Ресей мен Қазақстанда билікке жақпай қалған фильмдер

Британ режиссері Армандо Ианнуччидің "Сталиннің өлімі" комедиясынан скриншот.

Ресейде прокат куәлігін бермей қойған шетелдік "Сталиннің өлімі" комедиясын көрсетуден Қазақстанда да кинотеатрлардың көбі бас тартты.

Британ режиссері Армандо Ианнуччидің "Сталиннің өлімі" сатиралық комедиясында совет диктаторы Иосиф Сталин қайтыс болғаннан кейінгі билік үшін күрес суреттеледі. Ресейде прокат куәлігін бермей қойған соң бұл фильмді Қазақстанда да кинотеатрлардың көпшілігі көрсетпейтін болды. Қазақстан билігі фильмге ресми тыйым салмаса да оның прокатынан кинозалдардың өздері бас тартқан. Тек бір кинотеатр ғана аталған фильмді көрсететінін хабарлады.

Көршілес Қазақстан мен Ресейдің билігі, кинотеатр қожайындары немесе баспагерлері бір-бірінің шешімін бұған дейін де талай рет қолдаған. Кезінде Ресей мен Қазақстанда кей фильмдерді көрсетуге бір мезгілде тыйым салынған болатын.

"БОРАТ" ТУРАЛЫ ФИЛЬМ

2006 жылы Саша Коэннің "Борат: Қазақстанның даңқты халқының игілігі үшін Америка мәдениетін зерттеу" комедиясы экранға шыққан. Фильм Астананың шамына тигенімен, билік оған ресми түрде тыйым салған жоқ – кинотеатрлардың өздері оны көрсетпей қойған.

Есесіне Ресейде "Борат"мәдени министрлігі прокат куәлігін бермей қойған порнографиялық емес алғашқы фильмге айналды.

Оқи отырыңыз: Жанкүйерлердің "бораттық Қазақстан образына" қарсылығы

Қазақстанда картинаны әуелгіде "халықты қорлайтын" фильм ретінде қабылдаған. Бірақ кейін президент Нұрсұлтан Назарбаев фильмге әзіл ретінде қарауға шақырған.

"Қазақ журналисі" Борат Сағдиевті сомдаған актер Саша Барон Коэн. Лос-Анжелес, АҚШ, 7 қараша 2007 жыл.

"Коэн мырзаның Қазақстанда ешқашан болмағаны фильмді көріп шаққан кезде түсінікті болды. Өзін Румынияның әлдебір кедей ауылында түсіріпті ғой. Қазақтардың рөлін тілемсек сығандар ойнапты. Ал жергілікті мас тұрғындарды америкалық студенттер ойнаған", - деген Назарбаев.

Фильм шыққан соң алты жылдан кейін Қазақстан сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов "Бораттың" арқасында Қазақстанға келетін туристер саны 10 есе көбейді" деп мәлімдеген еді. Былтыр Астанада Борат стиліндегі суға шомылатын лыпа киіп алып фотоға түскені үшін чех туристерін әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл салған. Оларға Саша Барон Коэннің өзі араша түсіп, айыппұлдарын төлеп беруді ұсынған.

Британдық актер Саша Коэн "Диктатор" фильмінің көрсетілімінде өзі сомдаған Алладин болып сөйлеп тұр. Кельн, Германия, 14 мамыр 2012 жыл.

Қазақстан, Беларусь, Түркіменстан және Тәжікстан Саша Барон Коэннің "Диктатор" атты тағы бірі фильмін көрсетуге тыйым салған. Бірақ Ресейде фильм прокатына қатысты проблема туған жоқ – картинаны 850 мың адам көрген.

Оқи отырыңыз: Коэн сомдаған диктаторлардың жиынтық образы

"44-ШІ НӨМІР"

Швед режиссері Даниэль Эспиноза түсірген триллердің сюжеті ішінара маньяк Андрей Чикатило туралы оқиғаларға негізделген, бірақ оқиға желісі Сталин дәуірінің соңғы кезінде өтеді.

Фильмде актер Том Харди сомдаған бас кейіпкер 1952 жылы балаларды жаппай өлтіру қылмысын тексерумен айналысады, бірақ басшылары "СССР-де маньяк болуы мүмкін емес" деген уәжді алға тартып, істі идеологиялық себептермен жауып тастайды. Алайда тергеуші салынған тыйымға қарамастан қылмыскерді іздеуін тоқтатпайды.

Том Харди (сол жақта) мен Нуми Рапас "44-ші нөмір" фильмінде. (Видеодан скриншот.)

Фильм Ресей экрандарына 2015 жылғы сәуірдің ортасында шығуы тиіс болған, бірақ жабық көрсетілімнен кейін мәдениет министрлігі прокат куәлігін беруден бас тартқан. Ондай шешім "прокатшымен бірлесіп қабылданды" деп хабарланған.

Ал Ресей мәдениет министрі Владимир Мединский "мұндай фильмдер жеңістің 70 жылдығы тойланатын жылы да, жалпы, ешқашан халық жаппай көретін прокатқа шықпауы тиіс, біздің көрермендердің арқасында ақша табамыз деп дәмеленбесін" деп мәлімдеген.

Сол кезде Ресей билігіне ұнамай қалған әлгі фильмнің Қазақстанда да алдын ала жоспарланған премьерасы өтпей қалған. Кинотеатрлар қазақстандық прокатпен айналысқан компаниядан "фильм прокаттан алынып тасталды" деген хат алған.

"ПЕРИЗАТ ПЕН ҚҰБЫЖЫҚ"

АҚШ-тың Disney киностудиясы түсірген режиссер Билл Кондоның "Перизат пен құбыжық" ертегісінде басты рольде бұған дейін Гарри Поттер туралы фильмдер арқылы көпшілікке танылған британдық актриса Эмма Уотсон ойнаған. Ресейде осы фильмге "гомосексуализмді насихаттағаны" үшін тыйым салына жаздаған. 2017 жылғы наурыздың ортасында прокатқа шығуы тиіс болған фильм премьерасының қарсаңында ондағы екінші дәрежедегі кейіпкерлердің бірінің гей екені анықталған.

Эмма Уотсон (оң жақта) және Дэн Стивенс "Перизат пен құбыжық" фильмінде.

Ресейде "Кәмелетке толмағандар арасында гей-насихатқа" тыйым салу туралы заңды қабылдауға бастамашы болғандардың бірі, Мемлекеттік дума депутаты Виталий Миронов сол кезде "кинопрокатшылардың балалар ертегісі деп бүркемелеп ұсынып отырғаны – күнә дүниені, жыныстық қатынастың азғындаған түрін арсыздықпен ашықтан-ашық насихаттау екеніне қоғам үнсіз қарап отыра алмайды" деп мәлімдеген болатын.

Фильмге тыйым салынған жоқ, бірақ премьерасы кешігіп өтті. Ресей мәдениет министрлігі балаларға арналған ертегіге "16+" рейтингін берді.

Сол уақытта Ресейде дауға қалған фильмді көрсетуге толық тыйым салу туралы пікірталас Қазақстанда да болған. Бірақ "Перизат пен құбыжық" фильмін қазақстандық кинотеатрлар Ресейдегі тәрізді "16+" рейтингімен ақыры бәрібір көрсеткен.

КСЕРКС ПАТШАНЫҢ ЖОҒЫН ЖОҚТАУ

Осындай сипаттағы тыйымдар Ресей мен Қазақстаннан өзге елдерде де кездеседі. Кей елдер әлдебір көркем дүниеге бірлесіп тыйым салуға шақырып, ал кей елдер тіпті одақтастарына қысым жасаудан да қымсынбайды.

2007 жылы америкалық кинорежиссер Зак Снайдердің "300" (Ресей мен Қазақстанда "300 спарталық" деген атаумен белгілі) фильмінің әлемдік премьерасы өтті.

Голливудте түсірілген фильмде парсы патшасы Ксеркс пен оның әскерінің бейнесі қалай сомдалғаны Иран билігінің шамына тиген. Иранда бұл көркем туындыны көрсетуге тыйым салынды, ал елдің сыртқы істер министрлігі аймақтағы өзге мемлекеттерді бұл шешімге қолдау танытуға дипломатиялық жолдармен үгіттей бастаған.

Кинотеатрда отырған ирандықтар. Тегеран, 30 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

Мысалы, Ташкенттегі Иран елшілігі билікке фильмді көрсетуге қарсы ресми наразылық нотасын жолдағаннан кейін іле-шала Өзбекстанда оның прокатына тыйым салған. Кейінірек Тәжікстанда да бұл фильмді көрсетуге тыйым салынғаны анықталды, ол жақта тіпті фильм жазылған дискілерді таратуға тыйым салу ұсынылған.

Тәжікстанда "300 спарталық" фильмі ғана емес, кейіпкерлері етіп Равшан мен Жәмшид есімді еңбек мигранттары суреттелетін "Тағдыр жұмыртқасы" атты ресейлік комедия да "халықты қорлайтын фильм" деп танылған.