КарЛАГ-тың қазіргі тіршілігі
КарЛАГ орталығы болған Долинка кентіндегі кейбір үйлердің тікенек сымтемірмен, тормен қоршалғанын көруге болады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, КарЛАГ жабылғаннан кейін кенттен көп тікенекті сымдар табылған. Бұрын оларды тұтқындар қашып кетпеу үшін қоршауға пайдаланса, қазір ұрылардан сақтану үшін пайдаланады.
Мұнда қазір КарЛАГ-тың әйелдерге арналған сегіз барагы бар. Қазір оларда жергілікті тұрғындар тұрады. Барактар бірнеше отбасы тұру үшін бірнеше бөлікке бөлінген. Кейбірі жөнделген. Мұнда барлығы 12 әйелдер барагы болған. Ол барактардағы тұрмыс еркектер барагындағыдан аса айырмасы болмаған.
- 1942 жылы Карлагтың жаза мерзімі біткен кей тұтқындарын соғыс біткенше босатпау туралы қаулы шыққан. Кейбір тұтқындар мерзімінен артық бір немесе екі, кейді тіпті одан да көп жыл қамауда болған. Меніңше, Сталин мұндағы адамдардың көбі кінәсіз екенін білген, егер оларды босатса, Германия жағына шығып, СССР-ге қарсы соғысады деп қауіптенген, - дейді экскурсия жүргізуші Иван Кондрашов.
38 жастағы Виталий Кожевников бұрынғы әйелдер барактарының бірінде тұрады. Бұл барактарда кезінде оның апасы, Карлаг тұтқыны Лидия Кожевникова өмір сүрген.
Виталий Кожевников Азаттық тілшісіне «Апам Карлагта 10 жылдай тұтқында болған. Әкемді тұтқында болған кезінде туған. Мерзімі біткенше осында болған. Босағаннан кейін осы Долинкада тұрды, көп жыл бұрын қайтыс болды. Апамды мен көрмедім. Бұрын, бала кезімде біз басқа баракта тұрдық. Әйелдерге арналған ол барактың қабырғалары ағаш еді. Қазір мен отбасыммен сол барактың қарсысындағы басқа баракта тұрамын. Долинкаға туристер көп келеді, біз тұрып жатқан барактарды видеоға түсіріп кетеді» дейді.
Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аумағын күзететін қызметкерлердің мұнарасы. Бұл мұнараны зұлмат жылдар ахуалын елестету үшін жақында қайта орнатқан.
Карлаг бастығының үйі. Бұл архитектуралық құрылыс сталиндік неоклассицизм мәнерінде 1930 жылдары салынған. Қазір айналасында үлкен бау-бақшасы бар бұл үй тозған. Карлагтың 28 жылдық тарихында 11 бастық ауысқан. Олар әр жылдары осы үйде тұрған. Музей қызметкерлерінің ақпаратына қарағанда, Карлагтың алғашқы бастығының әскери шені аға лейтенант болса, соңғы бастығының шені СССР мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің генерал-майоры болған.
Людмила Кузнецованың айтуынша, ондаған жылдар бұрын Карлаг бастығының үйінде оның ата-анасы тұрған. Олар қайтыс болғаннан соң бұл төрт бөлмелі үлкен үй оған мұраға қалған.
- Менің ата-анам Долинкаға 1949 жылы келген. Анам - Валентина Волкова Карлаг басқармасында хатшы-машинист болып істеген. Қазір ол жер - музей. Музей құрылғанда анам көп суреттер берді. Әкем Михаил Волков колонияларда істеген әскери адам болған. 159/6 мекемесінің бастығы лауазымына дейін өсті. Бұл үйді колонияда істейтін әкеме баспана ретінде берген. Қанша жыл өтсе де адамдар әлі ұмытпайды. Бұл - біздің тарихымыз, қазір осындай тарихи жерде тұрғаныма аздап мақтанамын, - дейді Долинка тұрғыны Людмила Кузнецова.
Бұл ғимарат офицерлер асханасы болған. Қазір бұл үй - дүкен.
Бұл екі қабатты ғимаратта сталиндік қуғын-сүргін кезінде Карлагтың аға офицерлері тұрған. Қазір мұнда бірнеше отбасы тұрып жатыр. Музей жағынан қарағанда сегіз пәтерлі бұл үй жап-жақсы ғимарат болып көрінеді. Ішіне кіргенде ғимаратты жөндеу керек екені білінеді. Тұрғындар төбесінен су ағатынын айтады. Бөлмелері кең әрі биік. Бірақ ас үйлері өте тар. Тұрғындар суды құдықтан алады, пәтерлерге пеш орнатылған. Жазда бұл үйдің іші өте салқын болады. Үйдің ішінде ескі баспалдаққа дейін сақталған.
Зейнеткер Надежда Сидякина бұрынғы Карлаг офицерлері үйінде 1973 жылдан бері тұрады. Долинкаға келгенде ол сүт зауытында істеген. Онан соң зона қоймасында 20 жыл еңбек еткен.
- Бұл жерде жөнді жұмыс жоқ. Жергілікті жұрттың көбі зонада істейді. Қызым да сонда істейді. Күйеуім офицер болды. Сондықтан Карлагта туған балалар тек зонада істейді (күледі - Ред.). Біз Долинкаға келгенде жергілікті тұрғындар өздерін "Карлаг балалары" атайды екен. Біреулері тұтқын болған, біреулері Карлаг әкімшілігінде жұмыс істеген. Менің отбасым, құдайға шүкір, Карлагқа қатысы жоқ. Қазір көп адам Долинкадан кетіп қалды. Бұл үйде бұрын тұрғандардан менен басқа ешкім қалмады. Үйді жөндеу керек. Шатырын ауыстырмаса, су ағады. Бірақ жөндеу жұмыстарына жұрттың ақшасы жоқ, - дейді Надежда Сидякина.
Карлагтың шені төмен офицерлерінің үйі. Қазір мұнда қарапайым адамдар тұрады. Ағаш арасынан толық көрінбегенімен, үйдің тозыңқырағаны байқалады.
Шомылуға кейде Карлаг тұтқындарына да рұқсат етілген моншаның қазір орны ғана қалған.
Бұл ғимаратта «Абай қуат желілері» коммуналдық кәсіпорны орналасқан. Ғимарат бұрын Карлаг өндірісі мен шаруашылығы жетістіктері көрмесінің үйі болған. Онда өсімдіктердің жаңа сұрыптарын, механикаландырудың жаңа түрлерін, мал шаруашылығының жетістіктерін қойған. Карлаг тұтқындары "моңғолдың қарабас қойы" деген ерекше тұқым шығарған. Ол қойлардың ірілері 200 килограмға дейін тартқан. Одан бөлек, Карлагта Лавр атты бұқа өсірген, оның салмағы екі жылда 980 килограмға жеткен. Бұл Карлагта өсірілген ең ірі бұқа емес.
- Карлагта ерлі-зайыпты Михаил Цителов пен Лилия Пальмен тұтқында болған. Бұл басшылық үйленуге рұқсат еткен жалғыз жұп болған. Олар жүк көліктерінің генераторын ойлап тапқан. Олардың осы жаңалықтары арқасында Карлагтың өзі ғана соғыс жылдары 11 миллион литр бензин үнемдеген, - дейді экскурсия жүргізуші.
Долинкадағы шіркеу ғимаратында қазір адамдар тұрып жатыр. Бұл шіркеуді осында келген немістер салған. Кейіннен Карлаг құрылғанда шіркеу перзентханаға айналған. Мұнда Карлагта жұмыс істейтін адамдардың әйелдері, кейбір деректерге қарағанда тұтқындар да босанған. 1959 жылы Карлагты қайта құрған, сол кезде бұл ғимаратты жергілікті тұрғындарға баспана ретінде берген.
Бұл ауруханада дәрігер Яков Думбадзе істеген. Ол тұтқындалғанға дейін Кремль ауруханасының гинекология және акушерлік бөлімін басқарған. Карлагта Одесса хирургы Константин Гончаров та отырған. Ол Карлаг бастығының баласын өлімнен алып қалғаны үшін мерзімінен бұрын босатылған.
- Лагерь бастығы жолдастарымен аңнан келгенде қаруларын үйінің кіреберісіне қалдырып, өздері асқа отырған. Олардың балалары осы қаруларды алып, соғысып ойнаған. Ойнап жүргенде Карлаг бастығының баласы жазатайым жараланған. Бетіне оқ тиген. Аңшылар оқтарды алуды ұмытып кеткен екен. Хирург Гончаровты алдырып, баланың өмірін құтқаруды өтінген. Гончаров қолынан келгенін істеген, кейіннен баланың бетін қалпына келтіру үшін операция жасаған. Лагерь бастығы Гончаровтың жаза мерзімін қысқартуды сұрап, жоғарыға хат жазған. Мәскеуден оны мерзімінен бұрын босату және Одессаға жіберу туралы жауап келген, - дейді Иван Кондрашов.
Долинкада Карлаг нысандары жанынан сувенирлердің шағын дүкені ашылды. Онда 600 теңгеге тікенек сым, Карлаг туралы кітаптар және Долинка аумағында жазасын өтеп жатқан тұтқындар жасаған заттарды сатып алуға болады. Сатушылар ЭКСПО көрмесіне келген туристер Долинкаға соғады, көрме уақытында тауарлары көп өтеді деп үміттенеді.