Қазақстанда жұмыс істеп, кейін коронавирусқа байланысты шекаралар жабылғандықтан еліне қайта алмай қалған жүздеген тәжікстандық Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы "Жібек Жолы" қазақ-өзбек шекара бекетіндегі автовокзалды паналап отыр. Өзбекстан үкіметі оларға өз аумағы арқылы өтуге рұқсат бермеген.
Алды екі айдан бері вокзалдағы ашық алаңда тұрып жатқан мигранттар ішерге асы, жұмсайтын ақшасы жоғын айтып, ресми Душанбе мен Ташкенттен көмек сұрайды. Тәжікстан мен Өзбекстан билігі мигранттардың тағдыры жайлы сұраққа жауап бермеді.
"МҮГЕДЕК БАЛАМЕН ДАЛАДА ТҮНЕП ЖАТЫРМЫЗ"
Тәжікстан азаматы Наргиза Шукурова күйеуімен бірге Алматыда жалданып жұмыс істегенін айтады. Сөзінше, өзі үй тазалап, күйеуі көше сыпырып, қоқыс жинаған. Ерлі-зайыптылар Алматыға қызы мен мүгедек ұлын да ала келген. Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланған соң екеуі де жұмыссыз қалған.
Тәжікстанға қайтуды ұйғарған отбасы Алматыдан Сарыағаштағы қазақ-өзбек шекарасына әупірімдеп жеткен. Олар Өзбекстан шекарасынан өтіп, әрі қарай арнайы транзит жолмен Тәжікстанға жетіп алмақ болған. Бірақ пандемияға байланысты шектеу енгізген Өзбекстан оларды шекарадан өткізбеген. Қазір Наргиза мен бала-шағасы Тәжікстанның 260-тан астам азаматымен бірге шекара бекетіндегі автовокзалда түнеуге мәжбүр.
- Ұлым жеті жасқа толады. Құлағы естімейді, сөйлей алмайды. Жүрмейді. Өз бетінше әжетханаға бара алмайды. Шекараға келгенімізге 17 күн болды. Қатты қиналып кеттік, - дейді ол көзі жасаурап.
Шукурованың сөзінше, тапқан табысын Алматыда жұмыссыз қалып, пәтерде тұрған кезде тауысқан. Қазір тамақ алуға да ақшасы жоқ. Жергілікті тұрғындар әкелген ас-суды ішіп жатыр.
"Жібек Жолы" қазақ-өзбек шекара бекетіндегі автовокзал Шымкент қаласынан шамамен жүз шақырымда орналасқан. Жергілікті билік бұл жерді карантин аймағы ретінде жапқан. Мұнда тұрып жатқан мигранттардың сыртқа шығуына тыйым салынған. Автовокзал маңын әкімдік қызметкерлері қарауылдап жүр.
Автовокзалға кіре берісте Азаттық тілшісіне он жас шамасындағы екі бала "киетін киім бар ма, жеуге тамақ беріңізші" деп жай-күйлерін айтып шағынды. Бұдан соң олар "қараңызшы, қандай күйде өмір сүріп жатырмыз" деп автовокзалды көрсете бастады.
Автовокзалдың оң жақ бетінде от жағылған ошақ тұр, жан-жағында көкөніс шашылып жатыр. Тамақ пісіретін қазан көрінбейді. Тәжік мигранттары вокзал қоршауының түбіне жағалай жұқа көрпе, көбі картон қағаз төсеп алған.
Аптап ыстыққа шыдай алмағандар теріс қарап ұйықтап жатыр. Бір бұрышта бірнеше адам намаз оқып тұр.
Автовокзал аумағында әр жерде көрпе, қаппен үйшік жасап алғандар бар. Әр адамның басында киім-кешегі салынған жүк сөмкесі жатыр.
Айнала қоқысқа толы. Ағып тұрған су жоқ. Жиналғандар пластик бөтелкеге құйылған судан ішеді. Мигранттар арасында ер азаматтар, балалы әйелдер мен қарттар да бар.
"ТӘЖІКСТАН БИЛІГІНІҢ КӨМЕКТЕСПЕГЕНІНЕ ҚАПАЛЫМЫЗ"
Автовокзал маңында жалғыз әжетхана мен қоқыс тастайтын жәшік тұр. Бір полиция қызметкері тәртіпті бақылап жүр. Карантин аймағы деп жабылғанымен, жедел жәрдем көлігі, дәрігерлер көрінбейді. Әйелдер балалардың киімін жуып, қара жерге төселген, шаң басқан көрпелерін қағып-сілкіп жатыр. Балалардың кейбірі жиналып, телефон қарап отыр.
Азаттық тілшісі сөйлескен қарттар мен ер адамдардың көбі Тәжікстан билігінің қамсыз отырғанына ренішін айтты.
- 72 күннен бері осында түнеп жүрміз. Бәріміздің үйде отбасымыз, бала-шағамыз бар. Кейбіріміздің ата-анамыз ауру. Отанымызға жете алмай тығырыққа тірелдік. Билік, заң, Конституция бар ғой. Қараңызшы, адамдар жерде ұйықтап жатыр, - дейді Тәжікстан азаматы Саят Бабаев ашуланып.
Тәжік мигранттары "Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев өзбек шекарасын ашып, Тәжікстанға өтуге рұқсат берсе" дейді. Олардың бар тілегі сол.
- Өзбекстан өз азаматтарын күнде қабылдап, жинап жатыр. Көрші тұрған Тәжікстан көріп, біліп, естіп тұрып өз азаматтарына көмек көрсетпей отырғанына қапалымыз. Өз баласын ешкім көшеге тастамайды. Президент – елдің әкесі. Қанша адамды осыншама уақыт далаға тастап қоймай, жинап алу керек қой, - дейді өзін Айымхан апа деп таныстырған зейнеткер ренішін білдіріп.
Оның айтуынша, аптап ыстықта балалар мен жүкті әйелдер ауыра бастаған.
БИЛІК НЕ ДЕЙДІ?
Тәжікстан азаматтарын сабырға шақырып жүрген Сарыағаш ауданы Жібек Жолы ауылдық округінің әкімі Талғат Әзімбердиев "мәселені Тәжікстан билігі мен Тәжікстанның Қазақстандағы елшілігі ушықтырып жіберді" деп санайды.
Оның айтуынша, коронавирус тарағаннан кейін Қазақстан мен Өзбекстан карантин жариялап, шекарасын жауып жатқан тұста өзбек пен тәжік мигранттары Сарыағаштағы бекетке жинала бастаған. Өзбекстан билігі азаматтарын қабылдау тәртібін қолға алған. Ал Тәжікстан жағы бұл тәртіпті орната алмады дейді әкім.
- Тәжікстан елшілігінің қызметкерлері уақтылы келмеді, азаматтарының телефонмен айтқан уәжін тыңдамаған. Қазір автовокзалда 268 адам жатыр. Бәрі – Тәжікстан азаматы. Осында жатқандардың барлығын қажетті заттармен қамтамасыз ету мүмкін емес. Шама келгенше көмектесіп жатырмыз, - дейді Талғат Әзімбердиев.
Автовокзалдағы тәжік мигранттарының жай-күйінен Тәжікстанның Қазақстандағы елшілігі хабардар. Автовокзал маңында мигранттармен сөйлесіп тұрған елшілік қызметкері Азаттық тілшісінің "Тәжікстан азаматтарының еліне қайтуына не кедергі? Елшілік өз азаматтарын Тәжікстанға жеткізуге алдын ала неге қамданбаған? Тәжік мигранттары әлі қанша уақыт автовокзалда қалады?" деген сұрақтарына жауап беруден бас тартты.
Бұл уақытта Қазақстан аумағында жұмыс істеп, еліне қайтқан Өзбекстанның жүздеген азаматы қазақ-өзбек шекара бекетінен өтіп жатыр. Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінің қызметкері Бахтияр Камалов тәжіктердің Өзбекстан арқылы Тәжікстанға неге өткізілмей жатқаны туралы сұраққа жауап бере алмайтынын жеткізді.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров Азаттыққа Қазақстан Тәжікстан азаматтарының "Жібек Жолы" қазақ-өзбек шекара бекетінен өтуге рұқсат бергенін айтты.
- Қазақстанда жүрген шетел азаматтарының Отанына қайтуға, шекарадан өтуге құқықтары бар. Тәжікстан тарабы бұл мәселені біледі. Өзбекстан шекарадан өткізсе, Тәжікстан азаматтарын алып кетуге дайын, - деді ол.
Ал Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі "Жібек жолы" шекара бекетіндегі тәжік азаматтарын Өзбекстан аумағына өткізу мәселесіне министрлік жанынан құрылған жедел штаб жауап беретінін айтты. Бірақ жедел штабпен байланысу мүмкін болмады.
Your browser doesn’t support HTML5
P.S. 3 маусым кешкісін Түркістан облысы Сарыағаш ауданы әкімдігі 234 тәжікстандықтың Өзбекстан арқылы еліне қайтқанын хабарлады.