Грузиядағы жұрт күтпеген отставкалар екі жыл бұрын Михаил Саакашвилидің партиясы сайлауда жеңілгеннен кейін билікке келген коалициядағы алауыздықтың ұлғайып бара жатқанын көрсетті.
«Грузия арманы» билік коалициясы мен «Демократиялық Грузия» партиясынан да шығатынын мәлімдеген Майя Панджикидзе отставкаға кететінін қарашаның 5-і күні жариялады. (Бұрынғы премьер-министр Бидзина Иванишвили құрған партияны қазір премьер-министр Ираклий Гарибашвили басқарады). Ал Ираклий Аласания – Майя Панджикидзенің күйеу баласы. Екеуі де үкіметтегі қызметіне билік коалициясы қалыптасқан 2012 жылдың қазанында тағайындалған.
Ираклий Аласания бас прокуратураны «Ресей мүддесіне әрекет етіп отыр» деп айыптап, әскери шенеуніктерге қатысты басталған тергеу амалдарын «Грузияның еуроатлантикалық таңдауына жасалған шабуыл» деп атаған соң Гарибашвили оны қарашаның 4-інде отставкаға жіберген. Аласания қорғаныс министрлігінде қазір жұмыс істеп жүрген жоғары шенді бес қызметкер мен бұрынғы бір қызметкері «мемлекеттің 2 миллиард 300 миллион доллардан көп қаржысын ысырап қылды» деп күдікке ілінген тұста қызметінен кетті. Оның үстіне былтыр әскери қызметкерлердің бірнеше мәрте тамақтан улануына байланысты қорғаныс ведомствосының үш офицері айыпталған.
ДАҒДАРЫС ПА ӘЛДЕ ДАҒДАРЫСТЫ ҚҰБЫЛЫС ПА?
Ираклий Аласания қызметінен алынған соң Еуропа және еуроатлантикалық интеграция мәселелері жөніндегі министр Алексей Петриашвили де отставкаға кету туралы өтініш берді. Сыртқы істер министрлігі басшысының төрт орынбасары Давид Залкалиани, Тамар Беручашвили, Давид Джалагания және Владимир Гургенидзе де отставкаға кетті. Премьер-министр Гарибашвили бұрынғы қорғаныс министрі орынбасарларын отставкаға жіберу туралы қаулыға кейінірек қол қойды.
Грузия премьер-министрі жанындағы дағдарысты басқару және қауіпсіздік кеңесін басқарған Миндия Джанелидзе жаңа қорғаныс министрі болып тағайындалды.
Грузияда жаңа саяси дағдарыс басталғанын көрсеткен үкімет шенділерінің отставкасына Батыс қазірден алаңдай бастады. АҚШ-тың Грузиядағы елшісі Ричард Норланд «сот төрелігі жүйесі саясиланып барады деп алаңдауға негіз бар» деп мәлімдеді. Дипломат Грузиядағы бүкіл партияны елде тұрақтылық пен бірлік орнатуға, прогресс пен заң үстемдігін жақтайтынын көрсетуге шақырды. Швецияның сыртқы істер министрі Карл Бильд «Грузияда үлкен саяси дағдарыс басталды әрі елдің сыртқы саясатының Еуропамен интеграцияны ұстанатын курсына қауіп төнді» деп санайды.
«Грузия арманы» коалициясына кіретін «Еркін демократтар» партиясының басшысы Аласания «коалиция 2016 жылы өтетін парламент сайлауына қазіргі құрамымен қатыса алмайды» деп мәлімдеді.
Парламент спикері Давид Усупашвили «бұл – «Грузия арманы» коалициясының саяси дағдарысы емес, көп ұзамай шешілетін «дағдарысты құбылыстар» деп жұртты тыныштандыруға тырысты.
Грузияның вице-премьері Кахи Каладзе баспасөзге: «Билік коалициясының тарауы трагедия емес, оны сақтап қалуға тырысудың қажеті жоқ. Ешкім қалауынан тыс коалицияда қалуға міндетті емес» деп мәлімдеді.
«ГРУЗИЯ АРМАНЫНЫҢ» БОЛАШАҒЫ НЕ БОЛАДЫ?
Миллиардер Бидзина Иванишвили басқаратын «Грузин арманы» коалициясы экс-президент Михаил Саакашвилидің «Біртұтас ұлттық қозғалыс» билік партиясы парламент сайлауында жеңіске жеткен 2011 жылдың қазанында саяси сахнаға шыққан. 2012 жылдың қазанынан Гарибашвили өкілеттігін тапсырып, жаңа президент Георгий Маргвелашвилиді ұлықтау рәсімі өткен 2013 жылдың қарашасына дейін министрлер кабинетін Иванишвили басқарған.
Бірақ Грузия президенті мен премьер-министрі арасында бәсекелестік пен алауыздық белгілері байқалған еді. Қарашаның 4-і күні Венада болған кезінде Маргвелашвили Грузия журналистеріне «Грузия арманы» коалициясында дағдарыс бар деп мәлімдеді. Оның айтуынша, саяси қақтығыс Грузияның мемлекеттік институттарының тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіріп, Батыс құрылымдарымен интеграциясына қауіп төндірген.
Бұрын «заңды елемейді» деп Саакашвилиді айыптаған «Грузия арманы» басшылары енді мұндай айыптауларды өздері естіп жатыр. АҚШ Грузия билігін заң жүйесін саяси мақсатта пайдаланбауға шақырып, өткен аптада АҚШ-тың мемлекеттік департаменті осындай мәлімдеме жасады.
«Грузия жаңалықтары» агенттігінің хабарлауынша, парламенттің экс-спикері Нино Бурджанадзенің «Біріккен демократиялық қозғалыс» партиясы Ираклий Аласанияның «Еркін демократтар» партиясы «Грузия арманы» билік коалициясынан шығып кетсе, парламент таратылып, кезектен тыс жаңа парламент сайлауы өтуі мүмкін деп болжайды. Бурджанадзе партиясы мүшелері 2016 жылы өтетін сайлауға дейін саяси қызметін жалғастыратын «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясымен бірге жаңа коалиция құру сценарийін де қарастырып отыр.