Чехиялық «Қазақстан» атты арт-рок тобының жаңа альбомы «Қорқудан қорқам» деп аталады. Қазанның 14-і күні топ Острава қаласында өткен дәстүрлі «Протимлув» фестивалінде сахнаға шығып, фанаттарына жаңа әндерін шырқады.
«Қазақстан» тобы бес адамнан тұрады. Барабанда – Йиржи Гершл, әнші әрі гитарашы – Алан Грезл, синтезаторда – Далибор Дымачек, бас гитарада – Йозеф Жердик, жеке гитара мен синтезаторда – Роберт Хейдук. Әндерінің мәтінін Ярослав Жила жазады. Топтың құрылғанына 19 жыл толған. Қазақстанда жарты жыл тұрған Йиржидің ұсынысымен топ кейін атауын «Қазақстан» деп өзгерткен.
- Қазақстанда жарты жылдай болдым, Алматыға, Астанаға, солтүстікке бардым. Қазақстан қатты ұнады. Тобымыздың атын «Қазақстан» деп өзгерттік. Елді тани түскен сайын бұл атау тобымызға жақсы келеді деп шештік. Атмосферамызға, сезімімізге, жазатын музыкамызға жарасады. Өзіміз үшін бірақ Қазақстан туралы ән шырқаймыз, - дейді Йиржи Гершл.
Топ мүшелері осы елден шабыт алатындарын, музыкасының негізінде шығыс даласының сазы мен сағынышы, заманауи өркениет алдындағы табиғаттың жойылу қорқынышы жатқанын айтады. Остравалық «Қазақстан» тобы жазатын музыканың өзегі өмір мен еркіндік философиясы.
- Қазақстан мен үшін бір қиырда жатыр. Сол себепті оны алыстағы ел деп түсінем. Біздер – еуропалықтар үшін жұмбақ ел деп білем. Ешқашан барып көрмеппін, сол себепті білмеймін. Біздің әнге қосатынымыз виртуалдық бір ел болып көрінеді, - дейді Алан Грезл.
Чехиялық музыканттар болашақта Қазақстанда концерт қойса, жергілікті тыңдармандар жылыұшырай қарсы алады деп үміттенеді.