2001 жылғы 11 қыркүйекте Усама бен Ладен басқаратын "Әл-Қаида" террор ұйымының мүшелері өздері басып алған төрт жолаушы ұшағын қару ретінде пайдаланып, АҚШ-тың Нью-Йорк және Вашингтон қалаларына шабуыл жасады. Тарихта бұрын-соңды болмаған көлемді террор шабуылы салдарынан үш мыңға жуық адам қаза тапты.
Терроршылар тобы Дүниежүзілік сауда орталығының қос мұнарасына жолаушы ұшағымен шабуыл жасады. Осы жерден тікелей эфирден берілген көріністер күллі әлемге тарап, оқиға болған жерге жеткен құтқарушылар жанталаса жұмыс істеп жатқан еді.
Дүниежүзілік сауда орталығының жалын атқан солтүстік мұнарасында қалған адамдар көмек сұрап, жалбарынып жатты. Солтүстік мұнараның үстіңгі қабаттарында болған 1366 адам қаза тапты. Олардың басым бөлігі мұнараға терроршылар айдап әкеткен жолаушы ұшағы соғылған сәтте мерт болды, қалғаны өрттен және аспанмен таласқан зәулім ғимарат жермен-жексен болып құлағанда көз жұмды.
Дүниежүзілік сауда орталығында өрт шыққаннан кейін кемінде 200 адам жанып жатқан зәулім ғимараттың жоғарғы қабатынан жанұшыра жерге секіруді жөн көрді.
Оңтүстік мұнараның жоғарғы қабаттарында кем дегенде 600 адам қаза болды. Оңтүстік мұнара (ДСО-2) өрт басталғаннан кейін 56 минуттан соң жермен-жексен болды. Солтүстік мұнара (ДСО-1) жарты сағаттан соң құлады. Екі мұнараның қалай құлағанын көп адам көрді.
Қос мұнара құлаған маңда жүрген адамдар үйінді астында қалып қоюдан қорқып, жан дәрменімен ол жерден қашты.
ДСО маңындағы көшелерді өрттен тараған қою түтін мен күл-тозаң басты.
Оңтүстік мұнара құлағаннан кейін тірі қалғандардың бірі Марси Бордерс.
Терроршылар өздері басып алған жолаушы таситын ұшақтардың бірімен Пентагон ғимаратына шабуылдады. Бір қанаты жарылыс пен өрттен бүлінген ғимараттың бір бөлігі қирады. Ғимарат ішінде болған 125 адам мен American Airlines әуе компаниясының 77-рейсі ұшағындағы 59 жолаушы мен экипаж мүшелері түгелдей қаза тапты.
Құтқарушылар Дүниежүзілік сауда орталығы құлаған жерден тірі қалғандарды 23 қыркүйекке дейін іздеумен болды. Қаза тапқан 1600 адамның кім екені анықталды, бірақ өзгелерін (1100 адамға жуық) анықтау мүмкін болмады. Нью-Йорктің өрт сөндіру департаменті оқиға болған жерге 200 құтқарушы жіберді, өрт сөндірушілердің көбі ол жерге өз еркімен барды. Биік ғимараттардың орны көпке дейін бықсып, тұтанып жатты. Тек 99 күн өткеннен кейін өрт толық өшірілді. Ал ғимараттар орнын тазарту жұмыстары 2002 жылы наурызға қарай аяқталды.
Нью-Йорк қаласының өртпен күрес департаментінен 341 өрт сөндіруші мен екі парамедик, бұған қоса 60 полиция қызметкері мен медициналық жедел жәрдем қызметінің сегіз қызметкері опат болды. Теракт жасалғаннан кейін бірнеше күн қатарынан оның құрбандарын еске алу шаралары өтті, cондай шараның бірі 2001 жылғы 28 қазанда өтті.
АҚШ президент кіші Джордж Буш Нью-Йорк пен Вашингтонға жасалған шабуылдарға негізгі күдікті ретінде Усама бен Ладенді атады. Бірнеше күннен кейін, 2001 жылғы 16 қыркүйекте "Әл Жазира" телеарнасы эфирінде Усама бен Ладен сөйлеп, террор шабуылдарына қатысым жоқ деп мәлімдеді. Бірақ 27 қаңтарда бен Ладен тағы бір видео жариялап, терактілерге өз жауапкершілігі жайлы меңзеп айтты. Ал 2004 жылғы АҚШ президенті сайлауы қарсаңында Усама бен Ладен террорлық шабуылдарға "Әл Қаида" ұйымының қатысы барын көптің алдында растады.
АҚШ Конгресінің шешімі бойынша, 2002 жылдан бастап 11 қыркүйек Патриот күні ретінде атап өтіледі. Бұған қоса, 2009 жылдан бастап Жалпыұлттық қызмет атқару мен еске алу күні деп те атайтын болған. Жылда 11 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында өтетін шарада Дүниежүзілік сауда орталығының қос ғимаратын әуеде сәулемен бейнелеп, құрбан болғандарды еске алады.