"АУЫЛ ТҮГЕЛДЕЙ ҚИРАП ҚАЛДЫ"
Зілзаланың ошағы саналған Біржан ауылы бүгінде жаңа ауыл, ескі ауыл деп екіге бөлінеді. Дүмпуден тұтас бұзылған ескі ауылда қазір бірнеше жылдан кейін қайта үй тұрғызып, тіршілік етіп жатқан оннан астам отбасы бар. Бертін салынып, қайта талқандалған бірді-екілі құрылыс қаңқасы болмаса, 1990 жылдан қиранды қалмаған. Алайда бұрынғы ауыл жер бетінен тып-типыл жоғалып кетті деуге де келмейді. Құлаған үйлердің жұрты жазылмаған жара іспетті бір-бір төмпешік болып көзге көрініп жатыр. Қай төмпешіктің орнында не болғаны ауыл тұрғыны Айтмұханбет Құсайыновтың күні бүгінге шейін көз алдында.
— Ауыл ол кезде Рожков деп аталатын. Көшесі ұзын-ұзын бес-алты қатар еді. Мынау дөңес жер — дүкен, ал анау клубтың орны. Мына тұрған төмпекте "контор" (ауылдық кеңес мекемесі – ред.) болды, — деді ол бізге ауылын таныстырып.
Оның айтуынша, дүмпуден бүлінбеген үй жоқ. 1990 жылы 14 маусымда екі рет дүмпу болған. Бірінші күндіз, сағат 12:47-де, екінші кешке таман 19:48-де тіркелді. Екінші сілкініс қатты болып, үйлер сол кезде қираған.
Табиғи апаттан кейін халыққа арналған жаңа үйлер небары бір шақырым жердегі көршілес Ақарал совхозына салынып, ауыл сонда көшірілген. Солайша екі елді мекен бірігіп кеткен.
Совет үкіметі ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 1993 жылы ауылға зілзалада шетінеген екі жарым жастағы бала — Біржанның аты берілген.
Ресми ақпарат бойынша, Зайсан апатынан осы айтылған бір адам құрбан болған. Оны үйдің қабырғасы басып қалған.
"АУЫЛЫМ БІРЖАН АТАЛҒАН…"
Бұрынғы елді мекеннің орнындағы үйлер шашырап орналасса, 200-ге тарта үйі бар жаңа ауылдың көшелері ретті. Саябақ, мектеп сынды көрнекі орындары да оның артықшылығын байқатады. Екі ауыл бір-біріне іргелес, тек бір бөлігі ескі, екінші бөлігі жаңа екенін әйгілегендей ортасын ұзын, аудандық маңыздағы жол бөліп жатыр.
Жаңа ауылға кіреберісте ақ мәрмәрдан қашалған баланың ескерткіші, ескерткіште бір шумақ өлең жазулы.
"Періште нұрдан жаралған,
Анаңда қалды сан арман.
Есімің қалып тарихта,
Ауылым Біржан аталған".
Адамдар "алапат апаттың кішкентай құрбанын ұмытпаймыз" дейді. Олар жер сілкінісін үлкен әсермен тебірене еске алады. Біржан тұрғыны, зейнеткер Гүлжауар Айтмұхамбетова көзімен көрген жайтты былайша әңгімелеп берді:
— 1990 жылы кенже балама аяғым ауыр болатын. Әке-шешемнің үйінде отырғанбыз, бір кезде аулаға К-700 тракторы дүрілдеп кіріп келгендей болды. Әкемнің жазғы үйі ішке қарай құлай бастағанда жандәрмен қашып шықтық. Сөйтсек дүмпу екен. Жер толқып жатыр. Екпетімізден құлап, көшеге зорға жеттік. Әкемнің үлкен үйінің кірпіштерінің арасы ашылып-жабылып, үй жүріп келе жатқан секілді көрінді. Саманнан салынған үйлер құлап жатты. Бүкіл ауылды шаң басып кетті. Мен арада төрт күн өткенде, 18 маусымда босандым. Дүниеге ұлым келді. Сол күндер қатты әсер қалдырды. Өлең жазбайтын адам өлең жазатын болдым. — Гүлжауар Айтмұхамбетова бір шумақ өлеңін оқи жөнелді.
"Ауылым зілзаланың кіндігінде,
Халқымның бет-бейнесі бірлігінде.
Баспанасы жоқ болса да бүгін, міне,
Разы боп жүр өзінің тірлігіне".
— Күні бүгінге дейін қолымнан қаламым түскен жоқ, — деп сөзін аяқтады ол.
Жер сілкінісін басынан кешірген Біржанның байырғы тұрғындарының бойынан әлі де үрей кетпеген.
— Дүмпуден кейін бүкіл адам ауыл сыртындағы төмпешікке жиналдық. Не істерімізді білмей, сол жерде жүрдік те қойдық. Біреу шәркеймен, біреу үй киімімен жүр. Үстінде не бар, сонымен атып-атып шыққан ғой. Зілзала кезінде адамның бойында үрей қалыптасады. Секундтар ішінде бірдеңе басып қала ма, жер айырылып кете ме деп неше түрлі ойлап үлгересің. Әлі күнге жан жақта жер сілкініп жатыр дегенді естісем, сол кездегі сезімді бастан кешіремін. Бұрын қалай болғаны ойыма сарт етіп түсе қалады. Адамдар аман болса екен деп тілек тілеймін. Өзім балабақшада істеймін. Сейсможаттығу өткізген кезде балаларға да, олардың ата-аналарына да ең бірінші сабыр керек деп айтамын. Одан кейін жағдай қалай екенін бағамдап, өзіңді, балаларды құтқаруды ойлау керек деймін, — деді ауылдың тағы бір тұрғыны Гүлмайра Шәкерова.
Жаңа ауылда зілзаладан аман қалған цемент үйлер бар. Цемент үйлер табиғи апаттан оншақты жыл бұрын, ауыл Ақарал совхозы болып тұрғанда салынған. Олардың қабырғаларының жігі ажыраса да, қирамаған. Кейін сыртын айналдыра темірмен құрсаулаған.
Ауыл адамдары зілзаладан кейін баспанасыз қалғандарға арнап салынған үйлер де сапалы дейді. Жұмабек Сансызбаевтың айтуынша, екі жарым метр тереңдікте цемент құйған іргетасы берік. Ал қабырғаларының ортасын арматуралар ұстап тұр.
— Жер сілкінгеннен кейін бұл ауылда саман кірпіштен үй салдыртпайды. Кәдімгі қамыс немесе ортасына арматура салып отырып қызыл кірпіштен, газоблоктан қалауға болады. Әйтпесе қабылдамайды. Сондықтан халық өз бетінше саламын десе, көбіне қамыстан салады. Қамыс үй жер сілкінгенде жақсы. Біздің жақта әлі де болса аздап жер сілкініп тұрады ғой. Ондайда қамыс үйіміз сылдыр-сылдыр ете қалады, болды, қауіп аз, — деді Жұмабек Сансызбаев.
Бірақ Гүлжауар Айтмұхамбетованың айтуынша, зілзаладан кейін салып берген үйлер өте суық болған.
— Шыны керек, үйлер суық, біздің қысқа келмейтін еді. Қауіпсіздікті ойлап салғаны айтылады, бірақ жұқалығы жағынан тұруға өте қолайсыз болды. Біздің үйге тек силикат кірпіш қолданған екен. Екі жақтан екі пеш жағып, екі пештен ыстық су айналатын құбыр тартқан күндеріміз болды. Аяғында адамдар ішін қамыспен қаптай бастағанын көріп, біз де бір қарыстан артық қалыңдықта қамыспен қаптап шыққанбыз. Үй ішінен тағы бір үй тұрғызғандай болдық қой, — деді ол.
"СЕГІЗ ЖЫЛ УАҚЫТША БАСПАНАДА ТҰРДЫМ"
Сол кездері зілзала хабары жергілікті басылым беттерінде бірнеше ай тұрақты беріліп тұрған. Облыстық "Рудный Алтай" газетінің 1990 жылғы 28 маусымдағы нөмірінде Шығыс Қазақстан облыстық коммунистік партия комитеті идеологиялық бөлімі жетекшісінің орынбасары Анатолий Паюктің сұхбаты шыққан. Сұхбат беруші дүмпуден төрт ауданда 36 960 адам баспанасынан айырылғанын айтқан. "Оның ішінде Зайсан ауданында — 17 мың, Марқакөл ауданында — 10 897 адам, Тарбағатай ауданында — 7 800 адам, Күршім ауданында 1263 адам панасыз қалды" дейді сұхбат беруші. Кейінгі деректерде де зілзаладан соң үйсіз қалғандар саны 36 мыңның үстінде екені айтылады. Алайда панасыз қалғандар санын 25 мың деп жазушылар да бар. Ал қираған үй саны, "Егемен Қазақстан" газетінің жазуынша — 8874.
ЗАЙСАН ЖЕР СІЛКІНІСІНІҢ САЛДАРЫ
1990 жылғы 14 маусымдағы зілзаладан Шығыс Қазақстан облысының төрт ауданында 8874 үй қираған:
Зайсан ауданында — 17 мың,
Марқакөл ауданында — 10 897,
Тарбағатай ауданында — 7 800,
Күршім ауданында — 1263 адам — жалпы 36 960 адам баспанасынан айырылған.
Шығыс Қазақстан облыстық "Коммунизм туы" — қазіргі "Дидар" газеті зардап шеккен ауылдардан репортаж берген. 1990 жылғы 17 маусымда жарияланған "Апаттың ақиқаты" деп аталатын материалда елді мекендерде "бір үйде бар палатка үш-төрт отбасында жоқ" деп айтылады. Рожков ауылында тұратын жеті баланың анасы, күйеуі жарымжан Мәрзия Тұрлыбаева деген адам "келушілерді булыққан ашумен қарсы алды" деп баяндайды репортаж авторы. Ал Мәрзия Тұрлыбаева журналистке "Үш кішкентай баламның үшеуі де іш ауру. Үш күн далада жатырмыз" деп мұң шағады.
"Коммунизм туы" газетінің 1990 жылғы 27 маусымдағы нөмірінде басылған "Көмек жедел болса", "Асығар емес", 30 маусымдағы нөмірінде шыққан "Жағдайды жаныңмен түйсін" деген мақалаларда да жер сілкінісінен зардап шеккен ауылдарға үй құрылысына арналған материалдық көмек кешеуілдеп жатқаны айтылады. Бұл кезде апаттан кейін екі аптадан астам уақыт өткен еді.
"Көмектің бұдан арғы түрі осы болса — рахмет! Келіп жатқан жұмысшылардың күректен басқа сайманы жоқ. Ал совхоздың өз көлігі мен техникасы науқандық жұмыстардан аспауда. Құрылысты сейсмологиялық талаптарға сай салу үшін арматуралық темір қажет. Осының бәрі іске едәуір қолбайлау болып тұр" дейді Зайсан ауданы Айнабұлақ совхозының директоры Ө.Мағзұмов. Осы мақалада Қаратал, Қарабұлақ, Кендірлік, Айнабұлақ совхоздарының директорлары да құрал-жабдық аз екенін айтады.
Азаттық тілшісі сөйлескен Біржан ауылының тұрғындары ол кезде, расымен, бір-екі апта далада түнегенін, одан кейін жан-жақтан жиналған шатыр, киіз үйлер жетпегендіктен, кейбіреу тақтайдан уақытша баспана соққанын айтады. Тіпті оншақты отбасы жаңа баспанаға сол күйі қол жеткізе алмаған. Солардың бірі — Ерсінбек Рәуішевтің отбасы сегіз жыл уақытша жайда тұрған.
— Жаңа үйлер салды. Бәріне жеткен жоқ. Бізге тимеді, ала алмай қалдық. Орнынан салса жетер ме еді. Өзіміз кейін, 1998 жылы жаңа ауылдан көшіп кеткендерден үй сатып алдық. Оған дейін ескі үйдің жанынан 10 метрлік уақытша жай салғанбыз, сонда тұрдық. Ішін ауызүй, төрүй қылып екіге бөлдік. Ал негізгі үйіміз қираған еді. Кірпішін бұзып алып, соны пайдаланғанбыз, — деді Ерсінбек Рәуішев.
Сол уақытта Зайсан ауданында "аудандық дайындау мектебі" деген мекемені басқарған, оған дейін Ақарал совхозында селолық совет атқару комитетінің төрағасы болған, бертінде тарихи кітаптар жазған Қалибек Алтыбаев үйлердің аяқсыз қалуы құрылысшылардың келген жағына қайтарылуына байланысты дейді.
— Көмек бастапқы айларда жақсы болып, ауылдарға типтік үйлер түсіп, көрер көзге жақсы болып қалды. Жаңа үй түскен ауылдардың бәрі түзеліп қалды. Ештеңе істелмеді деп жоққа шығаруға болмайды. Бірақ аяқсыз қалған үйлер де, тіпті мектеп, мәдениет үйлері де болды. Құрылысшылар әр облыстағы түрлі кәсіпорындардың қызметкерлері болатын. Көмекке жіберілген ғой. Оларды арада екі-үш ай өткенде жұмыс орындарынан кері шақыртып алды, өздеріне жұмыс күші қажет еді. Міне, құрылыс түгелдей бітпегені содан, — деді ол.
"ШЕКАРАДАҒЫ ҚАЗАҚ АУДАНДАРЫНА ЗАМАНАУИ ҮЙ САЛУҒА ТҰСАУ САЛДЫ"
Газет бетіндегі мақалалардан жеке басына қандай қиындық түссе де халықтың баспанасын реттеуге мойын бұра алмағаны, негізгі күшін совхоз жұмысына бағыттағаны байқалады. Мысалы, жоғарыда аталған "Көмек жедел болса" деген мақалада "Шаруашылықтарда малды жайып-семірту, егінді күтіп-баптау, мал азығын дайындау сияқты жұмыстар қат-қабат атқарылуда. Ал құлаған 367 меншік үйдің бас көтерер бір-бір азаматы науқандық жұмыстарда жүр. Жаз әлі-ақ өте шығады. Сондықтан меншік үйлерді қайта салудың шаралары белгіленіп, тиісті орындар арқылы іске асыру керек" деп жазылған. Мұнда Күршім ауданында панасынан айырылғандар туралы әңгіме болып отыр.
Зайсан ауданы Біржан ауылының тұрғыны Гүлжауар Айтмұхамбетова да Азаттық тілшісіне ол кезде ауыл адамдары совхоз жұмысын бірінші орынға қойғанын айтады.
— Адамдар қандай қиындық болса да, далада түнеп жүрсе де, совхоз жұмысынан қалмады. Сол уақыт қырықтық кезі болатын. Қой қырқуға барып жүрді, — деді ол.
"Коммунизм туы" газетінің 1990 жылғы 23 маусымдағы нөмірінде басылған "Сабыр түбі сары алтын" деген мақалада апаттың салдары ауқымды болуына шекарадағы қазақ ауылдары назардан тыс қалып келгені себеп деп жазады. Онда Зайсан ауданында 1960 жылға дейін жер сілкінісін болжап-тексеретін сейсмикалық станция болғаны, оны "бұл өңірде жер сілкінбейді, станция ұстау тиімсіз" деп алып кеткені сөз болады. Мақалада станцияны жабу "атүсті, ғылыми негізсіз тұжырым болды" деп сынайды.
"Осы бір атүсті, ғылыми негізсіз тұжырым шалғай шекарада жатқан төрт қазақ ауданында қазіргі заман талабына сай үйлер тұрғызуға тұсау салған. Жылуы бар, суы бар, көшесі бар үйлер 70 жыл бойы түсіне де енбеген ауыл адамдары қолдан құйған саман кірпіштен үй салып, баспана етіп келеді. Енді, міне, алғашқы жер сілкінісінің өзі-ақ Тарбағатай өңіріндегі 1034 семьядағы 5639 адамды мүлде баспанасыз қалдырды" деп жазылған онда.
1990 жылы Тарбағатай ауданы Қазақстан совхозында директор болған, кейін тәуелсіздік жылдары Тарбағатай ауданы әкімі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған Түсіпхан Түсіпбеков шалғайдағы аудандарға ол кезде немқұрайды көзқарас болғаны рас дейді.
— Ол бесенеден белгілі дүние ғой. Ол кездегі қазақ аудандарына ешкім қараған жоқ қой. Мысалы, бертінде марқұм Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстанда әкім болып тұрғанда аудандарда көп мектеп салынды. Ал баяғыда ауданымызға бір мектеп келсе қуанатынбыз. Біздің ауданда үйлердің 99 пайызы саман кірпіштен салынған еді. Қирамағанда қайтеді? Совхоз кезінде саманнан басқа материал болған жоқ. Қалаға жақын ауылдарда қызыл кірпіштен қаланған үйлер болды. Ол кезде оны кешенді құрылыс деп атайтын еді, — деді Түсіпхан Түсіпбеков.
ҚАНДАЙ САБАҚ АЛДЫҚ?
Түсіпхан Түсіпбеков зілзаладан кейін жер үйлер сейсмологиялық талапқа сай материалдан тұрғызылуы керек деген талап қойылғанын, бірақ бұл кез Қазақстан тәуелсіздік алған қиын жылдармен тұспа-тұс келгендіктен, халықта үй тұрғызуға шама болмағанын айтады. Ал 2000 жылдан бері жеке үй салғандарға жеткілікті қадағалау болмаған дейді.
— Қазір талап дұрыс қойылмайды, болған іске кінәліні табу қиын. Бәрі жалпылама айтылады. Ал жауапкершілік нақты біреулерге артылмағаннан кейін басшылар аяқ астынан табиғат тосын мінез танытты деп жүре береді, — деді Түсіпхан Түсіпбеков.
Қалибек Алтыбаев жер алып, үй салып жатқандар өте көп, бірақ оның сапасына талап қою қазіргі жағдайда ыңғайсыз дейді.
— Жер сілкінісі күтпеген жерден келеді. Халықтың өзі соған сай үй салуы керек-ақ. Әрине, бәрінің бірдей жағдайы келе бермейтіні өкінішті. Үлкен қалаларда өз күшімен үй салып жатқандар көп. Баспанасын әрең тұрғызып жатқан жұртқа жеті балдық жер сілкінісіне сай үй неге салмадың деп қалай талап қоясың? — деді ол.
Зілзала зардабын тартқан Тарбағатай ауданының тұрғындары да табиғи апаттан кейін 10-15 жылдан соң да саман кірпіштен үй салғандар жетерлік болғанын, ешкім тыйым салмағанын айтады. Халық бертінде ғана қолдан кірпіш құюды доғарып, басқа материалдарды қолдана бастаған.
Ал Азаттық тілшісі сөйлескен сейсмолог Мұхтар Хайдаров қалалардағы ірі құрылыс компаниялары салып жатқан үйлерде де қадағалау кемшін, адам өмірі басты назарда тұр деп айту қиын дейді.
— Қазақстан қалаларында ғимарат, үй құрылыстары бас жоспарға бағынбай, бейберекет салынатын жағдайлар бар. Ол үйлерде құрылыс нормасы мен ережелері сақталады деп сенімді айту қиын. Сонымен бірге ғимарат биік болған сайын дүмпу әсері күшті болады, сондықтан бізге тым биік үйлер тұрғызуды доғарған абзал. Олай дейтін себебім, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапониядағы үйлер жер сілкінісінен кейін бір орында қирамай, бір жағына қарай құлап түседі. Құлаған кезде жарылмайды. Онда адамның тірі қалу ықтималдығы жоғарырақ. Ал біз секілді дамушы елдерде үйлер жоғарыдан төмен қирай құлайды. Яғни, тұрған орынында тау қоқсық болып үйіліп түседі. Мысалы, Түркиядағы жер сілкінісінде үйлер үйілген төбе болды да қалды. Сондықтан дамуың қалай болса, үйлеріңнің сапасы сондай болады, — деді Мұхтар Хайдаров.
ӘКІМДІК ТАБИҒИ АПАТҚА ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛАДЫ?
Шығыс Қазақстан облысың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы Азаттық радиосының табиғи апатқа дайындық туралы сұрақтарына берген жазбаша жауабында аймақта жер сілкінісіне бейім 75 елді мекен бар екенін жазады.
"Сейсмикалық аймақтардағы жаңа нысандардың, оның ішінде тұрғын үйлер құрылысы "Сейсмикалық аймақтардағы құрылыс" ережесінде көрсетілген талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Күрделі жөндеу жұмыстары аясында әлеуметтік нысандарға ішінара сейсмикалық күшейту шаралары жүргізіліп келеді" делінген басқарма жауабында.
Бірақ мекеме "Тұрғындардың өз күшімен үй салу барысы қадағалана ма?", "Құрылыс жүргізуге ерекше талаптар немесе қандай да бір құрылыс материалын қолдануға шектеу қойылатын аудан, қалалар бар ма?" деген сауалдарды жауапсыз қалдырған.
Басқарманың ақпаратына сүйенсек, аймақта онлайн істейтін 13 сейсмикалық датчик бар, сонымен бірге 1990 жылғы жойқын апаттан кейін Зайсан қаласында ашылған сейсмикалық станция жұмыс істейді.
"Азаматтық қорғау, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және жалпы білім беретін мектептерге жатқызылған ұйымдарда дайындықтар жүргізіліп тұрады. Тұрғындар арасында жер сілкінісі кезінде әрекет ету туралы жадынамалар таратылып, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, чаттарда танымдық бейнероликтер ұсынылады, интерактивті сабақтар өткізіліп, радио-теледидар арқылы көрсетілімдер жүргізіледі" деп жазылған басқарманың жауап хатында.
ЗІЛЗАЛА НЕДЕН БОЛҒАНЫ БЕЛГІЛІ МЕ?
Зайсан зілзаласы туралы ғылыми еңбектер көп емес. Дүмпудің неден туындағаны туралы болжамдар табу қиын. Зайсан — тектоникалық көл, яғни жер қыртысының төмен түсуінен жаралғандықтан, тектоникалық қозғалыстарға бейім делінеді.
Ал жергілікті халық жақын маңда мұнай кеніші болғандықтан жер қозғалады деп түсінеді.
Қазақстан тарихындағы ірі жер сілкіністері
1887 жылғы 9 маусымдағы Алматы (Верный) жер сілкінісі;
1889 жылғы 12 шілдедегі Шілік жер сілкінісі;
1911 жылғы 4 қаңтардағы Кемин жер сілкінісі;
1978 жылғы 25 наурыздағы Жалаңаш-Түп жер сілкінісі;
1979 жылғы 25 қыркүйектегі Бақанас жер сілкінісі;
1990 жылғы 14 маусымдағы Зайсан жер сілкінісі;
1990 жылғы 12 қарашадағы Байсоорун жер сілкінісі;
2001 жылғы 22 тамыздағы Шалғын жер сілкінісі;
2003 жылғы 22 мамырдағы Луговой жер сілкінісі;
2008 жылғы 26 сәуірдегі Шалқар жер сілкінісі;
2009 жылғы 13 маусымдағы Текелі жер сілкінісі;
2011 жылғы 1 мамырдағы Қапшағай жер сілкінісі;
2014 жылы 21 маусымдағы Қарабас жер сілкінісі.
Дереккөз: Қазақ ұлттық деректер орталығы
Бірақ сейсмолог Мұхтар Хайдаров жер қыртысында бұрыннан қалыптасқан табиғи байлықтың дүмпу тудыру ықтималдығы аз дейді. Оның айтуынша, жер сілкінісіне оқиғадан 20-30 жыл бұрын Шығыс Қазақстанда су қоймалары толтырылғаны себеп болуы мүмкін. Мысалы, 1960 жылдың басында Зайсан көлімен шектес Бұқтырма су қоймасы толтырылды. Мұндай алып бөгенде жиналған судың салмағы ауыр әрі су жарықтардан жер қыртысына еніп кетеді, солайша жер астындағы өзгерістер сілкініске себеп болуы мүмкін дейді ғалым.
Жер бетін сегіз балдық күшпен сілкілеп, тарихта "Зайсан ошағы" деген атпен қалған оқиғаның ауқымы зор болған. Дүмпу 500 шақырым қашықтағы Глубокое ауданына дейін 4 балл шамасында сезілген. Бірақ уақыт өткен сайын апаттан көптеген аудан халқы зардап шеккені ұмытылып, зілзала тек Зайсан ауданы, оның ішінде Біржан ауылымен ғана байланыстырылып айтылып келеді.