"Царь" бомба. Совет одағы әлемдегі ең жойқын қаруды қалай жасаған?

Your browser doesn’t support HTML5

СССР бомба

1961 жылы 30 қазанда Совет одағы ең ірі ядролық қаруды сынақтан өткізді. "Царь" бомба деп аталатын жойқын қарудың қуаты Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қолданылған барлық қару-жарақтан он есе күшті болған. Бастапқыда бүкіл әлемге, оның ішінде АҚШ-қа Совет одағының осындай қару жасап шығаруға шамасы жететінін көрсету үшін дайындалған "Царь" бомба ядролық қару саласына күтпеген өзгерістер әкелді.

ӘСКЕРИ БӘСЕКЕ

1960 жылдардың басында Совет одағы мен АҚШ арасында қырғи-қабақ соғыс өршіп, геосаяси, идеологиялық және әскери басымдық үшін тартыс күшейді.

АҚШ 1952 жылы әлем елдері арасында бірінші болып "Mike" деп аталатын сутек бомбаны, 1954 жылы "Castle Bravo" деп аталатын ең ірі ядролық қаруын сынақтан өткізді. Бұл кезде Совет одағы да сутек бомбасын жасап жатқан. 1955 жылы бірінші бомба сынағы да өткен. Бірақ бұл текетірестің басы ғана еді. Совет одағы басшысы Никита Хрущев күллі әлемге СССР-дің әскери қуатын көрсету үшін тарихта болмаған ең жойқын бомба жасап шығаруға бұйрық берген.

"ЦАРЬ" БОМБАНЫ КІМДЕР ЖАСАДЫ?

СУТЕК БОМБА ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

"Царь" бомба авиация көмегімен қолданылатын сутек бомбаға жатады. Оны басқаша "термоядролық қару" (атом бомбасының әлдеқайда жетілдірілген, күшті нұсқасы) деп те атайды. Атом бомбасында көбіне уран немесе плутоний қолданылса, сутек бомбада қосымша дейтерий және тритий деп аталатын сутек изотоптары болады.

Екі бомбаның жарылуынан болатын реакция да әртүрлі. Атом бомбасы жарылған кезде уран мен плутонийдің бөлінуінен өте көп мөлшерде энергия шығады. Ал сутек бомба жарылған кезде уран мен плутонийдің бөлінуімен қатар, қосалқы синтез процесі жүреді, бұл жарылыс қуатын бірнеше есе арттырады.

Сутек бомбаның түріне қарай техникалық сипаттамасы да әртүрлі болады. Мысалы, СССР ядролық қару бағдарламасының мүшесі академик Андрей Сахаров "слойка" (қатталған бәліш) деп аталатын әдіс ойлап тапқан. Бұл әдіс бойынша, дейтерий (сутек изотобы) мен уран қабаты бірінен кейін бірі қолданылады. Сахаровтың әдісі Совет одағында сутек бомбаны дайындау жұмысын ілгерілеткен маңызды жаңалық болды.

Сутек бомба: уран не плутонийдің ядросы майда бөлшектерге ыдырап, энергия бөліп шыққанша қысады. Мұны бөліну деп атайды.

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЖОЙҚЫН БОМБА ҚАНДАЙ БОЛҒАН?

"Царь" бомбаға "Проект 27000", "Изделие 202" және "РДС-220" сияқты әртүрлі техникалық атау берілген. Бомбаның ұзындығы – 8 метр, диаметрі – 2 метр, салмағы 25 тонна болған. Мұнша ірі бомбаны басқару қиынға түскен. Ядролық қару Совет одағындағы бірде-бір ұшаққа сыймаған.

Басында бомбаның қуаты 100 мегатоннаға жетеді деп болжанған. Бірақ ғалымдар ондай жарылыстан радиоактивті жаңбыр жауып, халықтың денсаулығына зиян тигізуі мүмкін деп алаңдаған. Сол себепті жарылыс қуатын екі есе азайту үшін үш қабат уранның орнына қорғасын қолданылған.

ЖАРЫЛЫС ҚАЛАЙ ЖАСАЛДЫ?

1961 жылғы 30 қазанда Туполев ұшағы (ТУ-95) Кольский түбегіндегі Оленья аэродромынан ұшқан. Бұл Совет одағындағы ең ірі ұшақ болғанымен, ол бұрын мұндай ауыр қару-жарақ тасымалдап көрмеген. Сондықтан ұшақты жетілдірген. Бірақ сонда да бомба ұшаққа сыймай, оны ұшақтың астына орнатуға тура келген. Жарылыс қызуы тимесін деп, ұшақты аппақ түске бояған.

Ұшқыш Андрей Дурновцев жерден 10 километр биікке көтеріліп, Жаңа жер аумағындағы Маточкин бұғазына қарай ұшқан. Оған жарылысты видео мен фотоға түсіру үшін Ту-16 бомбалаушы ұшағы ілескен.

"Царь" бомба Арктикадағы Жаңа жер архипелагына тасталған. Ұшаққа жарылыс орнынан ұшып кетуге уақыт беру үшін бомбаға парашют бекіткен. Парашют бомбаның құлауын баяулатып, оның 4000 метр биіктікте жарылуына жағдай жасаған. Барлық сақтық шарасына қарамастан, экипаждың тірі қалу ықтималдығы 50 пайыз шамасында болған.

Бомба Мәскеу уақытымен 11:32-де жарылған. Жарылыстан ені 8 километрге жететін отты шар түзілген. Оның жарығы 1000 километр жерден көрінген. Сухой Нос полигонынан 55 километр жерге дейінгі барлық ғимарат толық қираған; жүз километр қашыққа дейінгі жерде үй терезелері сынған. Жарылыс толқыны жерді үш рет айналып өткен. ТУ-95 ұшағы 1000 метрге дейін төмендеген, бірақ ұшқыш ұшақты жерге аман-есен қондырған.

Жарылыстан 57 мың килотонна энергия бөлінген. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына тасталған екі бомбаның қуаты 15 және 21 килотонна болған. АҚШ сынақтан өткізген ең ірі ядролық бомбаның қуаты 15 мың килотоннаға жеткен.

Жарылыстан түзілген саңырауқұлақ пішіндес бұлт жер бетінен 60-70 километр биікке дейін көтерілген. Бастысы, отты шар жер бетіне тимеген, сондықтан радиация деңгейі бомбаның көлемінен әлдеқайда аз болған. Кей ақпарат көзіне сәйкес, бүкіл Скандинавия жерінде радиоактивті жаңбыр жауған.

Саңырауқұлаққа ұқсайтын бұлттар биіктігі (кейбір жарылыстар алынды, километрмен)

ЖАРЫЛЫСТАН КЕЙІН НЕ БОЛДЫ?

1961 жылы "Царь" бомба сынақтан өткеннен кейін ядролық қару сынағы тоқтаған жоқ. Бірнеше айдан соң Никита Хрущев қуаты мегатоннаға жететін тағы бір бомбаны сынақтан өткізуді тапсырған. 1962 жылы ядролық сынақ саны бойынша рекорд жасалды: бір жылда 79 бомба жарылған. Нәтижесінде ядролық қаруды атмосферада сынақтан өткізуге қарсылық күшейген.

Ядролық қару сынаған елдер (атмосферада және жер астында өткен сынақтар)

1963 жылы АҚШ, Ұлыбритания және Совет одағы ядролық қару сынағына жартылай тыйым салу туралы келісімге қол қойды. Оған сәйкес атмосферада, ғарышта және су астында сынақ өткізуге тыйым салынды. Кейінірек келісімге басқа мемлекеттер де қосылды. Сол кезден бастап ядролық қару сынағы жер астында жүргізіле бастады.

1990 жылы Совет одағы, 1992 жылы АҚШ ең соңғы ядролық қару сынағын өткізді. Төрт жылдан кейін ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімге сәйкес, ядролық қару сынауға толықтай тыйым салынды.

Ақпарат көзі: Азаттық, AFP, Қарулануды бақылау қауымдастығы, Атом архиві, Атом мұрасы қоры, The Barents Observer, BBC, Америкалық ғалымдар федерациясы, The Insider