісіне рұқсатсыз барған адамды 25 жылға ауыр жұмысқа жегетін. 1956 жылы арнайы жарлықпен бұл режимді алып тастады. Бірақ жарлықта жарияланбаған бірнеше тармақ болды. Мұндай құпия тармақтарда "депортацияланған адамдарға тарихи отанына оралуға болмайды" деп жазылды. Режим алынып тасталса да, "депортацияланған кісілерге тартып алынған мал-мүлкі үшін өтемақы төленбейді" деген бөлім де болды. Кейін Совет үкіметі жаңа шектеулер ойлап тапты. 1980 жылға дейін Қырым татарларының өмірі жазылмаған ережелерге мойынсұнумен өтті. Қырым татарлары СССР-дің көп бөлігінде тұра алатын, тек Қырымға қайтуға рұқсат бермеді. Туған жерін іздеп барғандарды күштеп қуып жіберді. Қырымға қайта-қайта оралуға тырысқандарды түрмеге жапты. 1967 жылы СССР Жоғарғы кеңесінің президиумы "Бұрын Қырымда тұрған татар азаматтары туралы" деген қаулы шығарды. Олар құжаттың атауының өзінде Қырым татарлары деген сөзді қолданған жоқ. Құжатта былай жазылған:
"1944 жылы Қырым фашистер қолынан азат етілгеннен кейін кей азаматтардың неміс басқыншыларымен әріптес болғаны үшін Қырымда тұратын бүкіл татар халқы негізсіз айыпталған.
Қырымда тұрған татарлардың бәріне қарсы тағылған айып алынып тасталуы керек. Қазір қоғамның еңбек және саяси өміріне жаңа толқын қосылды" делінген.
Бұл 1967 жылдың қыркүйегі еді. Халық қуанып, туған жерімізге ораламыз деп ойлады. Жүздеген, мыңдаған отбасы Қырымға жол тартты. Бірақ оларды Қырымға кіргізбеді. Халық наразылығы күшейді. Совет Одағы көптің ашуын басу үшін Қырым татарларын біртіндеп көшіре бастады. 1968 жылы жүздеген отбасы, 1969 жылы тағы бір шағын топ Қырымға көшті. Біз осылай туған жерімізге оралдық.
Көп жылдан кейін құжаттарды ақтарып, Совет Одағының ерікті көші-қоны қалай ұйымдастырылғанын түсіндім. Бұл процесс бірнеше параметр бойынша жүргізілген: біріншіден – адамдарды депортациядан бұрын тұрған жерлеріне қайтармаған. Бәрін Қырымның жазық жеріндегі ауылдарға қоныстандырған. Бір ауылда 5-7 Қырым татары отбасынан артық болмауы керек. Қырымға көшіруге көбіне орта білімі жоқ кісілерді таңдаған. Совет үкіметі осылай Орталық Азияда қалыптасып үлгерген Қырым татарларының ұлттық қозғалысын Қырымнан аулақ ұстауға тырысты.
11 жыл Қырымда оқып, әскерге барып, кейін Мәскеу тарихи мұрағат институтына түстім. Симферопольде жұмыс істеуге жолдамам болса да, мені Қырымға кіргізбеді. Латыш қызына үйленіп, Ригада тұрдым. Қырымға 1990 жылы бір-ақ оралдым.
– Қырым аннексиясынан кейін Қырым татарларының қай бөлігі Украинаны, қайсысы Ресейді жақтады?
– Қырым татарлары Ресей мен Украина арасында таңдау жасаған жоқ. Бізде ұжымдық тарихи жад бар, соңғы трагедияны 1944 жылы басымыздан өткердік. Украинадағы барлық саяси процестің белсенді қатысушысы болдық. Сайлаудан қалмайтынбыз. Қырым татарлары мен Украинаның демократиялық күштері – әріптестер деуге болады. Қырым татарларының мәжілісі қағаз жүзінде мойындалмаса да, іс жүзінде жұмыс істеді. Біз Украинаның демократия жолынан таймай, Еуроодақ пен НАТО-ға қосылуы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Қырым татарларының 2000 жылға құрылтайында да осы талаптар жазылды.
Біздің позициямыз айдан анық. Украинаның Еуроодақ мен еуроатлантикалық құрылымға (НАТО) интеграциясы елдегі демократияның дамуына ықпал етеді. Ресейде болып жатқан оқиғаларды қалт жібермей қадағалап отырдық: Бірінші шешен соғысы, Екінші шешен соғысы, Татарстан мен Башқұртстандағы ұлттық қозғалыстың жойылуы, Ресейдегі ұлттық территориялардың деградациясы. Бұл тікелей деградация болды, өйткені бұл аймақтарды осылай басқару оңай еді. 2014 жылы Ресей әскері Қырымға басып кіргенде, мұны жақсылыққа жорыған әрі кетсе мың-ақ адам болған шығар. Ешқашан иллюзияға сенген жоқпыз. 10 жыл оккупацияда өмір сүру – қиын. Ресей Қырымдағы билігін күшейту үшін халықтың санасын улап, пропаганда таратумен және өзіне қарсы азаматтарды жаппай қудалаумен айналысып жатыр.
2014 жылы қай тарапты қолдаймыз деп ойланған жоқпыз. Біз Украинаның бөлігі саналатын өз жерімізде тұрып жаттық. Украина жеріне көрші мемлекеттің әскері келіп, "енді бұл жер – Ресей территориясы" деді. Қырым – Украина мемлекетіне қарайтын аумақ, Қырым татарларының тарихи отаны. Ресей не Украинаның, не байырғы халық ретінде біздің пікірімізді сұраған жоқ. Бандиттер сияқты баса-көктеп кірді. Біз ешқашан бандиттерді қолдаған емеспіз. Кей адамдар бізді русофоб деп ойлайды. Бұл – русофобия емес, жағдайға шынайы, объективті баға беру. 1789 жылы орыстар Қырымды басып алғанда, біз бірұлтты мемлекет едік, қазір сол халық қайда?
– Қырым татарлары Украинаның саяси өміріне белсенді түрде қатыса ма? Украина қарулы күштері қатарында Қырым татарлары көп пе?
– Украина әскері жайлы нақты дерек білмеймін. Бірақ мыңдаған Қырым татарының соғыста жүргені белгілі. Ешкім статистика жүргізбейді, өйткені майданда жүрген кісілердің жақындары оккупацияланған территорияларда, яғни, Қырымда тұрып жатыр. Қырым татарларынан шыққан офицерлер басқаратын жасақтар, 1917 жылы Қырым Халық Республикасы үкіметін басқарған Номан Челебиджихан атындағы батальон бар. Украинаның қорғаныс министрі, белгілі шенеуніктері – Қырым татарлары. Біз – украин қоғамының маңызды бөлігіміз, украиндермен қатар, бір кісідей басқыншыларға қарсы күресіп жатырмыз, – дейді Рефат Чубаров.
Тарих бұрын біртұтас халық болған Қырым татарларын аяусыз бөліп жіберді: ұлттың бір бөлігі Киев пен Харьковте бомба астында өмір сүріп жатыр, екінші тобын оккупацияланған Қырымда соғысқа әкетіп жатыр, енді бірі Қазақстанда не Өзбекстанда тұрады. Бірақ жыл сайын мамырдың 5-і не 18-і күні Қырым татарлары Киев, Алматы, Ыстамбұл немесе Симферопольде бас қосып, сталиндік саясаттың құрбаны болған боздақтардың рухына құран бағыштайды. Бұл күні олар қорғансыз күйде азапты ғұмыр кешкен ата-бабасын еске алып, мұндай қасірет қайталанбауы үшін барын салуға уәде береді.