25 наурызда ЕО-ға мүше 27 елдің басшылары қол қойған Рим декларациясы одақтың құрылуына негіз қалаған Рим келісімінің 60 жылдығын атап өтіп, құрамынан Ұлыбритания кеткеннен соң да бірлікті нығайта түсуге уәде берді.
Бірақ Рим декларациясында кейбір сарапшылар «қос жылдамдықты Еуропа» деп айдар таққан ұғым енгізілген. Сыншылардың айтуынша, бұл идея Еуропаның тұтастығына қауіп төндіруі мүмкін. Кейбіреулер мұны «көп жылдамдықты Еуропа» деп атауды жөн көреді.
ЕО-ның Ұлыбританиядан басқа барлық мүшелері қол қойған Рим декларациясында «қажет болған жағдайда әртүрлі қадамдармен, әркелкі қарқынмен, бірақ бір бағытта жүретіні» айтылған.
Қолдаушылар "қос жылдамдықты Еуропа прогреске бастайды" дейді
Бұл әдіс одаққа мүше мемлекеттер ЕО шеңберінде бірыңғай консенсусқа келуі мүмкін болмаған жағдайда жарым-жартылай альянс құруына жағдай жасайды.
Қос жылдамдықты (әлде көп жылдамдықты) Еуропа бастамасын қолдаушылар бұл әдіс одаққа мүше мемлекеттер ЕО шеңберінде бірыңғай консенсусқа келуі мүмкін болмаған жағдайда жарым-жартылай альянс құруына жағдай жасайтынын айтады.
Олардың айтуынша, ЕО Балқанға қарай жайылып, 30-дан астам мемлекеттің блогына айналған жағдайда бұл өте маңызды болмақ. Себебі осыншама әркелкі мемлекеттердің бірауыздан шешім қабылдауы қиынға соқпақ.
Люксембург премьер-министрі Хавьер Беттел осы демалыста өткен Рим саммиті кезінде «тығырыққа тіреліп, тоқтап тұрған Еуропадан гөрі қос жылдамдықты Еуропаны қош көретінін» айтты.
– Егер бір ел «Мұны қаламаймын» десе: «Жарайды, онда жолымды бөгеме, басқалармен бірге алға жылжуыма мүмкіндік бер» деп айта аламын, – деді Беттел.
Сыншылар «бұл бөлшектенуге әкеледі» дейді. Қарсы пікір айтушылар әркелкілікке рұқсат беру арқылы одақ өзінің басты принциптерінің бірі – терең интеграция арқылы теңдікке қол жеткізу принципінен бас тартып отыр дейді. Олардың айтуынша, қос жылдамдықты Еуропа құрудың орнына ЕО-ның өз ішінде бөлек екі Еуропа құрылуы мүмкін.
Еуропа кеңесінің президенті, Польшаның бұрынғы премьер-министрі Дональд Туск қырғиқабақ соғыс кезінде екі альянсқа жарылып, темір пердемен бөлінген Еуропаны еске салды. «Нағыз екі жылдамдықты Еуропа сол болатын» дейді Туск.
Қос жылдамдықты Еуропаны кім басқарады?
«Карнеги Еуропа» қорының Еуропа жөніндегі сарапшысы Джуди Демпсидің айтуынша, ең басты мәселе – «қос жылдамдықты Еуропа» ұғымдарының нақты мағынасы не?» және «Бірінші һәм жылдамдықтағы топтарға кімдер кіреді?» деген сұрақтарға жауап беру.
Сарапшылар Еуропа қауымдастығының негізін қалаған, «Ішкі алтылық» деген топқа басымдылық беру керек деген идеяның өзі нақты емес.
– Екі жылдамдыққа еуро аймағы елдері үстемдік ететіні анық, – дейді Демпси.
Қазір еуро валютасын қолданатын 19 ел Еуропа министрлер кеңесінде заңдарды қабылдауға мүмкіндік беретін басым күшке ие.
Демпсидің айтуынша, бұл елдер ең алдымен ақша-несие құрылымдарын қайта реттеуге, ақша-несие, қаржы одақтарын құруға көп көңіл бөлуі керек. Сарапшының сөзінше, еуро валютасын қолданбайтын өзге 9 ел екінші жылдамдықтағы ЕО мүшелері санатына кіруі мүмкін.
Польша үкіметі «қос жылдамдықты Еуропа» идеясы дағдарысқа ұшыратып, «қазіргі тұрпаттағы ЕО-ның жойылуына алып келеді» деп ескертті.
Демпсидің айтуынша, қос жылдамдықты Еуропа идеясы жүзеге асса, онда Польша сияқты еуро аймағына кірмейтін елдер бұл идеяны қолдайтын Германия үшін бас ауруына айналуы мүмкін.
Қос жылдамдықты Еуропа ма, әлде көп жылдамдықты Еуропа ма?
Уилфред Мартинс Еуропа зерттеулері орталығы директорының орынбасары Роланд Фруденштейннің айтуынша, саясаткерлердің бұл идеяны қолдау туралы риторикасына қарамастан, Еуропа қос жылдамдық саясатына мүлде ауысып жатқан жоқ.
– Меніңше, мұнда әңгіме көп жылдамдықты, яғни әркелкі интеграция туралы болып отыр. Негізгі топ пен қосымша топ туралы әңгіме жоқ. Мұндай болмайды және болуы мүмкін емес, – деді Фруденштейн Азаттыққа берген сұхбатында.
Оның айтуынша, бірнеше жыл бойы ЕО шеңберінде «толық интеграцияны» қолдап келген Германия канцлері Ангела Меркель де «түрлі жылдамдықтағы Еуропа» идеясына ойыса бастады.
Мүше мемлекеттердің көбі, әсіресе Франция, Нидерланд пен Скандинавияның кей елдері көп жылдамдықты Еуропа концепциясын қолдайды.
– Мүше мемлекеттердің көбі, әсіресе Франция, Нидерланд және Скандинавияның кей елдері көп жылдамдықты Еуропа концепциясын қолдайды, – дейді сарапшы.
Оңтүстік Еуропа елдерінде де көп мәселе жоқ. Фруденштейннің айтуынша, Польша мәселелердің толық байыбына бармай, қарсы шығып отыр. «ЕО мүшелері екі санатқа бөлінбейді» деді ол.
Қандай топтар құрылуы мүмкін?
Сарапшылардың көбінің пікірінше, көп жылдамдықты ЕО-ның түрлі мәселелері бойынша бірнеше топтың құрылуына алып келеді. Олардың айтуынша, қазірдің өзінде еуро аймақ пен Шенген аймағы елдерінде осындай бөлініс бар.
Қорғаныс жобалары бойынша Швеция, Польша, Германия және Данияның жаңа блогы қалыптасуы ықтимал. Көп жылдамдық саясаты Франция, Германия, Нидерланд сияқты елдердің барлау мәліметтерін бөлісудегі интеграциясын арттыра түсуі мүмкін.
Көп жылдамдық саясаты Еуропаның мәселелерін шеше ме?
АҚШ-тың Германиядағы Маршалл қорының Еуропа бағдарламасының директоры Роза Балфор «көп жылдамдықты Еуропа» бастамалары төңірегіндегі пікірталасқа күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, бұл идея қазір ЕО-ның алдында тұрған мигранттар дағдарысы, Еуропаның қарыз дағдарысы мәселелерін шешіп бере алмайды.
– Меніңше ең алдымен осы мәселелердің саяси шешімін табуға тырысу керек, содан кейін ғана сол саясатты жүзеге асырудың форматын қарастыру қажет. Біз түрлі жылдамдықпен жылжи береміз деп айту оңай. Бірақ не үшін? Ең алдымен саясатты жүзеге асыруды ойлау керек, – дейді Балфор.
Рон Синовиц пен Рикард Йозвяктің материалы ағылшын тілінен аударылды.