Болашағы бұлыңғыр Баршатас

Баршатасқа кіреберіс жол бойындағы белгі. Аягөз ауданы, Шығыс Қазақстан облысы, 23 шілде 2021 жыл.

Шығыс Қазақстан облысындағы Баршатас аулында қазір 1750 адам өмір сүреді. Бір кездері Шұбартау ауданы орталығы болған ауылда 5 мыңнан астам тұрған еді. 1997 жылы аудан қысқарғаннан кейін жағдайы оңалмаған Баршатастан елдің көбі көшіп кеткен. Ауыл тұрғындары Баршатастың болашағы бұлыңғыр екенін айтады.

Баршатас ауылы қазіргі аудан орталығы Аягөзден батысқа қарай 175 километр қашықта, Қарағанды қаласына баратын үлкен жолдың бойында орналасқан. Біз мінген жеңіл көлік Баршатас ауылына үш жыл бұрын төселген асфальттің кетеуі кетіп, кедір-бұдырға айналған жолмен үш сағаттан астам уақыт жүріп жетті.

Баршатас аулының сыртынан қарағандағы көрінісі. Аягөз ауданы, Шығыс Қазақстан облысы, 23 шілде 2021 жыл.

Баршатасты алғаш көрген адам әлдебір шайқас немесе табиғи апат болған аймаққа келгендей сезімде болады: әр жерден құлаған үй-жайдың орны, толық не жартылай қираған ғимараттар жиі көзге шалынады.

Анда-санда бір өтетін көлік соңынан шұбырған шаң ауыл ішінде тіршілік барын аңғартқандай.

Бір кезде Шұбартау ауданы орталығы болған Баршатас ауылында қазір мұндай бұзылған ғимарат көп. Аягөз ауданы, ШҚО, 23 шілде 2021 жыл.

Шұбартау ауданы 1970-жылдардың басында совет өкіметінің "Қазақстанда қой санын 50 млн-ға жеткізейік!" деген ұранымен алғаш рет комсомол жастар бригадасы құрылған аудан ретінде танылған. Билік бастамасы мектеп бітірген қазақ жастарын шопандар бригадасында жұмыс істеуге мәжбүрледі. Жастар малды бір жерде ауысыммен бағып, өсіруі тиіс болды. Сол жылдары Шұбартау ауданында 250 мыңнан аса қой болған. Бірақ Қазақстанда мал басы көбеймей, керісінше азайып кетті.

Баршатас ауылында жайылып жүрген бұзаулар. Аягөз ауданы, ШҚО, 23 шілде 2021 жыл.

Баршатаста қаңырап бос тұрған үй де көп. Ауылдың кіреберісінде орналасқан бірнеше жанармай бекетінде де қызу тіршілік нышаны байқалмайды.

Баршатастағы жанар-жағармай сататын бекет. Аягөз ауданы, ШҚО, 23 шілде 2021 жыл.

Күн жексенбі болғандықтан ба, көшеде бейсауат жүрген адам көрінбейді. Дүкендер де аптаның жұмыс күндері ғана ашылады деп түсіндірді жергілікті тұрғындар.

Баршатас ауылындағы бұрынғы дүкен ғимараты.

Тойханаға айналған бұрынғы кинотеатр. Баршатас, 23 шілде 2021 жыл.

Жол бойында кездескен, сыртқы қаңқасы ғана қалған ғимарат бұрын балабақша болыпты.

Шұбартау ауданы тарағаннан кейін ескі балабақша ғимаратын жекешелендіріп, көлік тұрағы жасаған. Қазір бос тұр. Баршатас, ШҚО, 23 шілде 2021 жыл.

Ауыл халқының сөзінше, 1997 жылы Семей облысымен бірге Шұбартау ауданы да таратылғаннан кейін бұрынғы балабақшаны әлдекім жекешелендіріп, көлік тұрағына айналдырған. Кейін меншік иесі Аягөз қаласына көшіп кеткен соң ғимарат қаңырап бос қалыпты.

Баршатас ауылындағы асфальт төселген жалғыз көше. Аягөз ауданы, ШҚО, 23 шілде 2021 жыл.

Баршатастың ортасын екіге бөліп жатқан жалғыз көшеге ғана қайсыбір заманда асфальт төселген екен. Жергілікті жұрт ауылдағы жолдың жөндеу көрмегеніне талай жыл болғанын айтады.

ӘКІМСІЗ ҚАЛҒАН АУЫЛ

70 жастағы Айдарбек Оңалбаев Баршатаста туып өскен. "Ауылда жұмыс жоқ, халықтың көбі көшіп кетті. Жастар қалмады" деп налиды қария.

Баршатас аулының тұрғыны Айдарбек Оңалбаев.

Айдарбек Оңалбаев 1997 жылға дейін Баршатастың өзінде үш бірдей мектеп болғанын айтады.

Шұбартау ауданы таратылғанға дейін орыс тілінде білім беріп келген 250 орынды мектептің қазір орны ғана қалған. Баршатас, ШҚО, 23 шілде 2021 жыл.

Орыс тілінде білім берген 250 орынды мектептің орнында қазір үйінді мен жеке адамдардың көлік тұрағына айналған спорт залы ғана қалыпты.

Бұрынғы музыка мектебінің орнына қазір балалардың ойын алаңы салынған. Баршатас, ШҚО, 23 шілде 2021 жыл.

Ал музыка мектебінің орнында балаларға арналған шағын ойын алаңы тұр. Бірақ ойнап жүрген бала көрінбейді.

– Қазір ауылымызда әкім де жоқ. Екі жыл бұрын тағайындалған әкім аудан әкімімен келісе алмай, өз өтінішімен жұмыстан шығып кетті. Ауыл әкімсіз қалды, – дейді Оңалбаев.

Баршатас ауыл әкімдігі ғимараты.

Ауыл әкімінің міндетін уақытша атқарушы Базарбек Тәшкенбаевтың берген мәліметі бойынша, 1750 тұрғыны бар Баршатаста қазір бір орта мектеп, төрт балабақша, аурухана, "Қазпошта" бөлімшесі жұмыс істейді.

Ауыл ауруханасының алдынан қарағандағы көрінісі. Баршатас, ШҚО, 23 шілде 2021 жыл.

Баршатасқа барған адамға ең алдымен ауыл ортасында мен мұндалап тұрған аурухана ғимараты көрінеді. Аурухананың алдыңғы жағы боялып, әктелгенімен, ғимараттың келесі жағы бұзылып, қирап жатыр.

Есік-терезесі жоқ ғимараттың іші де тонауға түскендей әсер қалдырады.

Ауыл ауруханасының сырт жағынан қарағандағы көрінісі. Баршатас, ШҚО, 23 шілде 2021 жыл.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, аудан тарағанға дейін аурухананың барлық бөлімі жұмыс істеп тұрған. Кейін мамандар кетіп, 25 орынды ауыл ауруханасы болып қалған.

Бұрынғы аудандық аурухананың қазіргі ішкі көрінісі. Баршатас, ШҚО, 23 шілде 2021 жыл.

Мұнда қазір аурухана меңгерушісі мен екі дәрігер, 20-дан астам кіші медицина қызметкері және өзге де жұмысшылар – барлығы 48 адам еңбек етеді екен.

Бұрынғы балабақша ғимаратының ішкі көрінісі. Баршатас, ШҚО, 23 шілде 2021 жыл.

Жергілікті биліктің мәліметінше, Баршатаста қазір төрт балабақшада барлығы 19 адам жұмыс істейді. Оның біреуі - мемлекеттік мекеме.

Оспанқұл Меңаяқұлы атындағы жергілікті орта мектепте 44 мұғалім, 244 оқушы бар.

Ауылдағы бұрынғы орта мектептің спорт залы қазір көлік тұрағына айналған. Баршатас, ШҚО, 23 шілде 2021 жыл.

"ЖАСТАР КЕТІП ЖАТЫР"

Аудан орталығы болған кезден Баршатас ауылы "Балға", "РТС", "Қотыр қала", "ДЭУ" (жол жөндеу басқармасы), "ПМК" (өндірістік құрастыру кешені) деп аталып кеткен бірнеше бөлікке бөлінетін. Олардың арасына автобус та жүрген. Тіпті облыс орталығы болған Семей қаласына Баршатастан жолаушы ұшағы да қатынаған дейді жергілікті халық.

"Оның бәрі бүгінде ертегі секілді көрінеді" дейді Баршатаста тұратын Марат Жақанов. Азаттық тілшісі жолықтырған кезде Марат ауыл ішіндегі биыл отырғызылған ағаштарды қоршаған темір шарбақты сырлап жүр екен.

Ауыл тұрғыны Марат Жақанов жаңадан салынған саябақ қоршауын сырлап жатыр. Баршатас, ШҚО, 23 шілде 2021 жыл.

– Баршатаста кезінде аэродром да болды. Семей түгілі, ауыл арасына самолет ұшатын. Аудан тарағаннан кейін жергілікті халықтың түгелге жуық көшіп кетті. Үйлердің бәрі бұзылып жатыр. Үкіметтен халыққа қолдау жоқ. Қалған жұрт мал өсіріп, өз күнін өзі көріп отыр. Жастардың бәрі қалаға кетіп, ауыл қаңырап қалды. Біздің де жасымыз 60-қа келіп қалды. Тым болмаса ауылдан кетіп жатқан жастарға үлгі болсын деп осы бір істі қолға алып жатырмыз, – дейді Марат Жақанов.

Мараттың айтуынша, 1982 жылы Баршатас ауылындағы жалпы білім беретін қазақ орта мектебін тәмамдаған түлектер 2022 жылға орайластырылған 40 жылдық кездесуде бас қосқанда, туған аулына шағын саябақ сыйлауды ұйғарыпты. Қаладан сәмбі талдар, шырша, шынар ағаштарын әкеліп отырғызған. Саябақтың сыртын темір шарбақпен қоршап қойған.

Баршатастағы жаңадан салынған мешіт. Аягөз ауданы, ШҚО, 23 шілде 2021 жыл.

Баршатаста санаулы болса да, жаңадан салынған ғимараттар да бар. Соның бірі – ауыл мешіті азаматтардың жеке қаржысына салынған.

Баршатаста кейініректе салынған монша да істемейді.

Ауылдан оңашалау, төбе үстіне салынған бір қабатты үй кейініректе салынған монша екен. Бірақ қазір ол да жұмыс істемейді. Оның себебін Марат Жақанов:

– Отын жоқ. Жеке адамдардың моншаны көмірмен қамтамасыз етуге шамасы келмейді, – деп түсіндірді.

Бұрынғы аудандық атқару комитеті ғимаратында қазір наубайхана, қойма, дүкен орналасқан.

"ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН АУЫЛ"

Баршатаста тұратын Қайыржан Нұрсипатов көп жыл бойы Шұбартау аудандық телекоммуникация мекемесін басқарған. Қазір зейнетте.

Баршатас аулының тұрғыны Қайыржан Нұрсипатов. Аягөз ауданы, ШҚО, 23 шілде 2021 жыл.

– Қараусыз қалған ауыл деп есептеуге болады. Облыс орталығынан 500 шақырым, Аягөз қаласынан 175 шақырым алыста жатыр. Жолдың жағдайын да көрдіңіздер. Сапасы өте нашар. Мемлекеттің берген көмегі қанағаттанарлық деңгейде емес. Бұрынғы үлкен мекеме орналасқан ғимараттың бәрі бұзылып кетті. Бірақ орны сол беті тазаланбады, ауылдың іші толған үйінді, – дейді Нұрсипатов.

"Қазақтелеком" мекемесінің иен тұрған ғимараты. Баршатас, Аягөз ауданы, ШҚО, 23 шілде 2021 жыл.

Қайыржан Нұрсипатов ауылда бұзылмай тұрған бірнеше мекеме ғимаратының жекеге өтіп кетуіне қарсылық білдіріп жүргенін айтады.

Баршатастағы басты көшелердің бірінде кетіп бара жатқан "Газель" жүк көлігі. Аягөз ауданы, ШҚО, 23 шілде 2021 жыл.

Нұрсипатовтың сөзінше, жергілікті халықтың ауыл ішін кесіп өтетін екі үлкен көшені асфальттауды сұрап келе жатқанына жиырма жыл болған. Жыл басында облыс әкімі Даниял Ахметовтің тараған аудан орталығына қаржы бөліп, абаттандыру туралы қаулысы шыққанын, бірақ одан да қайыр болмағанын айтқан Нұрсипатов:

– Біз секілді тараған Мақаншы, Таскескен, Ақжар тәрізді бұрынғы аудан орталықтары абаттандырылып жатыр, – дейді ренішін жасырмай.

Баршатастың "Балға" деп аталатын бөлігіндегі үйлер. Аягөз ауданы, ШҚО, 23 шілде 2021 жыл.

Қайыржан Нұрсипатов жергілікті аурухананың мүмкіндігі шамалы екенін айтады.

– Көз дәрігері, тіс дәрігері, гинеколог маман жоқ. Кезінде отаға дейін осында жасалатын еді. Қазір ауырсақ Аягөзге немесе Семейге барамыз. Былтыр індет өршіген кезде ауруханаға жете алмай жолда қайтыс болып кеткендер де болды, – дейді ол.

Баршатастың "ДЭУ" деп аталатын бөлігі. 23 шілде 2021 жыл.

Кей деректер бойынша, 1930-жылдардың басында жаңадан құрылған Шұбартау ауданында сол заманда болған аштық салдарынан адам саны жеті-сегіз есе азайып кеткен. Кейін, 1962 жылы Қытайдан атамекенге оралған қазақтар есебінен аудан халқының саны қайтадан өсіп, 17 мыңға дейін жеткен.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған тұста аудан орталығы Баршатаста 5 мыңнан артық адам тұрса, 1999 жылы - 3200-ге жуық, тағы он жылдан кейін 2800-ден астам адам болған. Қазір мұнда 1750 адам тұрады.

Ескі автобустың қаңқасы. Шұбартау ауданы тарамай тұрғанда ауыл ішінде осындай автобус жүретін дейді жергілікті жұрт. Баршатас, Аягөз ауданы, Шығыс Қазақстан облысы, 23 шілде 2021 жыл.