Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Достық ауылы тұрғындары Өзбекстанмен арадағы «шекара сызығы белгіленгеніне 12 жыл болса да әкімдік қауіпті әрі күнкөріс қиын аймақтан көшірмей отырғанын» екенін айтады.
Суретте: Қазақ-өзбек шекарасындағы Достық ауылы тұрғындары.
Достық ауылына кіреберістегі жазу.
Ауыл іргесінде тартылған шекара сымына ойын балалары барып қалады деп қауіптенетін ата-аналар оларды өздерімен бірге алып жүреді.
Марат Қансейітов жеке куәліксіз жүргені үшін 5 672 теңге айыппұл төлеген түбіртегін көрсетті.
- Шекара аймағында тұрғаннан соң жеке куәлікті алып жүру ескертілген. Бірақ күнде үй тірлігімен жүргенде үнемі куәлікпен жүру мүмкін емес. Сонда әр ұстаған сайын айыппұл сала берсе, онсыз да күнкөре алмай отырғанда қиын ғой. Бала-шаға өсіп келеді, олар да осы қиындықты көре ме?, - дейді ол.
Кей үйлердің қорасына шекара сызығы тиіп тұр. Қазақ-өзбек шекарасындағы Достық ауылы.
Есекке мінген бала.
Тұрғындарды қинайтын тағы екі мәселе – су тапшылығы мен қатынас қиындығы. Достық ауылы тұрғыны Гүлмира Жандарованың сөзіне қарағанда, «әкімдік (ауылдық округ әкімдігін айтады – ред.) аптасына бір рет тегін су әкеліп беруге бір жыл бұрын уәде бергенімен, қазір су тасушылар бір литр суды бір теңгеден сатады».
- Ол судың өзі уақтылы келмейді. Тапқан ақшамыз суға кетеді. Арықтың бір тонна суын екі-үш мың теңгеге әкеледі, 10 күнге жетеді. Күніне 30-40 литр ішетін су керек. Қазір үйде ішетін су жоқ. Қашан әкелетіні белгісіз. Құдық қазып бердік дейді. Оның суын мал да ішпейді. Ал көрші ауылға баруға такси шақырамыз. Келмесе, 8 шақырымға жаяу кетеміз, - дейді ол.
Достық ауылы тұрғындарына жергілікті әкімдік қазып берген құдық суы.
Құдық басында отырған балалар.
Балалар Достық ауылы тұрғындарына әкімдік қазып берген құдықтан бөшкелерге су толтырып, тұндырып, күнге жылытып, шомылады.
Су ішіп жатқан бала.
Достық ауылының тұрғыны Райхан Өсербаева жұмыссыздық проблемасын айтады.
- Күнкөру қиындап кетті. Ағын су жоқ, егін еге алмаймыз. Мал жоқ. Жұмыс істемейміз. Балам да, келінім де үйде. Өзім - мүгедекпін. Жалғыз күйеуімнің таксилетіп тапқан ақшасына күн көріп отырмыз, - деді ол көзіне жас алып.
2005 жылы қазақ-өзбек шекарасы белгіленгенде Достық ауылы көрші елдің Науаи ауылынан бөлініп қалған. Сол жылы 10 отбасына үйлері үшін өтемақы беріліп, олар облыстағы қалаған жерлеріне көшіп кеткен. Қазір бұл ауылда қалған 11 отбасы көшіруді күтіп отыр.
Шекарашыларды көру үшін өрік ағашына шыққан балалар.
Ауылда 72 адам тұрады. Екі зейнеткер, 16 оқушы, 13 мектеп жасына дейінгі бала, екі – студент, 37 адам «өзін-өзі жұмыспен қамтушы» болып саналады. Ауылда бірде-бір әлеуметтік нысан жоқ. Табыс көзі күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасылар балаларына әлеуметтік жәрдемақы алады.
Қазақ-өзбек шекарасы түбіндегі қора.
Достық ауылы тұрғыны Ұлықбек Жүсіпов. Ол да айыппұл төлеген.
- Биыл шекарашылар екі адамға айыппұл төлетті. Бірі - мен. Үйімнің алдын кесіп, бір адам шекарадан өткені үшін айыпты болып 15 мың теңге төледім. Әкімдікке араша түсіңдер деп бардық. Қараспады, - дейді ол.