ВИЧ-тің "қарқыны" қатты. Қазақстан мен өзге елдердегі қауіпті трендтер

Адам ағзасында ВИЧ бар я жоғын анықтайтын тест. Көрнекі сурет.

40 жыл бұрын, 1981 жылы маусымның басында АҚШ-та мамандар адамның иммундық жүйесін зақымдайтын жаңа вирусты сипаттап берді. Алты жылдан кейін ВИЧ Қазақстанға да жетті. 1990-жылдары есірткіні ине арқылы тұтынатын нашақорлар ВИЧ-пен жиі ауыратын, ал кейінгі онжылдықта вирусты жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар еселеп көбейген. БҰҰ Орталық Азия мен Шығыс Еуропада ВИЧ-тің "қарқыны" қатты екенін айтады. Қазірге дейін әлемде бұл вирус 80 миллион адамға жұққан, оның 35 миллионы қайтыс болған.

ЛУИН ортасындағы аутрич. Көп адам бұл сөздердың мағынасын білмеуі мүмкін. Ал Қарағандыда тұратын 43 жастағы Светлана кейінгі бес жылда осы жұмыспен айналысады. Ол есірткіні ине арқылы тұтынатын адамдармен (қысқаша ЛУИН деп аталады) жұмыс істейді, солар тұрып жатқан және жиналатын жерді аралап, ол адамдармен байланыс орнатады.

Светлана мен оның әріптестерінің, яғни аутрич қызметкерлердің міндеті – есірткіге тәуелді жанға ВИЧ жұқтырып алмас үшін не істеу керегін түсіндіріп, кеңес беру, медициналық көмек алуға жәрдемдесу. Светлана бұл адамдарға не керегін жақсы біледі. Өйткені бір кезде өзі де ұзақ уақыт бойы есірткі тұтынып келген.

– Араласқан ортам, таныстарым бар, әдісін білеміз. Көбіне адамдар бір-бірінен естиді: біреумен сөйлессең, ол басқаларды шақырып келеді. Кейде оларды бізге келіп, қан тапсырып, тексеруден өту үшін ынталандыруға тура келеді, өйткені мұндай адамдар денсаулығына онша мән бермейді. Кейін қуана-қуана келетін болады. Бізге ең алдымен оларды тексеруден өткізу керек. Өйткені ВИЧ жұқтырып алып, оны өзі де білмей жүргендер болуы әбден мүмкін. Ал бұл қауіпті. Тексеруден өтуге өзіміз апармасақ, олар ВИЧ жұқтырғанын ауруханаға немесе түрмеге түскенде бір-ақ біледі. Біздің міндетіміз бостандықта жүрген адамдардың арасынан ВИЧ-ке шалдыққан науқасты анықтап, оларға сырқаты жайлы айту. Науқастарға мүшеқап, бір-ақ рет пайдаланатын ине, есірткі қайнатуға жеке ыдыс пайдалану керегін түсіндіреміз. Ине мен есірткі қайнатылған ыдысты ортақтасып пайдалану өте қауіпті, – дейді Светлана.

Қан құрамын тексеріп, адам ағзасында ВИЧ-тің бар-жоғын анықтайтын зертханада жазу жазып отырған дәрігер. Көрнекі сурет.

Инфекция қаупіне немқұрайды қарауға болмайды. Ондай жайт Светлананың өз басынан өткенде көзі жеткен. Ол өз диагнозы туралы жеті жыл бұрын туберкулезге шалдығып ауруханаға түскенде білген. Медицина мекемесінде науқастан қан алған. Көп ұзамай СПИД орталығынан қызметкер келіп, "ағзаңызда ВИЧ бары анықталды" деп хабарлаған. Светлана бұл хабарды естігенде сенер-сенбесін білмегенін жасырмайды. Вирус жұқтырғанын мойындап, ары қарай өмір сүру оңайға түспеген.

– Осыған дейін жарты жыл сайын қан тапсыратынмын, өйткені күйеуімде ВИЧ болды. Бірақ менің қанымды тексерген кезде үнемі таза шығатын. Күйеуіммен бес-алты жыл бірге тұрдық, осы уақыт ішінде ағзамнан ВИЧ анықталған жоқ. Дәрігерлер ешқандай ем жазып бермеді, тек жыныстық қатынас кезінде қорғану керегін ескертті. ВИЧ-ті күйеуіммен бірге тамырыма ине салып есірткі қабылдап жүргенде жұқтырып алдым деп ойлаймын. Денсаулығым мүлде нашарлап кетті. Бір жылдан астам уақыт бойы туберкулездің ашық түрімен ауырдым. ВИЧ анықталған кезде ағзамда небәрі 34 СD-жасуша қалғанын білдім – бұл өте аз. Иммунитетім әбден әлсіреді, адам мұндай аз жасушамен көп өмір сүрмейді, дер кезінде ем қабылдамаса, ауру СПИД-ке айналып кетеді. Дені сау адамның ағзасында мыңға жуық СD-жасуша болады. Антиретровирусты терапия қабылдай бастадым, соның арқасында денсаулығым жақсарды, – дейді Светлана.

Туыстары Светланадан сырт айналмай, қолдау көрсеткен. Ол диагнозын көпшілікке ашып айта бермейді, оны тек жақын адамдары, қызы мен жұмыс берушісі ғана біледі.

Светлана "инеден" бас тартқан соң, метадонға көшкен. Метадон – Қазақстанда тамырына ине салып есірткі тұтынатын адамдар арасында ВИЧ инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында қолға алынған алмастырушы терапия. Одан бөлек, Светлана антиретровирустық терапиядан өтіп жүр: күнделікті дәрі ішуі керек. Осының бәрі Светланаға тірі қалып, жұмысқа тұрып, өзін қоғамға керек адам сезінуге көмектескен.

ЖАҢА ПРЕПАРАТТАР ЖӘНЕ ВИЧ-ТІҢ ТАРАУ ҚАРҚЫНЫ

40 жыл бұрын америкалық ауруларды бақылау және алдын-алу орталығы (CDC) ауыр иммунотапшылық вирусы табылғанын хабарлап, әлем оған "20-ғасырдың емделмейтін оба ауруы" деген баға берсе, кейінгі онжылдықта ВИЧ-ке деген көзқарас өзгеріп келеді. Эпидемия жаңа басталғанда "вирустың әсерінен пайда болған ауру өлімге апарып соғады" деген сенім болды. Қазір заманауи препараттар ағзадағы вирус жүктемесін азайтып, инфекцияның таралуын тоқтата алады.

– Эпидемия басталған кезде "бұл ауруды емдеу мүмкін емес" деген түсінік болды. Науқастар өзіне ВИЧ жұққанын мойындамай, диспансерлік бақылау мен емнен қашқалақтайтын. Басында ВИЧ жұқтырғаны анықталған адамға ат қойып, айдар тағып (стигма), кемісту аурудың алдын алуға және емдеуге кедергі болды. Кейінгі 30 жылда жағдай түбегейлі өзгерді. Әртүрлі зерттеу жүргізілді, ВИЧ геномы зерттелді, ВИЧ инфекциясын анықтау, алдын алу және емдеуге байланысты халықаралық кеңестер дайындалып, қолданысқа енгізілді, – дейді Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы директорының міндетін атқарушы Асылхан Әбішев.

Қазір Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесіне сәйкес, ағзасынан ВИЧ анықталған адамға бірден ем тағайындалады. Бұрын науқасқа емді СD-жасушалардың деңгейіне қарап жазып беретін.

– [Қазір] ВИЧ жұқтырған әйелдер мен олардан туған балаларға профилактикалық ем көрсетіледі. Бұл дені сау бала тууға көмектеседі. Халықтың маңызды топтарының арасында профилактикалық шаралар өткізу ВИЧ инфекциясының таралуын тежеуге ықпал етті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, Қазақстан ВИЧ инфекциясының таралу деңгейі төмен елдер қатарына жатады, – дейді Әбішев.

Бірақ Қазақстанда кейінгі жылдары ВИЧ инфекциясына байланысты жағдай алаңдаушылық туғыза бастады. Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының дерегінше, 2020 жылы желтоқсанда елдегі ВИЧ жұқтырған адам саны 26700 болған. Инфекцияның таралу деңгейі 100 мың адамға шаққанда 143,4 адамнан келеді. Бұл – Орталық Азия елдері арасындағы (Түркіменстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен UNAIDS-қа статистика дерегін бермейді) ең жоғарғы көрсеткіш.

Биыл маусымның басында БҰҰ мынадай дерек келтірді: 2010 жылдан бері СПИД-тен қайтыс болу көрсеткіші 43 пайызға төмендеп, ВИЧ инфекциясын жұқтырып алған науқас санын азайтуда прогресс байқалған. Ондаған мемлекет ауруды азайту бойынша алға қойған мақсатына жеткен. Бірақ Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінде (арасында Қазақстан да бар) кері динамика байқалып отыр: БҰҰ аталған аймақтарда ВИЧ инфекциясы "қатты қарқынмен" тарап жатқанын айтады. Кейінгі 20 жылда өңірде ВИЧ инфекциясына шалдыққандар саны 43 пайызға, ал СПИД-тен болатын өлім көрсеткіші 32 пайызға көбейген. Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы ВИЧ инфекциясына шалдыққан науқастардың басым бөлігі (48 пайызы) – есірткіні тамырына инемен салып тұтынатындар; 22 пайызы – өзге ер адаммен жыныстық қатынаста болған ер адамдар; 20 пайызы – гетеросексуал серігінен жұқтырғандар және жыныстық қызмет көрсететін әйелдердің клиенттері; 8 пайызы – жыныстық қызмет көрсететі адамдар.

АУРУДЫҢ ҚАЛАЙ ЖҰҚҚАНЫ ЖАЙЛЫ

Қазақстанда ВИЧ жұқтырғандар алғаш рет 1987 жылы тіркелген. Бұл ауру Алматыда оқитын, Африка елдерінен келген төрт студенттен анықталған. Кейінгі сегіз жылда ауру көрсеткіші төмен болған: 1995 жылға дейін Қазақстанда ВИЧ жұқтырған 30 науқас ғана тіркелген, көбіне ауру жыныстық жолмен беріліп отырған. 1996 жылы Қарағанды облысы Теміртау қаласында есірткіге тәуелді адамдар арасында 36 азаматтың ВИЧ жұқтырып алғаны анықталған. Оларға есірткіні бірге қабылдаған кезде тамырына салған ине арқылы вирус жұққан. Содан бастап есірткі тұтынушылар арасында ВИЧ жұқтырып алғандар көбейе бастаған.

2006 жыл – Қазақстан денсаулық сақтау жүйесі тарихындағы қаралы кезеңдердің бірі. Сол жылы Шымкент қаласында балаларға жаппай ВИЧ инфекциясы жұқты. Медицина мекемесінде тіркелген бұл оқиғаға дәрігерлердің салғырттығы себеп болған деп айтылады. 200-ден астам балаға ВИЧ жұққан. Осы оқиғадан кейін елде денсаулық сақтау министрі ауысқан (бірақ отставкаға кеткен экономист Ерболат Досаев мемлекеттік қызметтен алыстамай, басқа әртүрлі лауазым атқарды, соңғы істеген қызметі – Ұлттық банк төрағасы). Шымкенттегі оқиғаға байланысты Қазақстанның оңтүстігінде бірнеше медициналық және әкімшілік қызметкер жауапқа тартылған. Сот оларға әртүрлі мерзімге шартты және түрме жазасын кескен. Сол кезде түрмеге жабылған азаматтар кейінірек бостандыққа шықты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қуаныштан жыладық". ВИЧ жұқтырған жастар дені сау бала сүйді

Балаларға жаппай инфекция жұқтыру оқиғасынан кейін 15 жылдан соң Қазақстан билігі 2006 жылдан бері елде қан арқылы ВИЧ жұқтыру көрсеткіші 55 пайыздан 29 пайызға дейін төмендегенін айтады. Вирустың анадан балаға берілуі 8,4 пайыздан 0,6 пайызға дейін азайған. 2011 жылдан бері анықталған науқастардың 46 пайызы дертті ине арқылы жұқтырып алса, 50 пайызына жыныстық жолмен жұққан.

Қазақстандық сарапшылар кейінгі он жылда ВИЧ-ті жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар он есе көбейгенін айтады.

Тағы бір қауіпті тренд: жасөспірімдер мен 24 жасқа дейінгі жастар арасында ВИЧ жұқтырғандар деңгейі артып келеді (2021 жылы наурызда Қазақстан парламентінде айтылған дерекке сәйкес, кейінгі үш жылда бұл көрсеткіш 43 пайызға өскен).

Қазақстанда ВИЧ жұқтырған бірінші науқас тіркелген кезден бері осы вирустан 13698 адам бақилық болған. ВИЧ инфекциясына шалдыққан адамдар Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында және Алматы қаласында көп кездеседі.

Қазақстан билігі елде ВИЧ-тің таралуын тоқтатуды көздейтін шаралар жүзеге асып жатқанын айтады. Асылхан Әбішевтің сөзінше, Қазақстан – ВИЧ-тің алдын-алуға және емдеуге тұрақты қаржы бөлетін (осы мақсатқа жұмсалатын қаржының 94 пайызы бюджеттен бөлінеді) Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. 2021 жылдан бастап "байланысқа дейінгі алдын алу” деп аталатын әдіс енгізіледі. Оған сәйкес, ағзасында ВИЧ бары анықталмаған азаматтардың өзі антиретровирустық препараттар қабылдайды. Бұл әдістің мақсаты – қатер тобына кіретін азаматқа вирус тиіп кеткен жағдайда инфекцияға жол бермеу.

– Халықтың маңызды топтарының арасында профилактикалық бағдарламаларды жүзеге асыруды жалғастырып, науқаспен байланыста болған адамға арналған ВИЧ инфекциясының индексті тестілеуін енгізуді, ВИЧ жұқтырмаған, бірақ қатер тобына кіретін азаматтарға байланысқа дейінгі алдын алу әдісін қолдануды бастау керек. ВИЧ-ке шалдыққан адамды антиретровирустық терапиямен қамту деңгейін, емнің тиімділігін арттырып, халықтың, жастар арасында ВИЧ инфекциясы туралы ақпарат тарату жұмысын жалғастыру қажет. Бұл қоғамдағы стигма мен дискриминацияны азайтуға көмектеседі. 2025 жылға қарай 15-49 жас аралығындағы азаматтар арасында ВИЧ-тің таралу көрсеткіші 0,45 пайыздан аспауы керек, – дейді Асылхан Әбішев.

Қарағандылық аутрич-қызметкер Светлана стигма мәселесі әлі де өзекті екенін айтады.

– Ауруханада кейде мынадай жағдай болады: ВИЧ инфекциясын жұқтырған адам түссе, оны бөлек жатқызады немесе емді үйден ал деп шығарып жібереді. Жақында бір клиентім перитонит диагнозымен жедел жәрдем шақырып, ауруханаға барғанын, бірақ ондағы дәрігерлер жеке бөлме табылмағандықтан тамырына дәрі салып, ем жазып беріп, үйіне қайтарғанын айтты. "Неге бұл мәселені көтермедің?" десем, "Солармен ұрсысып қайтем?" дейді. Бүкіл әлемде ВИЧ-ке шалдыққан адамдар басқа науқастармен бірге ортақ бөлмеде жатады, – дейді Светлана.

Ол ВИЧ инфекциясына шалдыққан науқастар өзін қоғамнан шеттетілген адам ретінде сезінетінін айтады.

– Бұрын-соңды бұл аурумен бетпе-бет келіп көрмеген адамдар "ВИЧ – нашақорлардың ауруы, бізге бұл вирус ешқашан жұқпайды" деп ойлайды. Қазіргі статистика бойынша, есірткі пайдаланбайтын адамдар көп ауырады. Бұл өзгелердің басына келмейді дегенге кепілдік жоқ, – дейді Светлана.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"ВИЧ-ке бола азаматтық бермей отыр". Түркіменстаннан келген қазақтың хикаясы ВИЧ жұқтырғандар емделуден неге бас тартады?21 жылын ВИЧ дертімен өткізген әйел тағдыры