Құлыбаевтар, Өтемұратов, Ким және 3 дебютант. Forbes тізіміндегі Қазақстан байлары

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев.

Америкалық Forbes журналы әлемдегі ең бай адамдардың дәстүрлі тізімін шығарды. Оған Қазақстаннан жеті адам кірген және олардың байлығын қосқанда 22 миллиард доллар шығады. Үшеуі танымал тізімге алғаш рет қосылып отыр. Ескі және жаңа миллиардерлер туралы не белгілі?

ТІЗІМДЕГІ ЕСКІ БАЙЛАР

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара мен күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың байлығын Forbes 5,6 миллиард долларға (әрқайсы 2,8 миллиард доллардан) бағалаған. Бір жыл ішінде бұл екеудің капиталы өспеген де, түспеген де. Ерлі-зайыпты тізімде 1111-орынға жайғасқан. Күйеу мен әйелдің байлығын жеке-жеке емес, бірге есептегенде олар 496-орыннан көрінер еді.

Құлыбаевтар "Алмэкс" дейтін компаниясы арқылы Қазақстандағы ең ірі саналатын "Халық банкті" басқарады. Forbes-тың жазуынша, Құлыбаев "транзакцияларын бірнеше сатылы офшорлық компаниялар арқылы жүзеге асырады". 2020 жылы баспасөз құралдары Алматы әуежайын сату туралы келісім жасалғанын хабарлаған. Келісім әлі жүзеге асқан жоқ, бірақ басылымдар әуежайға Нидерландыдағы офшор мен сингапурлық компания арқылы Құлыбаев иелік етеді деген.

54 жастағы Тимур Құлыбаев KAZENERGY дейтін Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының ассоциациясын басқарады. Ол сондай-ақ ресейлік "Газпромның" директорлар кеңесіне мүшелік етіп, Қазақстанның ұлттық олимпиада комитеті мен бокс федерациясына төрағалық етеді.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Назарбаева арасындағы үш қыздың екіншісі – 53 жастағы Динара Құлыбаева өзін ел назарынан аулақ ұстайды. Оның Швейцариядағы бірқатар қымбат жылжымайтын мүліктің иесі екені белгілі. 2019 жылы ол 17-ғасырда салынған, ұлттық маңызы бар тарихи объект саналатын Бельрив сарайын сатып алған.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Назарбаеваның екінші қызы Динара Құлыбаева.

Құлыбаевтар мен Назарбаевтың өзге де туыстарының шетелдегі жылжымайтын мүліктері Азаттық зерттеуінде жинақталған. Оған қарап, әлемнің түкпір-түкпіріндегі қымбат объектілерге Назарбаев туыстары құйған инвестицияның ауқымын бағамдауға болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев әулетінің шетелдегі зәулім сарайлары

Forbes мәліметінше, Қазақстандағы ең бай адам – KAZ minerals металлургия гигантының иесі Владимир Ким. Бір жыл ішінде ол капиталын 900 миллион долларға арттырып, 4,6 миллиард долларға жеткізген. Қазір ол тізімде 622-орында тұр.

Былтыр Кимнің түрлі-түсті металл өндіретін компаниясы бұқаралықтан жекеге өтіп, Лондон биржасынан кетуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген . Делистинг жасау жоспары Ұлыбританияда KAZ Minerals пен қазақстандық шенеуніктердің қатысы болуы мүмкін жемқорлық ісінің тергеуі жүріп жатқан тұста жарияланды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәсімовтың еуросаяхаты, Есімов күйеу баласының Назарбаевтарға қатысы және Англиядағы "болашақтықтар"

60 жастағы Ким мен оның бизнес серігі Олег Новачук (бұл екеуі KAZ Minerals компаниясы акциясының 39,39 пайызына иелік етеді) қазанда миноритарийлердің акциясын 6,4 фунтқа (данасына) сатып алуға дайын екенін айтқан. Бірақ байқаушылардың жазуынша, баға жөнінде тартыс әлі жалғасып жатыр.

KAZ Minerals компаниясы Лондон биржасындағы листингтен 2005 жылы өткен. 2014 жылы ол бұқаралық KAZ Minerals PLC және бұқаралық емес "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС болып екіге бөлінді. Соңғысы Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші саналады.

"Қазақмыс" иелерінің бірі Владимир Ким.

Forbes тізімінде қазақстандықтар арасында екінші тұрған Болат Өтемұратов (жалпы тізімде 891-орын) Назарбаевтың сенімді адамдарының бірі саналады. Кезінде президенттің іс басқармасына жетекшілік еткен. Америкалық журнал оның байлығын 3,4 миллиард долларға (бір жылда 700 миллион долларға байыған) бағалаған. "Верный капитал" дейтін компаниясы арқылы Өтемұратов Қазақстан мен Қырғызстандағы Beeline. Мобильді операторына, алтын өндіретін RG Gold компаниясына, қонақүйлер желісіне, фастфуд ресторандарының франшизасына, девелоперлік компанияға және Қарағанды әуежайының бір бөлігіне иелік етеді. Өтемұратов портфелінде "31 арна" мен Informburo.kz сайты секілді медиаактивтер де бар. Ол сондай-ақ активі бойынша ең ірі бесінші банк саналатын Forte bank-ке де иелік етеді.

Былтыр жыл соңында Өтемұратовтың басына бұлт үйірілгендей болды: желтоқсанда британиялық сот БТА ісі жөніндегі тартыс аясында миллиардердің активтерін бұғаттап тастады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қатерлі ойын". Болат Өтемұратовқа қарсы істің артында кім тұр?

Ол кезде "Верный капитал" алдымен шешім "жалған құжат" негізінде қабылданған деп, кейін "бұғаттың" алынғанын айтты.

ДЕБЮТАНТТАР

Forbes тізіміне Қазақстаннан жаңа үш адам қосылды. Оның екеуі – 51 жастағы Вячеслав Ким мен 45 жастағы Михаил Ломтадзе – Kaspi bank-ті басқаратын Kaspi финтех компаниясына иелік етеді. Kaspi былтыр қазанда акцияларын Лондон биржасына сәтті шығарып, компания иелері Ким мен Ломтадзе миллиардерлер қатарынан бір-ақ шықты.

Қараша айында Forbes "Kaspi.kz-тің шағын стартаптан қаржы технологиясының гигантына айналуына" Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының қатысы болуы мүмкін деп жазды. Сатыбалды акционерлер құрамынан 2018 жылы шығып кеткен. Бірақ Forbes сарапшыларының пайымдауынша, Сатыбалдының акционерлер қатарынан шығу формалды сипатта болған, бұл бизнес әлі де соған қарайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қайрат Сатыбалдының Kaspi-ге қатысы және Сағынтаевтың "қымбат киімге әуес" қызы

Журнал Вячеслав Кимнің байлығын 3,3 миллиард долларға (925-орын), ал Михаил Ломтадзенің байлығын 3,2 миллиард долларға (956-орын) бағалайды. Forbes тізімінде олар Құлыбаевтардан озып кеткен.

Тізімдегі қазақстандық миллиардерлер соңында Тимур Турлов тұр. Капиталы 2,1 миллиард долларға бағаланған Турлов 1517-орында тұр.

Ресей азаматы Турлов – кәсібін Қазақстанда дөңгелеткен ең жас миллиардер. Жасы бар-жоғы 33-те. 2008 жылы оқуын аяқтамай жатып Freedom Holding дейтін брокерлік компания құрған. Оған құрылтайшылармен бірге 100 мың доллар салған. Компания клиенттеріне АҚШ, Ресей және Еуропа қор биржаларындағы саудаға қатысуға мүмкіндік береді.

Forbes журналының есебінше, қазақстандық миллиардерлер капиталының жалпы сомасы 22 миллиардтан асады. Республикалық бюджетке түсетін кірістен (Ұлттық қор трансферттерін есепке алмағанда) сәл асады.

ҒАЛАМДЫҚ ТРЕНДТЕР

Америкалық журналдың жазуынша, ғаламдық экономикаға соққы болып тиген пандемия кезінде әлемдегі ең бай адамдардың жиынтық капиталы 5 триллион долларға артқан. Тізімге 493 жаңа миллиардер кірген. Оның 210-ны Қытай мен Гонконгтен, 98-і АҚШ-тан.

Әлемнің ең бай адам атағын әдеттегідей Джефф Безос иеленіп отыр. Amazon компаниясының негізін қалаушы Безос капиталын бір жылда 64 миллиард долларға арттырып, 177 миллиард долларға жеткізген.

Екінші орында – байлығы 151 миллиард долларға бағаланған Илон Маск тұр. Бір жыл бұрын оның капиталы 24,5 миллиард доллар болатын. 12 ай ішінде Tesla-ның негізін салушы 126,4 миллиард долларға байыған. Акцияларының бағасы шарықтап, қаңтар айында бір мезетке Джефф Безостан озып кеткен. Бірақ кейін екінші орынға оралды.

Үшінші орында – Louis Vuitton және Christian Dior люкс брендтерінің иесі француз Бернар Арно. Кейінгі жылы оның байлығы екі есе артып, 150 миллиард долларға жеткен.

Microsoft компаниясының негізін салушы Билл Гейтс биыл төртінші орын алған. Forbes оның байлығын 124 миллиард долларға бағалаған.

Facebook-ті құрған Марк Цукергберг бесінші орынға жайғасқан. Оның капиталы 97 миллиард доллар шамасында. 2020 жылға қарағанда 42,3 миллиард долларға көп.

Технология гиганттарының байлығы негізінен акция құнының артуына байланысты ұлғайған.

Forbes есебінше, әлемнің ең бай әйелі - L’Oréal брендінің иесі Беттанкур Майерс. Оның байлығы 76,3 миллиард долларға бағаланған.