"Күзет күшті, әскерилер көп". Иран қазақтары наразылық жайлы

Жанармайдың қымбаттауына наразы адамдар. Исфахан, Иран, 16 қараша 2019 жыл.

Иран билігі елде бензиннің қымбаттауына наразылық күшейген тұста интернетті бұғаттап, ұялы байланысқа шектеу қойды. Иранда тұратын қазақтар "үлкен қалалардағы алаңдардың толық қоршауда тұрғанын, елде күзет қатайғанын" айтады.

Иранда бензин бағасы көліктің түріне қарай әрқилы мөлшерде қымбаттады. Билік қабылдаған жаңа шешімге сай, ай сайын әр жеңіл көлікке – 60 литр, газ және бензинді қатар жағатын жеңіл көлікке – 30 литр, тек бензинмен жүретін таксиге – 400 литр, бензин мен газ қатар жағатын таксиге – 200 литр, мотоциклге – 25 литр, жедел жәрдем көлігіне – 500 литр бензин 1500 тұманнан (шамамен 45 цент) сатылады. Егер осы мөлшерден артық тұтынатындар болса, онда әр литр бензинді 3000 тұманнан (шамамен 90 цент) сатып алуына тура келеді (Иранда ресми валюта риал, бірақ қара базарда және ел ішінде халық тұман бірлігімен есептеседі. Риал тұманнан он есе кем. Мәселен, 45 мың тұман 450 мың риалға тең).

Жанармай бекетінде көлігіне отын құйып жатқан әйел. Тегеран, 15 қараша 2019 жыл.

Биліктің бензин бағасы жайлы жаңа шешіміне наразы жұрт қарашаның 16-сы күні Иранның ірі қалаларында қарсылық акциясына шықты. Ресми билік наразылықтар барысында 12 адамның қаза тапқанын, 600 адамның қамалғанын хабарлады. Бірақ кей халықаралық ұйымдар мерт болғандардың саны ресми деректегіден көп деп санайды. Мысалы, "сенімді дереккөздеріне" сілтеме жасаған Amnesty International құқық қорғау ұйымы Ирандағы наразылық кезінде кемінде 106 адамның мерт болғанын мәлімдеді.

"Ирандағы наразылық кезінде қаза тапқандардың саны ресми деректен әлдеқайда көп екеніне сенеміз. Кей деректерде 200-дей адам қайтыс болғаны айтылады" деп жазды AI мәлімдемесінде.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жанармайдың қымбаттауы билікке қарсы наразылыққа ұласты

"ЖҰРТ БИЛІКТІҢ УӘДЕСІНЕ СЕНБЕЙДІ"

Иранның Горган қаласында тұратын қазақ Серхан (аты-жөні өзгертілді) қазір елде интернет желісі мүлдем бұғатталғанын айтады.

- Телефон байланысы да нашар. Тіпті сіз телефон шалғанда таң қалдым. Себебі бір-бірімізбен телефон арқылы сөйлесуден қалдық. Қарашаның 18-і күні қалаға шығып келдім. Күзет қатты. Қала ішіне әскери адамдарды үйіп тастапты, өте көп, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Иран қазағы соңғы уақытта халықты қымбатшылық қысып бара жатқанын айтады. Елдегі ірі мұнай зауыттарының бірінде жұмыс істейтін Серхан былтырдан бастап қосымша төленетін түрлі бонустар мен экологиялық төлемдердің қысқарып қалғанын, кейбір кішігірім компаниялардың бір жылдан бері жалақы төлеуге қауқары келмей отырғанын айтады.

Your browser doesn’t support HTML5

Иран халқы неге наразылыққа шықты?

Иран астанасы Тегеранда тұратын Сапар (өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) қала тынышталғанмен, әскери бақылаудың күшейгенін айтады. Оның сөзінше, бензиннің бағасы емес, бензинге қойылған шектеу наразылыққа түрткі болған.

- Бұған дейін 1000 тұман болып келген бензин бағасы 1500 тұманға өсті. Мемлекет белгілеген мөлшерден көп алатын болсақ, онда үш мың тұманға шығады. Бензин картамен беріледі. Халықты көшеге шығарған осы шешім, - дейді Сапар.

Тегеран тұрғыны жұрт бензиннен басқа да тауарлардың бағасы шарықтап кете ме деп қауіптеніп отырғанын айтады.

- Ел биліктің берген уәдесіне сенбейді. Иран бензин бағасын өсіргенде одан түскен қаражатты тұрмысы төмен отбасыларға беретінін айтқан. Билік тұрмысы төмен отбасылардың тізімін жасап, соларды толық қамтамасыз ететінін де жариялады. Бұған дейін әр адамға ай сайын "мұнайдан түсетін табыстан бөлінетін жан басына жаққандағы жәрдемақы" ретінде 45 мың тұман (шамамен 13 доллар) берілетін. Бірақ кейін соның өзін қысқартып, тұрмысы тәуір отбасыларға бермейтін болды. Қазір ол ақшаның өзін әрең береді. Сонда мұнайдан түскен табысты жеткізе алмай отырыған билік бензиннен түскен табысты қалай жеткізбек? - дейді Сапар.

Жанармай бағасы қымбаттағанына наразылар мен өртенген көлік. Тегеран, 16 қараша 2019 жыл.

"БИЛІК ВИДЕОЛАРДЫҢ ТАРАП КЕТУІНЕН ҚОРҚАДЫ"

Ирандағы қазақтардың пайымдауынша, "билік наразылық шерудің видеоларының тарап кетуінен қорқады, сондықтан интернетті өшіріп тастаған".

- Наразылықтың видеолары түгел тарап кетсе, тұтас халық көтерілуі мүмкін, - дейді Сапар.

Иран қазақтары елде жұмыссыздық жайлап бара жатқанын, жұрттың басым бөлігі жеңіл көлікпен кісі тасып күнелтетінін, сондықтан бензин бағасы мен оған қойылған шектеудің бәрібір де ел наразылығын күшейте түсетінін айтады.

Ирандағы наразылық кезінде өртенген жанармай бекеті. Исламшехр, 17 қараша 2019 жыл.

Иранда тұратын қазақтардың сөзінше, билік бұған дейін де бірнеше рет "қымбатшылыққа жол бермейміз" деп уәде бергенімен, айтқандарын орындай алмаған.

Ал Горган қаласына жақын орналасқан қалашықтардың бірі – Бендер Түрікпенде тұратын Мұса Уәли "ауылдарда жағдайдың бір қалыпты екенін, бірақ интернетті өшіріп тастағанын" айтты. Мұсаның сөзінше, наразылық шерулері тек үлкен қалаларда болған.

- Мен тұратын аймақ – негізінен түрікпендер мекен ететін өлке ғой. Бұл жақта ешқандай наразылық жоқ, тыныш, - деді ол.

Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи (оң жақта). 19 қараша 2019 жыл. Ресми сайттағы сурет.

Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи 17 қарашада үкіметтің бензин бағасын қымбаттату туралы шешімін қолдайтынын мәлімдеген. Мемлекеттік телеарнадан сөйлеген сөзінде Хаменеи наразылыққа қатысқандарды "баскесерлер" деп атап, "қоғамға іріткі салған" Иранның "жауларын" кінәлады. Ол қауіпсіздік күштерін "өз міндеттерін орындауға" шақырды.

АҚШ Иранда бензин бағасының қымбаттауына наразы азаматтарға биліктің күш қолданып, интернет пен мобильді байланысты өшіргенін айыптады. Ақ үй бейбіт наразылық акциясына шыққан Иран халқын "қолдайтынын" мәлімдеген.

БҰҰ Тегераннан наразылыққа шыққандарға күш қолдануды тоқтатып, интернет пен телефон байланысын қалпына келтіруді талап етті.