Заңсыз мигрантты "құжаттандырудың" жылпостар тапқан жолы

Швецияға "ескі көлік сатып алуға" келіп заңсыз жолмен жұмысқа тұрғанын айтып отырған мигрант.

Швеция заңындағы саңылауды пайдаланып мыңдаған заңсыз мигрант сол елде жұмысқа орналасып, еркін өмір сүріп келген. Швецияның TV4 арнасы мен Азаттық радиосының бірлескен зерттеуі осыны анықтады.

Швецияға Орталық Азиядан барған, ол елде жұмыс істеуге рұқсаты жоқ мыңдаған мигрант бірнеше жылдан бері заңдағы саңылауды пайдаланып, оңай жұмысқа тұрып, қаперсіз өмір сүріп келген. Бұл үшін өтірік көлік сатып алған болып Швецияның салық төлеуші нөмірін алса жетіп жатыр.

Швециядағы TV4 арнасы мен Азаттық радиосы жүргізген журналистік зерттеу Стокгольмдегі осындай жасырын "құжат фабрикасының" 2016 жылдан бері 1100-ге жуық мигранттың осы елдің түрлі компанияларына заңсыз жұмысқа орналасуына мүмкіндік бергенін анықтады.

"Құжат фабрикасы" 2004 жылы Швецияға көшіп келген мигрант басқарған, зерттеу мақалада ол Акмал деген бүркеншік атпен аталады.

Акмал Стокгольмнің батысындағы Хасселби ауданында жалдап тұратын пәтерінің мекенжайын пайдалану арқылы жалған көлік сату операциясын ұйымдастырғаны үшін әр адамнан 200-ден 500 еуроға дейін ақша алып келген. Ол бір автокөлікті "сату" шартын тіркеу үшін әлгі мекенжайды 112 мәрте пайдаланған. Оның клиенттерінің көпшілігі "сатып алған" көлікті мүлде көрмеген, көбінің тіпті Швецияда жарамды жүргізуші куәлігі де болмаған.

Мигранттардың бірі Швецияның шекаралық полиция бөлімшесінде еден жуушы болып заңсыз істеген.

Акмалдың арқасында құжат жасатып алған мигранттар құрылыс саласына, қонақүйлер мен мейрамханаларға, сауда орындарына жұмысқа тұрған. Университетте, ауруханада, тіпті үкімет мекемелерінде еден жуушы болып жұмыс істегендер де бар.

Акмалдың "қызметін" пайдаланған бір мигрантты мердігер компания Стокгольмдегі Арланда әуежайында заңсыз мигранттарға тосқауыл қоятын мекеме – Швеция шекара полициясы бөлімшесіне еден жуушы етіп жұмысқа орналастырған.

ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ САЛҒЫРТТЫҒЫ

Швециядағы жұмыс берушілердің көбінің жұмысқа тұратындардың жұмыс істеу құқығы бар-жоқтығын тексермейтінін байқаған "құжат жасаушылар" оны заңсыз ісіне ұтымды пайдаланған. Бастысы әлгі адамның Швеция салық басқармасы (Skatteverket) берген жеке нөмірі болса болғаны. Сол нөмірдің арқасында олар осы елдің банктерінен есепшот аша алады.

Заңның тағы бір осал тұсы – Швеция көлік басқармасы (Transportstyrelsen) әлеуметтік қамсыздандыру нөмірі жоқ адам көлік сатып алғанда оны "samordingsnummer" деп аталатын "салық төлеушінің үйлестіру нөмірі" арқылы анықтай алады.

Ескі көлік сатылатыны жайлы интернетте орыс тілінде жарияланған хабарландырудан Швецияда салық төлеуші нөмірін қалай алуды телефон шалып білуге болатыны жазылған.

Швеция Көлік басқармасы Салық басқармасы мен Миграция басқармасы сияқты адамдарды ыждағатпен тексермейді. Ол факспен не электрондық поштамен келген құжат көшірмелері негізінде салық төлеушінің үйлестіру нөмірін ала салады.

Швеция салық басқармасындағы алаяқтықпен күрес қызметкері Пиа Бергманның айтуынша, samordingsnummer швед еңбек нарығына "есік ашатын кілт" рөлін атқарған:

"Соның арқасында жұмыс істеуге, банктен есеп-шот ашуға, мекенжайға тіркелуге, зат сатып алуға мүмкіндік аласыз. Ол Швецияның әлеуметтік қамсыздандыру нөмірін талап ететін қызметтердің барлығына қол жеткізуге мүмкіндік береді".

Салық төлеушінің үйлестіру нөмірі 25 күн ішінде беріледі, Көлік басқармасы бұл үшін адамнан ақша алмайды. Есесіне, Акмал сияқты "делдалдар" өтірік көлік сатқан болып, қызметі үшін көп ақша алады.

ЗАҢНЫҢ ОСАЛ ТҰСЫ

Швециядағы ресми тұлғалардың айтуынша, Акмал жалған көлік сату операциясы арқылы ешқандай заңды бұзбаған. Мигранттардың өздері және адамның еңбек визасының бар-жоғын тексерместен оны қызметке алған мекемелер заң бұзған болып саналады.

TV4 пен Азаттық радиосы Акмалдың "көлік сату операциясының" көмегімен салық төлеушінің үйлестіру нөмірін алған 1100-дей мигрантты жұмысқа алған 476 компанияның тізімін жасады. Ондағы компаниялардың жартысы – қалалық кеңестің тапсырысын орындайтын, мемлекеттік мекемелердің ғимараттарына қызмет көрсететін сенім деңгейі жоғары ірі фирмалар. Арасында аз ғана уақыт жұмыс істеп, қарызға батып, жабылып тынатын уақытша фирмалар да жетерлік.

Алаяқтықтың алдын алу жөніндегі сарапшы Андерс Биоркенхеймнің айтуынша, жұмысқа өтініш берушінің өмірбаянын тексерудегі олқылықтар кесірінен фирмалар мигранттарды жұмысқа ала берген.

Дегенмен, тек салық төлеушінің үйлестіру нөмірі мен банктегі шоты ғана бар шетелдікті әдейі жұмысқа алған фирмалар да бар. Себебі ең төменгі жалақыдан екі есе аз айлыққа жұмыс істеуге, ауыр еңбек шарттарына тек сандай мигранттар ғана келіседі.

Мәселен, Швецияның қонақүй және мейрамхана саласындағы ең төменгі айлық жалақы 21 930 швед кронына (2320 АҚШ доллары) тең.

Алаяқтықтың алдын алу жөніндегі швед сарапшысы Андерс Биоркенхейм.

"Құжат фабрикаларының" заңдағы саңылауды пайдаланып келгенін дәлелдейтін айғақтарды айтқанда, Швеция Көлік басқармасы директорының орынбасары Анна Берггрунд әрі қарай да салық төлеушінің үйлестіру нөмірін бере беретінін айтты.

"Көлікке иелікті заңдастыру қылмыс емес. Біреудің хатын екінші адамға жіберу қылмыс емес. Жеке басын куәландыратын құжаты дұрыс болмағанда ғана біз "жоқ" деп айтамыз. Біз өз ережелерімізге сәйкес әрекет етеміз" деді ол.

Биоркенхейм жалған көлік сату операциясы "ұйымдасқан қылмыстың құралына" айналып кетті ме деп алаңдайды.

Акмалдың қызметін пайдаланған мигранттардың айтуынша, олар "құжат фабрикасы" туралы ақпарды сондағы мигранттардан естіген не әлеуметтік желідегі жарнамадан оқыған.

Биоркенхеймн осы сияқты "құжат фабрикалары" Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия және бұрынғы Совет одағының басқа елдерінен келгісі келетін мигранттарға мұндай схеманы интернет арқылы ашық жарнамалап жүр дейді.

TV4 пен Азаттық радиосының дерегінше, мигранттың Шенген аймағында кез келген елге туристік визамен заңды түрде келіп, Швецияға еркін өтіп, "құжат фабрикасына" 500 еуроға дейін ақша төлеп, салық төлеушінің үйлестіру нөмірін алса болғаны. Биоркенхеймнің айтуынша, заңның осалдығы кесірінен Швеция қылмысқа, соның ішінде "заманауи құлдыққа" жол ашып отыр. Шынымен, Акмалдың схемасы арқылы нөмір алып, жұмысқа тұрған мигранттардың көбі швед заңында "заманауи құлдық" деп аталған санатқа жататын еңбек шарттары бойынша жұмыс істейді.

Жұмыс визасы жоқ әйел мигранттардың арасында әлімжеттікке ұшырап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болғандары да бар.

- Маған "бір апта тегін жұмыс істесең, жұмысқа аламыз" деп шарт қойды. Бір апта өткен соң олар "бастықпен төсектес болмасаң жұмыс жоқ" деді. Басқа амалым бар ма? - дейді Швециядағы университетте еден жуушы болып жұмыс істеген өзбек әйелі.

- Көп әйел балаларын ойлап, бұған көнеді. Себебі осылай істеуге мәжбүр. Балаларын асырауы керек, - дейді ол.