Париж қаласында 10 жылдан бері тұратын, ондағы ғылыми-зерттеу институтында қызмет істейтінін Жәзира Есбергенованың сөзінше, қарашаның 13-сі күнгі терактілер тұрғындарды есеңгіретіп кеткен.
– Тіпті болып жатқан оқиғаға сенбей, «шынымен мынау Парижде болып жатыр ма» деп теракт жасалған жерге барып көргендер де бар. Оқиға болған ауданда тұрып, атыс пен жарылыстың дауысын естігенде «жаңа жыл алдындағы отшашулар» деп ойлап қоя салған қызметтестерім де болды. Сол күні зайыбы екеуі сол театрға барған бір әріптесім Құдай сақтап аман қалды, бірақ әлі есін жия алар емес, қатты қорқып қалған, – дейді ол.
Жәзира Есбергенова әдетте жұманың кешінен бастап демалыс күндері серуенге шығатын не дүкен аралайтын париждіктер өткен сенбі мен жексенбі күндері ешқайда шықпағандарын айтады.
– Адамдардың жүзінен қорқынышты аңғаруға болады. Бір емес бірнеше терактілік шабуылды қорғаныс саласы қалай байқамай қалды деген күдік те бар. Ертеңгі күніміз қалай болады екен деген алаңдаушылық та жоқ емес, – дейді ол.
Парижде 30 жылдан бері тұрып жатқанын айтқан этникалық қазақ Мұстафа Ұслухан «әлемдегі ең тыныш қаламыз бұрын-соңды мұндай жағдайды бастан кешіп көрмеген» дейді.
– Қалада қатаң бақылау күшейіп, күдікті көрінген азаматтардың бәрі тексеріліп жатыр. Жұмысыма жеткенше жол бойында әскерилердің жиі тексеріп жатқанын көріп келдім, – дейді ол.
Парижде тұратын қазақтардың енді бірі Абелбек Узділ «қалада әдеттегідей жаймашуақ болмаса да, қалыпты тірлік басталғанын» айтады.
– Қазір барлық мекемелер бұрынғыша жұмыстарын бастады. Балалар мектепке барып, дүкендер ашылды. Тек қару асынған әскерилердің көптігі төтенше оқиғаның болғанын еске түсіреді, көңілге күдік келтіреді, – дейді ол.
Парижде 13 қарашада болған терактілер салдарынан қаза тапқандар саны 132 адамға, жараланғандардың саны 352-ге жеткен. Мерт болғандардың арасында 12 елдің – Бельгия, Германия, Испания, Португалия, Румыния, Ұлыбритания, Тунис, Чили, Алжир, Марокко, Мексика, АҚШ және Италияның азаматтары бар.
14 қарашада Ирак пен Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) діни ультра-радикалдық тобы интернетте Франция астанасындағы шабуылдарды мойнына алатыны туралы мәлімдеме таратқан. Топ бұл шабуылдарды «Мұхаммед пайғамбарды қорлағаны және ИМ территориясына әуе соққыларын жасағаны үшін кек алу» деп мәлімдеген.