Грузиялықтар сайлау нәтижесіне аң-таң болып жатқанда, елдің бәрі Батыстың реакциясы қандай болар екен деп күтіп отыр. АҚШ пен Еуропа оппозицияның дауыс ұрланды деген мәлімдемесін қолдай ма, жоқ па?
АҚШ пен Еуроодақ Грузиядағы сайлау нәтижесіне байыпты пікір білдірді. Сайлауда биліктегі "Грузия арманы" партиясы 54 пайызға жуық дауыс алса, бірлескен 4 оппозициялық топ 38 пайыз дауыс жинады.
26 қазан кешкісін сайлау нәтижесі жарияланғаннан кейін, оппозициялық партиялар дауыс ұрланды деп мәлімдеді. Олар оппозицияға жақын ұйымдар жүргізген экзит-полл нәтижесі мен сайлаудың ресми қорытындысы сай келмейтінін, өз қолдарындағы дерек бойынша, "Грузия арманы" партиясы күйрей жеңілгенін айтты.
Ертеңіне кешке оппозицияны Грузия президенті Саломе Зурабишвили қолдады. Президенттің позициясы номиналды сипатқа ие, бірақ көбі оны биліктің сыншысы, оппозициялық топтар арасындағы ықпалды тұлға деп таниды. Зурабишвили сайлау қорытындысы "толықтай фальсификация", "Бұл – Ресейдің арнайы операциясының нәтижесі" деді.
БАЙЫПТЫ РЕАКЦИЯ
Бірақ Батыс елдерінің дауысы әлдеқайда байыпты шықты.
Сайлауды бақылау миссиялары дауыс беру кезінде көп заңбұзушылықтар болғанын анықтады. Олардың қатарында дауыс берушілерді қорқыту, бюллетеньді топтап тастау, бір адамның атынан бірнеше рет дауыс беру сияқты заңсыздықтар бар. Бірақ миссия сайлаудың легитимдігі туралы қорытынды жасауға асықпады.
Еуроодақ өз мәлімдемесінде Грузия билігін сайлау кезіндегі заңбұзушылықтарды зерттеуге шақырды. Ал АҚШ Мемлекеттік департаменті "Халықаралық бақылаушылар сайлау нәтижесін еркін әрі әділ деп атаған жоқ" деді. Бірақ не АҚШ, не Еуроодақ сайлауды заңсыз деп бағаламады.
Батыс елдерінің сақтығы Грузия оппозициясы басшылары мен олардың жақтастарының көңілін қалдырды. Олар АҚШ пен Еуропаның қолдауына үміт артқан еді.
"Қазір компромисс пен жұмсақ сөздің уақыты емес", – деді "Өзгеріс үшін коалиция" оппозициялық блогы басшыларының бірі Ника Гварамия британдық Financial Times басылымына берген сұхбатында. "Мәселе дипломатияда емес, геосаясатта".
"Батыс таңдау жасауы керек: не грузин халқын жалғыз қалдырады, не оны жақтап, сайлауды мойындаудан бас тартады. Орта жол жоқ", – деді Shame Movement белсенділер қозғалысының негізін қалаушылардың бірі Мариам Гегучадзе X желісінде жариялаған жазбасында.
28 қазан кешкісін ондаған мың грузин президент Зурабишвилидің шақыруымен демонстрацияға шықты. Президент мұны наразылық емес, "әлемге еркімізді көрсететін символикалық акті" деп атады. Демонстрация қатысушылары "Халықаралық қауымдастық, бізді жалғыз қалдырма" деген плакаттар ұстап шықты.
"Митингіде оппозициялық партиялар "халықаралық қауымдастықтың бақылауымен" жаңа сайлау өткізуді талап етті", – дейді "Агмешенебели стратегиясы" партиясының басшысы Георгий Вашадзе. Сарапшылар сөзінше, халықаралық қауымдастықтың байыпты реакциясын бірнеше фактормен түсіндіруге болады.
Еуроодақ реакциясына Венгрияның ұлтшыл-консерватор премьер-министрі Виктор Орбан мен "Грузия арманы" партиясының тығыз қарым-қатынасы шектеу болмақ. Орбан сайлау нәтижесі жарияланбай тұрып, Грузияның билеуші партиясын жеңісімен құттықтады. Ол 28 қазанда Тбилисиге барып, партия басшылығымен кездесті. Баспасөз конференциясында Орбан "Грузия арманының" жеңіске жеткені "даусыз" деді
"Орбан Еуроодақ қадамының салмағын азайтады", – дейді Carnegie Europe аға ғылыми қызметкері Томас де Ваал Азаттыққа берген сұхбатында. "Оның үстіне, одаққа кіруге ықтимал кандидат елмен қарым-қатынасыңды біржола үзгің де келмейді".
Тағы бір фактор – ықтимал алаяқтықтың күрделі формада ұйымдастырылғаны. Сондай-ақ алаяқтықты "Грузия арманына" жеңіс сыйлаған артық дауыстың бәріне телуге бола ма деген сұрақ бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Парламентке кіруден бас тартқан оппозиция сайлауды қайта өткізуді талап еттіГрузияның My Vote бақылау миссиясы "Грузия арманы" партиясының сайлау нәтижесін бұрмалауға қатысты "ірі схемасы" болғанын растайтын дәлелдер тапқанын мәлімдеді. Миссияның сөзінше, бұл схема тексеру процесін жеңілдететін әртүрлі процедуралардан тұрған, осының арқасында адамдарға бірнеше қайтара дауыс бергізетін "карусель" ұйымдастырылған. 28 қазанда миссия сайлау органдарын жалпы саны 300 мыңнан астам адам дауыс берген учаскелердегі сайлау қорытындысының күшін жоюға шақырды. Топ мүшелері қосымша айғақтар табылған сайын, бұл сан арта береді деп отыр.
Дегенмен "Грузия арманы" партиясының артық дауысы үлкен болғандықтан, кейбірі сайлаудың өзін болмаса да, нәтижесін мойындауға келісуі мүмкін. Партия оппозициялық топтардан 335 мың дауыс артық алған.
– "Грузия арманы" партиясының қандай басымдықпен жеңгені де рөл атқарады. Бұл іске халықаралық деңгейде араласу қиын әрі қымбат тұрмақ. Егер Еуроодақ араға қатты түссе, бұл поляризация мен кикілжіңді күйшейтуі мүмкін. Кейбірі сайлау таза өткен күннің өзінде тараптардың дауысы бір-біріне өте жақын болар еді, сол себепті араға түсудің мәні жоқ деп ойлауы да мүмкін, – дейді Heinrich Boll Foundation неміс қорының Тбилисидегі кеңсесін басқаратын Соня Шифферс. – Кей адамдар үшін "Мұның мәні неде?" деген сұрақ туады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Билеуші партия жеңгенін жариялап, оппозиция мойындаудан бас тарттыШифферстің сөзінше, "Халықаралық қауымдастыққа сайлаудағы заңбұзушылықтар ауқымы белгілі болғаннан кейін, наразылық жалғасса, қазіргіден күштірек реакция болуы мүмкін. Қазір Еуроодақ пен оның демократияшыл мүшелері үшін заңбұзушылықтарды зерттеу бойынша халықаралық тәуелсіз миссияның жауабын күтуден артық нұсқа жоқ".
Кей грузиндер сайлау қорытындысының жауабын өз ішінен іздеді. Дауыс беру нәтижесі елдің оңтүстігінде тұратын этникалық армяндар мен әзербайжандардың көбі "Грузия арманы" партиясын қолдап дауыс бергенін көрсетеді. Әлеуметтік желіде осыған қатысты дау жүрді.
Кей азаматтар аталған өңірді назардан тыс қалдырған оппозицияның өзі кінәлі дейді. "Соңғы сайлау бұрын-соңды болған ең нашар сайлау болды: оппозицияның бірде-бір басшысы өңірге бармады, жергілікті ақпарат құралдарында шынайы үгіт-насихат науқаны жүрмеді, сайлауға бірнеше күн қалғанда ғана бірнеше плакат ілінді. Ал "Грузия арманы" дауыс жинау үшін азаматтық және күштік желілерін біріктіріп, белсенді жұмыс істеді", – деп жазды Тбилисиде тұратын сарапшы Олеся Вартанян X желісіне. Вартаняннің отбасы осы өңірде тұрады.
Тбилисидегі халықаралық кинофестиваль директоры Гага Чхеидзе Facebook парақшасына сайлаудағы тәжірибесін жазған. Ол Орталық Грузиядағы ауылда бақылаушы болған. Чхеидзе сайлау күні тыныш өткенін, ұсақ-түйек заңбұзушылықтар түзетілгенін, ал дауыс беру қорытындысы шыққанда, өз учаскесінде "Грузия арманы" партиясы 58 пайыз дауыс жинағанын айтады.
Чхеидзенің сөзінше, "Грузия арманы" белсенділігі төмен дауыс берушілермен жұмыс істеген. Партия оларды "өтінішпен, қоқан-лоқы көрсетумен, уәдемен, парамен, қорқытумен" көндірген дейді ол.
"[Грузия арманы] ауылда алдын-ала үлкен жұмыс жүргізгені көрініп тұр. Грузияның барлық ауылында осылай жұмыс істеген сияқты. Сайлау нәтижесі осыны растайды", – деп жазды cарапшы.