Қазақстандағы поляктар: депортация тарихы
Поляктардың Қазақстанға жер аударылғанына 80 жыл толуына орай Алматыдағы Рим католик шіркеуінде өткен месса. 5 қараша 2016 жыл.
Элиот Марецки әкей (кафедрде) мен Қапшағайдағы құдай ана Мария атындағы діни орын өкілі Артур Зарась әкей (сырт жағында отыр). Рим католик шіркеуіндегі месса поляк тілінде өтті. Алматы. 5 қараша 2016 жыл.
Соборда оңтүстік Қазақстандағы католиктердің тарихы мен жәдігерлеріне арналған бұрыш бар. Оған қазақ даласына депортацияланғанға дейін поляктардың тұрғылықты жерінен әкелінген заттар да қойылған. Мысалы, 1931 жылы поляк тілінде басылып шыққан мына бір дұғалық кітапшасы Алматы облысы Жанашыр ауылында тұратын Вереника Кардаштың отбасы архивінен алынған.
Польшаның Алматыдағы бас консулы Анджей Папеж Қазақстанға поляктардың күштеп жер аударылғанына 80 жыл толуына арналған шараның ашылуында сөйлеп тұр. Алматы, 4 қараша 2016 жыл.
Польшадан Алматыға келген бір топ поляктың арасында ардагерлер мен қуғын-сүргінге ұшырағандар ісі жөніндегі кеңес мемлекеттік ұйымының өкілдері де болды. Кеңес тағайындаған Pro patria медалі Қазақстандағы поляктар мәдени орталығының бірнеше белсендісі мен өзге де халықтардың бірнеше өкіліне табыс етілді.
Суретте: Кеңес өкілі Магдалена Бригида Мерта марапатталғандардың тізімін оқып тұр.
Сибиряктар одағы президенті Кордиан Юзеф Борейко Құрметті сибиряк белгісін тапсырып тұр. Алматы, 4 қараша 2016 жыл.
Pro patria медалімен марапатталғандар арасында ерлі-зайыпты Амирия мен Аслан Кикинадзелер (ортада) де бар. Бұл түрік отбасы Жамбыл облысындағы Мерке ауылына жақын маңда тұрады. Олар өз жерін поляк зираты үшін тегін берген және ол зираттың күтімін өз мойнына алған.
Войцех Староннің (Польша) «Ағайындылар» деректі фильмінен көрініс. Режиссер сегіз жыл бойы еңбектенген бұл фильм бірнеше халықаралық кинофестивальге қатысып, олардың үшеуінде (Локарно, Лейпциг, Минск) сыйлыққа ие болған. Фильмде ағайынды екеу - Альфонс пен Мечислав Кулаковскилер туралы баяндалады. Әкелерін 1928 жылы НКВД тұтқындап, отбасын Сібірге жер аударады. Альфонс пен Мечислав Сібірден Қазақстанға қашады. Кейін Альфонс суретші, Мечислав – геодезист болып шығады. 1999 жылы олар Польшаға оралады. Қазір олар қарттар үйінде тұрып жатыр, ағайындылардың кішісі Альфонстың жасы 89-да. Фильмде ағайындылардың Польшадағы тіршілігін суреттейтін көріністер Мечиславтің түсірген әуесқой фильм көріністерімен алмасып отырады.
«Ағайындылар» деректі фильмі көрсетілімінен кейін оның кейіпкерлерінің бірі – белгілі поляк суретшісі Альфонс Кулаковски алматылық жазушы Юрий Серебрянскиймен (сол жақта) әңгімелесіп тұр. Альфонс Кулаковскидің көрмелері Мәскеуде, Ленинградта, Самарада, Қазанда, Саратовта, Варшавада, Краковта, Брюссельде өткен. Польшада оның шығармашылығын Марк Шагал, Анри Матисс, Ван Гог сынды әйгілі шеберлердің картиналарымен салыстырады. Фильмде 2009 жылы ағайындылар тұрған үйде өрт шыққаны туралы эпизод бар. Сол оқиға кезінде Альфонс Кулаковскидің алты мыңға жуық картинасы мен жүздеген эскизі жанып кеткен. Алматы, 4 қараша 2016 жыл.
Поляктардың Қазақстанға жаппай депортацияланғанына 80 жыл толуына арналған ғылыми-теориялық конференция. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Сұлтан Орашев «Қазақстандағы поляктар: 19-ғасырдан бері бірге» тақырыбында баяндама жасады. Бұған дейін ғалым Қазақстанда тұрған поляктар туралы бірнеше мақала жариялаған. Мысалы, орыс армиясының (патша кезіндегі) офицері Иван Ягелло туралы жазған. Алматы, 5 қараша 2016 жыл.
Биыл көктемде Польшадан Қазақстанға осындағы поляк диаспорасы өкілдерін, олардың үй-жайы, зираттарын суретке түсіру үшін фотограф Ивона Войдовская арнайы келген. Қарашаның 4-і мен 6-сы аралығында Алматыда оның фотосуреттерінен «Депортацияға ұшырағандар» атты көрме ұйымдастырылды.
Польшаның Алматыдағы бас консулы Анджей Папеж қаладағы мейрамханалардың бірінде салтанатты қабылдау ұйымдастырды. Алматы, 4 қараша 2016 жыл.