"Айыбымды жуып, жазамды өтеймін деп келдім". Сириядан оралған соң сотталған қазақстандықтың әңгімесі

Қазақстандық 29 жастағы Данияр "Жусан" операциясы аясында Таяу Шығыстан елге жеткізілген. Ол "террористік ұйым қызметіне қатысқаны" және "терроризмді насихаттағаны" үшін Қазақстан сотының үкімімен 10 жылға бостандығынан айырылып, қазір түрмеде жазасын өтеп жатыр.

"Ислам мемлекеті" тобының қатарында соғысып, радикал топтың үгіт-насихат видеоларына түскен қазақстандық азамат қазір түрмеде жазасын өтеп жатыр. Ол интернеттегі уағызшылардың сөзіне еріп, Таяу Шығысқа қалай кеткені, Сириядағы өмірі мен Қазақстанға қалай оралғаны жайлы Азаттыққа әңгімелеп берді.

"Ислам мемлекеті" террор тобының Орталық Азия мұсылмандарына арналған үгіт-насихат видеосында қарулы азаматтар "жиһадқа" келгенін айтады. Сирияға кеткен 150 қазақ туралы видео YouTube желісіне 2013 жылы күзде жарияланған. Видео кейіпкерлерінің көбі кейінірек Таяу Шығыста қаза тапқан. Тірі қалған азаматтардың бірі қазір Қарағанды облысындағы жабық мекемеде жазасын өтеп жатыр.

29 жастағы Данияр Қарабас ауылындағы АК-159/18 колониясында отыр. Ол "террористік ұйым қызметіне қатысқаны" және "терроризмді насихаттағаны" үшін 10 жылға түрмеге жабылған. Қамауда отырғанына үш жылдан асты. Ол 2019 жылы мамырда "Жусан" операциясы аясында Сирия мен Ирактағы қазақстандықтарды елге жеткізген арнайы ұшақтан түскен бойда тұтқындалған.

"БӘРІ ИДЕОЛОГИЯҒА СЕНДІ"

Даниярдың басынан кешкені Сәтбаев, Жезқазған қалалары мен оған жақын ауылдардан Сирияға кеткен басқа азаматтардың тағдырына ұқсайды. 2010-жылдардың басында Орталық Қазақстанда тұратын, радикал көзқарастың жетегіне ерген ондаған азамат отбасымен бірге "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының қатарына қосылу үшін Таяу Шығысқа кеткен. Олардың көбі әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз азаматтар болған. "Ислам мемлекетіне" жұмыс істейтін тәжірибелі насихатшылар "шариғат заңы бойынша өмір сүретін мемлекет құрамыз" деген уәдемен әлемнің түрлі елінен азаматтарды Сирияға жинаған.

Қарағанды облысы Қарабас ауылындағы АК-159/18 мекемесі. 21 маусым 2022 жыл.

Даниярдың сөзінше, 2013 жылы үйінде интернеті бар достарымен бірге желіден әртүрлі видеоматериалдар қарай бастаған. Осылайша жас жігіттер интернеттен мұсылмандардың азап шегіп жатқаны туралы видеолар мен Сирияға шақырған уағызшылардың дәрісін көріп, тыңдаған. Данияр мектеп кезінен бастап дінге қызығып, араб тілін үйренгенін айтады.

– "Сирия мұсылмандарына көмек керек, оларды қудалап, ислам дінін ұстанғаны үшін өлтіріп жатыр" деген видеолар болды. Бұл кадрларды көргенде көзімізге жас келіп, қатты эмоцияға берілдік. Ол кезде Жезқазған мен Сәтбаевтан көп адам Сирияға кете бастады. Үлкендерден "Бұл дұрыс па?" деп сұрадық. Олар жерлестеріміз Сирияға мұсылмандарға қол ұшын беріп, шариғат заңы бойынша өмір сүру үшін кетіп жатқанын айтты. Елден кетудегі мақсатымыз – қысым көріп жатқан мұсылмандарға көмектесу, шариғат заңымен өмір сүру болды. Діни сауатымыз аз болғанын кейін түсіндім. Ол кезде көбі Сирияға енді кетіп жатқандықтан, онда не күтіп тұрғанын білген жоқпыз. Таяу Шығысқа ақша немесе атақ үшін бармадық, бәрі идеологияға сенді, – дейді Данияр.

Ол Сирияға кетуге бірден келісе қоймаған: Таяу шығысқа кеткен достары Даниярға жиі хабарласып, жандарына шақырған. 2013 жылы Данияр үйленген. Мамандығы бойынша (автомеханик) жұмыс таба алмаған соң, жүргізуші болып, саудамен айналысқан.

– Сирияға бармаймын деп ойлаған кезім де болды. Кейін мешітте намаз оқып жүрген кісі келіп, "Сені танимын, достарың Сирияға кетті. Сен неге бармадың?" деп сұрады. Ол да Сирияға жиналып жатыр екен. Ақшам жоқ еді, ол "менімен жүр, жолыңды төлеймін" деді. Келістім. Әйеліме "Египетке оқуға барамыз" дедім. Шынымды айтсам жаныма ермес еді. 2013 жылы көктемде жолға шықтық, – дейді Данияр.

Данияр отбасымен Алматы арқылы Түркияға барып, одан әрі Сирияға жеткен. Ер адамдар екі-үш ай бойы әскери дайындықты күткен. Содан кейін ғана отбасына оралған.

Даниярдың ата-анасы ұлымыз Египетке оқуға кетті деп ойлапты. Кейін жергілікті тұрғындар Сирияға кетіп жатқанын естіп, Даниярды "үйге қайт" деп қыспаққа алған. Бірақ ол "Египетте жүрмін" деп алдапты.

– Халифат жарияланбай тұрып, бізді, балаларды видеоға түсірді. Ол күні мерекелік дастарханға жиналып едік. Бізді видеоға түсіріп, шетелдіктер отбасымен келіп, бақытты өмір сүріп жатыр деп көрсетті. Олар бұл видеоны "Сирияға кеткен 150 қазақ" деген атпен интернетке салып жіберіпті. Видеода мен де бармын, бірақ сөйлеген жоқпын, ешкімді Сирияға шақырмадым. Мұны өздері үшін естелікке түсіріп жатыр екен деп ойладым. Бұл видеоны барлық арнадан, жаңалықтан көрсетіпті. Анам видеодан мені танып, Сирияда жүргенімді білген. Нөмерім болмаған соң, хабарласа алмаған. Кейін ақша төлесең, қалаған нөмеріңді теріп беретін интернет-клубқа барып, өзім хабарластым. Анам жылап, "Тым болмаса, келінім мен немеремді елге қайтар" деді. Мен мұсылман бауырларыма көмектесуге барғанымды айттым, – дейді Данияр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ «Сириядағы жиһадшы 150 қазақ» әлеуметтік желіні тіксінтті

"ЕР АДАМДАРДЫ "ТІРІ ҚАЛҚАН" ЕТІП ПАЙДАЛАНДЫ"

Данияр Сирияда екінші әйел алып, Қазақстан азаматына үйленген. Шариғат бойынша некесін қиған. Әйелдері көрші үйлерде тұрған. Бірінші әйелінен төрт, екінші әйелінен екі бала дүниеге келген.

Басында Данияр отбасымен бейбіт ауданда тұрған. 2014 жылы қыркүйекте "Ислам мемлекеті" тобы халифат жариялап, Иракқа шабуылдай бастаған. Экстремистік топқа жауынгерлер қажет болған.

"Ислам мемлекеті" экстремистік тобының туы мен қару ұстаған адам. Ракка, Сирия, 2014 жылғы маусым.

– Халифат жарияланған кезде, ер адамдарды сұрыптап, соғысқа жіберді. Бомбалау басталған соң, шегінуге тура келді. 2014 жылы бір рет соғысқа қатыстым. Көлік жүргізіп отырдым, жанымдағы серігім қол пулеметтен оқ жаудырды. Одан кейін әскери қимылдарға қатысқан жоқпын. Сол кезде қолымнан ауыр жараландым. Қару ұстай алмадым, жарақатым болған соң, ешкім қинаған жоқ. Қалаға жіберіп, ота жасатты. Осыдан кейін әскери қимылдарға араласқым келмеді. Мені шаруашылық бөлімге ауыстырды: жесір әйелдерге көмектесіп, оларды базарға, ауруханаға апарып жүрдім. Отбасымызбен Иракқа көштік, – дейді Данияр.

Даниярдың айтуынша, Сирияға жаңа барғанда отбасына тек азық-түлік ғана берген. Кейін халифат жарияланған соң, отбасындағы әр ересек адам үшін айына 100 доллардан төлеген. Бұл ақша біртіндеп 70, кейін 50 долларға дейін азайған. Басында балаларға 50 доллардан берсе, кейін жәрдемақы көлемі 30 долларға жеткен. 2016 жылы топ ішінде кикілжіңдер басталған.

– 2014-2016 жылдары бізге жақсы төледі. "Ислам мемлекетінің" территориясы кеңейе бастады. Біртіндеп халифаттың территориясымен бірге біз алатын ақша да азайды. Кейін мүлде ақша төлемейтін болды. Басшылардан сұрадық, төлейміз, көмектесеміз деп уәде берді. Бірақ бізді алдаған екен. Ер адамдармен санаспай, оларды майданның алдыңғы шебіне салып отырды. Халифат басшысын бір де бір рет көрген жоқпыз, тек видеолардан ғана көріп, естіп жүрдік. Әупірімдеп күнелтуге тура келді. Кейде ақшасы барлар көмектесіп тұрды, басқаларға туыстары ақша жіберді. Бір кездері ақшамыз болса да, ештеңе сатып ала алмадық. 2019 жылы аштық болды, екі-үш ай мүлде тамақ таба алмадық, шөп теріп жедік. Бидайы барлар ұн мен арпа қуырып жеді, – дейді Данияр.

"ТҮРМЕГЕ ТҮСЕТІНІМДІ БІЛДІМ"

Даниярдың айтуынша, көбі халифаттан қашпақ болған: біреулер "делдалдар" арқылы Түркияға немесе басқа елдердің шекарасына өткен. Оларға жергілікті тұрғындар көмектескен. Ақшасы барлар тұрғындардың жүк көлігіне жасырынып, шекара асуға тырысқан.

– Делдалдар бір адамға 5-10 мың доллардан алатын. Әртүрлі сұрайтын. Біздің ондай ақшамыз болмады. Оның үстіне, халифаттан қашып құтыла алатынымызға сенген жоқпыз. Қауіпсіздік қызметі қашпақ болғандарды түрмеге отырғызып, тіпті өлім жазасына кесетін. Сондықтан көбі қорықты. Өз бетінше қашпақ болғандарды ұстап әкелетін. Олар минаны басып кетіп жарымжан болып оралатын. Осының бәрін көрген соң, қатты қорықтық. Бірақ онда қалу да қауіпті болды, – дейді ол.

2019 жылы Данияр интернеттен "Жусан" операциясы туралы оқып, Қазақстан билігі өз азаматтарын елге қайтару туралы шешім қабылдағанын білген. Кеудесінде "тым болмаса отбасымды елге қайтарамын" деген үміт пайда болған. Ол кезде Данияр Сирия мен Ирактың ортасындағы Бағыз деген жерде тұрып жатқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан Сирия мен Ирактағы азаматтарын елге қайтару операциясын жалғастыра ма?

– ДАИШ-та ("Қазақстанда тыйым салынған, өзін "Ислам мемлекеті" деп атайтын экстремистік топтың арабша қысқартылған атауы – ред.) қалғандар сол жерге жиналды. Берілетін болдық. Түрмеге түсетінімді білдім, бірақ мұнда өліп қалғанша, туған жерге оралып, жазамды өтеп, жаңа өмір бастайын деп шештім. Әйелдер мен балаларға, жаралы азаматтарға "дәліз" ашты. Әуелі әйелдер мен балаларды өткізді. Кейінірек мен де әйелдердің арасына тығылып, өтіп кеттім. Ол кезде қатты бомбалау жүріп жатқандықтан, басшылардың бізге қарайтын шамасы болмады. Осыны пайдаланып, сытылып шықтық. Лагерьде саусақ іздерімізді алып, ДНК-сараптама жасап, тамақ пен киім берді. Әйелдерді шатырға орналастырып, ерлерді түрмеге жапты. Екі ай түрмеде отырдым. "Қазақстанмен келісім бар, сендерді алып кетеді, бірақ таңдауды өздерің жасайсыңдар" деді, – дейді Данияр.

Қазақстанда Данияр жүк көлігі аударылған кезде жараланған аяғына ота жасатқан.

"ЖАЗАМДЫ ЖЕҢІЛДЕТУДІ СҰРАДЫМ, БІРАҚ КЕЙІН КӨНДІГІП КЕТТІМ"

Данияр "террористік ұйым қызметіне қатысу" және "топ адаммен ақпарат құралдарын пайдалану арқылы терроризмді насихаттау" баптары бойынша айыпты деп танылған. Сот Даниярдың Сирияда дастархан басында отырған видеосы үгіт-насихатқа жатады деп шешкен.

– Судьяға өз кінәмді мойындайтынымды, бірақ видео үгіт-насихатқа жатпайтынын, өйткені онда ештеңе демегенімді, ешкімді экстремистік ұйым қатарына шақырмағанымды айттым. Жазамды жеңілдетуді сұрадым, бірақ сот үкімі өзгеріссіз қалды. Кейін көндігіп кеттім. Жазамды өтеп шығамын. Бастысы, басым аман, жақындарым қауіпсіз жерде өмір сүріп жатыр, – дейді Данияр.

Колонияда Даниярға жақындарымен екі ай сайын екі сағаттан әйнек арқылы сөйлесіп, жарты жыл сайын екі тәулікке ұзақмерзімді кездесу өткізуге рұқсат берілген. Апта сайын таксофонмен хабарласып, видеобайланыс арқылы сөйлесуге болады. Маусымда Данияр түрмеге шаштараз болып жұмысқа тұрған. Ол бұл жұмысты ұзақ күткенін айтады. Жалақысы аз, бірақ Данияр айлығын жинап, жақындарына көмектесуді жоспарлап отыр.

Қарабас ауылындағы жаза өтеу мекемесіның сыртқы көрінісі. Қарағанды облысы, 21 маусым 2022 жыл.

– Ата-анамның алдындағы айыбымды жуып-шайғым келеді. Балаларыма дұрыс тәрбие беріп, қатарынан кем қылмай өсірсем деймін. Олардың соғыс көргенін қаламаймын. Балаларымды ойласам, тезірек оңалтудан өтіп, бостандыққа шығуға ынтам артады. Босап шыққаннан кейін шахтаға жұмысқа тұрамын, болмаса саудамен айналысамын. Мемлекет жұмысқа алмайтын шығар, алса, барамын, – дейді Данияр.

Ол өткен өмірін ойланып, адасқанын түсінген. Теологпен, имаммен сөйлескен. Данияр өзі сияқты исламға қызығушылық білдіріп жүрген жастарға интернеттен күмәнді ақпарат оқымай, мешітке барып, имамдармен сөйлесуге кеңес береді.

Данияр әлі алты жылдай колонияда отырады.

Қазақстанның мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин 2021 жылы қазанда америкалық Jamestown Foundation зерттеу орталығына берген сұхбатында 2018 жылдан бері билік "гуманитарлық" шараға жатқызатын "Жусан" операциясы аясында және басқа да жолмен Таяу Шығыстан 742 қазақстандық, оның ішінде 189 әйел мен 516 бала эвакуацияланғанын айтқан. Арнаулы қызмет дерегінше, 53 азамат түрмеге жабылған.

Ел ішінде биліктің Сирия мен Ирактағы қазақстандықтарды елге қайтару туралы шешімін қолдағандар да, сынағандар да көп болды. Ресми билік өкілдері "Жусан" операциясы ақталды, шараның қақтығыс аймағына еріксіз кеткен әйелдер мен балалардың өмірін құтқарып, қоғамның діни бөлігіне "профилактикалық" тұрғыда әсер етудегі үлесі зор болды деп есептейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Сириядан келген соң сотталған адамның туыстары оның емге мұқтаж екенін айтады"Балаларымды соғысқа әкеткенім үшін кінәлімін". Сириядан оралып, түрмеде отырған әйелдің хикаясы"Өткенмен байланысты үздім". Сириядан келген соң түрмеде отырып шыққан әйелдің хикаясы"Күйеуімізге ілесіп кете бердік". Сириядан оралған екі әйелдің хикаясы"Ата-анасы мен ағасынан хабар жоқ". Сириядан бес жылдан соң оралған баланың хикаясы