"Оңтүстіктен солтүстікке көш" бағдарламасы тозған ауылды жандандыра ала ма?

Тау ішіндегі Ақбұлақ ауылына кіреберістегі жазу. Марқакөл ауданы, ШҚО. 24 шілде, 2024 жыл.

Үкімет Қазақстанның солтүстігі мен шығысындағы тұрғыны азайған ауылдарды сақтап қалу үшін оңтүстіктің халқын көшіп баруға ынтыландырғысы келеді. Бұл бастаманы белсенділер де қолдайды. Бірақ қоныс аударғандар онша көп емес. Жергілікті халық шалғай ауылда жағдай жасалмағанын айтып налиды. Азаттық тілшісі Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ және Қараой ауылдарының жағдайын көріп қайтты.

АҚБҰЛАҚ

Өскемен - Марқакөл бағытындағы күре жолдан түсіп, ой-шұңқыры көп қара жолмен 40 шақырым жүріп Ақбұлақ ауылына жеттік. Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданындағы бұл елді мекенде адам тұратын баспанадан гөрі иен үй мен бұзылған ғимарат көп. Бір кезде 500-ден астам түтін болған ауылда қазір тек 30-дың үстінде шаңырақ бар.

Ақбұлақ ауылының орталық көшесі. Марқакөл ауданы, ШҚО, 24 шілде, 2024 жыл.

Туғалы осында тіршілік кешіп жатқан Баймұрат Жақсыбаев пен Камал Тояхметова мал ұстап, бақша өсіреді. Түрлі жеміс-жидектен әзірлеген тосап пен құрт-майына сұраныс бар.

Зейнеткерлер "жас күнімізде ауылымыздың гүлденген шағын көрдік, қартайғанда құлдыраған кезін де көріп отырмыз" дейді қынжылып.

Ақбұлақ ауылының тұрғыны Камал Тояхметова. Марқакөл ауданы, ШҚО, 24 шілде, 2024 жыл

– Бұл керемет ауыл болған. Кезінде совхоз орталығы еді. Қаншама үй болды. Өмірдің ағысына қарай, 1990-жылдары жұмыс болмағандықтан елдің бәрі үдере көшіп кетті. Біз көшпедік, туған жеріміз деп отыра бердік. Белсенді азаматтар оңтүстіктен отбасылар көшіріп әкелуге атсалысып жатыр. Алды келіп те жатыр. Былтыр Қызылорда облысының Арал қаласынан бес үй көшіп келді. Биыл да Түркістаннан келіп жатыр. Әлі де бұл ауыл көркейеді деп сенеміз. Көшеміз деп ойлаймыз. Осы ауылды болсақ дейміз. Өйткені жасымыз келіп қалған адамдармыз, – деді Камал Тояхметова.

Оның сөзін жұбайы жалғады.

– Енді біз оқыған кезде мектепте 700 бала болды. Қазір соның 5 пайызы қалды ма, қалған жоқ па, – деді Баймұрат Жақсыбаев ойға шомып.

Ақбұлақ ауылының тұрғыны Баймұрат Жақсыбаев. Марқакөл ауданы, ШҚО, 24 шілде, 2024 жыл.

Совет одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанның шығысы мен солтүстік облыстарындағы, орталықтан шалғай жатқан ауылдарда адам саны азая бастады. Кәсіпорындар бірінен соң бірі жабылған соң жұмыссыз қалған жұрт қалаға босты.

Ауылдарда тұрғын саны азайғанын әр ауданның статистикасынан көруге болады. Мысалы, осы Ақбұлақ ауылы қарайтын Марқакөл ауданында тұрғын халық саны 1997 жылы 20 мыңның үстінде болса, қазір небары 7 мыңға жуық.

Ақбұлақта кірпіші бұзылмай, аман тұрған ең зәулім ғимарат – мектеп. 200 балаға шақталған мектепте 30 шақты ғана оқушы бар.

Ақбұлақ ауылындағы 200 орынға шақталған мектепте 30 бала білім алады. ШҚО, Марқакөл ауданы, 24 шілде, 2024 жыл

– Бұл қазір шағын жинақталған мектеп. Оқушы саны өте аз. Жылдан жылға кеміп бара жатыр, – деді мектеп директоры Сәуле Бектемірова.

Мектепке бұрынғы түлектері жылда тарту-таралғы жасап тұрады екен. Таяуда бөлмелерге үстел-орындық алып беріп, кіреберісіне "Алтын ұя мектебім" деген жазу жаздырған. Директор ауылдан кеткендер жыл сайын туған жеріне қыдырып келгенде өздері тәлім-тәрбие алған білім ошағы жайнап тұра берсе деген тілекпен көмектеседі дейді.

Ақбұлақ ауылындағы бұзылған ескі ғимараттардың бірі. ШҚО, Марқакөл ауданы, 24 шілде, 2024 жыл

Тәуелсіздік алғаннан кейін 20 жылдай өткенде халқы азайған ауыл адамдары қираған үйлер мен ғимараттар, жабылған жұмыс орындарын көріп алаңдап, жол, жарық, интернет, ауызсу сынды әлеуметтік проблемаларды шешетін уақыт жетті деп шағынуды жиілетті. Қазақстан билігі мұндай шаруаларды іске асыру үшін сол елді мекендерде халық көп болуы керегін, ауылды дамыту экономикалық жағынан сонда ғана тиімді болатынын айтты.

2017 жылы үкімет "Оңтүстіктен солтүстікке көш" бағдарламасын жариялап, жұртты шалғай ауылдарға көшіп баруға үндей бастады. Алғашқы бес жылда оңтүстіктен 1700 отбасы солтүстік пен шығыстағы елді мекендерге қоныс аударған. Биыл ақпанда сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл бағдарлама "ойдағыдай нәтиже бермеді" деді. Мәселен, Әшімбаевтың сөзінше, кейінгі жылдары солтүстіктегі халық саны 22 пайыз азайған.

Тракторын шөп шабуға дайындап жатқан жергілікті тұрғын. Марқакөл ауданы Ақбұлақ ауылы, ШҚО. 24 шілде, 2024 жыл.

Дегенмен жергілікті әкімдіктер мен белсенділер ауылға адам тартуды белсенді жүргізіп келеді.

– Жалпы оңтүстіктен көшіру бойынша нәтиже жаман емес. Ақбұлақ, Қараой ауылдарына отбасылар келді. Қандас ағайындар да бар. Жалпы оңтүстіктен келгендер мен қандастарды қосқанда биыл – 18 адам, оның ішінде балалар да бар. Биыл 50-ге дейін апарсақ деп ойлағанбыз. Бірақ құжаттарды рәсімдеу, жұмысқа қабылдау және үймен қамту бойынша біраз уақыт керек. Сондықтан кішкене шегеріп отырмыз, – деді Марқакөл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рүстембек Кемешов Азаттыққа.

Биліктің бастамасы туған ауылының тағдырына алаңдайтын белсенділерге қанат бітіргендей болды. Олар да адам шақыра бастады.

Белсенді Бауыржан Жауғашаров. ШҚО, Марқакөл ауданы, 24 шілде, 2024 жыл

Сондай белсенділердің бірі – Бауыржан Жауғашаров. Өзі облыс орталығы Өскеменде тұрса да ауылдан кете алмайтын жерлестері жалғызсырап қалмаса, марқұм әке-шешесі мәңгілік тұрақ тапқан жері елсіз мекенге айналмаса деген ниетпен ерікті түрде адамдарды ауылға көшіп баруға үгіттей бастаған. Өзі былтыр Қызылорда облысынан 5 отбасын көшіріп әкелуге атсалысқан.

– Сол ауылда әкем он жасымда, шешем он бес жасымда қайтыс болды. Марқұмдарға туған жердің топырағы бұйырыпты… Кез келген адам өсіп-жетілгеннен кейін бала кезін сағынады. Ауылға барғанда бейғам балалық шаққа саяхаттағандай боласың. Ал құлазып тұрған ауылды көргенде "әттеген-ай" дейміз, бұрынғы кезді аңсап, ауылды қалпына келтіргіміз келеді. Бір барғанда көз қуанышымыз болып, құлағымызға тек жағымды үн естілгенін қалаймыз. – деді Бауыржан Жауғашаров.

Ақбұлаққа Қызылорда облысынан қоныс аударған Зәуре Жүгінісованы сөзге тарттым. Ол балаларына оңтүстік өңірде дипломмен қызметке орналасу қиын болғандықтан, Шығыс Қазақстанда жұмыс табылғаннан кейін көшіп келгенін айтып берді.

Ақбұлақ ауылының тұрғыны Зәуре Жүгінісова, ШҚО, Марқакөл ауданы, 24 шілде, 2024 жыл.

– Екі келінім мұғалім. Біреуі биологиядан жоғары оқу орынын бітірген. Екіншісі бастауыш мектеп мұғалімі оқуын тәмамдаған. Балалар жұмыс істесін, дипломы іске ассын деп осы бағдарламамен келіп отырмыз. Оның үстіне әкімдік қажет нәрсемен қамтимыз, көмектесеміз деген. Қолымда тұратын ұлымның алты баласы бар. Оны мына жердегі "Қаршыға" кәсіпорынына жұмысқа тұрғызды. Екінші баламның үш перзенті бар. Ол қазір әкімдікте электрик болып істейді. 80 мың теңге айлық алады. Әрі қарай жақсы болып, орнығып кетсек дейміз. Бірақ мына жақтың қысы қатты екен. Қысы ұнамады. Қар көп болды. Біз оңтүстіктен келіп отырмыз. Бұл – шығыс, таудың арасы ғой, – деді Зәуре Жүгінісова.

Марқакөлдің ауылдарына, расымен, қар қалың түседі. Биыл қыста 2 метр қар жауып, кейбір елді мекен бір айға жуық жол қатынасынан ажырап қалды. Әкімдік азық-түлікті тікұшақпен жеткізген.

Сырты шарбақпен қоршалған жартылай бұзылған үй. Иесі қалада тұрады дейді ауыл адамдары. Ақбұлақ, ШҚО, 24 шілде, 2024 жыл.

Бір кезде бұл ауылдың өз адамдары да жол азабына шыдамай, көшіп кеткен дейді мұнда бұрыннан тұратындар.

Сұлтанбек Тоқтауов Ақбұлақ ауылында жол қатынасы қиын екенін айтады. 24 шілде, 2024 жыл.

– Совхоз тарағаннан кейін, 1996-2000 жылдары жол қатынасы қиын болды. Қала-далада оқитын осы ауылдың балалары үйіне жете алмай жүрді. Ауданмен екі ортада айлап жол болмады. Атпен жүрдік. Жұрт үлкен жолдың бойындағы Қалғұты ауылына дейін атпен, шанамен барып, бала-шағасын әкеліп жүрді. Соның кесірінен талай адам көшіп кетті. Әйтпесе бұл ауыл бұлай тозбас еді, – деді Ақбұлақ ауылының тұрғыны Сұлтанбек Тоқтауов.

Оның сөзінше, совхоз тарағанға дейін жолды үздіксіз күреп, тазалап отырған.

– Екі К-700 тракторын жол күреуге арнайы бөлетін. Күндіз-түні күреп тұрды. Ауылға қарасты бөлімшелердің бәріне К-700 жүрді. Халық көп болды. Совхоздың көп техникасын соған жұмсады, – деді ол.

Тау ішіндегі Ақбұлақ ауылы, Марқакөл ауданы, ШҚО. 24 шілде, 2024 жыл.

Солтүстік пен шығысқа барған кей тұрғындар түрлі жылдары көшіру бағдарламасына көңілі толмай, "тиісті жұмыспен қамтылмадық", "тұрмыс жағдайымыз жасалмады, су мен жарық жоқ", "инфрақұрылым нашар" деп сын айтып жатты. Биыл ақпанда премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова "Оңтүстік өңірдегі жұмыссыздарды алып, солтүстік өңірден жұмыссыз жасаудан проблема шешілмейді. Ол өңірлерде үлкен жобалар жүргізілуі керек" деген еді. Бірақ содан бері Дүйсенова айтқан "үлкен жобалардан" хабар жоқ.

ҚАРАОЙ

Жергілікті билік ауылдарға адам тартып, аз-аздан қоныстандырып жатқанымен, сол жерде бұрыннан тұрып келген халық, керісінше, буынып-түйініп отырғандай.

Мен барған Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ пен Қараой ауылдарында көшіп кеткісі келетіндер аз емес. Қараойда интернетті былай қойғанда, ұялы байланыс та жоқ. Адамдар қолы боста шахматты ермек етеді.

Қараой ауылының орталық көшесі. Марқакөл ауданы, ШҚО, 24 шілде, 2024 жыл.

– Түк те жоқ бізде. Қаладағылардың ұялы телефонына үйдегі стационар телефоннан звондаймыз. Балалармен сөйлесіп, жағдайын сұраймыз, ақшасы бар-жоғын білеміз… Сол бірнеше минут сөйлескеніміздің өзі қалтаға салмақ салады. Айына 20 мың теңгеден артық ақша төлейміз. Бізге интернет келеді деп уәде берген. Міне, мына жерге биіктігі 15 метр телемұнара қойған. Ол сол қалпы қалды. Ақпанда қосамыз деді, одан кейін наурыз деді. Әлі алдаумен келеді. Интернет жоқ, балаларға қызық жоқ бұл ауылда. Бізді қойшы, жастарға обал. Ал жолымыздың кейпі анау, көріп келген шығарсыңдар. Қыста да, жазда да қиын. Күтім жоқ. Не күрелмейді, не үстіне құм сеппейді. Жауын жауса балшыққа айналады. Қар жауса бір-ақ із салып кетеді. Қарсы келген көліктер жолға сыймай, біріне-бірі соғылып жатқаны, – деп кейіді Қараой ауылының тұрғыны Шәкен Отарбаев.

Қараой ауылының тұрғыны Еркін Бүйрекбаев.ШҚО, Марқакөл ауданы. 24 шілде, 2024 жыл.

– Өзіміздің ауылдан бәленбай үй кетіп жатыр. Соларға жағдай жасалса кетпес еді, – деді Қараой тұрғыны Еркін Бүйрекбаев.

Марқакөл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рүстембек Кемешов аудан енді құрылып, бюджеті бекітіліп жатыр, жұмыссыздық, интернет және жол мәселелері біртіндеп шешіледі деп сендіреді.

Жаңа көшіп келген халық жергілікті биліктің уәдесіне үміт артады. Түркістаннан келген Мереке Керімбекқызының отбасы әсіресе жұмысқа зәру. Отбасы Қараой ауылына тұрақтаған. Мерекенің өзі мектепке кіргенімен, күйеуі әлі жұмыс іздеп жүр.

Қараой ауылына Түркістан облысынан көшіп келген Мереке Керімбекқызы. ШҚО, 24 шілде, 2024 жыл.

– Химия-биология пәні мұғалімімін. Оңтүстікте жұмыс тапшы, сондықтан орналаса алмағанмын. Мына ауылдан орын шығып тұр. Енді күйеуіме ауылға жақын жердегі тау-кен кәсіпорынынан жауап күтіп отырмыз. Ол да болып қалар. Жайлап орналасып жатырмыз. Халық күтіп алды, барынша көмектесіп жатыр. – деді Мереке Керімбекқызы.

Ал ауыл адамдарына халық әбден азайғанда жасалып жатқан жағдай кеш секілді көрінеді. Тіпті көшіп кеткендер де азып-тозған туған жеріне жандары ашиды, гүлденгенін қалайды, бірақ қанша жағдай жасалса да, әбден орналасып алған қаладан қайта келуі екіталай екенін жасырмайды.

Ақжалбек Түменбаев. Қараой ауылы, ШҚО. 24 шілде, 2024 жыл.

– Ауылды көрейін деп келдім. Өскен жерімді барып қарасам, іргетасы ғана қалыпты. Бұрын маңайында таңқурай, шие қаптап тұрған еді, қазір шаңы шығып жатыр. 75 жас жасадық. Ары қарай қанша жүреміз, кім біледі. Әйтеуір мәшинеге отырып келіп жүрмін, келешекте рөлге отыруға жараймын ба, жарамаймын ба… Жылына бір рет қыдырып келемін. – деді 20 жыл бұрын Қараойдан Өскеменге көшіп кеткен Ақжалбек Түменбаев.

Қазір Қазақстанның шалғайдағы ауылдарының негізгі тірегі – мектеп. Бала саны азайғандықтан белгілі шамаға жетпесе жабылып қалу қаупі бар. Ондай жерлерде баласын басқа жақтан оқыту үшін тағы бірнеше үй ауылды тастап кетуі ықтимал. Сондықтан олар оңтүстіктен келіп жатқан отбасылар туған жеріне қыдырып кетсе де алаңдап отыратынын айтады. Өйткені "қысы қытымыр, жағдайы мәз емес ауылымызға қайтып келуге жүрегі дауаламай қала ма" деп уайымдайды.

– Түркістаннан, Қызылордадан адамдар келді. Бірақ оңтүстіктің біздің жерге табиғаты келмейді. Мұнда қар қалың болады. Аяз. Ол кісілер от жағудан қиналады. Бұл жаққа бұрын Қытайдан көшіп келгендер болған. Олар мұндай ауа райына бейім ғой, жақсы тіршілік етті, мал ұстады. Бірақ соның өзінде туып-өскен жері болмағандықтан жерұйық іздеп кетті. – деді Ақбұлақ ауылының тұрғыны Баймұрат Жақсыбаев.

Қараой ауылының шетіндегі интернет мұнарасы. Ауылда интернет те, ұялы байланыс та жоқ. Халық қаладағы туыстарымен стационар телефоннан сөйлеседі. ШҚО, Марқакөл ауданы, 24 шілде, 2024 жыл.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев үкімет "Оңтүстіктен солтүстікке көш" бағдарламасын қайта қарауы керек деп есептейді.

– Осы уақытқа шейін көңілге қонарлықтай нәтижеге қол жеткізген жоқ бұл бағдарлама. Себебі көшіп баратын халықтың саны аз, ал мемлекеттің бөліп жатқан қаражаты өте көп. Екіншіден, мәселе бағдарламаның негізінде тұрған концептуалдық ұстанымда. Халықты физикалық түрде бір жерден екінші жерге қоныстандыру советтік утилитарлық көзқарасқа негізделген. Өйткені біз адамдарға жеке тұлға, жеке қажеттілігі бар адам ретінде емес, ресурс ретінде қараған боламыз. Мемлекетке солтүстікте халық саны көп болғаны керек, демек мемлекет адамдарды сонда көшуге итермелейді. Бірақ үкіметтегі адамдар ол елді мекендерде қарапайым инфрақұрылым жоқ екеніне бас ауыртпайды. – деді әлеуметтанушы.

Бейсембаевтың пікірінше, мемлекет адамдарды ақша төлеп көшіргеннен гөрі, аймақты экономикалық тұрғыдан тартымды қылуға күш салуы керек, сонда жұрт өзі-ақ ағылады. Бұған қоса мемлекеттің қауіпсіздігі қазіргі кезде адамның санымен емес, сапасымен қорғалады деді әлеуметтанушы.

– Мемлекеттің "ұлттық қауіпсіздік" деген үлген парадигмасы бар. Барлық мәселеге қауіпсіздік тұрғысынан қарайды. Аймақтарға адам толтыру керек дейді. Солтүстік [өңір] Ресеймен шекаралас, халық көп көшіп кетіп жатыр, ертең ол жерде тұратын адам болмаса, қауіп тудырады деген көзқарас бар. Меніңше, бұл көзқарасты қайта қарау керек. Себебі бұл 20-ғасырдағы геосаяси парадигма секілді. Жаңа заманда мемлекеттің қауіпсіздігі тұратын адамдармен емес, адами капиталдың сапасымен өлшенеді. Яғни шалғай ауылға көшіп барған он адамнан гөрі сапалы білім алған және экономикаға үлес қосып жатқан он адам қауіпсіздігімізге көп пайда алып келер еді деп ойлаймын, – деді Серік Бейсембаев.

Өрістен қайтқан сиыр. ШҚО, Марқакөл ауданы Қараой ауылы. 24 шілде, 2024 жыл.

Халқы азайған шығыс пен солтүстік өңірлерге шақырған үкіметтің ұсынысын қабыл алған оңтүстіктің адамдары тұрақты жұмысқа кіріп, қаржы тауып, бала-шағаның дамуына жол ашамыз деген үмітпен қоныс аударады. Ал құты қашқан елдімекенде бұрыннан тұратын жұрт қалаға барғанмен жұмыс пен үй табу уайым екенін айтып, бір арнаға түскен өмірі, дайын баспана бар туған ауылы гүлденіп кетсе деп тілейді.