Мемлекеттік қызметші әдебінің түрленген кодекстері

Әкімдіктердің бірінде басшылық сөйлегеннен кейін әдеттегідей қол соғып отырған мемлекеттік қызметкерлер. (Көрнекі сурет)

Кей сарапшылар ертеректе құрылған әдеп жөніндегі уәкіл институты ережелеріне енгізілген түзетулер - мемлекеттік қызметшілер арасындағы «перманентті моральдық дағдарысты» мойындау әрі оны жеңуге тырысқан кезекті әрекет деп санайды.

Жуырда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әдеп жөніндегі уәкіл институты ережелеріне өз жарлығымен түзетулер енгізді. Кей саясаткерлер мен сарапшылар 2015 жылдың аяғында құрылған әрі екі жылға жетпей ережелеріне түзетулер енгізілген әдеп жөніндегі уәкіл институты шенеуніктер арасындағы ондаған жылдардан бері келе жатқан моральдық дағдарыс проблемасын формалды-бюрократиялық әдіспен шешуге тағы бір мәрте тырысу болып қана шығуы мүмкін деп санайды.

1997 жылы Қазақстанда президент жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары туралы заң қабылданған еді. 2000 жылы әлгі жарлықтың күшін бес жыл қолданыста болған қызметтік этика ережелері туралы президенттің сәл түрленген өзге жарлығы жойды. Ал 2005 жылы оның күшін президенттің басқа, бірақ атауы мүлде өзгеше - «Қазақстан мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі» туралы жарлығы жойды, сәл түрленген кодекс 10 жыл күшінде болды.

2015 жылғы желтоқсанның аяғында қабылданған мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі туралы президент жарлығы күшіне енуіне байланысты шенеуніктердің бұрынғы әдеп кодексі 2016 жылғы қаңтардың 1-інде тағы күшін жойды. Жаңа әдеп кодексінде «Мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын қолдауға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруы тиіс» деген ереже пайда болды.

Ережелеріне 2017 жылғы маусымның басында түзетулер енгізілген әдеп жөніндегі уәкіл институты сол кезде, яғни 2015 жылғы желтоқсанның аяғында құрылған болатын.

ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Азаттық сұрақтарына жолдаған жауабында аумақтық бөлімшелері немесе ведомстволарының аумақтық бөлімшелері, шет елдегі мекемелері бар орталық мемлекеттік органдарда; облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің аппараттарында әдеп жөніндегі уәкілдің дербес лауазымын енгізуді қарастыратын өзгерістер мен толықтырулар енгізілген деп хабарлайды. Әдеп жөніндегі уәкіл қызметі құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар мен қорғаныс министрлігінде ғана болмайды.

Төменгі сатыдағы мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі уәкілдер үшін дербес қызмет орны қарастырылмаған - олардың міндеттерін мекеме қызметкерлері қосымша атқарады. Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары «басшылық қызмет атқаратын, ұжымда қадірлі және құрметке ие болған мемлекеттік қызметшіге» жүктеледі. Әдеп жөніндегі уәкіл қызметі штаттық кесте шегінде бірінші басшының кеңесшісі деңгейінде енгізіледі.

"Нұр Отан" партиясының Астанадағы съезі.

Коррупциямен күрес агенттігі «Олардың еңбекақысы мемлекеттік қызметшінің санатына және мәртебесіне қарай төленеді және әлеуметтік тұрғыдан қорғау шаралары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңның 9-тарауында белгіленген» деп хабарлайды. Бірақ агенттік әдеп жөніндегі дербес уәкілдердің жалақысы қанша екенін жазбайды және «Оларға қызметтік кабинет, пәтер, автомобиль беріле ме, өзге де әлеуметтік тұрғыдан қорғау шаралары қарастырыла ма?» деген сұраққа нақты жауап бермейді.

Агенттік дерегінше, әдеп жөніндегі уәкіл этикалық және коррупциялық заң бұзу оқиғаларының алдын алу жұмысын іске асырады, қызметтік этика нормаларын орындау барысына мониторинг жүргізеді, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, мемлекеттік қызметшілерге кеңестік көмек көрсетеді, қолайлы моральдық-психологиялық климат қалыптастыруға ықпал етеді. Қызметшілер құқығы бұзылған жағдайда әдеп жөніндегі уәкіл оларды қалпына келтіру шараларын жасайды, мемлекеттік орган басшылығына заң бұзуға итермелейтін себептер мен жайттарды жоюға қатысты ұсыныстарын айтады, азаматтық қоғам институттары мен өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп әрекет етеді, қызметшілер мен азаматтарды қабылдайды.

Әдеп жөніндегі уәкілдер орталық атқарушы органның жауапты хатшысына, ал жауапты хатшы жоқ кезде немесе ондай лауазымды тұлғалар болмаған жағдайда мемлекеттік орган аппараты жетекшісіне немесе қызметке тағайындап, қызметтен босату құқығы бар тұлғаға бағынады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқалы органдары болып саналатын әдеп жөніндегі кеңестер өз отырыстарында әрі құзыры шегінде әдеп жөніндегі уәкілдердің есептерін тыңдауға құқылы.

ПАРТОРГПЕН САЛЫСТЫРУ

Азаттықпен әңгімелескен, совет заманында әскери саяси қызметкер болған, қызметін Қазақстан қорғаныс министрінің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары лауазымымен аяқтаған генерал Айтқали Есенғұлов әдеп жөніндегі уәкіл институтын әскердегі саяси қызметкер институтымен салыстырады. Олардың жұмысына жоғары сатыдағы саяси бөлімдер жетекшілік ететін, бірақ әскери қызметі жағынан бөлімшелер мен бөлім командирлеріне бағынышты болатын. Бірақ отставкадағы генералдың айтуынша, тәрбие процесі кешенді сипатта болуы және оған саяси қызметкерлер ғана емес, әскери тәртіпті нығайту арқылы өзге командалық шенділер де қатысуы тиіс.

Генерал-майор Айтқали Есенғұлов.

Бұрынғы саяси қызметкердің айтуынша, бүкіл мемлекеттік механизмнің әр органының дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін кешенді жұмыссыз әдеп жөніндегі уәкіл қызметі де нәтижелі болмайды. Генерал Есенғұлов адамгершілікке қанша үгіттегеніңмен, егер соттар ірі көлемде пара алғандарды мемлекеттік қызметшілердің көз алдында жазадан босатып жатса, әдеп жөніндегі уәкілдің бүкіл жұмысы құрдымға кетеді дейді.

Ерікті түрде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер Ержан Досмұхамедов әдеп жөніндегі уәкіл қызметінің пайда болуы «бұрынғы коммунист басшы Нұрсұлтан Назарбаевтың совет дәуірі парторгы қызметін жаңғыртуға тырысқан ебедейсіз әрекеті» деп санайды.

Азаттықтың сұрақтарына Ержан Досмұхамедов Facebook арқылы «25 жыл ішінде Назарбаев құрған бүкіл билік вертикалінде парторгтар институын қалпына келтіру оның режимінің адамгершілік сипаттан жұрдай екенін енді жасыру мүмкін болмай қалғанын көрсетеді. Шенеуніктерді әдеп нормаларын орындамаса да, қарапайым азаматтардың алдында «әдепті» мінез көрсетуге дереу мәжбүрлеу қажет болды» деп жауап жазған.

Әдеп жөніндегі уәкіл институтын сот арқылы жабылған Қазақстан коммунистік партиясының бұрынғы жетекшісі Серікболсын Әбділдин де сынайды.

Серікболсын Әбділдин Азаттыққа алдыңғы ширек ғасыр ішінде елдегі қоғамдық мораль деңгейі «плинтустан да төмендеп кетті» дейді. Оның сөзінше, мораль жағынан әсіресе жастар азғындаған. Әбділдиннің сөзінше, президент Нұрсұлтан Назарбаев қоғам ахуалына қатысты жүргізген ішкі саясаты сәтсіздікке ұшырағанын сезеді.

Сот шешімімен жабылған Қазақстанның бұрынғы коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин.

- Сондықтан ол біресе тапсырмаларын тізіп, мақала жазады, біресе адамдарды басқаратын органдар құруға кіріседі. Жаңа институттың міндеті президент Назарбаевтың моральдық келбетін жылтырату мен оның орнын ешкім баса алмайды деген ойға қоғамды иландыру болады, - дейді Әбділдин.

МОРАЛЬДЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ТУРАЛЫ ЕРЕЖЕ

Ал «Нұр Отан» президенттік партиясындағы пікірлер өзгеше. Партияның Алматы қалалық филиалының ұйымдастыру бөлімі меңгерушісі Айгерім Мұстафаева әдеп жөніндегі уәкіл институтын құруды құптайды және партия әдеп жөніндегі уәкіл институтымен бірлесіп жұмыс істейтін болады дейді.

- Бәріміз бір елде тұрамыз. Бәріміздің мақсатымыз бір – өмірімізді және республикамызды жақсарта түсу. Сондықтан егер әдеп жөніндегі уәкіл институты құрылса, бірлесіп жұмыс істейтін боламыз. Бәлкім, функционалдық тұрғыдан әр қалай әрекет етерміз. Бірақ бірінші кезекте - бірлесіп жұмыс істейміз. «Нұр Отанның» идеологиясы моральдық құндылықтар туралы ережеге негізделген, - дейді партия функционері.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов Азаттық тілшісімен әңгімесінде қазақстандық шенеуніктердің барлық деңгейінің моральдық келбетіне төмен баға берді. Саясаттанушы әдеп жөніндегі уәкіл институтын құру мен оны жетілдіру шараларын мемлекеттік аппаратта қалыптасқан моральдық ахуалды жақсартуға тырысқан биліктің кезекті (бәлкім, соңғы емес) әрекетіне балайды.

Мемлекеттік қызметшілердің моральдық келбетін жетілдіру туралы қабылданған заңдарға қарамастан, елдегі коррупциялық қылмыстар азаяр емес. Коррупцияға қатысты айыппен премьер-министр қызметінен бастап мемлекеттік биліктің барлық дерлік деңгейіндегі өкілдері (президенттен өзге) әр түрлі мерзімге сотталды. Сотталған жоғары лауазымды шенеуніктердің бәрі президентшіл «Нұр Отан» партиясының мүшесі болған.