Бұл – мемлекет қаржысына жасалған, бірақ халық наразылығынан кейін қала ортасына орнатылмай, әлі күнге мүсіншінің гаражында тұрған ескерткіш және оның төңірегіндегі дау туралы хикая.
Your browser doesn’t support HTML5
2022 жылы Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында 18-19 ғасырларда өмір сүрген тау-кен инженері Филипп Риддерге ескерткіш қою туралы шешім қабылданып, сол жылы қала әкімдігі тапсырыс беріп, мүсінді жасатып та қойған. Бірақ халық пікірі екіге жарылды.
Ескерткіш орнатуды қолдаушылар "өлкеде кеніш ашқан тарихи тұлға оған лайық" дейді. Қарсылар "бұл отаршылдықты насихаттау" деген уәж айтады. Наразылыққа тап болған соң дайын ескерткіш тұғырға қойылмады. Ол жөніндегі пікірталас әлі жалғасып келеді.
"ЕКІ ЖЫЛДАН БЕРІ ГАРАЖДА ІЛІНІП ТҰР"
Риддер қаласы Шығыс Қазақстан облысының Ресеймен шекарасында орналасқан.
Кейінгі жылдары бұл қала апатқа ұшыраған жылу электр орталығымен және "Шаңырақ" деп аталатын жалғыз қазақ мектебінің жырымен көптің назарына ілінген.
Ресми ақпарат бойынша, Риддер қаласында 50 мыңға жуық адам тұрады: 10 мыңы қазақ, 37 мыңы орыс, 3 мыңы – өзге ұлт өкілдері.
Қаланың қақ ортасында 22 жылдан бері бір бос тұғыр тұр. Бір кездері оның үстінде болған совет көсемі Лениннің ескерткіші 2002 жылы алынып тасталған.
Осы бос тұғырға кімнің мүсінін қойған дұрыс деген мәселеге келгенде жергілікті тұрғындар ортақ шешімге келе алмай жүр. Кейбіреулер осы жерге қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішін орнату керек десе, енді біреулер бұдан екі ғасырдан астам уақыт бұрын осы өлкедегі металл кенішін ашқан тау-кен инженері Филипп Риддердің мүсіні тұрғаны жөн дейді.
2022 жылы қалалық ономастика комиссиясы орыстың тау-кен инженері, генерал-майор Филипп Риддер ескерткішін орнату жөнінде шешім қабылдап, жергілікті әкімдік 30 млн теңгеге 3 метрлік мүсін жасатып та қойған еді. Бірақ бұл шешімнен жұртшылық бейхабар болған.
Әкімдік "Республика күні ашылуы болады" деп "сүйіншілей" бастаған кезде ғана көпшілік кімге ескерткіш қойылғалы жатқанын бір-ақ білген. Кейбіреулер оны құптағанымен, оған қарсы шыққандар өз уәжін келтірген.
– Екі жыл бұрын Instagram әлеуметтік желісінен "Республика күні орталық алаңға Филипп Риддердің ескерткіші қойылады" деген хабарландыру оқыдым. Әкімдіктің ақпараты. Қол шапалақтап қуанып жатқандар бар екен. Қаланың ортасы – қаланың төрі деген сөз емес пе? Оған аса құрметті адамды қойған абзал. Филипп Риддер – Ресей империясына, ІІ Екатеринаға қызмет еткен адам, – дейді жергілікті белсенді Назар Асайынов.
Қоғамда қарсылық күшейген соң, даулы ескерткіш ақыры қойылмады. Қазір өскемендік шебер Ирдан Гайсиннің гаражында тұр.
– Риддердің ескерткіші дайын. Екі жылдан бері бізде жатыр. Шынын айтқанда, орын алып, кедергі келтіріп тұр. Бір жерге қойсыншы деп әкімдікке апарып тастағым келеді, – деді Ирдан Гайсин Азаттық тілшісіне.
2002 жылы Риддер қаласының орталығынан алынған Лениннің монументі Өскемендегі ескі ескерткіштер жинақталған арнайы аллеяға апарып қойылған. Бірақ ескерткіштің тұғыры бәз баяғы орнында, Риддердің орталығында әлі тұр.
Оның сол жерде қалдырылуының сыры бар. 2002 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен қалаға Риддер деген ескі атауы қайтарылған. Оған дейін 60 жылдан астам уақыт бойы қала Лениногорск деп аталып келген еді.
Қайтадан бұрынғы атауына ие болған қалада Риддерге ескерткіш қою туралы ұсыныстар айтылып, оған билік те қарсы болмаған. Ленин ескерткішінен қалған тас тұғырдың жақтауына Риддердің бейнесі салынған және "Мен осы қазба кен орнын 31 мамырда дәл Троица күнінде аштым" деген сөзі қазақша және орысша жазылған тақтайша ілінген еді.
Назарбаевтың билігі тұсында Риддерге кіреберістегі көпқабатты биік үйдің қабырғасындағы "Елбасы" деген үлкен жазу менмұндалап алыстан көзге түсетін. Назарбаев 2019 жылы наурызда биліктен кеткен соң да біразға дейін тұрған сол жазу 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін бір-ақ күнде алынып тасталды.
ФИЛИПП РИДДЕР КІМ БОЛҒАН?
Риддерге ескерткіш орнату жоспары қарсылыққа тап болғаннан кейін әкімдік тым-тырыс қалды. Бірақ даулы мәселе анда-санда қоғамда сөз болып, пікірталас қайта қызады.
Филипп Риддер – қазіргі Шығыс Қазақстан өңіріне 18-ғасырдың аяқ шенінде Ресей патшасы екінші Екатеринаның тапсырмасымен келген, қала маңынан түсті металл кенішін ашқан адам. Оған ескерткіш орнату идеясын көтеріп жүргендердің бірі – бұрынғы қалалық "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары, қазіргі "Достық үйінің" қызметкері Надежда Климова. Филипп Риддер осы өлкеде еңбегінің ізі қалған тарихи тұлға ретінде ескерткіш орнатуға лайық дейді ол.
– Риддердің ескерткіші қала көркіне я тарихына қандай кедергі келтіреді, айтыңызшы? – деді бізге бос тұғырды көрсеткен Надежда Климова.
– Тарихты білу керек, сүю керек. Қайта жазудың, сапырылыстырудың қажеті жоқ. Тіпті алашордалықтар да сүттен ақ, судан таза болған жоқ қой. Олар да ақтардан қызылдарға қашып, біразға дейін бір тоқтамға келе алмай аласұрып жүрді. Тарихты қопара берсең, шынымен өте күрделі нәрселерге кезігесің. Өз тарихың тұрғанда Батыстың ми шаятын үгітіне ерудің не керегі бар? Айтқанына еріп, қолыңа доллар ұстатса, соңынан жүгіре жөнелмей, өз тарихыңды білген жөн. Қазіргі жас буын америкаландырудың ықпалына түсіп, есінен адасып, тарихтан жоқ кінәліні іздеуге әуес. Ол да бір дәуір болған деп қарау керек, бітті, – дейді Климова.
Жергілікті тұрғын Михаил Серебренников кейбіреулердің Риддерге ескерткіш орнатуға неге қарсы болып жүргенін түсінбейтінін айтады.
– Ленинді алып тастағаны өкінішті-ақ. Обал болды. Оқушы кезім совет заманында өтті. СССР кезінде мектеп бітірдім. Тату-тәтті едік, ұлтқа бөлінбейтінбіз. Ал қазір "мынау менің қалам, сен менің Қазақстанымда тұрсың" дейді. Егер осы жерде туған болсам, "Менің Қазақстаным" дегенін қалай түсінуге болады? Бұл менің де қалам ғой. Ал Қазақстанға келсек… "Тәуелсіздік" дейді. Неден тәуелсізбіз? Өзіміз де түсінбейміз, – деді Михаил Серебренников.
– Сіз тәуелсізбіз деп ойламайсыз ба? – деп сұрақ қойдым.
– Жоқ, – деді ол.
– Сондай қалай болғаны?
– Білмеймін, әйтеуір бірнәрсеге тәуелдіміз ғой. Мысалы, күнбағыс дәнін алуға барсаң, қымбаттап кеткен, доллар көтерілді дейді. Демек, долларға тәуелдіміз, солай болғаны ғой, – деп иығын қушитты Михаил Серебренников.
Риддерде өткен ғасырда Шығыс Қазақстан аумағында совет өкіметін орнатуға атсалысқан большевик көсемдердің бірі Сергей Кировтың ескерткіші бар.
Былтыр осы ескерткішті алып тастау жөнінде бастама көтерілгенде бірнеше адам қарсы болды. Олар ескі мүсінді өз күшімен бояп, кем-кетігін жөндеген.
Ресейдің іргесінде тұрған қалада көрші елдегі пропаганданың әсері күшті, әсіресе Украинада соғыс басталғалы бері қатты білінеді дейді жергілікті белсенді Назар Асайынов.
– Қазақтар Украинада киіз үй тігіп көмектесті ғой, сол кезде "нацистерге киіз үй тігіп жатыр" деген сөздер шықты, – деді ол. (Украинада Ресей күштері шабуылынан инфрақұрылым бүлінген қалаларда тұрғындар жылынуға, телефонын қуаттап алуға келетін ондай үй "мызғымастық киіз үйі" аталып кеткен – ред.).
Жергілікті "Қазақ тілі" қоғамдық ұйымының жетекшісі Құралай Садықова Риддерге ескерткіш қоюға қарсы. Ол қазіргі кезде қазақ халқының санасында сан ғасырлық отаршылдықтың сарқыншағынан арылу процесі жүріп жатыр деп түсіндіреді.
– Отарлау саясаты кезінде ашаршылықпен қырды ата-бабаларымызды. Соғыспен қырды. Репрессия болды. Соның барлығын көрген ата-әжелеріміз "үндеме", "үндемесең көп жүресің, домаланып тоқ жүресің" дегенді көбірек насихаттады. "Үндемеген үйдей бәледен құтылады", "сөйлеме", "айтудың қажеті жоқ", "сұрама", "талап етпе"… Ал деколонизация деген әрбір ұлттың өз рухани құндылығын кеңінен насихаттауға құқық алуы деген сөз ғой, – дейді Құралай Садықова.
"НАУРЫЗ МЕЙРАМЫН БІРІНШІ РЕТ ДҮРКІРЕТІП ӨТКІЗДІК"
Риддер қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Ошақбаев "қалада Совет одағының немесе отарлау кезеңінің насихаты жүргізілмейді" деп сендіреді.
– Кеңес өкіметі, оның тарихы жайлы жиындар өтті дегенді естіген емеспін, – деді ол.
Әкім орынбасарының айтуынша, қазір Риддер ескерткішін орнату мәселесі "күн тәртібінде тұрған жоқ".
– Бәріміз Қазақстан Республикасының азаматымыз және Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Сондықтан орталық алаңға Тәуелсіздік монументін қою немесе ұлы Абайдың ескерткішін қоюға мүмкіндік бар. Мәселені ономастика комиссиясы жұмыс уақытында қарастырады. Қазір ешқандай монументті қаланың шетіне немесе ортасына қоямыз деген мәселе көтеріп жатқан жоқпыз, – деді Ерболат Ошақбаев.
Шенеунік қалада мемлекет идеологиясына сай іс-шаралар ұйымдастырылады, айталық, Наурыз мейрамы да лайықты дәрежеде өткізілді деп мысал келтірді.
– Биыл біз Наурыз мерекесін өте жақсы қарсы алдық. Президент жарлығына сәйкес, Наурызды 10 күн қатарынан тойлау мәселесі көтеріліп, Риддер халқы жақсы қолдады. Алдымен барлық этномәдени ұйым өкілдері, "Қазақ тілі" қоғамының мүшелерімен арнайы жиналыс өткізіп, Наурызды қалай тойлау керегін сараптап, қарап алдық. Ерекше қылып тойлайық дедік. Әлбетте, Риддерде бұған дейін Наурыз мейрамы тойланған, бірақ биылғыдай ауқымды іс-шара болмаған, – деді Ошақбаев.
ЕСКЕРТКІШ АҚШАСЫ ТЕККЕ КЕТТІ МЕ?
Қазақстанда көше атауын беріп, мүсінін орнатуға болатын тарихи тұлғалардың тізімі бар. Бірақ оның ішінде Филипп Риддердің аты-жөні жоқ. Екі жыл бұрын дау шыққанда Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне қарасты Тарихи-мәдени мұраны қорғау мекемесі тексеру жүргізіп, Риддерге ескерткіш орнату "заң талабына қайшы" деген қорытындыға келген және қалаға қоюға тыйым салған.
Риддер тұрғыны Назар Асайынов мүсінді орнатуға шешім шығарған ономастикалық комиссия мүшелерін сотқа беру ойы барын айтады. Сонымен бірге ол болашақта қала атауын да өзгерту керек деп есептейді.
– Ескерткішке кеткен 30 миллион теңгені комиссия мүшелері қайтаруы керек. Миллиондап қателік жібере берсек, не қалады? Әлде бәрі кешіріле бере ме? Содан кейін қаланың атын да шұғыл түрде өзгерту керек. Риддер деген дұрыс па? Ол кісінің Қазақстанға еңбегі сіңген жоқ. Сондықтан Риддер деген атты өзгерту керек, – дейді ол.
Ал әкім орынбасары қаражат текке кетті дегенге келіспейді. Шенеунік дайын ескерткішке бір орын табылады деген пікірде.
– Қай жерге Риддер ескерткіші қойылуы керек дегенді қосымша хабарлаймыз. Негізі бұл халықпен, комиссиямен ақылдаса отырып шешіетін мәселе, – деді Ерболат Ошақбаев.