ЮНЕСКО-ның Алматы бюросының өкілі Сергей Карпов көрменің БҰҰ мен ЮНЕСКО шешімі бойынша 28 қыркүйек күні аталып өтетін Ақпаратқа қол жеткізу үшін күрес күні аясында ұйымдастырылғанын айтты.
Фотокөрмеге кейінгі 30 жыл ішінде болған қоғамдық-саяси оқиғалардың суреттері қойылды. Көрме 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан бастап, 2016 жылғы жер реформасына деген наразылыққа дейін қамтыды.
Көрмеге қойылған Мәдина Әлімханованың фотографиясында жер реформасына наразылығын білдіргісі келген адамды полиция ұстап жатқан сәт түсірілген. Қазір мараторий жарияланған ол реформа бойынша ауылшаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге болатын еді. Сурет Алматы қаласында 2016 жылы 21 мамыр күні түсірілген.
Көрмеге «Әділ сөз» ұйымы Медеу шатқалында өткізген «Журналистерді [түрмеге] отырғызбаңдар - ағаш отырғызыңдар» атты тал егу акциясының суреті қойылды. Акция 2016 жылы мамыр айының басында қазір соты болып жатқан Сейітқазы және Әсет Матаевтарды қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Матаевтарды билік "ақша жымқырды" деп айыптайды. Акцияға қатысуға келген азаматтар Сейітқазы Матаевтың суреті жапсырылған қызыл киімдер киіп шыққан еді.
Фотобайқаудың қатысушылары мен жеңімпаздары арасында Азаттықтың Батыс Қазақстан облысындағы тілшісі Санат Орын-Әли де бар. Оның фотографияларында облыс әкімдігі алдында өткен қарсылық акциялары түсірілген.
«Әділ сөз» ұйымы өкілі Елена Малыгина оралдық фотограф Рауль Упоровтың суреттері жайлы әңгімелеп тұр. 2013 жылы тамыз айында «Уральская неделя» газеті журналистері сол кездегі Батыс Қазақстан облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың макетін көшеге алып шыққан еді. Олар жұртты әкімнің макетіне сұрақ қоюға шақырған. Бұл шараны ұйымдастырған журналистерді полиция ұстап, тіпті қылмыстық жазаға тартпақшы болған еді.
Фотограф Юрий Беккер 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде қазақ жастарын суретке түсірген. Кейіннен Беккер Желтоқсан оқиғасына қатысқан төрт адамның сот отырысын фотоға түсірді. Бұл фотография бірнеше газетте партия басшылығының рұқсатынсыз жарияланып кетіп, фототілші мен суреттің жариялануына «айыпты» деген бірнеше адам жұмыстан қуылған.
Фотобайқауға қатысқан және жеңген тілшілерге дипломдар мен цифрлық техника сатып алатын сертификаттар сыйға берілді. Жеңімпаздардан марапаттау рәсімінде Мәдина Әлімханова (Алматы, КазТАГ) ғана болды.